Толғандырар тақырып
Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және Театр қайраткерлері одағының ұйымдастыруымен “Қазақстан өнерінің стратегиялық бағыттары мен даму перспективалары” деген тақырыпта халықаралық форум өтті.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдарын қазақ театр өнерінің алтын кезеңі болды десек, бұл сөзімізге ешкім дау айта қоймайтыны анық. Өйткені, шындығы да осы. Тіпті сол жылдардың дақпырты мұндаға дейін театрларға азық болды. Өгіз өлмес, арба сынбас жағдаймен ілбіп келе жатты. Алайда, бүгінгі уақыттың талабы одан әрі бұлай болмайтынын, тың ізденіс, соны тыныс жетпей жатқанын айқын көрсетіп берді. Сондықтан да қиын-қыстау кезеңдердің өзінде де әр театрдың шаңырағын шайқалтпай сақтап қалумен қатар, жаңа театрлардың ашылуына ықпал етіп, қамқорлық жасаған Елбасы қазақ театр өнеріне де рухани сілкініс қажеттігіне жете мән беріп, бұл өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жолдарын іздестіріп, театр өнеріне тың серпін беруді тапсырған болатын. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және Театр қайраткерлері одағы бірлесіп ұйымдастырған “Қазақстан өнерінің стратегиялық бағыттары мен даму перспективалары (театр өнері мысалында)” атты халықаралық форум жұмысының арқауы да осы мәселеге арналды.
Форумда жиналған қауым алдында сөз сөйлеген өнер қайраткерлері сан-салалы өзекті мәселелерді ортаға салды. Алғашқы сөз кезегін алған Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиев “Заң аясындағы театр өнерінің мәселелері” деген тақырыпта баяндама жасады. Ол бірқатар толғақты мәселелерге тоқтала келіп, қандай жағдайда да театрға мемлекет қамқорлығы қажет екендігін, онсыз тірнектеп жинаған рухани байлықтан айрылып қалуымыздың әбден мүмкіндігін тілге тиек етті. Депутаттың сөзін тірілте сөйлеушілер қатары бұдан кейін мейлінше мол болды. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, Ә.Сығай “Қазақ кәсіби өнерінің кейбір мәселелері”, А.Әшімов “Қазақстанның театр әлемі қазіргі заманның даму сатысында”, Р.Андриасян “Қазақстандағы театр өнерінің проблемалары мен дамуы”, Е.Обаев “Қазіргі қазақ театр өнерінің өзекті мәселелері”, деген тақырыптарда баяндама жасады. Әрине, олардың қай қайсысы болса да театр өнерінің кегежесін кері тартып тұрған жәйттерді ортаға салды. Рас, әрқайсысы театр өнерін жақсартудың жолдарын әр тұрғыдан қарастыруды ұсынғанымен, бұл ойларды өзара үндестіріп тұрған бірқатар мәселелер нақты айқындалды десе де болады. Ең алдымен олар өнердің бұл саласын жаңа сатыға көтерудің бір жолы ретінде барша театрларды басқаруды әрі оларды қаржыландыруды орталықтандыру мәселесін баса айтты. Яғни, барша театрлардың тізгінін салалық министрліктің құзырына беру қажеттігіне тоқталды. Бұл ауызекі айтыла салған жәй пікір ғана емес, театр өнеріне жанашыр жандардың жанайқайы десе де болғандай. Неге десеңіз, облыстық театрлардың жағдайы бүгінде адам аяғандай жағдайда екені дәлелдеуді қажет етпейтін жәйт.
Егер белгілі бір облыстық театрдың бағына қарай аймақ әкімі өнерге бүйрегі бұратын адам болып келсе, онда мейманасы тасымағанымен өнер адамдарының қабағы жадыраңқы келеді. Ал әкімі өнерден мүлдем мақұрым біреу болса, сол аймақтағы әртістердің жағдайы жұмыссыздармен шамалас десек те болады. Және мұндай аймақтарда театрға облыс әкімінен бастап, сол өңірдегі ірі шенеуніктердің бәрі қожа. “Қәне, бәрін тастаңдар. Пәленшекеңнің пәлен жылын тойламақпыз. Соған театрланған көрініс керек”. “Ойбай, сонау жақтан мықты қонақтар келе жатыр. Сол кісілердің көңілін көтеруге дайын болыңдар” дейді олар шетінен. Мықты болсаң, бұл сөзге қарсылық білдіріп көр. Онда болмашы күнкөрісің көзіңнен бұл-бұл ұшуы әбден мүмкін. Біз өнер тарландары ашына айтқан өзекжарды ойларды тыңдай отырып, облыстық театр директорының бірі әңгімелеген осы жәйттерді де еске алғанбыз. Бұл сөздің қаны сорғалаған шындық екенін көп жылдар бойы бірқатар облыстық театрларда қызмет атқарған белгілі режиссер Мұрат Ахмановтың әңгімесі де одан әрі айқындай түсті. Ол өз сөзінде әріптестері айтқан театрды басқаруды да, қаржыландыруды да бір орталықтандыру қажеттігі жайлы ойларды одан әрі қаузай келе, күнкөріс қамымен аймақ әкімдерінің қабағын бағып жүрген театрларда мүлдем ізденістің жоқтығын, тіпті қайсыбірінің бұрынғы халық театрларының деңгейіне түсіп кеткенін, театрдағы жас әртістердің айлығы бар болғаны 23 мың теңге ғана екенін айтқан. Рас-ау, осыдан кейін жастар облыстық театрларға бармайды, кадр тұрақтамайды деуге аузың бара ма?
Бұдан кейін театрдың бас режиссерлігіне жаны таза, қолы таза, шығармашылық мүмкіндігі мол адамды салалық министрлік тағайындайтын болса деген пікірдің театр қайраткерлері тарапынан айтылуы да жайдан-жай емес сияқты. Ашылып айтылмағанымен, астарында талай ой жатқаны да анық. Демек, бұл сөз сала адамдарының моралдық бет-бейнесіне көңіл бөлуді меңзеп тұрған ой деп білеміз. Сөзіміз негізсіз болмасы үшін ойымызды сәл-пәл тарқата айтып кеткеніміз де артық болмас. Жасыратыны жоқ, көптеген талантты әртістердің тағдыры театр басшылығына, оның ішінде бас режиссерге байланысты. Құдай сақтасын, бас режиссердің көңілінен шықпау – актердің келешегі кері кетті деген сөз. Әсіресе, бетінің қызылы бар қыз-келіншектерге обал-ақ... Бұл өмір шындығы. Ал осындай ортадан, осындай адамдардан қандай тазалық, қандай адалдық күтуге болады?! Тіпті, мұндай адамдар өзгеге жан тазалығы, ар тазалығы жайлы айтуға құқы бар ма деген де ой келеді. Ендеше, театр өмірін жаңа тұрғыдан дамыту барысында бұл да бір ойланатын мәселе болуға тиісті.
Театр өмірінде репертуар ең маңызды мәселе. Осы тұрғыда ой қаузаған драматургтер Д.Исабеков пен С.Балғабаевтың ойлары да бүгінгі театр тынысын басқаша құру қажеттігін айқын байқатты десек те болады. Ойдан ой туады деген ғой, басқосу барысында бұрынғы репертуарлық коллегияны жаңғырту, театр өнерін тың тұрғыдан қайта құру жолдарын зерттеу бағытында арнайы комиссия құру сияқты бірқатар толғақты мәселелер де кеңінен сөз болды.
Осы жиынға арнайы қатысқан Президент Әкімшілігі мәдениет секторының жетекшісі Қуат Бораш өз сөзінде Президент тапсырмасына сәйкес театр өнерін алға оздыруға бағыт-бағдар беретін шаралардың басталып кеткенін, бүгінгі жиында айтылған өзекті ұсыныстардың да назардан тыс қалмайтынын айтты.
Театр өнерінің толғақты мәселелерін ортаға салу үшін осындай үлкен форум өткізуге бастамашы болған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бұл қадамы әрине, ең алдымен өнерге жанашырлықтан туғаны анық. Сонымен бірге оқу орнының барша ұстаздары мен студенттері қатысқан жиында білім ордасына қатысты жәйттерді де сырт көз сыншылар тарапынан нақтылап алу ұжым үшін де артық болмаған сияқты. Академия ректоры А.Мұхамедиұлы бізбен әңгімесінде де бұл жиынның өз әріптестері үшін мейлінше маңызды болғанын айтты.
Бұл форумды өткізудегі басты мақсат – театр өнерін алға оздырмай жүрген жәйттерді анықтап, ой-пікірлерді жинақтау еді десем, бұл ойымыз ойдағыдай шықты – деген ол одан әрі өнерге баулитын оқу орындарына қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салған. Академия ректоры театр мамандарын, атап айтқанда актер, режиссер жетіспейтінін, барының өзі көп жағдайда әттеген-ай дегізіп жүргізуінің себеп-салдарына тоқтаған. – Өзіңізге белгілі, басқа елдердегі сияқты біздің елімізде де музыка, бейнелеу өнері, балет мектептері бар. Онда бүлдіршіндерді бала жастан өнерге баулиды. Өнердің қыр-сырын жеткіншектер жастайынан санаға сіңіреді. Сондықтан бұл салаларда айтулы тұлғалар мол. Олардың өз елімізді айтпағанда, әлемдік ареналарды бағындырып жүргенін де көзіміз көріп жүр десем, драма әртістерін даярлайтын осындай мектептер қажет. Неге десеңіз, академия қабырғасында білім алатын уақыт тым аз. Айналдырған 4 жылда жас дарын өнердің тереңіне бойлап та үлгермейді. Сондықтан да әрбір театрдың жанынан студиялар ашылып, базалық білім беру жүйесін қалыптастыру керек. Яғни, театр өнері мамандарын да мектеп қабырғасынан бастап оқытуды қолға алу бүгінгі өмір талабы, деді ол.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.