• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Софья МОЛДАҒАЛИЕВА: Асыл жарым, азаматым, ардақтым

1171 рет
көрсетілді

Еркін ойды қапасқа қамаған кеңес кезеңінде Махамбет рухындағы азаматтық-ұлттық бірегей тұлғасымен халық құрметтеген аса ірі ақынымыз Жұбан Молдағалиев болғаны белгілі. Жұбан ақынның кеудені басқан кеудемсоқтыққа наразы өрлікпен: “Мен – қазақпын!” деп жалпақ дүниеге жар салуы нешеме ұрпақтың намысына қайрақ болмады десеңізші! Мыңдаған ауыл-мектеп, аудан сахналарынан: “Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген!..” деп тебірене оқылған отты жыр шумақтары қаншама қазақтың қанын қыздырып, қаншама жастың жүрегіне шоқ салмады десеңізші! Ал атақты “Хатшыға хат” өлеңі тоталитарлық жымысқы тәртіппен шегенделген өктем қоғамның бетпердесін сыпыруға талпынған бірден-бір алғашқы қадамдарының бірі болғаны да рас. Әлбетте, ақын азаматтығының шырқау шыңы 1986 жылдың желтоқсанында Жазушылар одағында кездей- соқ келген Колбинмен кездесуде қазақ ұлтының жоғын жоқтап, қазақ жастарының ар-намысын қорғап, ашына, шамырқана, ызалы-назалы сөз сөйлеуі болатын. Осындай батыр мінезді, ержүрек ақынның енді бірде: “Мен қазақ әйеліне қайран қалам!” деп соншалықты нәзік те мейірбан сыршылдықпен, айрықша аяулы махаббатпен жырлай алғанына өзің де қайран қалғандайсың. Иә, сүйе білмес жүректен ерлік те шықпайды. Қазақ әйелін осыншалықты қадір тұтып, қастерлейтін парасатқа жетелеген, бәлкім, анасы Зеріп, сонымен бірге, 41 жыл отасқан жан жары Софья апай болар. Қыран қазақтың Ақжайықтан тартып, Орал өңірін адақтап, Алатаумен астасып, дабысы “Байқоңыр баспалдақтарымен” өрлеп, жойқын “Сел” екпінімен үдемелеп, “Кісен ашқан” күйіндей тебірене шалқып, дабысы қазақтың “Қыран даласына” түгел жеткен 90 жылдық тойы күндерінде біз Софья Мәлікқызы МолдаҒалиевамен сұхбаттасуды өзімізге парыз санап едік. – Софья апай, жұрт Жұбақаң екеуіңізді нағыз құдай қосқан қосақтар еді деп аңыз қылады. Ағамен алғаш қалай кездесіп, көңілдеріңіз қалай жарасты? – Расында да, Жұбан екеумізді қосқан әуелі құдай, сосын иманды болғыр енем Зеріп еді. Өмір-бақи жарықтық енемнің атын атамай, бетіне бір келмей, сыйлап өттім. “Мама” деуші едім. Енді өзім 80-нен асқанда, өзім де 8 немере, 4 шөберенің әжесі болғанымда, ел білсін деп, атын атағанымды аруағы кешірер. 1947 жылы әлі де әскери қызметтегі Жұбан Ташкенттен Алматыға ауысып келіп, қазіргі Панфиловшылар паркіндегі Офицерлер үйінің коменданты болып істеп жүреді. Майдан газетінде мәшіңкеші болған Айша апайдың үйіне тоқтап, бір бөлмесіне кіреді. Тайпақтан шешесін алып келеді. Ол кісі өзі коммунист, ауылсовет төрағасы болған, еліне қадірлі адам еді. “Келін әпер!” деп дігерлейді. Жұбан бір адамды әкеп көрсетсе, оны ұнатпапты. Сосын Айша апайдың көршісі, мамаммен, нағашы шешеммен жақын таныс Гүлсім деген апайға: “Маған бір жақсы қыз тауып әкелші, мен көрейін”, дейді. Ол кездегі менің жағдайым былай: нағашы атам Сейітқали Меңдешев 1937 жылы “халық жауы” деп ұсталып, атылып кеткен. Өз әкем 1942 жылы соғыста қаза тапқан. Нағашы ше­шем Рәзия, анам Жұпар (төлқұжаты бойынша Тамара) бес баланы бағып, бірге тұрамыз. Мен Мәскеудің соғыс жылдарында Алматыға көшірілген мақта-жіп иіру фабрикасында жұ­мыс істеймін. 1947 жылы Мәскеудегі Бүкіл­одақ­тық физкультура парадына қатысқам. Сон­да түскен фото үйде үстел үстінде тұрушы еді, Гүлсім апай соны білдірмей алып кетіп, Жұбанның анасына көрсетеді. “Жарайды, осы қызды алып кел”, дейді ол кісі. – Қыз ұната ма, жоқ па, онда шаруа жоқ қой? – Ол кездің үлкен кісілері солай еді ғой. Онда мен қазақша білмеймін. Түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын. Жаңағы жайлардан бейхабармын. Гүлсім апай әлденені сылтау­ратып Айша апайдың үйіне алып барып, Жұбандар тұратын бөлмеге кіргізді. Кереуетте – Жұбан, жердегі төсек үстінде аяқ жағын беліне дейін көрпемен қымтанып анасы отыр екен. Жұбанды алғаш көруім осы. Әскери форма, кительмен отыр. Капитан. Сымдай тартылған сымбатты да тұлғалы жігіт. Не жағдай екенін ішім сезді. Үндеместен есік алдындағы орындыққа отыра қалдым. Гүлсім апай: “Шай қайната қояйын”, деп самауырды алып шығып кетіп, қайта кірді. Жұбан сол арада: “Сіз мына кісіні кіргізіп, өзіңіз ештеңе деместен шығып кеттіңіз. Бұл кісі ұялып отыр білем”, деді. Гүлсім апай: “Ә, бұл Тамараның қызы ғой, танысып отырыңдар”, деп күлімсіреді. Жұбан маған қолын берді: – Жұбан! – Софья! Сосын төсек үстінде отырған болашақ енеме қол беріп амандастым да, қайтадан орныма келіп отырдым. Шай ішеміз деген кезде рахмет айтып, шығып кеттім. Ертеңіне Гүлсім апай біздің үйге келіп: “Ұнатты!” деген хабарын жеткізді. Шешесі: “Осы қызды алсаң да аласың, алмасаң да аласың. Басқаның маған керегі жоқ”, деп қиғылықты салып отыр, дейді. – Сіз ше? Алғаш көргенде сіз ұнаттыңыз ба Жұбақаңды? – Шынымды айтсам, жігітті мен де ұнат­тым. Әрі жағдайдың өзі осыған бейімдеп тұр­ды. Нағашы шешем: “Қазіргі уақыт қиын, тұр­мысқа шық, сөйтіп, бізге де қарайлас”, деп ай­тып отыратын. Ал мен айттырған кісіге бар­ғым келмей жүрген. Әрине, ол сұңғақ бойлы, сым­бат­­­ты капитан Жұбанмен салыстыруға келмейтін. Біз ол кезде қазіргі Сейфуллин мен Гоголь көшелерінің қиылысында, №15 мектептің қасында тұрамыз. Жолдасы Сағынғали Сейі­товті ертіп Жұбан келе бастады. Мені шақыр­тып сыртқа шығарып алады. Киноға не театр­­ға, ешқайда бармаймыз. Үшеуміз Сейфуллин, Гоголь, Амангелді көшелерін неше қайтара айналып жүреміз де қоямыз. Сағынғали: “Жұбан соғыста болған, өзі ақын, келешегі зор”, дейді. Ол күндерде қандай келешек еке­нін мен түсіне қоймаймын. “Жалғыз шешесі бар, сол кісіні күту керек, сол кісінің айтқанын істеу керек. Сонда бәрі дұрыс болады”, дейді. Үлкен кісі өз үйімде де бар, өз ойымша, қарт адам­ды бағуды білетін сияқтымын. Киім-ке­шегін таза ұстасам, тамағын уақтылы берсем, басқа да дегенін істесем... Бұл айтқандар да қолымнан келетін сияқты. Сөйтіп, келін болып ақ босағаны аттарда: “Анамды сыйлауға тиіссің”, деген Жұбанның тілегін 18-дегі өрімдей шағымда заң ретінде қабылдап едім. Осылайша екі-үш қайтара кездескеннен кейін бір-бірімізге кәдімгідей үйренісіп, айналасы бір аптаның ішінде үйге келіп айттырды. 47-ші жылдың 22 қарашасында үйде жұпыны ғана ұзату тойымды жасады. – “Сүйдім-күйдім” деген, жалындаған ма­хаббат болған жоқ екен ғой? Бірақ Жұбақаң кейінірек: “Не ғалым, не қайраткер болмасаң да, Әйелдің даналығын сенен ұқтым” дегені бар еді. – Әуел бастан-ақ арамызда “күйдім-сүй­дім” деген, алдаусыратқан арзан сөз болған жоқ. Шы­найы сыйластық пен сенімге жүгіндік. Мұндайда махаббат өзі артынан келеді екен. Екеуміздің өмірлік сырымызды Жұбан кейін былай жырласа, сол рас: Таныстық, таныстық та үйлендік біз, Үйі де, күйі де жоқ күйде едік біз. Жұпыны сен ұяң қыз, мен майдангер, Тұрмысты кімнен, қашан үйреніппіз? Бар түгіл жоққа разы, тұра бердік, Болмады сынық ожау мұра дерлік. Сенгенбіз “сүйеміз” деп ант-су ішпей, Бұл тіпті болмаса да, сірә да ерлік. Жұбанның: “Мен сені сүйеді екем”, деген сөзін алғаш рет 18 жылдан кейін Моңғолияда са­парда жүріп жазған хатынан оқығанымда толқып, көзіме жас алғаным бар еді. Түйіп айт­сам, Жұбандай үлкен жүректі, саналы азаматқа жар болған, онымен өмірдің ыстық-суығын қатар бөліскен қырық бір жылым – ең бақытты жылдарым, мағыналы дәурен, үлкен тарих. – Сол ғажайып бақытқа жеткеніңіз үшін енеңізге қарыздармын деп білесіз ғой. – Әлбетте, алғашқы сөзімді енемнен бас­тадым, құдайдың қалауы сол кісі арқылы жүзеге асқаны рас. Қай ана баласына бақыт тілемейді дейсіз. Жұбанының бақыты мен екенімді құдай білдірген шығар жарықтыққа. Үйленген соң бірден елге, Тайпаққа апарып, ауылда той жасады, абысын-ажын мен үлкендерге сәлем бергізді. Басыма орамал салып, сол елдің келіні боп түстім. Ол кезде некеге де отырған жоқ едік. Ауылға барғанда барлық тамақты бір қазанға қалай пісіреді деп таңғалатынмын. Алматыға келгесін Жұбан “Лениншіл жас” газетіне жұмысқа тұрды. Пәтер жалдаймыз. Жазушылардың көбі солай. Тұрмыстың тар кезі, жетпей жататын нәрсе көп. Жұбан көбінесе түнде отырып жазатын. Шам сөніп қалса, шыны құтыға керосин құйып, қолдан білтелі шам жасайды. Жұбанның айрықша бір қасиеті, анасын керемет жақсы көріп, құрметтеді. Үкіметтің ауруханасына жатқызып, емдетіп жүрді. Енем аппақ, аққудай келбетті кісі еді. Айтарын да айтып салып отыратын. “Мына Жұбаным, әкесінен алты айлығында қалған. Өзім өсіріп, өзім жеткіздім. Билікті енді өзім ұстаймын”, – дейтін. Ол кісі солай сөйлеп отырғанда “биліктің” не нәрсе екенін тағы түсінбей дал болып мен отырамын. Кейін білдім ғой. Сол билік те маған тегі керегі жоқ нәрсе екен. Біртіндеп балалар келіп жатты өмірге. Бәрінің аттарын өзі қойды, Қуаныш, Гүлмира, Қуандық. Тек төртінші баламыз Азаматтың атын Жұбан қойды. Азамат туғанда Құрманғазы-Фурманов көшелерінің бұрышынан пәтер алып, Сәбит Мұқановқа көрші болдық. Балаларды құшақтап сүюге маған рұқсат жоқ. “Үйіңнен туып әкелген бала жоқ, баланың бәрі менікі”, дейтін мамам. Қайтем, енемнің бетіне келуге болмайды, бәріне көнем, бәрін үнсіз көтердім. Сол күндерді қазір сағынышпен еске аламын. Отбасы сыйластығын, қазақы дәстүрді қалыптастырған ене тәрбиесінен ешбір зиян көрген жоқпын. “Дастарқаны таза әйелдің тағамы да дәмді”, “Күйеуінің жағасы мен қол орамалынан әйелінің қандай екенін біледі”, деп мамам айтатын сөздер әлі есімде. Қартайғанда бір бала ғой. Қызық мінездері көп еді жарықтықтың, бірақ тілегі дәйім ақ болатын. Кейде балаларды дәрігерге апарғанда оңашада сүйіп-сүйіп аламын. Үйге келгенде: “Әй, немене, мына Софья сүйіп қойғаннан сау ма? Иісі шығып кетіпті ғой”, деп отырады. Балалар: “Жоқ, сүйген жоқ”, деп шу ете түседі. Мамам соған мәз болады. Жұбан да миығынан күліп қояды. Балалар тентек боп, бұзықтық істесе, жазалайтын да мамам, жақсы көріп еркелетіп, еміренетін де бір өзі. Менің балаларға ұрсуыма рұқсат жоқ. Ал Жұбанға рұқсат бар. Әжелерін балалар “мама” дейді. Менің атымды атайды. Сонда ғой мектептегі оқушылар біздің балалардан: “Почему у вас мама старая, а папа молодой?” деп сұрап жүргені. Азаматты өзімізге берген. Өсе келе тәтті қылықтары көбейген кезде: “Әй, осы баланы да өзім алып қоям ба, қайтем?” деп бізді ара-тұра “қорқытып” қоятын. Мамамыз ауырып әлде бір жабырқаған кездерінде домбыра шертіп, шер тарқатып, ойға батып отыратыны да болушы еді. Соған қарағанда Жұбан ақындығының бір бастауы анасында жатыр-ау деп ойлаймын. – Жазушылардың ішінде кімдермен көбірек аралас-құраластықта болдыңыздар? – Сол кездегі өмір, адамдық қарым-қаты­нас та басқашарақ еді ғой. Үлкен кісілер кейінгі толқын жастарды бауырына тартатын. Көбіне-көп сондай жақсы ағалармен араластық. Мамам қайтқанда Сәбит Мұқанов: “Жеңгейдің қолынан талай дәм татып едік, енді келіннің қолына қарайтын болдық”, дегені бар. Үлкен кісілерді қонақ етіп күту бұдан былай маған үлкен сын болатынын сонда түсіндім. Содан дастарқаным мен көңілімді мамамнан асырма­сам, кем қылмауым керек деп бекініп, сол ардақтылар алдындағы келіндік міндетімді атқардым деп ойлаймын. Жұбан Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Әди Шәріпов, Қали­жан Бекхожин және басқалармен жақсы қа­рым-қатынаста болып, сол сияқты өзге де көп­теген аға-апалар қолымнан дәм татты. Тахауи, Қуандық, Әбдіжәміл, Садықбектей қатар-құралыптастармен, Қалтай мен Зейнолла секілді өкшелестермен әзіл-қалжыңы бір болды. Жұбанның өзі қалжыңға да, келістіре жауап беруге де жақсы еді ғой. Зекеңнің анасы мен біздің мамамыздың қабірлері қатар жатыр. Тұманбай Молдағалиев туған інісіндей еркеледі, әлі күнге дейін ізеті сол қалпында. Ізтай Мәм­бетов, кейінгі жастардан Зейнолла Серікқалиев туыстай араласты. Жұбан күшті ақындығын бағалап Мұқағалиды да қолдап жүрді. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағына одақтас республикалардан қонақтар келетін. Түр­­лі симпозиумдар, конференциялар ұйым­дас­тырушы еді ғой. Сондағы кәделі қонақтар әсі­ресе Сәбит, Ғабит ағалардың, Әнуардың отба­сыларында және біздің үйде жиі болатын. Басқаларды былай қойғанда, Шыңғыс Айтматов, Ғафур Ғұлам, Мырза Тұрсын Заде, Давид Кугультинов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Берді Кербебаевтай алыптарды, атақты орыс ақындары Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Евгений Евтушенконы ақ дастарқанымда қонақ қып күткенімді мақтан етемін. Бұл да болса Жұбандай асыл жарым, азаматымның арқасы. Бұлардың бәрі Жұбанға деген ыстық сезімін, оның ақындық биік дарынын айтып мәре-сәре болатын. – Ағаның шығармашылық машықтары мен мінез ерекшеліктерін де айта отырсаңыз? – Жұбақаң қашанда әділдік жақта болатын. Тікелей өзіме, балаларына, немерелеріне, туыс-туғандарына мейірім-парасатымен танылса, халқына ақиық ақын ретінде белгілі болды. Қоғамдық жұмыстары басынан асып жататын. Ымырашылдарды, жағымпаздарды жаны жек көретін. Әрине, қызмет бабында сөзге келіп қалатын қаламдастарын өзіне жау санамайтын. Қайта олармен араға күн салып ақжарқын сөйлесіп кететінін білемін. Өткен ғасырдың 70-ші жылы осы күнге дей­ін отырған жайлы кең үйімізге кірдік. Жа­зу­мен түске шейін айналысып жүрді. Мәс­кеу­дегі Серафимович атындағы шығармашылық үйіне барған кездерде үнемі қауырт жұмыс іс­тейтін. Бір әдеті – ойлап жүрген тақырыбын қағазға бірден түсіре салмайтын, көп ойланып, толғанатын. Поэма-дастандарын жазып болғасын міндетті түрде қағазға қайтадан көшіріп шығатын. Мәшінкеге басуға тек содан кейін ғана беруші еді. Мен кереметпін деп ешқашан кеудесін қақ­пады, қандай биікте жүрсе де қарапайымды­лығынан жазбады. Жазушылар одағына басшы болғанда кімге де болсын қолынан келген көмегін аямады. Ал қолынан келмесе, бірден айтатын, ешкімге екіұшты жауап беріп, өтірік уәдемен алдарқатқан емес. Үйде жұмысының жайын айтпайтын. Қабағы түйіліп келе ме, жадырап келе ме – өзім сезіп, байқап, соған қарай жағдайын ойластырушы едім. – Үй тіршілігіне икемі қалай еді? – Осы сұраққа орай, бір оқиғаны айтып берейін. Іле ауданынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты боп тұрғанда бірде шофері үйге 20-30 қарбыз әкелді. Мен оларды төмендегі жертөлеге түсіріп алдым да: – Балам, мынаған қанша төлеймін, – деп сұрадым. – Апа, мен ақша төлеп алғам жоқ, сізден ақша алмаймын, – деді. – Бұдан былай ақшасыз ешнәрсе әкелуші болма, – дедім. Кешке осыны Жұбанға айтып берсем, ол мені құптады. Құдағиымыз сауда орнында істеп жүрді. Сонда Жұбан: “Әй, Софья, ақ­шаң болса, көкбазардан бар да керегіңді ал. Ақшаң болмаса, аш отырсаң да ештеңе сұраушы болма”, дейтін. Үлкен балалар бөлек отауға шығып, үйде кен­же ұл Азаматпен қалдық, келініміз бар. Жұ­бан сол кезде сырқаттаныңқырап, жеңіл тамақ ішіп жүрді. Кейде үйде қонақ болады, одан ыд­ыс-аяқ жуып, жарма тазалап, түнгі 2-ге дей­ін жүріп қалам. Сонда Жұбанның айтқаны ғой: – Азамат, келін неге сағат 11-де жатып қалады, ал шешең түнгі 2-ге дейін ұйықтай алмай жүреді? – деп. Ертеңіне келінім шыр-шыр етеді. Бұл ізет еді. Жұбан балаларды осылай тәрбиелеуші еді. Сол кіші келініммен 25 жыл бірге тұрып жа­тыр­мын. Құдайға шүкір, сыйында кемдік жоқ. Үлкен қызын тұрмысқа беріп, өзі де әже болды. – Жұбан ақынның қуанған, күйініп ренжіген сәттерін еске түсіре аласыз ба? – Әрбір ірі шығармасын аяқтаған күн­дерде қуанышқа бөленетінбіз. Республиканың және Одақтың Мемлекеттік сыйлықтарын алуы, басқа да үлкен мәртебелерге жетуі, Мәс­кеуде абыройлы болуы – бәрі де көңілімізді өсірді. Мәскеуде болатын съездер мен өзге де жина­лыстарға мені қалдырмай ертіп барып жүрді. Жазушылар одағын басқарып жүргенінде бір жолы Дінмұхаммед Қонаев қабылдауына шақырып, қаламгерлердің ынтымақтасып әр облысқа баруларын, әдебиет күндерін өткізуді тапсырды. Осыған байланысты іс-шараларды Жұбанның аса белсенді, жақсы көңіл күйде атқарып шыққаны есімде. Көп достармен бірге бірен-саран көңілге кірбің түсірер көре алмаушылар да болмай қалған жоқ. Халық керемет қабылдаған ең танымал поэмасы “Мен – қазақпын” шық­қан­да Жұбанның соңына түсіп, бұл шығарма ұлтшылдықты уағыздайды дегендер де та­был­ды. “Хатшыға хат” өлеңін сан-саққа жүгіртіп, бәзбіреулер Жұбан мен басшы­лықтағы адам­дар арасына от салуға ұмтылды. Өлең шыққан “Жұлдыз” журналын Қонаевтан бастап Ор­талық Комитет бюро мүшелері үйлерінің пош­та жәшігіне салып кеткен. Ішін­де: “Жұ­банның өлеңіне көңіл аударсаңыз” деген бір жапырақ қағаз бар. Әрине, мұндай жымыс­қылықтар жүрекке жүк түсірмей қойған жоқ. Жұбақаңның Желтоқсан оқиғасы кезіндегі атақты айыптау сөзі әмбе халайыққа белгілі. Сол бір ауыр күндер еді. Бір ұлымыз Ішкі іс­тер министрлігінде істейтін. Халық жасағын­дағы балалар келгенше алаңдап, байыз таппай, түнгі 12-ге дейін балконнан қайта-қайта қарайтын. “Бөлек-бөлек жүрмеңдер. Ешкімді ұр­ып қол жұмсамаңдар”, дейді. Олжас Сү­лейменов телефон соғып: “Одаққа Колбин келеді. Сіз сөйлеңізші, Жұбақа!” деді. Түнімен отырып, сөйлейтін сөзін дайындап жазды. “Қыздарымыздың арын таптап, ұлдарымызды мұзға отырғызғаны несі!” деп ашуланды Жұ­бақаң. Барша наразылығын Колбиннің бетіне айтты да. Сол айтқандары бойынша кейбір жазаларды жұмсартқан көрінеді. Кол­бин Жазушылар одағына екінші рет келгенде Жұ­банның қолын алып: “Ну что, Жубан, ты до­волен?” деп сұрапты. Бетпе-бет келгенде со­лай тайсақтағанмен, әуелгі сөйлеген сөзден кейін Жұбақаңа деген ниет өзгеріп сала берген. 1988 жылы өмірден тез өтіп кетуіне осы Жел­тоқсан оқиғасы әсер етті ме деп ойлаймын. – Бірақ Жұбан ақынға деген туған халқының құрмет-сүйіспеншілігі ешқашан суымайды емес пе? – Ол рас. Елге рахмет. 2000 жылы 80 жыл­­дығын дүрілдетіп өткізді. Кіндік қаны тамған жері – Жайық өңірінде туған ауылы Сайқұдыққа аты беріліп, ескерткішін қойды. Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана да Жұбан атын алды. Жас кезінде Орал қаласында оқыған ғимаратқа ескерткіш-тақта орнатылды. Басқа да толып жатқан іс-шаралар атқарылды. Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Қабиболла Жақыпов бас болып Орал қала­сының қақ төріне еңселі Жұбан ескерткішін орнатуы көңілді қуанышқа бөледі. Мың да бір рахмет азаматтарға. Ағасының 90 жылдық тойы тұсында да тыным таппай жүрген азаматқа бергісіз Ақұштап (Бақтыгереева) сіңліме де алғысым мол. Сол ескерткіш орнайын деп жатқанда теле­дидардан хабар көрдім. Бір депутат сөйлеп тұр: “Почему Чапаевтың ескерткішін алып тас­тап, оның орнына Молдағалиевтің ескерт­кішін қояды?” дейді. Содан мен Оралға, әкім­дікке телефон соғып: “Теледидарда осы­лай ай­­тып жатыр. Ұят болып жүрмей ме? Жұбан ескерткішіне басқа орын табылмады ма?” деп алаңымды білдірдім. Казактар көтеріліп, тойдың шырқын бұзып жүрмесін деймін ғой баяғы. “Ой, апай, сіз уайым етпеңіз, бәрі дұ­рыс болады, мұнда Чапаевқа 60 жерде ескерт­­­кіш бар. Жұбан ағамызға бұйырған бір ескерт­кішті дұрыс жерден орнатайық та” десті. Сол биік ескерткіштей, халқының, елінің алдын­дағы Жұбанның мәртебесі биіктеп, оған деген сый-құрмет, сүйіспеншіліктің арта түсіп отыр­­ғанына көңілім толқып, мен де қуаныштымын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.