Баспасөз – 2011
Атырау облысының “Атырау” газеті республика бойынша ең байырғы газеттердің бірінен саналады. Оның алғашқы саны 1923 жылы 1 сәуір күні “Ерік” деген атпен шықты. Содан бері газет атауы бірнеше рет өзгерді, бірақ алға қойған мақсат-мұраты өзгерген жоқ. Ол осы кезеңде елдің шын мәніндегі шежіресіне, ұйымдастырушы күшіне, тәлімді тәрбиешісіне айналды.
Газет 1990 жылдың 30 маусымынан бастап “Атырау” деген атпен шыға бастады. Жергілікті халықтың айтуынша, “Атырау” деген сөз “Каспий теңізінің балама аты, теңіз жағасындағы жазықтық” деген ұғымды білдіреді дейді.
Газеттің тарихы да өте қызықты. Мұнда әр жылдары С.Мәмбетов, С.Жақыпов, К.Жаншарин, С.Сауырғалиев сияқты танымал адамдар жұмыс жасаған. Қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары Әбу Сәрсембаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев өмір бойы біздің газетпен тығыз байланыста болды.
Газетте қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Тауман Амандосов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов, Аманқос Ершуов сынды белгілі қаламгерлер жұмыс істеп, осы газеттен қанаттанды. Әлем классиктерін қазақ және қарақалпақ тілдеріне алғаш аударған Жүсіп Жантөрин, Қыдырғали Сасықов сынды ертеде елге танылған аудармашылар да жұмыс істеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін газеттің екінші тынысы ашылғандай болды. Ол елмен бірге қуанып, елмен бірге қиналды. Бүгінде тақырыпқа, безендіруге, журналистерге талап өзгерді. Кеңес Одағы кезіндегі жақсы тәжірибені қалдырып, әлемдік озық жаңалықты барынша енгізуге ұмтылдық.
Мәселен, “Атырау-Ақпарат” холдингі құрылды. Бұл бас редактордың қаржы мәселесімен, түрлі шаруашылықпен айналысуынан құтқарды. Бас редактор тек шығармашылықпен айналысатын болды. Холдингтің құрылуы материалдық-техникалық базаның жақсаруына, журналистерді материалдық ынталандыруға жол ашты. Мысалы, биылғы жылы ғана “Атырау-Ақпарат” басшыларының көмегімен, облыс әкімінің қолдауымен 4 журналист пәтерлі болды, біраз адам жер учаскесін алды. Бір қызметкеріміздің баласын шетелде күрделі операция жасауға көмек берілді.
Жалпы, облыс әкімінің газетке деген көзқарасы ерекше десек, артық айтқандық болмас. Біз де өз тарапымыздан облыс әкімдігінде өткен әрбір шараны уақытында және егжей-тегжейлі жазамыз. Бұл облыс жұртшылығының облыс әкімдігінде не жұмыс жасалып жатыр, нендей шаралар жүзеге асатынын уақытында біліп отыруына жол ашты. Сөз жоқ, мұның бәрі ел ішіндегі ахуалдың тұрақтылығына қызмет етуде.
Осы кезеңде газетті безендіруге айрықша көңіл бөлінді. Республикалық газеттерден, баспаханалардан тәжірибе үйреніп, ең озық әдіске қол жеткіздік. Қазір газеттің көркемдік сапасы Астанадан басылатын газеттен бір де кем емес. Осындай жұмыстар газеттің таралымының өсуіне мүмкіндік берді. Мысалы, 2000 жылдың басында газет 10 мың данамен тараса, бұл бүгінде 27 мың данаға жетті. Бұл – облыста 500 мыңдай халық, әр үйде шамамен 5 адамнан болса, біздің газетті әр күн сайын облыс халқының үштен бірі оқиды деген сөз. Газет түрлі-түсті беттермен аптасына үш рет – сенбілік номерлер 24, кейде 32 бет болып, сейсенбі, бейсенбі күндері тұрақты 16 бет болып шығады.
Әрине, бізде қазақ газеттеріне ортақ проблемалар да кездеседі. Ең біріншісі, қазір күнделікті құралымызға айналған компьютердің қазақ тілін “мойындай” бермеуі. Біз соңғы кезде ғана қазақша компьютерлік бағдарламаларға қол жеткізе бастадық. Осы уақытқа дейін қазақша бағдарлама болмаған соң, әсіресе, буынға бөлу ісіндегі қателіктерді көріп отырып жіберуге мәжбүр болдық.
Газеттің тағы бір проблемасы – кадрлар болып отыр. Бұрын ҚазМУ-ден облысқа 2-3 журналист келсе, сол жеткілікті болатын еді. Қазір Атырауға ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіріп ешкім келмейді. Осыған орай соңғы кезде Атырау университетінде журналист мамандығын дайындап шығара бастады. Бұл, әрине, бізге көп көмек болғаны рас. Бірақ тек теориялық жағынан ғана оқып, тәжірибе жағынан жеткілікті шыңдалмаған, журналистика мәдениеті туралы бейхабар, шығармашылық таңдаудан өтпеген “журналистер нөпірі” бізге қиындық та келтіре бастады. Себебі, олар айтқанды ғана орындайды, ал шығармашылық адам ретінде ізденіп, тың жаңалық жасауға дәрменсіздеу болып келеді. Сондықтан биылдан бастап университет ректорымен келісіп, 3-ші курстан жоғары 2 студентті таңдап, ҚазҰУ-де қалған курсын оқытуды келістік. Бұған облыс әкімі де қолдау білдірді. Ендеше, бұл мәселе де бір дұрыс жолға түседі деген сенімдеміз.
Енді бір айтатын жәйт, ономастикаға қатысты. Соңғы кезде басқа тілден қазақшалаудың жөні осы деп әлемдік ұғымға айналған сөздерді орынсыз қазақшалау етек алды. Мысалы, футболды – аяқдоп, газетті – үнжария, т.б. тізе беруге болады. Және мұндай сөздерді әр газет әртүрлі жазады. Шындығында, қазақ тілін байытамыз, бәрін қазақшаға айналдырамыз деп түсініксіз қойыртпаққа айналдырып бара жатқандаймыз. Осыны бір ізге түсіретін кім болар екен деп ойлаймыз.
Атап өтетін тағы бір мәселе, қазір жұмыс істеп жүрген бас редактордан бастап барлық журналистерге әлемдік озық тәжірибені үйретіп отыратын, әлсін-әлсін шеберлігін шыңдайтын орта жоқ. Мысалы, Астанада бас редакторлар бас қосатын жиындар өтіп жатады. Ондай жер көбіне орыс тілді басылымдардың дау-дамайына айналып кетеді. Ал қазақ тілді редакторлар өзіміздің қанымызға сіңген ұстамдылыққа сай сырттан бақылап қана отырамыз. Ал ішімізде өз проблемамыз қыз-қыз қайнап жатады. Сондықтан қазақ тілді басылым басшыларының басқосуын бөлек өткізу өте дұрыс бастама. Себебі, қазақ тілділердің өз қиындығы бастан асады және басқаларға айтпайтын өзіндік құпиясы да бар. Ұлттық мүдделерді көтеруде де ақылдасу өте қажет. Ел бойынша кейбір проблемаларды жазудың да айла-тәсілін айқындап алу қажеттілігі туындап отыр. Қазақ тілді басылымдарды материалдық, моральдық жағынан қолдау бөлек әңгіменің тақырыбы.
Әсіресе, конкурстар ұйымдастырғанда оған екі тілді газеттерді қосып жіберу “қазақ тілділердің” ұмыт қалуына соқтырып жатады. Содан соң аймақ газеттерін саралап отырған ешкім жоқ. Атақ алатындардың бәрі дерлік орталық газеттерден және белгілі бір адамдар болып келеді. Соңғы кезде республикалық дәрежедегі газеттердің бас редакторлары жиі бас қосады да, аймақтық газеттер басшылары шет қалады. Ал, проблеманың көбі аймақтық газеттерде екенін ұмытпаған дұрыс. Әсіресе, Елбасының түрлі шаралардағы сөздерін қазақ газеттері “Егемен Қазақстан” аударып, өздерінің сайттарына салғанша күтіп отырады. Осы мәселені барлық газетке оңтайлы жасау да кезек күттірмейтін міндет. Себебі, әр газеттің соңында мыңдаған оқырман тұрғанын ұмытпасақ дейміз.
Нұрлан ҚАБЫЛОВ, Атырау облыстық “Атырау” газетінің бас редакторы.