БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1990 жылы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялады. Тоқсаныншы жылдардың басында Еуропада, бері келе Америкада кең атап өтілетін мереке, жылдар өте әлем бойынша тойлана бастады. Биыл міне, Халықаралық қарттар күні мерекесіне 20 жыл толғалы отыр.
Осыған орай, Қазақстан жастарының Конгресі 2010 жылдың 28 қыркүйек күні Астана қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған медика-әлеуметтік орталығында “Жүректен жүрекке” атты қайырымдылық акциясын өткізді. Акция “Бірлігіміз жарасқан!” республикалық науқаны аясында жүргізіліп отыр.
Мерекенің мұнша ерте тойлана бастағанына, әрі жастардың қонаққа келгеніне ата-әжелеріміз бір қуанып қалды. Қазақстан жастарының Конгресі Еуразия ұлттық университетінің студенттері қуаныш иелеріне концерт қойды. Жастық шақта билеген ырғақты әндерін естіп, кейбір апа-әжелеріміз ортаға шығып билеп те алды. Ұлы Отан соғысының ардагері, осы мекемеге тиісті мұражайдың жетекшісі Олег Иванович барша ата-әжелеріміздің атынан жастарға алғысын айтты. Және шын жүректен өзінің ақ батасын берді.
Сазды әннен күмбірлеген күйге ауысқан қызықты концерт үлкен буынмен жастардың қосыла билеген ырғақты вальсімен аяқталды. Мереке соңында Қазақстан жастарының Конгресінің атқарушы директорының міндетін атқарушы Шахмардан Байманов құттықтау сөзін айтып, белсенді жастар атынан сыйлықтар тарту етті. Ұйымдастырушылар сыйлықты керегіне жаратсың деп, алдын-ала мекеме басшылығынан не қажеттігін сұрап алған болатын. Осылайша қарттарға арналған арнайы арбалар сыйлады.
“Бұл іс-шара шарттылық үшін істеліп жатқан дүние емес. Бұл шын ықыласымыз. Тек мереке қарсаңында ғана емес, еріктілер тобын ертіп жиі осында жиналуды жөн көреміз. Бірде концерт қойсақ, бірде әңгіме айтуға, мүмкіндігіміз болса қол қусырып бос келмей, сыйлығымызды алып келуге тырысамыз. Осы қуаныштан гөрі қамығуы, шаттануынан гөрі жабығуы басым қарттарымыздың арманын аялап, құрметін асырып, көңіл күйін тасытып жатсақ болар. Себебі, бұл нағыз бірлігі жарасқан халықтың ісі болар”, – деді журналистерге берген сұхбатында Шахмардан Байманов.
Елігай НҰР.