• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Қаһарман азамат, қыран ақын

869 рет
көрсетілді

Шынын айтқанда, өз басым еш­қашан ертеңге иек артып, ке­лешектен үміт еткен адам емеспін. Дұрыс па, бұрыс па бүгініммен өмір сүрген пен­демін. Сондықтан да шығар, туған-туысқандарға тәуекел етіп бара қойған жоқпын. Сөйтіп жүріп жетпістің де жо­тасынан шығып кетіппін. Жасымда сене қоймаған ертеңіме енді сене қоймаспын... Әйтпесе Жұбан Мол­дағалиев туралы үлкен моно­графия жазып тастамас па едім, қайтер едім? Қанша сілтесем де, қанша айтсам да, қалай айтсам да тәп-тәуір дү­ние жазып тастар едім деп ойлаймын. Бұл өзі етқызумен айта салған жай сөз емес. Сенім. Бірақ, бірақ... Қазіргі жағдайда олай тәуекел ете ал­маймын. Жас кезімде сене алмаған ертеңіме, бүгін сене қалу менің бол­мысыма тән қасиет емес. Қалыптасып қалған шығар­машылық таби­ғатыма мүлдем жат әрекет. Чеховтың сөзіне салсақ, “стиль” дегеніміз автордың өзі. Рас, Жұбан ағамыз екеуміз ауылдас қана емес, ауданымыздың өзі іргелес. Қазіргі ұғыммен келсек, үйінде жатып оқу бітіруге мүмкін­дігім бар туыспыз... Сөйте тұра көпке дейін есігін ашпаған жанмын. Оған ағамыздың ешқандай кінәсі жоқ. Бар кінә өзімде. 1958 жылы университетті бітіріп, менің бақытыма ойда жоқта ашыла қалған “Балдырған” ре­дакциясына жұмысқа орналастым. Орналасқан журналымның редак­циясы Қазақстан Жазушылар одағына жақын, бір ғана аялдама. Жиі-жиі барып тұратын жеріміз. Көрген сайын аман­дасамын. Аман­дасу, сәлемдесу ініден болғанмен, ар жағы ағаға байланысты тәрізді. Бірде Жазушылар одағының екінші қабатында Сәбит Мұқанов ағамызбен жолығып қалып, аман­дастым. Ол маған: – Осы сен қай баласың? – деп сұрады. “Мен Қадыр Мырзалиев боламын” деп жауап бергенше... “Иә, иә. Сыртыңнан білемін. Ме­нің немерем балалар бақшасынан өлең жаттап келеді. Жазған Қадыр Мырзалиев дейді. Өлеңдерің маған ұнайды...”, деді ол кісі. Менің есіме Жұбағаң түсті. “Ол кісі “Осы сен қай баласың?” деп неге сұрамайды? Өзі жақында ғана “Жұлдыз” журналына бас редактор болып тағайындалды. Көрген сай­ын ізеттік жасап, амандасып жү­ремін. Бірақ ол кісі мән бермейді. “Жұлдыз” журналы – абы­рой­лы орган. Бірақ қайраңдап жатқан қайықтай... Аппаратындағы адамдар ертелі-кеш ішумен, журнал жайына қалған... Жұбан ағамыз болса, арақпен алдымен қоштасып қалып, ат құйрығын кесіп кеткен азамат. Редактор креслосына отырғанда бас­шылықпен келіссе керек, бұрыннан тоз-тоз болған, көңілдес інілеріне қырғидай тиіп, түгелдей жұмыстан босатып, мүлдем жаңа журнал жасауға кіріскен-ді. Жасыратын несі бар, реті болса, осындай бір қалың­дау журналға орналасқым келеді. Оған бірақ ешқандай мүмкіндік жоқ. Балаларға арнап жазған бірер жұқа жинақтың авторымын. Жас ақындардың тәп-тәуір топтамала­ры­нан құрастырған “Жас қанат” және “Жырға сапар” атты екі кітап бар-ды. Соның екіншісіне кір­ген­мін. Мұхтар Әуезов жазған алғы­сөзде дуалы ауыздың батасын да алғанмын. Бірақ “Жұлдыз” сияқты халық журналының, беделді жур­нал­дың қызметкері болуға бұл жеткіліксіз. Бұрын-соңды бетпе-бет келіп көзіне түсе қоймаған сұсты ағамның алдына баруыма батылым бармайды. Мені жақсы білетін Мұзафар Әлімбаев қана. Ең бірінші рет сенім артып, жұмысқа алған да сол. Соның қарауында істеп жүр­мін. Өстіп көзге түссем деген жас талапқа бұл аздау. Көп ойландым. Қай кезде де үнемі жылы ұшырап, хал-жағдайымды сұрап қалатын бір ғана адамым бар. Ол – ақын, әдебиетші-сыншы, ғалым – Сағынғали Сейітов. Соған айтып көріп едім, “Әрекет етіп көрейін...”, деді. Бірақ мен бірдеңе білсем сыйлауын сыйлағанмен, тыңдай қояр ма екен!? Әйтсе де Сағынғали ағам ешқандай уәде бере алмады. Де­генмен, жолым болып, “Жұлдыз” журналына орналастым. Орнала­суын орналастым. Бірақ қуана алмадым. Жазу столының екі бірдей қапталы да, бүкіл суырма, тартып қалсаң қолжазбалар сауылдап төгіледі. Бір емес, бірнеше ай бойы соларды сұрыптаумен, оқумен, жауап жазумен болдым. Жұмысқа ертерек келіп, кештеу қайтамын. Қайтқанда да бос қайтпаймын, бір папка қолжазбаны ала қайтамын. Кейде бар уақытым соларды оқу­мен ғана емес, жауап жазумен өтеді. Бірақ өмірі бітпейтін көрінген оны да бітірдім. Жаңа дүниелер, келесі нөмірге ұсынатын дүниелер деген атпен жаңа папкалар пайда болған. Үстелдің суырмалары тазарды, босады. Көңілім орныма түсіп, рахаттанып отырғанда редактор шақырды. – Мен сені не үшін жұмысқа алдым?! – деді, ол мені көрер-көрместен. Тап осылай қарсы алады деп ойламап едім. Шынымды айтсам, сасып қалдым. – Жұмыс істеу үшін шығар, – дедім, күмілжіп. – Әрине, әрине, жұмыс істеу үшін!.. Ал мынау не? Істеген жұмы­­сыңның белгісі ме?! – деп конвертті ұсына салды. Оқып көрсем, “Менің жіберген өлеңдеріме неге жауап бермейсіңдер?” депті бейтаныс біреу. – Жұбаға, менің қолымда жауап қайырылмаған бірде-бір қолжазба жоқ. Тексеріп көріңіз! – дедім. Ол қоңырау соғып, хатшы апай арқылы тексертіп көрді. Жоқ... Болуы мүмкін де емес еді. Өйткені, байбаламшыл автор алдымен арыз жазып, өлеңдерін кейін жіберген екен. Оны бірер айдан кейін барып алдық. Жұбағаң аға буынның соңы, жаңа буынның басы іспетті өте парасатты және алғыр азамат болатын. Ол үлкендердің аса қымбат қасиеттерін өз бойына барынша сіңірген редактор. Жақын-жуық, дос-жолдастарына деген өкпе-назы болса да, көңілінде ұзақ сақтамай, реті келгенде айта білетін. Сөйтіп, іштей тазарып отыратын да ғажап қасиеті бар еді. Мен сол “Жұлдыз” журналына жаңа-жаңа орналасып, редакцияның ішкі дәстүрлеріне енді-енді етене бола бастаған кезде, аяқасты сырқаттанып ауруханаға түсіп қалды. Менің қайда жүргенім есімде жоқ. Редакция қызметкерлері Жұбағаңа барып көңілін сұрап шығыпты. Солардың арасында менің бармай қалғаныма таң қалған болуы керек... Бірер күннен кейін ойда жоқта ағамыз кіріп келді. Кіріп келді де атып-атып түрегелген қызметкерлеріне бұрылмай, бірден менің алдыма келіп тоқтады. – Қашан шықтыңыз, Жұбаға? Тәуір болдыңыз ба? – деп жұрт жамырай сұрақ қойып жатты. – Менің халім жаман емес, мына Мырзалиевтің халі қалай екен деп келдім! Қалайсың, мырза? – деді. – “Мырзаңыздың” халі жаман болушы ма еді, – дедім. Мен де қырсыға жауап бердім. Жұбан ағамыздың өзі де айта білетін, айтқанды артығымен түсіне білетін ойлы қазақ қой! Қазымырлана бермей райынан тез қайтып, қызметкерлерімен шүйіркелесіп кетті. Сырттай сұсты, тіпті қаһарлы көрінгенмен, жолдастарына, інілеріне аса мейірбан, кешірімді болатын. Ол өле-өлгенінше осы қасиетінен айырылған жоқ. Ал ел басына күн туғанда қайтпас қайсарлық көрсетті. Қасқайып тұрып жаңа келген республика басшысына айтар сөзін айтып тынды. Кейінірек мен осы ойымды өлеңге айналдырып былай деп жаздым: Қанша әруақ аты түгел аталмаған! Жалтарсам,  қарайды олар қатал маған. Тұрғанда ақын тірі Ешбір патша, Ешбір хан Тыныш ұйықтап жата алмаған. Сол бір кештен кейін, саяси рухани бетпе-бет айтысқаннан кейін Жұбан ағамыз сырқаттанып ауруханаға түсті. Ол жай ғана аурухана емес, қақпан еді. Сол күндері “тұтқынның” хал-жағдайын көріп, көңіл-күйін сұрап қайтқан Әбділда Тәжібаев ағамыз маған телефон соғып: – Қадыр, сен Жұбан ағаңа барып шықпадың ба, мен бардым, ол маған “Алып бара жатқан науқасым жоқ... Бірақ, бірақ мен осы жерден қайтып шық­пайтын шығармын, сірә”, – деді. Сұм жүрек бір нәрсені сезіп жатыр-ау деймін. Мұндай сөзден өз басым түршігіп кеттім” деді. Содан бірер күн өтер-өтпестен қайран ақын қайтыс болды. Осы кездері менің “Қорам­сақ” атты жаңа кітабым жарық көрген еді. Сонда “Кәрі қыран” деген өлең бар. Көк аспанын – Бұлт емес – Мұң қаптаған кезде қыран қыран ба үн қатпаған?! Шаңқ етті де шау бүркіт, Зулап келіп, Қойып кетті көк тасқа Күн қақтаған. Күрсінді тау ақ қарлы – Ақ кебінді Кәрі қыран осылай тапты өлімді. Жасын түскен дөңгелек шар айнадай Пай-пай шіркін – көк тасың қақ бөлінді. Қыран еді бұл неткен құдыретті! Найзағайдай жарқырап, ғұмыры өтті. Көрген кезде осыны Шіміркеніп,  жас бүркіттің жүрегі бір дір етті. Сабақ алып шежіре көне күннен, Бәрін көзден өткізіп елегінен, Қыранша өмір сүргенің қандай ғажап, Қандай бақыт! Қандай бақыт – Қыранша өле білген. Қадыр МЫРЗА-ӘЛИ.