Алматыда қала прокурорының бастамасымен Тілдер күніне арналған екі күндік кең көлемде шара өтті. Алғашқы күні прокуратура органдарының жас мамандарымен семинар-кеңес өткізілсе, 30 қыркүйекте халық жазушысы, Мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, абыз ақсақалымыз Әзілхан Нұршайықовпен тағылымы мол кездесу болды.
– Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет, – деді кездесуді ашқан Алматы қаласының прокуроры Ә.Естаев. – Тілсіз халықтың өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел боламыз десек, тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Өздеріңізге белгілі, қазір Тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы еліміздің барлық аймақтарында талқыланып жатыр. Елбасымыз “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген болатын. Мемлекеттік тіл – елдің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылуы керек.
Өз кезегінде сөз алған, бүгінде халқының сүйікті жазушысына айналған Әзілхан Нұршайықов қала прокурорына жастармен кездесуге шақырған ілтипатына шын жүректен алғыс айтып, Отан, мемлекеттік тіл, егемендік жайында жалынды да рухты, салиқалы ойларын ортаға салды. Жастарды патриоттық сезімге бөлеп, туған елін, ана тілін құрметтеуге шақырды.
Ғибраты мол, тартымды да қызықты кеш соңында жазушының “Мәңгілік махаббат жыры” кітабының тұсауы кесілді. Қала прокуроры Ә.Естенов жазушының үстіне шапан жапса, Әз-аға жас заң қызметкерлеріне автограф берді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.