• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2010

Азиада жаршысы

629 рет
көрсетілді

Азиадаға 115 күн қалды

“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті ЖҰМЫСТЫҢ ТАМЫРЫНА ҚАН ЖҮГІРДІ “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ – Туризм және спорт министрлігіне қарасты Азиаданы өткізу үшін құрылған ұйым ретінде көптеген жобалар бойынша жұмыс істеуде. Жоспарға сәйкес, бұл ұйым қазір Азия ойындарын ұйымдастыру үшін бірнеше бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр. Жақында дирекцияның осы жұмыстары жөнінде мәлімет алу үшін “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Абзал ӘЛІБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Сіздерде осы Азиаданы өткізу үшін барлық бағытта жұмыс істейтін топ бар деп естідік. Бұл қандай топ? Оның құрамына кімдер кіреді? – Алдымен осы жөнінде айтпас бұрын, еліміздің Азия ойындарын өткізу құқын қалай алғанына тоқталсам деймін. Қазақстан 2011 жылы өтетін Қысқы Азия ойындарын өткізу құ­қын бірінші алған ел. 2006 жылы 5 қаңтарда Алматы қаласы Ойындар өткізу орны ретінде қабылданды, ал 2007 жылғы 29 қазанда жарыс­тардың бір бөлігі Алматыдан Астанаға ауыс­тырылды. Осылайша, біздің ел қысқы ойындар тарихында тұңғыш рет Азиаданы екі қалада өткізу құқына ие болды. Әрине, жарыстарды өткізу бізге оңайға соқпайды. Екі қаланың арасы мыңнан астам шақырым. Жарысқа қатысушыларды әуе қатынасымен, қызмет көрсету, тікелей көрсетіліммен қамтамасыз ету сияқты үлкен жұмыстар алдымызда тұр. Деген­мен, “көз қорқақ, қол батыр” демекші, бас­талған істі аяғына жеткізу – біздің міндетіміз, ел алдындағы борышымыз. Спорт – елімізді халықаралық деңгейде танытудың бірден-бір жолы екені белгілі. Қазіргі таңда Қазақстанда осындай көлемдегі іс-шараны ұйымдастыру мен оны ойдағыдай өткізе алатын елдердің қатарына кіре алатын барлық алғышарттар бар. Бұдан басқа Азиада еліміздің 2018 жылы Қысқы олимпия ойын­дарын өткізу құқығына өтінім беруге дәлел бола алады. – Жақында елімізге бір топ шетел журналистері келгенде бізге: “Сіздер неге Олимпиадаға өтінім бермейсіздер? Алматының табиғаты қандай ғажап, Астананың ауасы, желі, спорт ареналары қандай тамаша” дегені бар еді... – Бұл сөздің жаны бар. Бірақ, ол мәселе алдағы уақыттың еншісінде. Алдымен Азиа­да­дан бастап, бағымызды сынап көрейік. Кейін­гісін уақыты келгенде көре жатармыз. Жалпы, Азиаданы екі қалада өткізетініміздің бір жақсы жері – біз Алматыда салынуы тиіс құрылыс­тар­ды үнемдей алдық. Яғни, Астанадағы конь­ки тебу стадионы, республикалық велотректе спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізуге болатындай салып жатырмыз. Ал Алматыда әлемге әйгілі “Медеу” кешені, “Шымбұлақ” тау шаңғысы базасы, барлық халықаралық талап­тарға сай салынып жатқан шаңғы-биатлон кешені бар. Бұл жерлерде барлық жарыстар өткізуге болады. Соңғысының бас жоспарын белгілі норвегиялық маман Хермуд Бьеркестоль жасады. Қысқасы, келешекте Астана мен Алма­ты құрлықтық бәсекелерді ғана емес, олим­пиялық ойындарды да өткізе алады деп санаймын. – Дұрыс екен, енді мынаны айтыңызшы. Қазір Азиада сияқты жарысты өткізу үшін қанша маман тартылуы тиіс? – Қысқы Азия ойындарын өткізу үшін біз Азия олимпиялық кеңесімен келісім-шарт жасасқан едік. Сол келісім бойынша жоспар жасадық. Оны жасаған “Джилиус де Хир” компаниясының есептеуі бойынша жарыс кезінде “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойын­дарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ мамандарының саны 700 адамнан аспауы тиіс екен. Қазір біздің штатта 101 адам жұмыс істеуде. –  Бұл аз ба, көп пе? – Біз санына қарамаймыз, сапасына қараймыз. Дирекция қызметкерлерінің бәрі жоғары білімді, олардың ішінде 4 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты бар. Ал 35 қызметкеріміз ағылшын, неміс, француз, түрік тілдерін меңгерген. Қызметкерлердің орташа жасы 30-дан аспайды. – Дирекцияда қандай қызметтер бар? Сіздерде бәріңізге ортақ бір жоспар бар ма? Жұмысты қалай істейсіздер? – Атқарушы дирекцияда хаттама, тіркеу, спортты басқару, медициналық қамтамасыз ету, допинг тексеру мен еріктілермен жұмыс істеуге арналған Ойындарды ұйымдастыру жөнін­дегі департамент, Маркетинг, Ақпараттық және баспасөз қызметінің имиджін қолдауға арналған департамент, Ақпараттық технология­лар және ойындарды телерадио арқылы таратуға арналған департамент бар. Одан басқа Заң қызметі, Экономика және қаржы, әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастыруды қам­тамасыз ету де­партаменті жұмыс істейді. Біздің іс-шараларды жедел ұйымдастыру үшін Туризм және спорт министрлігі, Астана мен Алматы қала­ла­рының әкімдерімен бірлескен ортақ жоспа­ры­мыз бар. Оған 64 негізгі іс-шаралар кіріп отыр. Олар осы жылдың тамыз айынан басталып, келесі жылдың ақпан айына дей­ін атқа­ры­лады. Бұл жұ­мыс­­тар­дың қорытындысы апта сайын министрлік пен Астана және Алматы әкімдіктерінің жина­лыс­тарында қаралуда. Со­ны­мен бірге біз AWAGOC, Ұлттық олимпиялық ко­ми­­теті, Астана және Ал­ма­ты қалалары дирекция­лары­ның кестелері бойынша жұмыс істеудеміз. Бүгінде 258 бірлескен шараның 95-і атқарылды. Ал 84 шара атқарылу үстінде. Қалған іс-шаралар Ойын­дар кезінде істелінеді. Қазіргі кезде министрдің “Астана мен Алматы қалаларында 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізу және оған дайындық жө­ніндегі кейбір іс-шаралар туралы” бұйрығына сәйкес Ойындардың спорттық директорлары мен орынбасарлары тағайындалып отыр. Сонымен бірге спорт федерациялары қыз­мет­керлерінің арасынан спорт менеджерлері, спорт нысандарының техникалық директорлары жұмыс істеуде. Азия олимпиялық кеңесінің келісімімен төрешілер алқасы, бас төрешілер мен техникалық делегаттар құрамы бекітілді. – Халықаралық мамандар Азия ойындары сияқты жауапты шараны өткізу үшін Маркетинг және имидждік жобалар департаментінің болғанына мән беретін көрінеді. Сонда сауатты маркетингтік саясат жүргізілсе, әріптестер тауып, олармен бірге имидждік жобалар жасап, демеушілер іздегенге өте оңай болады екен. Ал бізде қалай, біраз уақыт демеушілер табылмаған еді ғой. Енді дирекция құрамында Маркетинг және ақпараттық-имидждік қолдау департаменті ашылғанда жұмыстың бойына қайта қан жүгірді десе болады. Осы департамент құрылғаннан бері нендей жұмыстардың істелінгенін айтып берсеңіз. Демеушілер қалай табылды? Кімдермен меморандумдар жасадыңыздар? – Иә, шынында да екі айдың ішінде көп жұмыс істелінді. Осы уақытта отандық және шетел компанияларымен тиімді әріптестік орнатылып, меморадумға қол қойылды. Осындай дер кезінде табылған әріптестеріміз бен демеушілеріміздің арқасында Азиадаға дайындық қызу жүргізіле бастады. Ал демеушілерді тапқан, жаңа сіз айтқандай, Маркетинг және ақпараттық-имидждік қолдау департаментінің мамандары. Жалпы, Азиаданы ұйымдастыру ісінде біраз табыстарға жетіп отырмыз. Ең басты жетістігіміз, “Самұрық-Қазына” қорының жарыстың басты демеушісі болуына келісім бергені. Қор Азиаданың жарнасына 3 млрд. теңге бөлді. Ойындардың ресми әуе тасымалдаушысы болып “Эйр Астана” әуе компаниясы танылды. Ол жарнаға 60 млн. теңге бөлді. Сондай-ақ, “Қазақтелеком” АҚ пен “GSM Қазақстан” ААҚ жарыстың ресми операторы ретінде жарнаға 150 млн. теңге аударды. Ал Ойындарды ақпараттық қауіпсіздігімен қамтамасыз етуге келісім жасасқан ресейлік “Доктор Веб – Орталық Азия” ЖШС Азиаданың жарнасына 20 млн. теңге бөлді. Әңгімелескен, Дастан КЕНЖАЛИН. * * * АЗИАДАҒА АРНАЛҒАН АҚША Жақында Қысқы Азия ойындарын өткізуге және спорт нысандарының құрылысын аяқтауға байланысты Үкіметтен қосымша қаржы бөлу жөнінде мәселе шешілді. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, жарысты өткізуге және жыл соңына дейін құрылыс нысандарын аяқтауға қосымша 33,5 млрд. теңге бөлінеді. Таяуда өткен Үкімет отыры­сын­да “2010 – 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республика­сы­ның Заңына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы” заң жо­басын таныстырған Қаржы министрі жоғарыда аталған сома­ның ішіндегі 7,7 млрд. теңге коньки тебу стадионының, ал 1,3 млрд. теңге шаңғымен тұғырдан се­кіру кешенінің құрылысын аяқ­тауға жұмсалатынын айтты. Со­ны­мен бірге ол Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт са­райын жөндеуге 6,5 млрд. теңге, спорттық ойындарды телеарна мен радио арқылы таратуды қам­та­масыз етуге бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. Осы орайда Б.Жәмішев қысқы ойындарды өт­кізуге ел қоржынынан 233,5 млрд. теңге жұмсалатынын атап өтті. Оның айтуынша, жарыстар өтетін спорт нысандары 200 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Ал ойындарды телеарна мен радио арқылы тара­ту­ды қамтамасыз етуге 8,644 млрд. теңге кетсе, Азиаданың ашылу және жабылу салтанатына 7 млрд. теңге, ойындарды ақпараттық жүйе­мен, телевизиялық және бас­па­сөз қызметімен, жарыстарды басқару орталығымен қамтамасыз етуге 6,768 млрд. теңге жұмсалады. Сонымен бірге ол “Мәдени Азиада” жобасына 1,57 млрд. теңге, Астана мен Алматыны безендіруге 470 млн. теңге, жарысқа қатысу­шы­ларға медициналық қызмет көрсету және допингке қарсы зерттеу жүр­гізуге шығын 1,77 млрд. теңге құ­раса, Азия ойындарын өткізу құ­қын иелену үшін 1,582 млрд. тең­ге жұмсалғанын айтты. Осылай дей келіп, Қаржы министрі алау­дың шырағ­да­нын ұйымдастыру және ерікті­лерді киіндіруге 1 млрд., ойын­дардың дайындығына монито­ринг жасау және тестілік шаралар өткізуге 1,165 млрд., Азиадаға қа­ты­сушылардың қауіп­сіз­дігін қам­тамасыз етуге 2,285 млрд. теңге жұмсалатынын ес­керт­ті. Сондай-ақ, жарыс кезінде спорт кешен­дерін жалға алуға 799 млн., Медеу – Шымбұлақ бағыты бойынша жүретін шағын авто­бус­тар­ды сатып алуға 500 млн., “Хабар” және “Қазақстан” теле­арналарын арнайы құралмен жабдықтауға 969 млн. теңге қажет болатынын жет­кізді. Осынау шығынды өтеу үшін елімізге қиын болатыны сөзсіз. Де­генмен, Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ерме­гияев­тің айтуынша, Азиадаға жұмсала­тын қаржыны бізге шетелдерге та­ралатын тікелей көрсетілім арқылы өндіріп алуға болады. “Қазір осы бағытта жұмыс жасалып жатқанын білесіздер, – деді ол. – Біз 30-ға жуық елді тікелей көрсетіліммен қамтамасыз етсек, одан 4,5 млрд. теңге табыс табамыз деп отырмыз”. * * * ҚОНАҚТАРҒА “ЭЙР АСТАНА” ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ Алматыда Қысқы Азия ойындарының ресми әуе тасымалдаушысының тұсаукесері өтті. Бұл жоғары мәртебеге “Эйр Астана” әуе компаниясы ие болды. Қазақстанның спорттық тари­хын­да көрнекті оқиға болып табы­латын Азия ойындары республика беделін көтеруге, спорттық менеджментте бірегей тәжірибеге қол жеткізуге және шараларды жоғары халықаралық деңгейде ұйымдастыруға себепші болады. Алдын ала жасалған мәлі­мет­тер бой­ынша, Қысқы Азия ойын­дарын өт­кізу шеңберінде Азияның 32 елі­нен 2 500-ден астам спорт­шылар және 10 мыңнан астам шет­ел турис­тері келеді деген бол­жам бар. Олар­дың басым көпші­лігіне инфрақұры­лым­дардың дай­ын­дығы маңызды рөл атқармақ. Осыған байланысты, “Эйр Аста­на” Қазақстанның жетекші әуе ком­паниясы Қысқы Азия ойын­дарының ресми тасы­мал­дау­шы­сы атанды. Осы статуста бұл құ­рылым шетелдердің ресми деле­гаттарын, Ұйымдастыру комитеті­нің мүшелерін және пошта­ны тасымалдайды. Сонымен қатар, ол Азиаданың ашылу және жабылу салтанатты рәсімінде қызмет көр­сет­пек. “Эйр Астана” жарысқа қа­тысушылар мен оның ұйым­да­сты­рушыларын Астанаға жеткізу үшін чартерлік рейстер ұйым­дас­тыр­мақ. Азиадаға қатысушы ел­де­ріне ұлттық тасымалдаушының за­манауи авиа­пар­кі мен халық­ара­лық тәуелсіз ауди­торлармен баға­лан­ған жоғары сапалы сервисі көр­сетіледі. Айта ке­тейік, 2010 жылы Қазақстанның ұлт­тық тасы­мал­даушысы The Skytrax 2010 World Aіrlіne Awards беделді жүл­­десінің аясында “Шығыс Еуро­па­ның үздік әуе компаниясы” но­ми­нациясы бойынша үшінші орынға лайық болды. 13 халықаралық әуе­жай­ларға рейстер орындайтын “Эйр Астана” ұшақтары Қысқы Азия ойын­дарының логотипімен безенді­рі­летінін айта кеткен жөн. Бұл елі­міздің беделін көтеруге және Қазақ­станда өтетін маңызды спорттық шараға шетелдік қонақтардың наза­рын аударуға мүмкіндік туғызады. 2011 жылғы Қысқы Азия ойын­да­рының Ұйымдастыру комите­ті­нің атқару дирекциясы” АҚ пре­зи­денті Анатөлі Құлназаровтың айтуынша, Азия ойындары Қазақ­станның жоғары туристік әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді. Шетел делега­ция­ла­ры мен туристерді, ең алдымен Қазақстанда жоғары сер­вис және қауіпсіздікпен қамтама­сыз ету керек. Осы орайда, “Эйр Астана” Азиаданың ресми әуе та­сы­мал­дау­шы­сы ретінде өз қыз­ме­тінің сапасы мен сенімділігін көрсетуі тиіс. “Сонымен қатар, “Эйр Астана” жо­лаушылары ұшақ бор­тында арнайы буклеттермен танысып, экрандар­дан Азия ойын­да­рының бағдарла­ма­сы мен спорт­шылар туралы мәліметтерді біле алады. Әуе компа­ния өз жо­лау­шыларына сый­лықтар жасай­тын болады. ҚР авиация көш­басшысы клиенттері авиаұшу, Азиада 2011 салтанатты ашылу рәсі­міне кіру билеттері мен қонақ үйде тұру жүлдесін ұтып алуға мүмкіндік алады. “Эйр Астана” АҚ президенті Питер Фостер: “Азиада – 2011” бар әлемге жер­гі­лікті халықтың қонақ­жай­лығын, Іле Алатауы әдемілігін, Астана қа­ласының сұлулығын және отандық спортшылардың кәсіби шебер­лігін көрсетеді, – деді. Соны­мен бірге ол – “Эйр Астана” әуе ком­паниясы Қысқы Азия ойындары­ның ұйымдастыру комитеті ат­қару­шы дирекциясының көрсет­кен құрметіне және “Азиада – 2011” серіктесі, сонымен қатар, әуе тасымалдаушысы мәртебесін бе­ріп, сенім артқанына алғыс айта­ды әрі барлық спорт­шы­ларға жеңіс пен биік спорттық жетістіктерге жетуді тілейді. * * * ҚАРСАҢДА Қазақстаннан қысқы ойын­дарға спорттың 11 түрінен 169 спортшының қатысатыны бел­гі­лі. Біздің отандастарымыз биа­тлон, шаңғы жарысы, конь­ки тебу спорты, ерлер және әйел­дер арасындағы хоккей, допты хоккей, шаңғымен бағ­дарлау сындарында алтын жүлде үшін күш сынасады. Ал қысқы Азиадада еліміздің осын­шама жетістікке жетуі үшін кем дегенде 25 алтын медальді жеңіп алуы керек екені сөзсіз. Бұл Қазақ­станның жарыста бірінші немесе екінші орынға көтері­луі­не мүмкіндік береді. Осыған байланыс­ты жа­қын­да спортшыларды Азиадаға дайын­дау үшін шетелден ұлттық құ­рамаға жаттықтырушы-кеңесшілер ша­қы­рыл­ды. Олардың көбі Ресейден кел­ген мамандар. Енді коньки тебу спор­тында ресейлік В.Саютин, биатлонда В.Хрусталев, Н.Вербиц­кий, А.Белопу­хов, тау шаңғысы жарысында С.Чаадаев, шаңғымен бағдарлауда А.Новиков жат­тық­тыруға көмектессе, АҚШ азаматы Ф.Кэролл мәнерлеп сырғанауда қол ұшын созады. * * * ЖАТТЫҒУ ЖИЫНДАРЫ Шаңғы. Жақында Бірінші Вице-Премьер, шаңғы федерациясының президенті Өмірзақ Шөкеев Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовпен кездесіп, спорттың осы түрінен Азиадаға қатысатын ұлттық құраманың қысқы ойындарға, сондай-ақ оның алдында өтетін жарыстарға дайындық барысы жөнінде әңгімелесті. Кездесуде Ө.Шөкеев Қазақстан құрамасына Азия ойындарында бірінші орынды жеңіп алу міндетін қойды. Ал шаңғышыларымыз қазір Бол­гарияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Алматыдағы Спорт институтында медициналық тексеруден өтуде. Келесі жетіде олар қараша айында Швецияда болатын әлем кубогына дайындалу үшін Финляндияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Шаңғымен бағдарлау. Шучьеде ұлттық құрама оқу-жаттығуларын өт­кізуде. Спорттың осы түрінен мем­лекет­тік бапкер Ирина Шведованың айтуын­ша, команда Азиадаға дайындықтың жазғы кезеңін аяқтап жатыр. Ал құраманың серкелері Ольга Новикова мен Михаил Сорокин қазір Болгарияда жеке бағдарлама бойынша дайындалуда. * * * ОЛАР ОСЫНДА ОРНАЛАСАДЫ Kazakstan Достық д-ғы, 52 Төрт жұлдызды, 215 нөмірлі қонақ үй. Тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, допты хоккей, әйелдер арасындағы шайбалы хоккей командаларына арналған. * * * Іnter Contіnental Almaty Желтоқсан к-сі, 181 Бес жұлдызды, 127 нөмірлі қонақ үй. Азия олимпиялық кеңесінің отбасы мүшелері, АОК жетекшілерінің штаты, Допингке қарсы халықаралық ұйымның байқаушылары, Халықаралық олимпиялық комитетінің мүшелері  орналасады. * * * Hyatt Regency Almaty Сәтбаев к-сі, 29/6 Бес жұлдызды, 104 нөмірлі қонақ үй. Шетел БАҚ өкілдеріне арналған. * * * Dostyk Құрманғазы к-сі, 36 Бес жұлдызды, 50 нөмірлі қонақ үй. Халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер орналасады. * * * ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ? Шаңғымен тұғырдан секіру – шаңғы спорты түр­лерінің бірі. Жарыстың бұл түрі тек ерлер арасында ор­таша 90 метр және тұғыр­дың үлкен қашықтығы – 120 метр бойынша өт­кізіледі. Бұл сында секірудің ұзақтығы және секіру техникасы 20 балдық жүйемен есептеледі. Жарысқа қаты­сушылар екі рет секіре алады. Спорттың аталмыш түрі ХІХ ғасыр­да Норве­гия­да шыққан. Одан алғашқы жарыс 1897 жылы Осло­­ның маңында өткен. Содан кейін ол 1906 жылы Пе­тер­бургтің жанында ұйымдастыры­лып­ты. Ал 1924 жылы жарыстың бұл түрі қыс­қы Олим­пиада мен әлем чемпио­на­тының бағ­дарламасына енді. Сол кезде өт­кен бәсекелерде норвегиялық Тур­­лейф Хауг пен Юхан Греттумс­бротенге тең келер ешкім болмады. Олар содан кейін жеңіс эстафетасын өздерінің отандасы Биргер Руудтқа тапсырып кетті. Ол 1930 – 1948 жылдары екі рет Олим­пиада және үш рет әлем чемпионы атанды. Тек 1980 жылы ғана финдік төрт дүркін Олим­пиа­да және әлем кубогының осын­шама рет жеңім­пазы Матти Нюканен оның жеткен биігінен асып кетті. ________________ Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.