Өнер – халықтікі. Демек, ол көпшілік игілігіне айтылғанда ғана өміршең. Осы мақсатты көздеген облыстық Бикен Римова атындағы драма театр ұжымы гастрольдік сапарын Алматы шаһарындағы ұйғыр театрынан бастап, сахна шымылдығын Мұрат Ахмадиевтің режиссерлығымен “Райымбек! Райымбек!” поэмасының желісімен сахналанған спектакльмен ашты. Қойылым поэма авторы, мұзбалақ ақын Мұқағалидың бейнесімен көрініс беріп, қызыл империяның кесірінен тілі мен ділінен, дінінен айрылып қала жаздағаны шынайы суреттелгенін айтқан жөн. Сондай-ақ халқымыздың тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған қалмақ шапқыншылығындағы елдік пен ерліктің, бірлік пен ынтымақтың нәтижесін танытқан тұсы да жан-жақты бейнеленді.
Қойылымның негізгі арқауы – Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің оңқай асықтай қолға оңай келмегені де көрерменге ой салады. Спектакльге 50-ден астам әртіс қатыстырылса, көрермендердің көңілінен шыққанын айтқан жөн.
Өнер ұжымы бұдан кейін гастрольдік сапарын Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында жалғастыруды мақсат еткен. Қаржы жетіспеушілігінен алысқа бара алмаған театр өнерпаздарына облыс әкімі бюджеттен қаржылай қолдау көрсетті.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.