Республикалық іргелі басылымдар бас редакторларының оқырмандармен кездесулері осылай жалғасты
Жылдың осы мезгілі әдетте бұқаралық ақпарат құралдары үшін құс ұйқылы шақ. Оқырман қатарына оқырман тартылар, алдағы таралым межесі қылаң берер кез. Соның сәттілігіне арқау салғандай Қарағандыда басталып, Теміртауда жалғасып, одан Қарқаралыда ұласқан еліміздегі ең танымал қазақ басылымдары бас редакторларының күндері өңір рухани өміріндегі өзгеше бір серпіліс болды. Бұған дейін аймақ тарихында ұлттық баспасөз түрлері жетекшілерінің бүкіл құрамда бас қосуы болып көрмеген еді. Бұл кездесуге келушілерді облыс әкімі Серік Ахметов қабылдап, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан істермен таныстыруынан кейін сөз кезегі меймандарға берілді.
Әңгіме желісін алдымен сабақтаған “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев: “Шындығын айтқанда баспасөз саласындағы 38 жылдан бергі қызметімде әріптестерімнің төрт көзі түгел ел іші ортасында осылай қауышуын бірінші рет көріп отыруым. Өзге өңірлерге де үлгі боларлық үрдіс бастауы дер едім мұны. Әсіресе, газет-журналдарға жазылудың қазіргі науқаны қызған кезінде оқырмандармен тікелей жүздесудің мәні де, жөні де бөлек екендігі даусыз. Қарағандының өндірістің ғана емес, ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің қарашаңырағы ретіндегі сан қырлы тынысын сезіну әсері ыстық болса, мынау жүздесу соны танытуға парыз үстейді, – деп бұл шараның шарапаты барлық басылымдарға бірдей тиетіндігіне сенім білдірді.
Аға қаламдастарының сөзін жалғастырушылар өздері басқарып отырған басылымдардың бүгінгі хал-ахуалы, шығармашылық бағдарлама-жобалар туралы ойларын ортаға салды.
Бұдан соң бас редакторлар Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті оқытушылары және студенттерімен кездесуге қатысты. Шығармашылықтары арқылы сырттай таныс, бірақ жүзбе-жүз көрмеген қаламгерлерге сұрақтар жан-жақтан жаңбырдай жауды. Әңгіменің қызу талқысы білікті маман болып шығу үшін не істеу керек, қоғам жастардан не күтеді деген төңіректе өрбіді. Осы орайда Жанболат Аупбаевтың болашақ журналистерге мамандық меңгертуге осында отырған бас редакторлардың бәрі болмаса да біразы алдағы уақытта университетке арнайы дәріс оқуға шақырылып тұрса деген пікірі қосталды. Ол бұл ұсынысын түсіндіре түскендей мұның өзі әрі практик, әрі әмбебап, яғни газет шығарудың қыр-сырына мейлінше жетік жандардың тәжірибелік ақыл-кеңестері ізбасарларына анағұрлым пайдалы болатынын қысқа да нұсқа етіп айтты.
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бүгінде салалық жоғары оқу орындары жанында да журналистика факультеттері қаптап кеткенін, оқытушылыққа көлденең көк аттыны алып жатқандықтан олардың жарытымды білім беріп жатпағандықтарын тілге тиек етіп, мұндай әрекеттің жөнсіздігіне назар аудартты. Жазу-сызу өнерін үйрету бір басқа екендігін, сондықтан оған жауапкершілік күшейтілуі керектігін алға тартты.
Облыс оқырмандарымен сұхбат Теміртауда жалғасты. Қазақстан Магниткасының байырғы металлургтері, соның ішінде Қазақстанның Еңбек Ері Арғын Жүнісов әңгімесіне ынта қойылды. Олар өздері ертеден сүйіп оқитын басылымдар басшыларының орталарына арнайы келіп, емен-жарқын сыр қозғағандарына разы болды.
Ұлттық басылымдардың ең қалың оқырмандары қалыптасқан Қарқаралы ауданы тұрғындарының болса болмасын бұл кездесуді тағатсыздана күткені байқалды. Мұнда бас редакторлар алдымен Құнанбай мешітінде құран оқытып, Арқа төсіндегі көне шаһардың тарихи орындарымен танысты. Қалада алғашқы ғимараттарды өз күшімен тұрғызушылардың бірі көпес Бекметов салдырып, Абай тоқтаған, Потанин аялдаған үйлер мен нағашысы қазақ, атақты генерал Лавр Корнилов өмірге келіп, балалық шағын өткізген пәтер, осы жазда табылған “Алтын адам” әшекейлерімен толықтырылған өлкетану мұражайы барып көрілді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақпаев, К.Тоғысов сынды қайраткерлер бастауымен әйгілі Қарқаралы петициясы қабылданған алаңға, Мәди ескерткішіне тағзым етілді. Содан соң барып аудандық кітапхана залында оқырмандармен жүздесу болып, онда “Қазақ газеттері” ЖШС басшысы Ж.Кенжалин, “Айқын”, “Ана тілі”, “Түркістан”, “Дала мен қала” газеттерінің бас редакторлары Н.Жүсіп, С.Ибрайымов, Ш.Пәттеев, С.Парманқұлов өз ойларын ортаға салды. Қорытындысында “Астана” журналының бас редакторы М.Тәжімұраттың осындай шара алдағы уақытта “Қарқаралы кездесуі” деген атпен дәстүрге айналса, бұл қазақ тілді басылымдардың бірлігіне алтын арқау болар еді деген пікірі құпталды.
Қазақ басылымдарын сүйікті серікке айналдырған қарағандылық оқырмандар қатары жылдан-жылға өсіп келеді. “Егемен Қазақстанның” таралымы 12 мыңнан асуы соның бір айғағы. Ұлттың рухани өмірінің туын ұстап, соны көтерген өркениеттік жүгі салмақты да ардақты төл басылымдар беделі биіктей бермек.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.