• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2010

Алыстағы ауыл ақиқаты

1279 рет
көрсетілді

Тобыл бойынан ұзап, Торғай ойпатына кіреберістегі  шөбі шүйгін далаға жерұйық іздеген Асанқайғы желмая­сы­мен жеткен екен дейді аңыз. “Малға жайлы қоныс екен-ау, бірақ суы жетпей тұр екен” деп, бабамыз  аса  таяғымен  жерді  шұқып жібергенде  сол жерден көл пайда болған екен. Сол көл де, жер де Қайғы атаныпты. Алдымен малының қамын ойлайтын  қазақ үшін бұл өңір кезінде  құтты қоныс  болған. Жусанды  далада аталарымыз мыңдап жылқы айдаған. Ертеден жеткен деректерге сүйенсек, Қайғы көлінің күншығыс бетінде 1832 жылдары алғашқы елді мекен пайда болыпты. 1840 жылы осы қоныста мешіт салынады. Мешітті тұр­ғызуға Мұртаза хазірет және Сүлеймен деген кісілер атсалысқан екен. Кейін келе мешіт жанынан медресе ашылып, халыққа діни білім беру ісі қолға алынады. Ал 1927 жылы осы елде аудан бойынша тұңғыш мектеп ашылады. Алғашқы мұғалім­дер Жүсіп Темірбеков және Сәдуақас Жақанин деген кі­сілер болған. Айтқандай, Жү­сіп Темірбековтің әйелі хал­қымыздың дарынды ұлдары­ның бірі Серке Қожам­құ­лов­тың туған қарындасы екен. Ал Жүсіптің өзі Тройцкіде Сұлтанмахмұт Торай­ғы­ров­пен бірге оқыған көрінеді. Білімнің қадірін түсінген­дік­тен шығар, ол кісі өзінің ба­ла­сы Ғазиз бен тағы бір жа­қын ағайынының Қарамерген деген баласын кейін өзі апа­рып оқуға түсіреді. Ғазиз ерте қайтыс болады да, Қара­мер­ген Ыбыраев Ұлы Отан со­ғысы жылдарында Қостанай облыстық комсомол комите­тін басқарып, кейін зейнет жасына келгенше Целиноград облыстық кәсіподақтар кеңе­сінің төрағасы болып 17 жыл қызмет атқарды. Айта берсек, ХІХ ғасырдың алғашқы жар­тысында атақты Орынбай ақынмен айтысып, жеңген Өтеулі ақын да осы жердің тумасы. Қайғы 1927 жылдан бастап аз уақыт аудан орта­лығы да болыпты. 1928 жылы Батпаққара ауданы құрылып, аудан орталығы сонда көші­рі­леді. Ауыл әуелде серік­тес­тікке бірігіп, кейін 1930 жыл­дан бастап Жамбыл ұжым­ша­ры деген мәртебеге ие бола­ды. Колхоздың алғашқы төр­ағасы Шайынғазы Мұхамед­жа­нов деген кісі болған. Ал осы кісінің туған інісі, бүгінде Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджа­нов­тың әкесі Байғоныс Мұха­мед­жанов соғыстан кейінгі жылдары Қостанай облыстық филармониясында директор болып, кейін Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген әртіс атағын алған Рақымжан Қасымов, Сейтім Жақыпов және ұзақ жылдар “Қайнар” баспа­сы­ның директоры болған Хай­долла Тілемісов сияқты өнер иелерін тәрбиелеген. Сол жылдары филармонияда есімі Қостанай-Торғай өңіріне кеңінен танымал қобызшы Қазыбек Әбенов те еңбек еткен. Сөз реті келгенде айта кету керек, Сәбит Мұқа­нов­тың “Мөлдір махаббат” ро­ма­нында аталатын Қызбел тауы мен Амангелді Имановтың ақ патшаның әскерімен алғаш шайқасатын атақты “Күйік соғысы” өтетін жер де Қайғы, қазіргі Мереке ауылының аума­ғында орналасқан. Бүгін­де кең-байтақ қазақ дала­сының бір шетінде ескерусіз, томаға тұйық өмір кешіп жат­қан ауылдың өткен тарихы, қысқаша айтқанда, міне, осындай. Кеңес Одағы кезінде “Кус­танайский комсомолец” кеңшары мыңғырған мал өсірді, 17 мың гектар жерге егін екті. Мемлекеттің жоға­ры наградаларымен марапат­талған еңбек адамдары да ау­ылдан көптеп шықты. Жал­пы, Мереке ауылы Науыр­зым ауданындағы өзіндік ерек­ше­лігі бар, ірі елді мекендердің бірі саналатын. Мұнда төрт жүздей түтін, үш жарым мың­нан астам халық болды. Ке­ңестік кезеңде осынау шағын ауылға өркениет белгілері келудей-ақ келді. Кеңшарда жаңа үлгідегі мәшине-трактор шеберханасы, екі қабатты ба­лабақша, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, учаскелік ауру­хана, клуб, кітапхана, заман тала­бына толық жауап бере­тін­дей орта мектеп, пошта, кеңшар асханасы, бірнеше дүкен мен монша жұмыс іс­теп тұрды. Көшелерге құбыр тартылып, автоматты телефон стансасы орнатылды, кейбір көшелерге асфальт та төселді. Кеңшардан 30 шақырымдай қашықтықта өтетін Қостанай-Арқалық трассасынан ауылға дейін көтерме жол салынып, оның жартысына жуығы асфальтталды. Қостанайдан арнайы әуе бағыты ашылып, АН-2 ұшағы күн сайын ке­ліп-кетіп тұратын, оның сыр­тында облыс орталығы мен аудан орталығынан авто­бус­тар қатынады. Осы ретте Қай­ғы ауылы халқының қай­ғы-мұңсыз өмір сүруіне кең­шардың алғашқы директоры Мырқайдар Қауқанов пен өткен ғасырдың 70-80-інші жылдары шаруашылықты басқарған Жақсылық Әубә­кіров және Аманкелді Қа­лиев­тердің айтарлықтай үлес қосқандарын да айта кету қажет. Жетпісінші жыл­дар­дың аяғынан бастап кең­шар­да ірі панельді үйлер салына бастады. Соның арқасында бас-аяғы оншақты жылдың ішінде бұрынғыға қосымша 30-шақты екі пәтерлі үйден тұратын бүтіндей бір жаңа ауыл пайда болды. Ал жоспарлы экономи­ка­ны нарық ауыстырғанда мем­лекеттік дотацияға еті үйреніп кеткен қай ауылдың іргесі сөгілмеді дейсіз. Қайғы же­рінде орналасқан шаруашы­лық­тан да береке кетіп, ауыл­дағылар аңтарылды, көпшілік тұрғындар күнкөрісімді та­бар­мын-ау деген үмітпен жан-жақтарға үдере көшті. Оның үстіне сол уақыттарда жаппай орын алған “бартер” де елге ауыр соққы болып тиді. Кеңшардың қыруар малы мен техникасы, не үшін және не нәрсеге екені бел­гісіз, “айырбасталып” кете барды. – 90-шы жылдары Мере­ке аулынан көшкендерді тү­гендеп отырсам, олар Қоста­най облысы мен одан сырт жерлердегі 38 елді мекенге қоныс аударып, орналасқан екен, – дейді көп жыл осын­да­ғы орта мектептің директо­ры болған ардагер ұстаз Сұңқар Оспанов. Қазір Мереке ауылында 70-шақты отбасы қалды. Жұртты бір тарының қауызына сый­дырып нарық келген жылда­ры көше алмағандар да, ауылды тастап кете алма­ған­дар да осылар. Ауылдың қу­сырыла-қусырыла таз адам­ның басындағы шаштай сиреп қалғаны өз алдына, ел­дің қиян шет, алыстығын қайтерсіз. Ол аудан орта­лығынан – 180, темір жол­дан – 200, ал облыс орта­лығынан 300 шақырым жерде жатыр. Бұл өңірдің қытымыр табиғаты да ешкімді есіркей қоймайды. Сарыарқаның бір пұшпағында жатқандықтан қысы ақ түтек боранды болса, жазы аңызақ ыстық. Бірақ Қайғыдан көшпей қалғандар осының ешқайсысын да елей­тін емес. Неге? Бірін­шіден, туған жер, екіншіден, көше қойғанда оларды құшақ жая күтіп отырған да ешкім жоқ. Қайғы өзге де қазақ ауыл­дары сияқты өндіріс орнынан ада, өндіріс болма­ған соң жұмыс та жоқ екені бе­сенеден белгілі. Жұмыс әр­кімнің өз үйінде – жұрт қора­дағы малымен ғана күн көреді. Бұл күнде түкпірде қалған ауылдың қызығы да, шыжығы да осы мал. Ауылда Абзал Омаров есімді жігіт басқаратын жал­ғыз ғана шаруа қожалығы бар. Ол мал шаруа­шы­лы­ғы­мен, оған қоса соңғы кез­дері егін егумен де айналысады. Биыл 3 мың гектарға бидай егіп, нәпақасын жинаған болып жатыр. Бірақ бір кездері тек қой санының өзі ғана 22 мыңға жеткен Мереке ауылының бүкіл халқын жал­ғыз шаруа қожалығы жұмыс­пен қамтамасыз етіп, жарыл­қай алмайды. – Тұрмысы төмен деген үйде 4-5 сиыр, оншақты уақ мал бар. Шаруаның жайын білетіндер 100-200 ірі қараға дейін ұстайды. Ең бастысы, ауылдағылардың ешқайсысы аш емес, мал болған соң ет те, сүт те, май да бар, – дей­ді Ме­реке ауылдық округінің әкімі Ермекбай Нұрманов. Ауылдасының қорадағы малын сұқ саусағын шошай­тып, ешкім санамайды. Қай­ғы­лықтар шамамен ғана ай­тады. Шаруаға ұсынықты де­гендердің алдындағы сиыры 200 бастай, жылқылары да 100 қаралы дейді әңгіме ретінде. Әрине, 2-3 сиыр мен оншақты қой-ешкіні талғажау қылып отырғандар да жоқ емес. Жоғарыда айтып өтке­ні­міздей, халықтың басты күнкөрісі де осы малға тіреліп тұр. Абырой болғанда, өзде­рін “коммерсантпыз” деп атайтын пысықай жігіттер жылма-жыл келіп малдарды сатып алып тұрады. Беретін ақшалары онша көп те емес, бірақ өз беттерімен алысқа апарып сататындай жағдай­ла­ры жоқ ауылдықтар соған да риза. Мал сатудан түскен азын-аулақ ақшаға тамақ пен киім-кешек алады. Өркениет­тен қол үзіп қалған ауылда­ғы­лар бұл өмірде одан өзге дүние, одан өткен қызық бар деп те ойлай бермейтіндей. Бірақ малды ұстау, оның табысын көру оңай шаруа емес. Алты айға созылатын қыс айларында сиыр мен уақ мал қорада тұрады. Сондық­тан шалғайдағы Мереке ауы­лын­да жаз бойы қыстың қамы жасалады. Шөп ораққа ілінісімен пішен дайындау науқаны басталады. Бір жақ­сысы, Қайғы жерінің байлы­ғы да осы шөбі. Баяғыда осы өңірден облыстағы 22 кең­шар малына пішен дайын­дай­тын. Тіпті 70-ші жылдары қуаң­шы­лық болғанда шөп ізде­ген­дер сонау Маңғыс­тау­дан кел­ген екен. Қандай жаңбырсыз жаз болса да, Қай­ғы өңірі шөп­сіз болмайды. Тіпті Үлкен Дәмді мен Кіші Дәмді, Мойылды өзендері тасығанда қалың шөптен аттың жалы ғана көрініп қалады. Биыл­ғыдай қуаңшылық жылдары қау ұстаған қардың өзі дала­ны шөпсіз етпеді. Бірақ оны шауып алу айтуға ғана оңай. Бұрынғыдай қаптаған техника жоқ, қолда бар ескі техни­каны ілдәлдалап пайдалануға тура келеді. Оның жанар-жағармайы тағы бар. Оған да сол баяғы малдан түскен азын-аулақ табыс жұмсалады. Әйтеуір, бір жағынан табиғи шабындықтың молдығынан, екіншіден, ауылдағылардың қымбат бағаны көтеретіндей қауқарлары да жоқ болған­дық­тан әзірге бұл елде шөп бағасы қымбат емес. – Ауылда бір тонна шөп 3,5 мың теңге тұрады. Бұл об­лыс бойынша ең төменгі баға, – дейді ауыл әкімі Ер­мек­бай Нұрманов. – Ал То­был бойын­дағы басқа аудан­дарда биыл бір тонна пішен­нің бағасы 15-20 мың теңгеге дейін жетті. Мерекеліктер қысқа дай­ындықты жолдан бастайды. Себебі, лайсаңды келетін күз, көктем маусымында ауылға әкелетін көтерме жолдың ас­фальтталмаған 18 шақырымы езіліп, көліктің жүруіне қи­ын­дық туғызады. Жол салу­дан қымбат құрылыс жоқ. Әзірге “Жол картасы” бұл жолға жете қойған жоқ. Оған ауылдың “перспективасыз елді мекендер” тізіміне ілінуі де себепкер болған сыңайлы. Бірақ ауылдастар тығырықтан шығар амал да тауып отыр. Биыл қыстайғы пештен шыққан күлдің барлығын осы көтерме жолдың ойылған жерлеріне шығарып төкті. Бұдан мерекеліктер бір оқпен екі қоян атты–әрі ауылдың іші тазарып қалды, әрі жолдың жыртығы жамалды. – Күздің ортасына жет­пей біздің өңірдің жаңбыры құйып, желі ұйтқытып, ыз­ғақ­тата бастайды. Сондықтан қысқа әлден-ақ дайынды­ғы­мыз жақсы, сай отырмыз. Көмір тасып алдық. Өткен жылы “Ауыз су” бағдар­ла­ма­сы шеңберінде біздің ауылға да үш құдық қазып берген. Қыста судан да тапшылық көре қоймаймыз, – дейді Ерекең. Шынын айту керек, ауыл­ға “Ауыз су” бағдарлама­сы­ның шапағаты тиюі де осы елден шыққан бір азамат­тар­дың ықпал жасауының нәти­жесі. Болмаса, Мереке деген ауыл бар екенін жоғары жақ­та отырған басшылар онша біле де бермейді. Оларға өк­пе­леудің де еш қисыны жоқ. Өйткені, әркім өз күшімен күнелтуі керек болып тұрған қазіргідей заманда қазақ жерінде көзден таса қалған ауыл бір ғана Қайғы емес... Бұрын тек Науырзым ауданы ғана емес, бүкіл об­лыс бойынша ең үлкен қазақ мектептерінің бірінен санал­ған білім ұясындағы оқу­шы­ның саны 600-ге жуықтай­тын. Қазір мұнда 89 бала оқиды. Бүгінгі өлшеммен алғанда облыстың ауылды жерлеріндегі мектеп үшін бұл аз да сан емес сияқты. Мек­тептің іші заңғырап тұр, жо­ғары жақтан анау айтқандай көмек бола қоймайтынын біл­г­ен соң жыл сайын мере­келіктер асарлатып, мұнда жөндеу жұмыстарын да өздері жасап алады. Баланың қамы бәрі де. Биыл осы мектептен түлеп ұшқан үш түлек педа­гогика институты мен кол­ледждерден білім алып, маман болып оралды. Біраз жылдардан бері ауылға келу емес, кетуге көздері үйреніп қалған ағайын үшін бұл бір қуаныш болды. Бірақ ол жас­тардың қандай қызмет істей­тіні, ауылда қанша тұрақтары әзірге беймәлімдеу... Сонау 50-інші, 60-ыншы жылдары Мереке орта мекте­бі осы төңіректегі бірден-бір орта білім беретін оқу орны болып, жақын маңайдағы кең­шар-ұжымшарлардың ба­лалары жоғары сыныптарды осында келіп оқитын болып­ты. Осы мектептен тәлім-тәрбие алған талай азаматтар облыстық, тіпті республика­лық деңгейлерде де түрлі қыз­меттер істеді, ол сияқты­лар әлі де баршылық. Өкі­ніш­ке қарай, ондай жетістікті күндер бүгінгі жастар үшін ертегі іспеттес. Ауылдарында бір жылдары қыз-қыз қай­наған өмір болғанына тіпті сенгілері де келмейтін тәрізді. Жастар демекші, ауылда жастар жоқ емес, бар, бірақ олар да екі қолдарын қайда қоярларын білмейді. Ара-тұра ауыл клубына барып, би билеп көңіл көтерген болады. Бірақ ХХІ ғасырдың жас­тары­ның өскелең талаптарын қанағаттандыруға шағын ғана ауыл клубының мүмкіндігі қайдан жете берсін. Бірқатар жастардың “ақаңды” ал­да­ныш қылатындықтарының сыры да, сірә, осында, яғни барар жер, басар таудың жоқ­тығында жатса керек. Қиян шеттегі ауыл тұр­ғын­дарының тамағы тоқ деге­німізбен бұл жердің пробле­масы да өзгеден бөлек. Ауыл өркениеттің жетістігінің бар­лығынан мақұрым қалып отыр. Мұнда тұрғындар, спу­т­никтік теледидардың “тарел­каларын” орнатып алғандар болмаса, теледидар көре ал­майды. Ал спутниктік телеар­налардың қазақстандық бағ­дарламаларды, яғни “Қазақ­стан” мен “Хабарды” көр­сетпейтіні белгілі. Поштаның келуі де ауылдан біреудің аудан­ға қатынауына тікелей тәуелді. Кеңес Одағы жыл­дарында орнатылған жабдық­тың барлығы ескіріп, жарам­сыз болып қалған. Өзге ауыл­дарда еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін қал­тасынан тастамайтын ұялы телефон бұл ауылға әлі келе қой­ған жоқ, келетін де түрі байқалмайды. Ал Мереке ауылы үшін интернет туралы сөз қозғаудың өзі артықтау. – Ауылда телефонның 4-5 нөмірлі бір ғана нүктесі бар. Онымен ауылдың ішінде дұрыс сөйлесе алмаймыз. Осы байланыс жағы бізге өте ауыр болып тұр,–дейді ауыл әкімі Ермекбай Нұрманов. Телефон байланысы ғана емес, аудан, облыс орталық­тарына қатынау да қияметтің нағыз өзі. Қыстағы қарлы борандарда жолдардың мүлде жабылып қалатын да кездері болады. Әсіресе ауырып-сырқағандар үшін өте қиын. Жазда қала жаққа баратындар Амангелді-Қостанай автобу­сын күтіп, соған ілігіп барар жерлеріне жетеді. Бірақ сол автобусқа отыру үшін де 30 шақырым жол жүру керек. Кей­де, басқа түскенде осы ара­лықты қыс демей, жаз де­мей жаяу жүріп өтетін кездер де болып жатады. Жұрт қазір Қайғы жерін­дегі Мереке ауылының өрісте жүрген малына қарап сүйі­неді, ауыл еш жаққа кетпейді деп ішінен тоқ санайды. Бір­ақ бірыңғай малға арқа сүйеп өмір сүретін заманның әлде­қашан келмеске кеткенін жа­сырудың да еш қисыны жоқ. Өркениетті елдердің халқы мұхит астынан қала салып, демалыстарын ғарышта өт­кізуге дайындалып жатыр. Ал біздің қазақ болса, әлі күнге мал бар, көштен қалып, аш­тан өліп жатқан жоқпыз деу­мен келеді. Бірақ өмірдің мәні мен сәні тамақтың тоқ­тығымен ғана өлшене ме өзі? Оның үстіне қара уылдырық пен қызыл балықты былай қойғанда, денсаулыққа пай­далы дейтін жеміс-жидек пен көкөнісіңнің өзі де бұл ауыл­да қат тағамдардың қатары­нан саналады. Көкөністі қол­дан өсіруге су тапшы, мойын да жар бермейді, дүкеннен сатып алайын десе жер арасы қашық. Сондықтан мұндағы тоқшылық көзі негізінен алғанда ет пен нан ғана. Қазіргі “көңілшек емес” заманның беталысын ескере келгенде, өркениет жетістік­терінен кенже қалып отырған ауылдың пұшайман қалпына қарап, түбінде жыл сайын Қа­зақ­стан картасының беті­нен жойылып кетіп жатқан елді мекендердің қатарына қосыласың-ау деп долбар жа­сауға мәжбүр боласың. Қа­шан­нан қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл ұлтымыз тілінің, салт-дәстүрінің, ділінің, діні­нің кішкентай ғана көрігі іспеттес еді. Әзірге, жасы үл­кен замандасынан әлімжеттік көріп қуысқа тығылған бала­дай, түкпірде қалған шағын ауылдардың назары сұсты нарыққа қарсы қояр амал-айлалары болмай тұр... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Наурызым ауданы, Мереке ауылы.