2000 МҰҒАЛІМГЕ СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ
Атырауда ұстаздар мен дәрігерлердің әлеуметтік тұрмысын жақсарту қадамдары былтырдан бері жалғасып келеді. Былтыр бір күнде 408 дәрігер мен ұстазға жаңа пәтердің кілті табысталған еді. Өткен аптада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай 2000 ұстаздың әрқайсысына 50 000 теңгеден қаржылай сыйақы берілді.
– Ұстаз бақыты – білімді шәкірт тәрбиелеу. Ұстаздардың білім берудегі өлшеусіз еңбегін қаржымен ғана өтеуге болмайды. Дегенмен, олар да бейнетті еңбегінің жемісін көруі тиіс. Былтырдан бері ұстаздар қауымына жақсылық жасауға талпынып келеміз. Биыл 2000 мұғалімге 50 000 теңгеден сыйақы берсек, бұл алдағы уақытта да жалғасын табады. Оқу жылы ішінде әр тоқсан сайын 11 мыңнан астам мұғалімнің әрқайсысына еңбегіне қарай 35 000 теңгеден 60 000 теңгеге дейін сыйақы тағайындалатын болады, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатта.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.