Әбділда ТӘЖІБАЕВ.
Ақын рухына қызмет жасау деген не? Оның белгілі бір қалыптасқан үлгісі бола ма? Әрине, бұл сауалға әп дегенде, бірден жауап қайтару кім-кімге де оңай тимесе керек. Әйтсе де мұндай күрделі сауалдың жауабы сөзден емес, атқарылған нақты істерден көрініс тауып жатса, бұл зор мәртебе, үлкен мерей. Ең басты олжа, туғанына тоқсан жыл толуымен тұспа-тұс келген Ақжайықтағы Жұбан Молдағалиевті еске алу шаралары осы сауалдың жауабындай көрінеді де тұрады. Әрі бұның өзі өзгелерге үлгі етіп ұсына алатындай тағылымы терең, мазмұны мол, ғибраты биік шаралар екендігімен де ерекшелене алады. Биылғы жыл өңірде Жұбан жылы деп жарияланып, соған сай ақынның туып-өскен жері Сайқұдық, Жұбан ауылдары қайтадан жаңғырғандай күй кешті. Мұндағы әлеуметтік, тұрмыстық нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді. Әрі тұрғындарды көптен бері толғандырып жүрген ауыз су проблемалары да өз шешімін тапты. Биылғы жойқын қуаңшылықтың ізі барлық жердегідей, Жұбан ақынның туып-өскен топырағында да айқын байқалады. Бұған дейінгі жылдарда шөбі шүйгін, от болып келетін алқаптар саржағалданып, тақырланып-ақ қалыпты. Айналадағы бұл сүреңсіз көріністі қыркүйектің қазанға ұласар шағындағы күз реңі одан әрі сұрғылттандыра түскендей әсер қалдырады. Соған қарамастан, Жұбан еліндегі жаңғыру үрдістері, адамдардың көңіл түкпіріндегі асқақ рух табиғаттың осынау бір сүреңсіз сәтін ұмыттырып жібергендей. Жұбан ақынның жары Софья Мәлікқызы айналасына риза кейіппен мейірлене қарайды. Өзін және ұл-қыздарын Орал әуежайынан күтіп алып, Жұбан ақынның топырағына тікелей өзі бастап алып келген облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке деген ризашылығын сөзбен айтып жеткізе алмастай толқулы екені аңғарылады. Ақын жарының онсыз да мейірімге толы нұрлы жанары одан сайын нұрлана түскендей көрінді. Әңгіме басында айтылғандай, биылғы аптап ыстық Жұбан елінің топырағын да тілім-тілім жарықшаққа айналдырып жіберіпті. Жаз бойы аспаннан бір нәр тамбай-ақ қойғаны. Қыркүйектің өзінде де күннің ыстығы басылмай, адамдардың жаңбыр жаууды тілеген үміттері де үзіле бастағандай еді. Жұбан Молдағалиевті еске алу шараларына қатысуға келген мәртебелі меймандар ақынның туған топырағына аяқ басқан сәтте-ақ жаңбыр сіркіреп, төгіп ала жөнелді. Жұбан ақынды дүниеге келтірген, жаз бойы шөліркеп жатқан сайын дала бір сәтте аспаннан жауған нұрға бөкті де қалды. Жаңбыр ұзақ жауды. Халқымыз жаңбыр жауса оны қашан да нұрға, жақсылыққа балаған. Міне, осы құбылысты текті талант рухының кейінгі ұрпақтарын жебегені, қолдағаны десек жарасар. Ертеңіне ақын рухына арналған қызықтар, ат бәйгесі мен балуандар күресі басталар сәтте күн шайдай ашылып сала берді. Кеуделерді желпіген салқын самал, жаңбырдан кейінгі пайда болатын азон той қонақтарының көңілдерін одан әрі шалқытты. Жұбағаңның туып-өскен топырағы Сайқұдық ауылындағы орта мектепке оның есімі берілген. Жұбан мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республика білім беру ісінің үздігі Үзілдік Елеубайқызы ел көлемінде тұңғыш рет жұбантану курсының өмірге келуіне бастамашы бола біліпті. Әрі бір жағынан Үзілдік – жазба ақындық пен айтыскерлік дәстүрді бір бойына тоғыстыра білген талант. Сондықтан да оның өткізген авторлық дәрістері жас таланттарды шыңдап, оларға жол сілтеуге ықпалының молдығымен ерекшеленеді. Жұбан Молдағалиевтің ақындық жолына қатысты мектеп мұғалімдерінің бірі Гүлсім Ғафур өмірге әкелген әдістеме де ешкімді селқос қалдыра алмайды. Бұл жайтты оқырмандарға қойылған төте сұрақтан бастаған жөн шығар. Физика мен лириканың арасында байланыс бар ма? Ойланып қалдыңыз ба? Ойланатын ештеңесі жоқ. Мұндай байланыстың бар екенін белгілі ғалым, аудармашы, әдебиеттанушы, Қарағанды университетінің тұңғыш ректоры Евней Бөкетов шығармашылығына қатысты тұңғыш айтып кеткен қазақ сөз өнері пайғамбарларының бірі, марқұм Зейнолла Қабдолов болатын. Физика мен лириканың арасындағы бұл жолғы байланыс пен үндестіктің ерекшелігі – жаңа ақпараттық технологияға арқа сүйеуінде. Осы арқылы жаңашыл ұстаз Жұбан жырларын физика сабағында жан-жақты пайдалана алыпты. Бұл еңбек “Жұбан Молдағалиев өлеңдерін физика сабағында қолдану” деп аталады. Қайтып, қалай? Бұл жерде оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ аталмыш еңбек жөніндегі мақаланы “Егемен” арқылы республикадағы барша ұстаздар қауымының назарына беретінімізді де айта кеткіміз келеді. Осындай өміршең, жасампаз ұстаздар мен талапты да талантты шәкірттер оқып жатқан мектепке де биыл күрделі жөндеулер жүргізіліпті. Несін айтасыз, сыңғырлап-ақ тұр. – Алайда бізді бұл жағдайдың өзі де қанағаттандырып отырған жоқ. Жұбағаңның атындағы мектеп оның өзіндей еңселі, биік, бүгінгі заман талабына сай болуы керек. Сондықтан да біз алдағы жылы дәл осы жерден жаңа үлгідегі мектеп ғимаратын тұрғызу жөнінде ұйғарымға келіп отырмыз, – деп мәлімдеді ақын ауылында өткен кездесу кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Міне, әңгіме басында айтылғандай, ақын рухын асқақтатудың, осы өшпес рухқа қызмет жасаудың бір мысалы осы. Ақжайықта өткізілген “Жұбаным деші, Жайығым...” атты еске алу кешінде Жұбан Молдағалиевтің батыл да берік азаматтық ұстанымы жөніндегі тың деректі мемлекет және қоғам қайраткері, Жұбанның үзеңгілес досы, еліміздің қадірлі ақсақалдарының бірі Бисен Жұмағалиев жеткізді. – 1987 жылдың көктемінде Жұбанның Колбинге қасқая қарсы тұрып айтқан әйгілі сөзінен кейін мен Алматыға оны арнайы іздеп барып қайттым. Осы сапарда екеуміз біраз отырып әңгімелесіп, сыр бөлістік. Сонда екеуара әңгіме кезінде ол маған төмендегідей жайтты айтып беріп еді. “Айтылған сөз – атылған оқ. Жүрегімді тіліп өткен ащы шындықты оған айтып тындым. Мұным қандай жақсы болған, ар алдында бір жеңілдеп қалғандай сезіндім өзімді. Сондай күндердің бірінде телефон шылдырлады. Ар жақтағы дауыс өзін бірінші хатшының көмекшісі екенін айтты. Құрметті Жұбан Молдағалиевич, уақытыңыз болып жатса, Геннадий Васильевич сізді қабылдағысы келеді. Соған келіп кете аласыз ба? – деді ол. Не айтпақ ол сонда маған? Сәл ойланып, не де болса барып көрейін деп шештім. Бардым. Даңғарадай кабинетіне кірдім. Ол мені көрген бойда орнынан ұшып түрегеліп, маған қарсы жедел басып, жақындай түсті. Тек қолымды алғанды місе тұтпағандай, тіпті қапсыра құшақтағысы келгендей рай танытты. Бұл қылығына ыңғай бермедім. – Жұбан Молдағалиевич, жазушылармен кездесуде маған айтқан сөзіңізді мүмкін сіз қызбалықпен, эмоцияға бой алдырумен оқыста айтып қалған шығарсыз. Мен өзім солай деп ойлаймын. Оны түсінуге де, кешіруге де болады. Мен сізді ол райыңыздан қайтады деп сенгім келеді. Екінші бір айтайын дегенім, сізді ауырып жүр деп естіп едім. Олай болса, Мәскеудегі ең мықты білікті деген дәрігерге қаралуыңызға жәрдемдесейін, – деп жәдігөйсіді ол. – Замандас, – дедім мен оның аты-жөнін айтудың өзін өзіме ар санап. – Сол айтқаным айтқан. Айтқанымнан қайтпан. Бұл пікірімді енді ешуақытта әрі қандай жағдайда да өзгерте алмаймын, – дедім де, кабинетінен шығып жүре бердім. Ол үнсіз бұқшиып отырып қала берді”. – Міне, мұны Жұбанның тағы бір ерлігі деп айтуға болады, – деп аяқтады өз сөзін Бисен Жұмағалиев. Бұдан әрі Жұбағаңның ақындық қыры мен қоғамдық қызметі жөнінде облысқа танымал сөз зергері, белгілі әдебиеттанушы Тілеш Жазықбай тартымды да тағлымды, мәнді де мағыналы, қысқа да нұсқа баяндама жасады. Келесі кезекте Жұбан Молдағалиевтің азаматтық жолы мен ақындық ерекшелігі жөнінде бүгінгі қазақ поэзиясының белгілі өкілі, Алаш сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева ақынның туған күні болғанмен, өлген күні болмайтыны жөнінде тебірене, толғана тұрып айтты. Өйткені, поэзияның ғұмыры – қашан да ұзақ. Ол қашан да өміршең. Жұбан жырлары да әрқашан өз халқының жадында. Ақынның өлген күні болмайтыны да сондықтан. Кешегі күні жүз жылдығы кеңінен тойланған аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен бүгінгі еске алу кешінің иесі, арқалы ақын, текті талант Жұбан Молдағалиев кірген, сөз сөйлеген залдарда тылсым да таңғажайып бір құдіретті күш пайда болатыны жөнінде әдемі ой сабақтады. Бұдан әрі ол 1986 жылы Алматыда желтоқсанда болған оқиға емес, ол шын мәнінде көтеріліс деңгейіне көтерілген ғасыр шындығы екенін айтатын уақыт жетті, – деді ол. Осы бір күндерде Жұбан Молдағалиев туып-өскен аудан орталығы Чапаев кентінде биіктігі төрт метр, жалпы биіктігі жеті метр еңселі ескерткіш ашылды. Ол темір-бетоннан құйылған. Мүсін өнері туындысының авторы белгілі батысқазақстандық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов. Бұл үшін бюджеттен көк тиын қаражат жұмсалмаған. Ол жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының қаржылай көмегі арқылы тұрғызылған. Осындай бастама көтерген Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиевтің ісіне ел дән риза. Бұл Жұбан елінде қалыптасқан ауызбіршілік пен тату-тәтті қарым-қатынастардың үлгісі екендігін Ақұштап Бақтыгереева ризашылық сезіммен жеткізді. Ақынның қырық бір жыл отасқан жан жары Софья Мәлікқызының сөзі де шараға қатысушыларды тебірентпей, толқытпай қала алмады. – Қобалжып тұрмын, толқып тұрмын. Көңілде бәрі сайрап тұр. Алайда аузыма сөз түсетін емес. Бұл өздеріңізге деген ризашылықтан туған жан тебіренісі деп қабылдаңыздар. Бұдан алпыс үш жыл бұрын осы Ақжайық еліне келін болып түскенімде Жұбағаң өз өлеңінде жазғандай, “Мен ұяң қыз, ол майдангер” еді. Содан бері осы топырақтың келіні ретінде алдарыңызды кесіп өткен жерім болмағанын сезінгенімде, өзімді бақыттырақ санағандай күй кешемін, – дей келе, адал жар, асыл ана көзіне жас үйірді. – Жұбағаң жетпісіне жете алмай, алпыс сегіз жасында өмірден озды. Екі жылдан кейін Оралда жетпіс жылдығы аталып өтті. 1980 жылы көзі тірісінде ол елге келіп, мерейтойын өз жерлестерінің арасында өткізді. Не нәрсенің де бағасы мен қадір-қасиетіне салыстыру арқылы көз жеткізуге болады ғой. Сол сексенінші, тоқсаныншы жыл мен бүгінгі күннің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Кеңес кезінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сұрғылт тартып тұратын ауылдар бүгінде адам танымастай өзгерген. Әсіресе, Жұбан елінің жасарып, көркейе түскеніне куә болу мені шексіз ризашылыққа кенелтеді. Бұл ең алдымен Жұбағаң көре алмай арманда кеткен тәуелсіздіктің арқасы. Сол тәуелсіздіктің нығая беруі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ел азаматтарының ерен еңбегінің нәтижесі. Осындай ұлан-ғайыр өзгерістерге бастамашы бола білген Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиевтерге ақ қырау шалған басымды иемін. Рахмет, қарақтарым, бәріңізге! Тәуелсіздігіміз бұдан әрі нығайып, еліміз көркейе берсін! Жұбан ағаларыңыздың рухы мен аруағы бәріңізді желеп-жебеп, қолдап жүрсін деп аналық ақ тілегімді білдіремін. Сондай-ақ облыста Жұбан Молдағалиевті еске алу шаралары аясында жыр мүшайрасы мәреге жетті. Оның жеңімпаздары Әйгерім Ділмағамбетова, Талғат Мықи, Шынар Шахина, Жансая Мусина және Назгүл Кәрімовалар кеше облыстық қазақ драма театрында өткізілген “Жыр қыраны” атты поэзиялық кештің мәнін ашып, мазмұнын байыта түсті. Ия, Жұбағаңдай кесек, текті де мәрт ақынды өмірге әкелген киелі топырақ еш уақытта таланттарға кенделік қылмаса керек-ті. Поэзия кешіне жиналғандар осындай балғын жас таланттардың дүбірін сезгендей күй кешті. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевті еске алуға арналған “Ақын мәртебесі – ел мерейі” атты ғылыми-практикалық конференция да өзінің алға қойған мақсатын толық орындап шықты деп айта аламыз. Конференцияда баяндама жасаған филолог ғалымдар мен әдебиет жанашырлары тұжырымдағандай, республикада бүгінгі күні жұбантану бағыты байыпты жолға түсіп келеді. Сондай-ақ, жұбантану егемендікті нығайтуға, оның қадір-қасиетін сезіне білуге, бүгінгі қазақстандық жастардың бойына туған жерге деген құрметті тұтас отаншылдық сезімге ұластыруға қызмет жасайтынына да күмән келтіруге болмайды. Бұл бағыттың өміршеңдігі де осында. Ең бастысы, Ақжайық өңірінде өткізілген Жұбан тойы елдік мақсат-мүдделерді тереңдете түсуге, ауызбіршілік пен елдің тұтастығын одан әрі нығайтуға жол аша білді. Текті талант туып өскен Ақжайық ауданы аумағын бүгінде тұрғындар Жұбан елі деп атап жүр. Мұның өзі де елдің қыран текті талантына деген шексіз махаббатын айғақтаса керек. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суреттерде: Жұбан Молдағалиевті еске алу шараларынан көріністер. Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.
•
02 Қазан, 2010
Ақын рухына қызмет ету үлгісі
1057 рет
көрсетілді