• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Атқарылған жұмыс көп, ал атқарылатын жұмыс одан да мол

730 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Тараз қаласындағы әлеуметтік бағдар­ла­ма­лармен танысудан бастап, Мем­лекеттік зейнетақы төлеу орта­лы­ғының Жамбыл облыстық филиалы мен Тараз қалалық әкімдігінің жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімі мемлекеттік ме­кемесі орналасқан жаңа ғимарат­тың ашылу салта­натына қатысты. Пайдалануға енді ғана беріліп отырған бұл заманауи ғимарат тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып салынған. Жалпы алаңы 482,6 шаршы метр болатын ғима­ратта зейнеткерлік істер мен жәр­демақы құжаттарын сақтауға бола­ды, сондай-ақ, мұнда “бір терезе” тәртібі бойынша бір мезгілде 28 адамға қызмет көрсетіледі. Мүм­кін­діктері шектеулі азаматтарға қолай­лы жағдай туғызу жағы да ойлас­тырылған. Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына тиесілі, бірақ КСРО әскери бюрократия­сының кесірінен 50 жылға жуық уақыт арман болған Кеңес Одағының Батыры атағын Кремль басшыларынан қазақ халқының еңсесін көтеріп, елдігін асқақтату үшін алып берген Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев екені белгілі. Ен­деше, халық жүрегіндегі сол қаһар­ман перзенттің 100 жылдығы аталып өткен өңір орталығының төрінде тұрған батыр ескерткішіне Елбасы тағзымы заңды деп біле­міз. Абай және Төле би көшелері­нің қиылысындағы облыстық драма театрының алдында ерлік пен өрліктің ұранындай болып, қасқайып тұрған еңселі ескерткіш­ке келген Елбасы батыр рухына тағ­зым етіп, осында өзін күтіп тұр­ған қала тұрғындарымен, ардагер­лер­мен емен-жарқын әңгімелесті. Президенттің бұдан кейін атбасын бұрған нысаны “Жасыл ел” бағдарламасы шеңберінде қолға алынған көп пәтерлі үйдің ауласы болды. Мемлекет басшысы үйдің ауласын көріп, ондағы жаяу­лар үшін жасалған жол мен оның көмкермелерінің, асфальттың жаңадан істелгеніне, сондай-ақ, әткеншектерге, гүлзарларға, ойын кешендеріне назар аударды. Күні бүгінге дейін облыста 42 аулалық аумақтың жұмысы аяқта­лып, 14 спорттық, 67 балалар, 62 шаруашылық және 17 теннис ала­ңы салынған. Оларға қажетті 15 733 метр көмкерме ауыстыры­лып, 77596 шаршы метр асфальт төселіп, 420 орындық қойылған. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Тараз қаласында 65 аула тәртіпке келтіріледі. Сөйтіп, алдағы 3 жыл­да облыс орталығындағы барлық аулаларды заман көшіне лайық жаңалау жоспарланып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы ауладағы балаларға арналған жа­сан­ды жасыл төсеніші Голлан­дия­да жасалған футбол алаңын көр­сет­ті. Заман талабына сай жасал­ған шағын алаң аймақтағы фут­бол­ды дамыту шеңберінде қолға алынған оныншы нысан болып та­былады. Үстіміздегі жылы об­лыс­та балалар үшін осындай 20 алаң жасалатын болады. Сондай-ақ, аймақта 20 бокс залының құ­рылысы қолға алынған. Мемлекет басшысы Жамбыл облысында халықты спорттың бұ­қаралық түрлеріне тарту жөніндегі тапсырмасына сай нақты жұмыс­тар жүргізіліп жатқанына риза­шылығын білдірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ендігі бағыты “Инвестиция. Инновация. Даму.” деп аталатын бизнес-форум болатын. Облыс ор­талығындағы М.Х.Дулати атында­ғы мемлекеттік университетінің Жастар сарайында өткен бизнес-форум алдында облыс басшылары Елбасын ел дамуын жеделдете түсетін үдемелі индустриялық-ин­новациялық жобалармен таныс­тырды. Шетел инвесторлары, даму инс­титуттары және Жамбыл облы­сының жеке кәсіпкерлері арасын­да іскерлік әріптестік, экономика­лық алыс-беріс жөніндегі түсі­ніс­тік жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, Жамбыл облысының экономикасын дамытуды жедел­де­ту мақсатында және аймаққа ин­вестициялар тарту үшін ынтымақ­тас­тық туралы 5 келісімге, ынты­мақтастық туралы 2 меморан­думға, 1 экспорттық келісімге және 1 қарыз келісіміне қол қой­ыл­ған. Қол қойылып, ресімделген мұндай құжаттар Италиядан, Фран­циядан, Испаниядан, Ресей­ден және Ираннан келген әріп­тестермен байланысты нығайтуға жағдай туғызды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі мен Ресейдің “Русгидро” ААҚ арасын­да гидроэнергетиканы, жел энер­гия­сын және жаңғырмалы энер­гияның басқа да түрлерін дамыту саласындағы ынтымақтастық нақты істерге ұласып отыр. Сондай-ақ, облыстық әкімдік пен ирандық “Диба Сан” ком­па­ниясы басшылығы қой шаруашы­лығын дамыту және агроөнеркәсіп секторында бірлескен жобаларды жүзеге асырмақшы. Мал бордақы­лау алаңы мен жем-шөп базасын жасау жөнінде Малайзияның ұлт­тық ірі қара шаруашылығы корпо­рациясымен де жұмыстар жүргізі­ліп отыр. “Тараз” ӘӨК пен испандық “Контракта Техникал Ресорсес” компаниясы арасындағы ынты­мақ­тастық бірегей мамандан­ды­рылған шетелдік техникалар мен қондырғыларды әкелуге ұйытқы болуда. Дилерлік орталық ашу және кейін оны маманданды­рылған коммуналдық техникалар­ды құрастыру жөніндегі кәсіп­орын­ға айналдыру туралы “Тараз” ӘӨК пен Ресейдің “Автомо­бильдер және “Урал” моторлары” ЖАҚ арасында келісімге де қол жетіпті. Италияның “Сефита” ком­паниясының өкілдері “Фабри­ка ПОШ-Тараз” ЖШС басшылы­ғымен жіп иіру өндірісін дамыт­пақшы. Иранның “Диба Сан” компаниясы мен “Казах биф ком­пани” ЖШС арасында ет жөнелту жөнінде келісім де жұмыс істеуге дайын. Ақпараттық технология сала­сын­да ақпараттық технология кол­леджін ұйымдастыру және инвес­тициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде “Зерде” Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі мен “Әулиеата” атындағы Жамбыл гуманитарлық-техноло­гиялық университеті белсене жұмыс істеп отыр. Француздардың “Vіcat” компа­ниясы мен Жамбыл өндірістік цемент компаниясы арасындағы өзара келісімнің нәтижесін көретін де уақыт алыс емес сияқты. Жалпы, облыста үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алы­нып, ресімделген құжаттардың жал­пы құны 15 млрд. теңгеден ас­там қаржыны құрайды. Тең әріп­тестік негізінде ойластырылған келісімдер аймақтың бәсекелестік әлеуетін өсіріп қана қоймайды, сонымен бірге, өңір өндірісін әлемдік рынокқа шығаруға жол ашады. Форумға жиналған компания басшылары, іскер азаматтар мен азаматшалар Елбасын өз жоба­ларымен таныстырды. Одан кейін Елбасы Жастар сарайы фойесінде тұрып Жаңатас қаласындағы темір қорыту өндірісі компаниясы жұмысшыларымен “телекөпір” арқылы байланысқа шықты. – Аса құрметті Президент мырза! Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облысымызда биыл іске асырылатын 9 жобаның ішінде – Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы металлургия комбинаты да бар. Жобаның жалпы құны – 450 миллион теңге. Комбинат қара металл сынықтарын өңдеп, арматура шығаратын болады және жаңадан 60 жұмыс орны ашылады. Өндіріс орны толық қуатында жұмыс істегенде жылына 12 мың тонна арматура өнімдерін беріп, республика көлеміндегі құрылыс жұмыстарына пайдаланы­ла­тын болады. Мұндай жобалар­дың жүзеге асуы шалғайдағы аудан­дар мен шағын қалалардың әлеуметтік-эко­номикалық жағ­дайын жақсар­ту­да­ғы маңызы зор, – деген Сарысу ауданының әкімі Бекболат Орын­беков Елбасынан “Құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлы, өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз” деп сұраған. Елбасы рұқсат берген сәтте эк­ран­нан зауыт цехындағы жұмыс­шы­лар мен балқыған темір, одан арматура болып шығып жатқан өнімдер көрінді. Жаңатас металлургиялық зауы­ты қара металдың сынықтарын қайта өңдеу арқылы металл про­ка­тын шығаруға бағытталған. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ішкі рынокты металл прокатымен қам­та­масыз ету мәселесі шешіледі. Оның өндірістік қуаты жылына 36 млн. тонна болмақ. Жобаның құны – 450 миллион теңге. Диаметрі 10,12,14 және 16 см. болатын арма­туралар мен басқа да өнімдер сұра­нысқа көптеп ие болуға тиіс деп кү­тілуде. Зауыттың құрылыс-мон­таж жұмыстары белгіленген мер­зім­де аяқталып, технологиялық қон­ды­рғылар дер кезінде орнатылды.         Жаңатастықтармен “телекөпір” арқылы тілдескен Елбасы, оларға табыс тілеп, аймақта темір қорыту зауытынан басқа да шағын өндіріс орындарын көбейтіп, халықты жұ­мысқа көптеп тарту керектігіне назар аударды. Өйткені, оңтүстік өңірде халық санының көптігінен жұмыссыздар мәселесі болаты­нын, ал оны тек қана шағын бизнес ар­қылы жеңу мүмкін екенін айтты. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев бизнес-форумда Елбасына 2011-2015 жылдары Жамбыл өңірін дамытуға арналған бағдарлама жобаларын айтып берді. Жамбыл облысында ең басты басымдықтар химия өнеркәсібіне, агро азық-түлік секторына және жеңіл өнер­кәсіпке беріледі. Мысалға, агро азық-түлік секторын алатын бол­сақ, мұнда негізгі стратегиялық ын­та сервистік дайындау орталықта­рын құру мен дамытуға, тұқым ша­руашылықтарын, көкөніс сақтау орын­дарын құруға, санитарлық-ветеринарлық қызметті жақсартуға, бордақылау алаңдары жүйесін көбейтуге, дайындау жөніндегі инф­рақұрылымдарға, мал өнімдерін алғашқы өңдеу мен сақтауға, қайта өңдеу қуаттарын модернизация­лау­ға, сондай-ақ, суландыру жүйесін пайдалану сапасын арттыру мен реконструкциялауға, тамшылатып суарудың озық әдістерін ендіруге аударылады. Бұл шараларды жүзеге асыру бүгінгі дәстүрлі ауыл ша­руа­шылығын және ауыл шаруашы­лығы өнімдерін алғашқы қайта өңдеуден 2015 жылға дейін қазіргі заманғы инновациялық ауыл ша­руа­шылығына және ауыл шаруа­шы­лық өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге жол ашады. Химия өнеркәсібінің әлеуеті де орасан мол. Елбасы бұл жөнінде осыдан бес жыл бұрын облысқа келген сапарында өңір байлығын “Жамбыл – фосфордың отаны” деп бағалаған болатын. Сондықтан алда­ғы уақытта жылына 650 тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы цехы­ның құрылысын жүзеге асыру (жоба құны – 12 млрд. теңге) және жылына 2 млн. тонна өнім шы­ғаратын байыту фабрикасы (жоба құны – 25,5 млрд. теңге) жос­пар­лануда. Бұдан басқа “ЕвроХим­Удо­бре­ния” ресейлік компаниясы Қаратау қаласында (жоба құны – 394,5 млрд. теңге) азоттық, фосфорлық және кешенді минералды тынайт­қыштар шығару жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Бұл жоба аймақ үшін жүйе құраушы болып табылады, шығарылатын өнімнің көлемі жылына 150 млрд. теңгеден асып, бюджетке жылына салық пен басқа да төлемдерді қосқанда 15 млрд. теңгедей түсіреді. Жамбыл облысындағы жеңіл өнеркәсіп көтеретін жүк те көп. Бұл сектор аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қоса алмағаны­мен, өнім шығарудың 0,14%, экс­порттың 1,1% және жұмысқа тар­тылғандардың 0,5% құрайды да, олар, негізінен жүн және тері өнеркәсібіне қамтылады. Сонымен қатар, облыста биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағ­дай­дың тууы, салаға мемлекет тарапы­нан қолдау көрсету, халық табы­сы­ның өсу шамасының өрлей түсуі және өндірістік қуаттардың өсуі (мысалы, “Фабрика ПОШ – Тараз” және “Таразкожобувь”) облы­сымызда топс, яғни шүйке өн­діруді, аяқ киім және теріден тігіл­ген аксессуарлар өндіруге жағдай жасай бастады. “Фабрика ПОШ – Тараз” ЖШС-нің бұйымдары жүн өнімдерінен жасалады. Бұл саланы дамытудағы стратегиялық ынта бо­лып табылатын – жүн бұйымдарын өндіруді дамыту, биязы жүнді қой басын арттыру, ірі шаруашы­лықтарды дамыту, тұтынушылар аяқ киімін, теріден жасалатын аксессуарлар өндірісін бәсекеге қабілетті етіп құру, өнім сатудың орындары мен технологиясын да­мыту, өндірістік қуаттарды жаңар­туға назар аудару болып табылмақ. Бұдан басқа, алдағы жылдардың стратегиялық бағыттары ретінде барлық елді мекендермен көліктік қатынас орнатуды қамтамасыз ету, жүк тасымалдаушылар паркін жа­ңарту, жол жамылғыларын жақсар­ту, автосервистер құру және да­мы­ту, көлік-логистикалық орталықта­рын, қойма ғимараттарын салуды атап айтуға болады. Облыста баламалы электр қуа­тын дамыту ісі де қолға алынбақ. Өйткені, облыс желдік және гидро­электростансаларды дамыту бой­ынша үлкен әлеуетке ие. Бұдан басқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, халық арасында қуат сақтағыш технологияларды енгізу жұмыстары жүзеге асы­рылады деп күтілуде. Үстіміздегі жылы облыста “Энерджи-Тараз” ЖШС қуат сақ­тауға ыңғайлы шамдар шығаруды бастады, олар бұрынғыларға қара­ғанда 60% үнемді деп есептелуде. Облыс әкімі Елбасы назарын өңір экономикасының өзекті проб­лемаларының бірі – тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, сумен, газбен жабдықтау болып табылатынына да аударды. Тұрғын үй қорының негізгі бөлігі қанағат­танғысыз жағдайда және жөндеуді қажет етеді. Сондықтан облыстың тұр­ғын үй-коммуналдық секторын­да бүгінгі апатты жағдайдан 2020 жылға шығынсыз, энерготиімді және 2015 жылға қолжетімді, үмітті ақтайтын, қауіпсіз кезеңге өтетін негізгі шаралар жүйесі белгіленген. Оқуды дамытудың негізгі ба­ғыты жеке ынта есебінен мектепке дейінгі оқуды жеткілікті қамтама­сыз ету, бәсекелестікке төзімді жо­ғары білімге, сапалы мектептік дай­ындыққа, икемді және тиімді еңбек рыногын жасау негізінде кадрларды тәрбиелеу жүйесіне бағытталған. Денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттері болып перине­таль­­ды және балалар медици­на­сының қолжетімділігі, емдеу ұйым­дарының кадрлық, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, сала­матты өмір салтын күшейту болып табылады. 2015 жылға арналған стратегия­ны жүзеге асыру нәтижесінде мы­надай жағдайларға қол жеткен: 2009 жылға қарағанда халықтың жан басына шаққандағы өсімі 2 есеге жуық, экономика саласында еңбек ететіндер 630 мың адамға жеткен немесе 16%, өмірдің ұзақтығы – 70 жас, жеке инвестициялар көлемі – 350-380 млрд. теңге, шетелдік ин­вес­тициялар жан басына шаққанда 5,5-5,7 мың теңгені, экспорт 1,4 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қанат Бозымбаев сөзінің қоры­тындысында осындай күш жұмсау­дың нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі өсетінін, сөйтіп бизнестің халықаралық бәсекелестік рейти­нгін­де жоғары орындардан көрініп, еліміздің оңтүстік аймағының да­му­ында көшбасшы болуға мүмкіндік бар екендігін атап көрсетті. Бизнес-форум тізгінін қолына алған Елбасы облыста іске асырыл­ған жобалармен бірге түрлі кедер­гілерге тап болып, екі жылдан бері жүзеге аспай келе жатқан жоба­лар­ға да ерекше тоқталды. Соның бірі – ресейлік “ЕвроХимУдобрения” компаниясына байланысты мәселе. Шынында ә дегенде тау қопарар­дай болып келген “ЕвроХимУдо­бре­ниенің” екпіні әртүрлі деңгей­дегі, әртүрлі мемлекеттік дәліздер­дегі кедергілерден кейін бәсеңсіп қалған болатын. Бірақ экономика­лық әлеуеті зор, жүйесі дүние жүзін шырмап алған алып компания кедергі жасалып жатыр екен деп “көшке берген тайлағын” сұраған жоқ. Тиісті министрліктермен, жер­гілікті билікпен тіл табыса отырып, жұмыс жүргізуді жалғастыра берді. Міне, Елбасы елге керек осындай инвесторларды кеудесінен итерген­дей болып отырған жоғары лауа­зымды шенеуніктерге қарата ондай басшылармен жұмыс істесе ал­майтынын ашық айтты. Сөйтіп, “ЕвроХимУдобрения” мәселесін бір ай ішінде шешіп, оның ел эко­но­микасын көтеру үшін жасамақ болған жобасына кедергі жаса­мау­ды қатаң талап етті. Бизнес-форумды қорытындыла­ған Елбасы, Жамбыл облысындағы жағдайға тоқтала келіп, негізінен, облыстағы атқарылып жатқан жұ­мыстарға жақсы баға берді. Тараз қа­ласының тазалығына, көшелер мен аулалардың жаңара бастаға­нына ризашылығын айта келіп: – Істеліп жатқан жұмыс көп, ал істейтін жұмыс одан да көп. Жам­был облысында қант қызылшасы алқабының көлемі бір кездерде 16 мың гектарға дейін жеткен. Бүгінде ол 2 мың гектар ғана. Ал бұл өңірде қант қызылшасы мен жүгері өсі­ру­дің ең тәжірибелі мамандары бол­ған. Біз осыны қайта қалпына келтіруіміз керек. Қазір біз қантты да, қант өндіретін шикізатты да сырт­тан сатып алып отырмыз. Біз сүтті сатып алмайық деп елде сиырларды көбейтіп жатырмыз, етті сатып алмайық деп мал бор­дақылайтын кешендер жүйесін са­лып жатырмыз, ал бұрын көкөніс­тің 30 пайызын шығаратын болсақ, қазір соңғы 3 жылдың ішінде 70 пайызын шығаратын болдық. Де­мек, халыққа қажетті нәрсенің бә­рін өз елімізде қолға алуға болады. Сондықтан, осының барлығын облыстағы 9 үдемелі индустрия­лық-инновациялық жоба шеңберін­де қарастыру керек. Егер осының барлығы іске асатын болса, яғни Жамбыл облысының өнімі 2 есеге артатын болса, өңір тұрғын­дары­ның әлеуметтік жағдайы да жақсы жаққа қарай бет бұратын болады. Ендігі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаймыз. Бұл – қазақтың тарихында ешуақытта болып көрмеген той. Ата-бабала­ры­мыз аңсаған тәуелсіздіктің 20 жылдығы барлығымыз үшін өте зор, ең үлкен қуаныш болуы керек. Бірақ оған құр қуанып қана қой­май, “қандай тартулармен келуіміз керек?” деп ойланып, іске кірісу қажет. Менің ойымша, барлық облыс орталықтарын, қалаларды, аудандарды, ауылдарды ретке кел­тіру керек. Жастарды солай қарай тартып, баулу керек. Әр ауыл өзін­ше жаңару жағдайын ойласын. Бұ­ған ауыз су, мектеп, аурухана, кө­ше, үй тазалығы мен сол үй төңі­ре­гіне жасыл желек өсіруге дейін кіреді. Әйтпесе, неміс пен орыс­тардың ауылдары жап-жасыл, тап-таза болып тұрады да, қазақтардың ауылдары тоқал таммен отырады. Қашанғы жиырмасыншы ғасырда жүреміз? Кейбіреулер айтады дейді, “ана ағашты шауып тастаңдар, шы­бын үймелейді” деп. Сондықтан, бәріміз жұмыс істеуіміз керек, 20 жылдықты жақсылап қарсы алуы­мыз керек. Ел тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы­на байланысты Елбасы тапсырмасы Жамбыл өңірінде айтылғанмен, оны жалпы қазақстандықтарға ар­налды деп түсіну керек. Жалпы, Жамбыл облысын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына зор тартулармен келуге мүмкіндігі мол деуге болады. Биылғы жылдың алғашқы жарты­сында құрылыс материалдары мен гранит бұйымдарын шығару өн­дірісі мен өндірістік негізде гүл өсіру сияқты екі ірі жоба жүзеге асты. Енді үстіміздегі жылға жоспар­лан­ған сегіз жоба бар. Оның төртеуі Елбасы назарына ұсыныл­ды. Олар: “Мыңарал Тас Компа­ниясы” ЖШС-ның цемент зауыты, “Тараз металлургиялық зауыты” ЖШС-ның темір қорыту өндірісі, “Запчасть” АҚ электр-металлур­гия­лық шағын-зауыт құрылысы және “Амангелді ГПЗ” ЖШС-ның шикі мұнайды қайта өңдеу зауытының құрылысы. Жалпы, Жамбыл облысында алдағы уақытта 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, оның ішінде елімізді индустрия­ландыру картасына облыс әкімдігі 3 жобаны ұсынып отыр. Қала мен ауылды көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары да осындай үлкен істерден бастау алса керек. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.