• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2010

Жаңа...

526 рет
көрсетілді

...көпірдің қазығы қағылды Қостанай қаласының іргесінен ағатын Тобыл өзенінің үстінен тағы бар жаңа көпір салынатын бол­ды. Көпірдің ұзындығы – 313 метр. Оның құрылысына мемлекет қазынасынан 7 миллиард 765 мил­лион теңге қаржы бөлініп отыр. Көпірдің жобалау жұмыстарының бар­лығы дайын. Мамандардың ай­туынша, құрылыс осы күзден бас­талып, 2012 жылы аяқталады. Құ­ры­лысты “Казахдорстрой” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Көктемде қар суы еріген кезде То­былдың осы саласы тасып, жол­дан көлік өте алмайтын. Соны­мен қатар, су астында қалған саяжай­лар біраз жылға дейін пайдалануға келмейтін. Енді болашақ көпір қала тұрғындары мен жолаушы­лар­ға осы қиындықтарды ұмыт­тыратын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. ...өнім шығарыла бастады “Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты” акционерлік қоғамы жа­қын­да жылу және ыстық су жүйе­лері үшін шыны талшықты құбыр­лар шығара бастады. Мұндай өнім Қазақстанда, қала берді ТМД елде­рінде бірінші рет өндірілуде. Шы­ны талшықты мұндай құбырлар 130 градус ыстыққа дейін төзім­ді. Эпоксидтік-винилэфирлік шайыр негізінде композиттік материалдан жасалып, шыны талшықпен және қатты пенополиуретанмен қаптал­ған мұндай құбырдың тығыздығы 70-100 шаршы метр-килограмм бо­лады. Ол коррозияға ұшырамайды, ішкі коррозиялық жабындыны талап етпейді, металл құбырларға қарағанда жылуды 100 есе үнем­дейді, ішкі жағында тат тұрмайды, микробиологиялық коррозия болмайды. Жаңа өнімнің басқа да артықшылықтарымен бірге, бұл құбырлар 50 жыл пайдаланылады. Кәсіпорынның шыны тал­шық­ты құбырларына сұраныс жоғары. Қазір зауыт ұжымы су мұнара­лары­на және түтін тартатын үлкен сыйымдылықтағы құбырларға арналған үшінші қондырғыны игеруге дайындалуда. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. ...мешіттер ашылды Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында Сайыпназар ахун атындағы мешіт үйі халық игілігіне берілді. Сайыпназар ахун – кезінде Шортанбай жыраумен айтысатын атақты Заман ақынның шөбересі. Сайыпназар алдымен Бұ­қарадағы “Көкалташ” медре­се­сін­де, бертін келе Ыстамбұлда, со­сын Мысыр қаласында дәріс ала­ды. Ол араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін еркін меңгеріп, діни уағызды жетік білгені үшін ең жоғарғы ғылыми атақ – мүсанниф атағын алады. Елге оралған ол өмірінің ақырына дейін медреседе балаларға дәріс беріп, екі мешітті қатар ұстайды. Оның соңында бірнеше жазбалары, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған дас­тандары қалған. Сондай-ақ, Жаңақорған ауда­ны­на қарасты Қосүйіңкі ауылында да сәнді мешіт үйі бой көтерді. Мешіттің ашылу рәсіміне еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дер­бісәлі атбасын бұрып, ауыл тұр­ғандарының игілікті істеріне зор ризашылық білдірді. Аудан әкімі Бекмырза Елама­нов өзінің құттықтауында ха­лық­ты ауызбіршілікке, иманды­лық­қа шақырса, ауыл ақсақалдары мешіт үйін салған белгілі кәсіпкер Мейрамбек Қоспанбаевқа ақ алғыстарын айтып, ат мінгізді. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.