• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2010

Жаяу Мұса – 175. Иса Байзақов – 110

2088 рет
көрсетілді

Керекуде қос той өтті,  ер есімін әйгілеп... АТТЫДАН ЖАЯУ ЖҮРІП КЕК АЛАМЫН, АТАНДЫМ СОЛ СЕБЕПТЕН ЖАЯУ МҰСА Иә, алғашқы той атақты халық ком­по­зиторы, әнші Жаяу Мұса Байжанұлының 175 жылдық мерейтойына арналды. Бұл тойға белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлей­менов Франциядан былай деп құттықтау хат жіберіпті: “Қымбатты ағайындар! Сарыарқа­ның шұрайлы жер жәннаттарының бірі қа­сиетті Баянауыл жерінде қазақтың небір ірі тұлғалары өмірге келген. Бабамыз Олжабай батыр, атақты әншілер Майра, Естай, бертін келе Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді ғұлама ғалымдар мен өнер қайраткерлері. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биік өнерпазы атақты әнші, халық компо­зиторы Жаяу Мұсаны білмейтін қазақ жоқ десе де болады. Жаяу Мұсаның “Ақ сиса” әнін бұрын да, қазір де, тіпті өзіміз де айтып өттік. Ақынның “Сұрша қыз”, “Хау-лау” және басқа да әндері осы күндері халық арасында кең айтылуда. Жаяу Мұса атамыздың осы аталып отырған 175 жылдық мерейтойы қайырлы, құтты болсын, ағайын! Ол кісінің жолын қуған өнерлі, өрелі жастар қатары көбейе берсін. Сарыарқаның інжу-маржаны іс­пет­­­­ті жер сұлуы Баянауыл өлкесі өркендеп, гүлдей берсін дей келе, оның халқына мол ба­­­қыт, ырыс, береке тілеймін. 23 қыркүйек, 2010 жыл. Париж.” Жан-жақтан Жаяу Мұса ата­ларының әндерін асқақтата шыр­қап әншілер жетті, сөйтіп, Қар­қаралы, Бурабай, Баянауыл ара­лығында тұратын өңіраралық дәс­түрлі әншілер байқауы басталды. Ән байқауын тамашалауға Алма­ты­дан Қазақстан Жазу­шылар ода­ғы басқармасы төрағасының бі­рінші орынбасары Ғалым Жай­лы­бай, жазушы, Мемлекеттік сый­лық­­тың лау­реаты Әнес Сарай, ән­ші Қайрат Байбо­сы­нов және Жаяу Мұсаның туған-туыс­тары қатысты. Кереку өңірі Бұқар жырау баба­мыз­бен, атақ­­ты Естай, дүлдүл Иса, күміс кө­мей әнші Май­ра, халық өнерін дә­ріптеген Жа­яу Мұ­самен мақтанады. Олардың есімдері ұмы­тыл­­май, міне, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Әнші-сазгер Жаяу Мұса Байжанұлы­ның қазақтың музыка өнерінде алар орны ерекше. Ол халықтың дәстүрлі өнеріне көп­теген шығармашылық жаңалықтар әкелді. Жаяу Мұса атамыздың өнер қуып, өзге елдерді аралауы қазақ музыка өнері үшін елеулі мәртебе әрі жаңалық болатын. Қазақ­тардың арасына көптеген аспаптарды тара­тып, олардың үндерін ел арасына сіңіре білу­дің өзін көзсіз батырлық деп білемін,– деді осы дәс­түр­лі әншілер байқауының ашылу­ында сөй­ле­ген сөзінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Жұртының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын сезіне білген әнші, қазағына қамқоршы да бола білді. Оның әйгілі “Ақ сиса” әні ауыздан-ауызға тарап, халқымен бірге мәңгі жасап келе жатқан асыл мұра. Осы жиында Жаяу Мұсаның шығарма­шы­лығы мен өмірін зерттеп жүрген жазушы Ға­лым Жайлыбай облыс әкімі Бақытжан Сағын­та­евқа әнші-композиторға арнап шығарған кі­таптарын тапсырды. Зал толы көрермендерге “Жаяу Мұса ауылы” атты өлеңін оқып берді. – Жаяу Мұса мұрасы әлі толық зерттеліп болған жоқ. Себебі, оның мұрасында бүкіл халықтың өмірі мен өнері жатыр,– деді өз сөзінде жазушы. Ал жазушы Әнес Сарай болса қазақтың әншілік өнерін әспеттеген Жаяу Мұса өз заманының нағыз көріпкелі еді дей келіп, оның шығармаларында қазіргі заман­ның белгілері бар екенін алға тартса, қазақтың дәстүрлі әндеріне қамқоршы болып, оларды ұрпақ санасына сіңіре білген әнші Қайрат Байбосынов: мен ХІХ ғасырдағы халықтық ән­дерді шамам келгенше осы күнге дейін жет­кізіп, өзімнің азаматтық борышым­­ды толықтай орындадым. Енді менің дарынды шәкірттерім осы асыл мұраларды келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізсе деген ар­манын айтты. Ән байқауы екі кезеңнен тұрды. Байқауға қатысушыларға Жаяу Мұсаның әндерін және өзге де дәстүрлі әндерді шырқау міндеті жүктелді. Екінші кезеңге үздік он қатысушы шығып, олар өз кезегінде Жаяу Мұсаның бір әнін және дәстүрлі бір әнді орындады. Байқау Баянауылдағы Мойылды шатқалында өткен дүбірлі тойда әрі қарай жалғасты. Бірінші орынды баянауылдық Берік Әбілдин алса, байқаудың бас жүлдесіне елордалық Серік Мұхамеджанов ие болды. Баянауыл баурайы – көптеген тау тұл­ғалардың мекені. Жаяу Мұса бабамыз да сондай ірі тұлғалардың бірі. Жұртшылық жағалай ақ шаңқан киіз үйлер тігілген Мойылды шатқалында өтетін мерейтойлық шараға жиналды. Жаяу Мұсаның жер-жерден туған-туыстары келді, олар тойдың көркіне айналды. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: қасиетті Баянауыл топырағынан түлеп ұшқан, ақын-сазгер, әнші Жаяу Мұса Байжанұлының 175 жылдық мерейтойы бүкіл қазаққа ортақ той екенін айтты. Той дүбірі басталған Мойылды жазығында Қа­зақстанның халық әртісі Қайрат Байбо­сы­нов кең дала төсін әуелете ән шырқады. Ала­ман бәйге мен күрес, қыз қуу басталды. Ба­лу­а­ндар белдесті. Шабандоздар ат құлағында ойнады. НАЙЗАДАЙ СӨЗДІҢ СҮЙРІГІ, НАЙЗАҒАЙ ЖЫРДЫҢ ЖҮЙРІГІ Керекудегі келесі той ақын атамыз Иса Байзақовтың 110 жылдығына арналды. Облыс орталығында студент жастар арасындағы рес­пуб­ликалық ақындар мүшәйрасы басталды. Сұл­­­танмахмұт Торайғыров атындағы мемле­кет­тік университеттің мәжіліс залында өлең­мен өрнектелген жыр додасына көрермендер көп жиналды. Иса Байзақовтың немересі, Сырт­­қы істер министрлігінің қызметкері Жұл­­дыз Байзақова мүшәйраның құрметті қонағы болды. Осы күні Ерлан Арын басқаратын уни­вер­ситетте ақынның үш томдық шығармалары жинағының және “Иса Байзақов” веб-сай­ты­ның тұсаукесері өтті. Шараға ақынның туған-туыстары және ақынды көзі көрген ақса­қалдар, ғалымдар қатысты. Исаның үш том­дық шығармалар жинағының мазмұнымен та­ныстырған ректор, экономика ғылымдары­ның докторы, профессор Ерлан Арын: Бұл үш том­­дықты шығару үшін көптеген адамдар ең­бек етті. Олардың қатарында бақилық болған жер­лес­теріміз Мүбәрак Жаманбалинов, Айт­­жан Бәделхан бар. Осы кісілер көзі тірісінде Иса ақынның шығармалар жинағын шығару жос­парын ойластырып, тиімді жолдарын ұсы­нып, өз ұсыныстарын ортаға салған бола­тын. Жинақты шығарудағы басты мақсатымыз – Иса ақынның өмірі мен шығармашылығын жұртшылық арасында, әсіресе жастар қауы­мының ортасына кең на­сихаттап, келешек ұрпаққа үлгі ету. Алғашқы кітапқа ақынның 11 поэмасы енгізілген. Екінші кітапқа өлең­дері мен шығармалары және ән мәтіндері, айтыс­тардағы сөз қағы­сулары топтастырыл­ған. Ал үшінші кітапқа Иса туралы естеліктер мен зерт­­теулер бе­рілген. Сондай-ақ, соңғы кітаптан ға­лымдар мен атақты тұлғалардың Исаға ар­наған тұщымды пікірлерін оқи аласыздар, – деді. Сол күні “Иса Байзақов” веб-сайты ашылды. Ерекше безендірілген сайт өмірбаян, шығар­малар, фотомұрағат жә­­­не тілек кітабы атты төрт негізгі тараудан тұ­рады десек, одан ақынның өмірі мен шы­ғар­ма­шы­лығы жайлы мәліметтерге қанығып, отбасы мен дос-жарандарының фотосу­рет­терін көруге болады. Шара барысында Иса ақынның әулетінің атынан оның немересі Құралай Байзақова сөйлеп, ақ­ын­ның құр­метіне игі шараларды ұйымдасты­рып оты­р­­­ған универ­ситет ұжымы­на зор алғы­сын ­біл­­дірді. Университет ұжы­мының ұйым­дас­ты­руымен Мәшһүр Жүсіп атындағы ор­талық мешітте Иса ақынға Құран бағышталып, ас берілді. Сан қырлы талант иесі, суырып салма ақындық өнерімен танылған ерекше тұлғаның құрметіне арналған сайысқа қатысуға ниет білдірген жас ақындар жалынды жырларын оқыды. “Найзадай сөздің сүйрігі, найзағай жырдың жүйрігі” деп аталатын респуб­ли­калық ақындар мүшәйрасы облыс орта­лығындағы “Шаңырақ” халық шығар­ма­шы­лығы және ойын-сауық қызметі орталығында өңірлік ақындар айтысына жал­ғасты. Айтыс жоғалып кетті дей­тін­дер, айтыс іздесе енді Керекуге келсін. Ак­тер­лік, әншілік, жыр­­шылық да­ры­ны­мен қазақ мәде­ниетінде те­рең із қал­дырған ақынның құр­ме­тіне арналған ақ­ындар айты­сы­на 29 ақын келді. Қо­ры­тынды айтыс мәресі Иса Байзақовтың туған жері, Ертіс ауданының Үлгілі ауы­лында өтті. Аудан бұл тойға жақсы дай­ын­далған екен. Жолдарын жөндеп ал­ып­ты. Жаңа мектеп салынып, жуырда ғана пайдалануға беріліп­ті. Мәдениет үйі жар­­қы­рап тұр. Ат бәйгесін ойнатып, ақын­дар ай­тысын ас­қақ­татып, кең далаға сән бер­гі­зіп Исаның елі екен­дік­терін тағы бір бай­қатты. Са­ры­­арқаның са­мал желімен жары­­сып, өнердің жел­маясын желдірт­кен, ән-жыр­дың пырағын ауыздықтап, шы­найылық пен шындықтың кестесін то­қып, желдірмесімен халықтың жүрегін бау­раған сахна тарланы Иса Байзақов Мұқ­тар Әуезовтің тілімен айтсақ, “Қай­таланбас ұлы тұлға, ол жүз жылда бір-ақ рет туатын дарын иесі”. Иә, Иса – қазақ өнерінің биік мұнарасы. “Сол мұ­­нарадан менмұндалаған оның өнері ешқашан өлмек емес. Әндері, желдірмелері желмен бірге жарысып, уақыт келе өнер ауқымы қалай кеңейсе, олардың да маңыздылығы со­лай арта түсуде. Өйткені, ақынның әндерінде қазақтың тарихы, қазақтың мұңы, қазақтың болашақ алтын таңы жырланған. Жастайынан жиын-топтарда жыр нөсерін тасқындатып төгіп-төгіп тастайтын Иса өзінен бұрынғы ақындар қол­­данып келген айтыс өнері мен дидактикалық жыр, толғау дәстүрін дамыта отырып, социа­лис­тік реализмнің талғам, талаптарын лири­ка­лық өлеңдері мен поэма­ла­рында шебер қол­да­нып, жазба әдебиетте өзіндік стилін қа­лып­тастырды деп жазады өткен күндер шежіресі ол жайында. Ақын Исаның 110 жылдық мерейтойы облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында жалғасты. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.