• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2010

Жобалау жұмыстарының жолбасшысы

772 рет
көрсетілді

“KAZGOR” жобалау академиясының құрылғанына – 80 жыл Қазан айының басында құрылғанына 80 жыл толатын Қазақ жеріндегі құрылыс-жобалау ісінің тұңғыш ұжымы KAZGOR жаңа қарқынмен қадамдарын нық басып келеді. Басталған мыңжылдықтың алғашқы жылдары еліміздің өмірінде болған өзгерістер өзінің ауқымдылығымен әрі тереңдігімен ерекшеленеді. Бұл Қазақ­станға толығымен ықпал еткен жаһан­дану үдерістерімен байланысты. Егер 90-жылдары республикаға өзіне де, бүтін әлемге де тәуелсіздік құқығын дәлелдей отырып, өтпелі кезеңнің барлық қиын­дықтарынан өтуге тура келсе, XXІ ға­сыр­да Қазақстан дүниежүзілік қауым­дас­тықтың лайықты серіктесі ретінде қадамдар жасады. Бұл үдерісте жобалау-құрылыс кеше­ніне қатысушылар үлкен рөл атқарады, солардың ішінде осы салада келешекке көз тіккен алдыңғы қатарлы кәсіпорын “KAZGOR” жобалау академиясы бар. Жаңа ғасырдың басында біздің ака­демиямыз республикамыздың жетекші жобалау ұйымы ретінде өзінің беделін нығайта түсті. Кадрларын сақтап, өзінің шығармашылық әлеуетін дамытуға қол жеткізді. Сондықтан да академияның тәуелсіз жас мемлекетіміздің ең маңызды жобаларына, бас қаламыз Астананың құрылысына, республиканың қаржылық орталығы болып танылған Алматыны дамытуға, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында мұнай және газ кен орындарын игеруге байланысты нысан­дарды жобалауға, елімізде енді өркен жайып келе жатқан бизнес саласының жоспарларын жүзеге асыруға қатыса бастағаны таңғалдырмайды. Бұл үрдіс, әсіресе, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” деп аталатын биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттермен өрелес екені ақиқат. Әрбір күн әр адам мен тұтастай бір қоғамның өміріне жаңалық әкеледі. Кеше ғана мүмкін болмаған дүниелер бүгін іс жүзіне асып жатады. KAZGOR-дың да жеткен табыстары мен беделі аяқ асты­нан болған жағдай емес. Ол – академия­ның көп жылдық жемісті еңбегінің, оның әрбір қызметкерінің үлесінің нәтижесі. Әрине, ұжым әр кезде бірдей емес, өзге­рістер болып жатады, мамандар ауысады, алайда оның негізі, микроклиматы мен энергетикалық әлеуеті көп жылдар бойы сақталып келеді. Сонау өзінің сексен жылдық бай тарихындағы әртүрлі кезеңдерінен өтіп, өте маңызды мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асырған ұжымымыз еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Сала­дағы жетекші жобалау ұйымы ретінде басқа да талай ұжымдардың отау құруына ық­пал етті. Соңында ұжым “Казгор­стройпроект” мемлекеттік бас жобалау институты деп аталды, оның жұмысына Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді. Республикамыздың басшысы Д.А.Қо­наев 1975 жылы өзінің батагөй сөз­дерімен маған үлкен сенім білдіріп, осы инс­титуты басқара жүре, туындайтын мәсе­лелерге ұқыпты көңіл аударуға жолда­масын берді. Әкелік қамқорлықпен ай­тылған тілектес, дана тәлімдері мен кеңес­тері кейінгі өміріме бағдар болды. Сонымен 70-ші жылдардың аяғында жұмыстың қарқыны күшейе түсті. Сол жылдардан бастап ірі нысандар мен кешендер жобаланып тұрғызылды, олардың ішінде АММК Мәдениет сарайы, Орталық мемлекеттік мұражай, Офицерлер үйі, Саяси ағарту үйі, “Ала­тау” шипажайы және т.б. сейсмикалық аудандарға арналған тұрғын үйлердің жаңа сериялары, қалалар мен кенттердің бас жоспарлары және басқа да көптеген жобалар бар. Қайта құрылғаннан кейінгі үш жылдан кейін-ақ институттағы қызу еңбек оң бағаланып, жоғары жақтан мойындалды – ұжым одақтық маңызы бар бірінші ауыспалы Қызыл тумен және КОКП ОК-нің, КСРО Министрлер Кеңесінің, КОБОК және БЛКЖО ОК-нің Туымен марапатталды. Институт Одақтың соңғы жылдарын­да 12 рет осы тулармен марапатталып отырды, ұжым сондай-ақ Еңбек Қызыл Ту орденін иеленді. Көптеген жетекші мамандар жоғары наградалар мен атақ­тарға ие болды. Бұл ұжымның, сондай-ақ мамандардың бірлескен жұмысының негізді және бірізді бағытының қалып­тасуының, көптеген қызметкерлердің басқа жобалау институттарының бас­шылық құрамына ауыстырылуы инс­титутымыздың беделінің биікке өскенінің айқын дәлелі болып табылады. Тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік және экономикалық жағдай күрт өзгерді. Осы жылдары қайта құру, экономикада құлдырау және тоқырау етек алды, соның салдарынан жобалау ісі мен құрылыстың етек-жеңі қырқыла бастады. Көптеген жобалау ұйымдары құрдымға кетіп, мамандары базарларға сауда жасауға шықты. Бұрынғы мем­лекеттік ұйымдарды акционерлеп, мем­лекет меншігін ғимараттар мен мүлікті жекешелендіру уақыты келді. Сол кезде жағдайды шұғыл бағдарлап, қажет құжат­тарды заң жағынан мінсіз етіп дайындап, өзіміздің ұжымымызды толығымен тәуелсіз етіп алдық, сонымен қатар өз істеріне шын берілген қызметкерлермен бірігіп, негізгі тобымызды сақтап қалдық. Институт қысқа әрі естірге жағымды “KAZGOR” жобалау академиясы” деген атаумен акционерлік қоғамға айналды. Әріптестер бірауыздан дауыс беріп, оның президенті етіп мені сайлады. Бұдан әрі өзіме де, өзгелерге де өзіндік шығар­машылық жұмыс құқығына лайық екенін дәлелдеу керек болды, бәрінен бұрын жұмыс орнын сақтап қалу керек еді. Тапсырыстар сирей бастағанда-ақ ғимараттарды жобалаумен ғана тірлік ету мүмкін еместігіне көз жеткізгеннен кейін әрі болашақта күрделі өзгерістер мен сұраныстардың болатынын ескеріп, ұжым­ның күшін үдерістерді толығымен компьютерлеуге жұмсадық, қажетті жабдықтарды сатып ала отырып, акаде­мия жұмысының жан-жақты дамуын жү­зеге асырдық. Басқару жүйесін ауысты­рып, жаңа орталықтар аштық, соның ішінде нормативтерді көбейтетін баспа орталығы да ашылды, оның шағын по­ли­графиялық “Басбақан” базасы кейін­нен сәулет, қала құрылысы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық саласындағы нормативтік-техника­лық құжаттарды шығару және тарату міндеттерін орындады. Кейбір нормалардың Құрылыс істері комитетінің, қазіргі агенттіктің тапсыр­масымен қайта жасалғанын, алайда бұ­рынғыларының да қолданыста болғанын айта кету керек, оларды сақтап қалуды талап еттім, кейін бұл ойым іске толық жарады. Ғимаратымыздың бөлмелерімен қатар, сырттан келетін тапсырыстар бой­ынша да жөндеу жұмыстары жүрді, қыз­меткерлер тамақтанатын кафе ашылып, кейін ол қала тұрғындарына да қызмет көрсете бастады. Жобалаушылар тобын жас кадрлармен толықтыруға жоғары оқу орындарының түлектері ішінен дарынды студенттерді қосымша оқыту ісі де ықпал етті. Кейінірек бұл жұмыс мамандарды қайта даярлауға арналған түрлі бағыттағы курстар мен тақырыптарға айналды. Уақыт талабына сай болашағы бар және ең өткір жұмыс жаңа нарық жағ­дайларында бұрын зерттелмеген баға белгілеу жұмысы болды. Біз кеңес кезін­дегі естілмеген тың шешімдерге бет қой­ып, республика үшін осындай жұмыстың қажеттігіне алдын-ала көңіл аударуды анық білдік. Нәтижесінде диалогтық режімдегі сметалық құжаттаманың есеп­тері жөніндегі “SANA-2001” бағдарлама­лық жасақтамасы құрылды. Қазір же­тілдіру жүргізілуде, бұл республикамызда баға белгілеудің жаңа жүйесіне көшу іс-шаралары шеңберінде жасалған элемент­тік нормативтердің базасын қамтиды. 90-жылдардың ортасына қарай ин­вестициялардың арқасында құрылыс саласы бірте-бірте көтеріле бастады. KAZGOR-да енгізілген алдыңғы қатарлы жобалау технологияларын шетелдік тапсырыс берушілер танып, үндістандық, түркиялық және басқа компаниялармен бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Онжылдықтың соңына қарай болған елеулі оқиғалардың бірі “Теңіз­шев­р­ойл” және осы мұнай компаниясының бас офисі мен қызметкерлерінің кентін жобалайтын америкалық YGH, KPFF, Іnterface Eng. жобалау компанияларымен тығыз ынтымақтастықтың орнауы болды. Бұл ынтымақтастық құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше жылдарға созылды. Портлендте де (Орегон), біздің офисі­мізде де бірігіп жобалар жасалды. YGH басшысы Иоахим Грубе мырзамен және оның әріптестерімен болған жылы қарым-қатынас осы күнге дейін жалғасып келеді. Жергілікті басқа компаниялармен және Англия, Оңтүстік Корея, Түркия және т.б. шетел компанияларымен іскер­лік және шығармашылық байланыстар жолға қойылды. Ел астанасы Ақмола қаласына көш­кеннен кейін оның бас жоспарын әзірлеу мін­деті бой көтерді, халықаралық кон­курс жарияланып, оған көптеген елдердің белгілі компаниялары қатысты. Шетелдік сәулет саңылақтарын қатыстыра отырып, көрнекті қазылар алқасы сайланды, оның төрағасы ретінде мені ұсынды. Бәріңізге белгілі, конкурс өте табысты болды, аса лайықты жобалар таңдалып, ел Прези­денті қазылар алқасына алғысын білдірді. Басталған ғасырдың алғашқы жыл­дарында біздің мамандарымыз орасан жұмыстар жасады. Еліміз бойынша түрлі мақсаттағы нысандар, шетелдік аса ірі инвесторлардың тапсырысы бойынша мұнай және газ компанияларының офис­тері мен өндірістік корпустары, вахталық кенттер мен үлкен тұрғын үй массивтері, әкімшілік ғимараттары, мәдениет және білім мекемелері жобаланды. Астана қаласының құрылысын салу үшін жасалған академияның ірі жобаларын атасақ та жеткілікті, олардың ішінде қаланың жаңа орталығындағы “Нұрсая”, “Триумфальный” тұрғын үй кешендері, “Көп функциялы орталық”, “2500 орындық киноконцерт залы” және басқа жобалар бар. Ал Алматыда “Нұрлы тау” көп функ­циялы орталығының құрылысы қарқын­мен жүріп жатыр. Оны пайдалануға бергеннен кейін оңтүстік астанамыз дамыған инфрақұрылымы бар ірі тұрғын массивіне ие болады. “Нұрлы тау” кешенінің жобасы 2001-2003 жылдар бойынша республикалық конкурста Қазақстан Сәулетшілер одағының Гран-приі мен Алтын медалін және Тбилисиде өткен XІ Халықаралық конкурста Сәулетшілер одақтары халықаралық қауымдастығының Гран-приі мен Алтын медалін иеленді. Қазірдің өзінде Мемлекет басшы­сының Алматыдағы резиденциясының жанында қоршаған сәулет ансамблімен үйлесім тауып Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жұмыс істеп тұр, ол “Нұрлы таудың” бас бағытын жалғас­тырып қала ансамблінің үйлесіміне әдемі кіріккен. Қазақстанды индустриялық-иннова­ция­лық дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде тағы бір маңызды нысан іске қосылды, ол – “Алатау кентіндегі Ақпараттық технологиялар паркі­нің” бірінші кезегі. Бұл техно­парк­тің жасалуы шоғырландыру үдерісінің кешенді дамуына, ақпараттық техноло­гиялар саласындағы дүние жүзіне белгілі көшбасшылармен ынтымақтасуына, өндіріске келешегі мол зерттеулерді же­делдетіп беру жолымен өндірістік әлеует пен сыртқы сауда айналымын арттыруға, сондай-ақ ғылыми және интеллектуалдық әлеуетін тиімді пайдалануға ықпал етеді. Жобаны бейімдеу барысында біздің академиямыз “Қала құрылысын жобалау орталығы” ЖШС-мен бірігіп жүзеге асырған, оны әрі қарай детальдауға арналған жоспар құрылды. “АТП” ЕӘА-ның функционалдык инфрақұры­лымы­ның мазмұны әзірленді. “Ақпараттық технологиялар паркі” жобасы үздік сәулет шығармаларының республикалық конкурсында Сәулетші­лер одағының “Алтын медаліне”, сондай-ақ XІІ Халықаралық конкурс-байқауда Сәулетшілер одақтары халықаралық қауымдастығының “Ерекше сәулеттік шешім үшін” дипломына ие болды. Ел халқын қолдаудың әлеуметтік саясатына жауап беретін тұрғын үйлердің жобалануына да үлкен көңіл аударылып отыр. Типтік жобалау әдістемесіне сәйкес Қазақстанның қарапайым геологиялық жағдайлардағы жекелеген аудандарына, сондай-ақ сейсмикалығы жоғары басқа аудандарға арналған 70 пәтерлік тұрғын үй мен 280 орындық балабақша жобалары әзірленді. Шетелдік компаниялармен жемісті серіктестік байланыстар кеңеюде, солардың ішінде “SОМ”, “LERA” және “RAMSA” (АҚШ), “Foster+Partners”, “Вuro Наrrold”, “Аrup” (Ұлыбритания), “Desіgn Group” және “Мurat Sіvka” (Түркия), “Space Group” (Оңтүстік Корея) және “Есентай” көп функциялық кешені, “Алматы қаржы ауданы”, “Парквью Офис Тауэр” бизнес орталығы, “Меgа Resіdence”, “Ритц Карлтон Алматы” кешендері, “Аpple Valley” тұрғын үй кешені, “5 жұлдыз класты көп функциялы кешен”, “Тulebaeva Park”, Алматыдағы Фурманов көшесі бойында­ғы қонақ үй-тұрғын кешені, Алматы облысы Талғар ауданындағы Халықара­лық логистикалық парк, Атыраудағы “Marrіot Executіve Apartments”, “Абу Даби Плаза-Астана” нысанының жобалық үдерісіне қолдау және тағы көптеген жобаларды ынтымақтастықта жүзеге асырып жатқан басқа компанияларды атауға болады. Академиямыз республикада алғашқы болып салалық инвестициялық саясатты жүргізіп, қазіргі заманғы жоба ісіне жаңа нормативтік құжаттарды әзірлеп, енгізе бастады, соның ішінде құрылыста баға белгілеудің сметалық-нормалық базасын әзірлеуді жалғастыруда, құрылысқа арнал­ған жобалау жұмыстары мен күрделі құрылысқа арналған іздестіру жұмыс­тарының бағалар жинақтары өңделіп жатыр. Құрылыс саласын нормативтер жөніндегі үнемі жаңарып отыратын ақпаратпен қамтамасыз ету үшін және сәулет пен құрылыстың түрлі аспектілері бойынша жаңалықтармен таныстыру үшін 2003 жылдан бастап ай сайын “Экспресс-информ” журналы шығары­лады, ол Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің ресми басылымы болды. Заманауи компьютерлік технология­лар тынысын алға тартып америкалық SNІP Regіster Іnc. (Чикаго, АҚШ) және “СSoft” (Мәскеу) компаниясымен өзара ынтымақтастықта нормативтік құқықтық және техникалық құжаттардың электрон­ды базасын әзірлеп шығару шешімі сәтті болды. Еліміздің аумағында құрылыс, мұнай және газ, энергетикалық кешен­дердің, байланыс және коммуникация мекемелерінің қызметін, СЭС, өрт, өнеркәсіптік және экологиялық қауіп­сіздік нормаларын, өнімдерді стандарттау және сертификаттау, құрылыстағы баға белгілеуді реттейтін 40 000-дай құжат атаулары мен мәтіндерінен тұратын “Автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі” (ZERDE-ІNFO, DЕRЕК-ІNFO) бағдарламалық өнімдері жасалды. Аталған базадағы республикада қолданыстағы нормативтік құжаттардың мониторингі бойынша жұмыстар жалғасуда. Шетелдік компаниялармен тығыз ынтымақтастықты ескере отырып, 2002 жылдың басынан бері академияда ІSО 9001-2000 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес жобалау және ақпа­раттык-нормативтік қызметіне халықара­лық сертификат алынды. Қазіргі күні ТUF NORD ұйымының сыртқы аудиті­мен ықпалдастырылған сапа менеджменті жүйесінің қызметі ұйымдастырылды. Бұдан басқа академия лицензияланушы нысандардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жұмыстарды жүзеге асыруға құқықтарын сараптау және техникалық аудит жүргізуге арналған сараптама орталығы ретінде аккредиттелген. Ұжымымыздың мамандары Халық­ара­лық құрылыс нормаларын әзірлеу жөніндегі халықаралык кеңеспен (ІСС) келісім жасау нәтижесінде 2006 жылдың наурызынан бастап KAZGOR оның корпоративтік мүшесі болып табылады, республикада құрылыс нормаларын жетілдіру жөнінде меморандум жасалып, шығармашылық ынтымақтастық бағдар­ламасы әзірленді. Нормалау жөніндегі жинақталған тәжірибені, құрылыс саласының қазіргі жағдайын және оны дамыту болашағын ескеріп, құрылыстағы стандарттау мәсе­лелерін шешу үшін академия негізінде стандарттау жөніндегі “Сәулет, қала құрылысы және құрылыс” техникалық комитеті (ТК-55) құрылды. Мақсаты ақпараттық технологиялардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен заманға сай құралдарын тиімді пайдалану, ақпараттық және әдістемелік қорды қалыптастыру және жүргізу, еліміздің құрылыс кешені нысандарын нормативтік құжаттамамен қамтамасыз ету, мемлекетаралық және халықаралық стандарттау жұмыстарына қатысу болып табылады. Төрағалық ету міндеттері академия президентіне жүк­телген. Осы мақсаттарды шешу үшін ұжы­мымыз негізінде құрылған Құры­лыстағы нормалау және стандарттау жөніндегі ақпараттық-әдістемелік орталық та өз жұмысын жүргізеді. Сол сияқты алда нормативтік құжат­тардың қолданыстағыларын өңдеу, жаңаларын әзірлеу және құрылыс сала­сында норма жасау мен техникалық реттеу жүйесін негізді реформалау үдерістерінің қарқындылығын арттыру қажеттігін өткір сезініп, 2007 жылғы шілдеде жаңа құрылымдық бөлімше – Сәулет, қала құрылысы және құрылыс сала­сындағы нормативтік реттеу жөнін­дегі ғылыми-зерттеу, инжирингтік, сер­тификаттау және аудит орталығы құрыл­ды, кейінірек ол Ғылыми зерттеулер, ақпараттық және нормативтік әзірлеме­лер орталығы болып қайта құрылды. Соңғы жарты жыл ішінде агенттіктің тапсырысымен еліміздегі нормативтік жұмыстарды халықаралық техникалық реттеу жүйесіне келтіру мақсатында ұжымымызда шетелдік әріптестерімізбен бірге жаңа тұжырымдама құрылды. Ғимараттар мен олардың кешендері­нің жобаларын, нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша жүргізілетін негізгі қызметтерден басқа, жоғарыда айтылып кеткендей, академияда бірнеше орысша-қазақша сөздік шығарылды, жоғары оқу орындарының студенттері мен маман­дарына арналған оқу құралдарын жасау жұмыстары жалғасуда. Соңғы кездері қазақ тілінде көп томдық “Архитектура мен жобалау негіздері”, соның ішінде “Дүниежүзілік сәулет өнері”, “Қазақстан сәулет өнері”, “Сәулеттік жобалау”, “Ғимараттардың құрылымдары”, сондай-ақ “KAZGOR ХХ-ХХІ век” кітаптары жарық көрді. “Архитектура мен жобалау негіздерінің” алғашқы екі томы сәулет өнері туралы үздік кітап ретінде Сәу­летшілер одақтары халықаралық қауым­дастығының І дәрежелі дипломын иеленді. Өмірден озған сәулетшілер, ғалымдар мен бұрынғы қызметтестері туралы есте­ліктерді сақтау жөніндегі KAZGOR-дың ауқымды қызметі – ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығына деген көңілінің асқақтығы мен шынайы қамқорлығының көрінісі. Конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып, Т.Қ. Бәсенов пен Н.И. Рипинский, М.М. Меңдіқұлов пен Ю.Г. Ратушный, тағы да басқалар туралы есте­ліктер жинақтары мен кітаптар жазылды. Ұжымның жемісті қызметі мен тынымсыз еңбегінің арқасында алған беделі лайықты бағаланып жүр. 2007 жылы ТМД құрылысы саласында ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңес құрылыстағы жоғарғы тиімділігі мен бәсекелестікке қабілеттіліктегі жетіс­тігі үшін үздік құрылыс және жобалау ұйымына, құрылыс материалдары мен құрылыс индустриясы кәсіпорнына жарияланған ІІ Халықаралык конкурстың жеңімпазына берілетін дипломмен ма­рапатталдық. Жоғары марапаттары­мыздың ішінде Қоғамдық құрылысшылар бірлестігінің сыйлығы – “Хрустальная пирамида” конкурсы лауреатының дип­ломы, республиканың ең беделді на­градасы – Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің “Сапа саласындағы жетіс­тіктері үшін” сыйлығының лауреаты атағы бар. KAZGOR шығармашылық даму мен тұтастай жоба-құрылыс кешенін жетілдіру бағытын ұстанып келеді. Оның ұстанымы мен міндеті – қазіргі заманның сынынан мүдірмей өту үшін әрқашан өсіп отыру, барлық кезде прогрестің алдыңғы шебінде болу. Бүгінде ұжымымыздың құрылыс саласының жетекшісі, азаматтық тұрғын үй құрылысындағы жобалау ісінің көш­басшысы, ірі кешенді жобалау ком­паниясы атануы әбден орынды. Академия көптеген жобалаушы буындардың оң дәстүрлерін жалғастырып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға атса­лыса отырып, тұрғын үй бағдарламасын, қалалар мен кенттерді одан әрі дамыту және басқа міндеттерді іске асыруда барлық шығармашылық күшін жұмсап, еліміздің болашағын гүлдендіруді мақсат етіп келеді. Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, “KAZGOR” жобалау академиясының президенті, Халықаралық сәулет академиясының, Халықаралық және ҚР Ұлттық инженерлік академияларының академигі.