• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2010

Қаржы мақсатты жұмсалған ба?

581 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысының күн тәртібінде алты мәселе қаралып, әдеттегі депутаттық сауалдар барысында Денсаулық сақтау министрінің комотоздық жағдайда ауруханаға түсіп қалуына орай депутаттар өз аландаушылықтарын білдірді. Бұған дейін Мәжіліс депутаты болған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қаржы полициясы тергеу барысында инсульт (миына қан құйылу) алғаны анықталып отыр. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы Тарбағатай, Бидайық, Мәдениет және Қос­ағаш ауылдарының су құбырлары жүйесін салу барысында көптеген кемшіліктерге орын берілгендігі Нұртай Сабильяновтың сауалына арқау болды. Мы­салы, Қосағаш, Мәдениет және Бидайық ауылда­рына су тарату жүйесін жаңартуға 2006-2009 жыл­дары республи­калық бюджеттен 514 миллион теңге жұмсалса, ал Аягөз және Тарбағатай елді мекен­деріне осы мақсатқа 2007-2010 жылдары 174 миллион теңге шы­ғындалғаны белгілі болып отыр. Депутат осы қар­жылардың мақсат­ты жұмсал­ғандығын тексеруді сұрайды. Заң жобаларының ішінен депутаттардың қызығушылығын тудырған Орталық Азиядағы бес ел үкіметтерінің арасындағы Ха­лық­аралық Аралды құтқару қоры­ның (ХАҚҚ) және оның ұйым­да­рының мәртебесі туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы болды. Депутаттар сұрақ­та­рына жауап берген Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың мәліметіне қарағанда, аталған қордың Атқару­шы комитетін Алматы қаласына көшіргеннен бері республикалық бюджеттен 2009-2010 жылдарға жыл сайын 249 миллион 401 мың теңге және филиалын ұстап тұруға 136 миллион теңге бөлініп отыр. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға, Сырдария өзенінің сағасын күшейту жөніндегі жобаның бірінші деңгейіне еліміз тарапынан 21 миллион 290 мың доллар бөлінгені белгілі болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.