• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2010

Апта айшықтары

448 рет
көрсетілді

Мектептерге –  елеулі есімдер Ұстаздардың төл мерекесі алдында Жезқазған қаласы мен оның төңірегіндегі кенттердегі бірқатар білім ұяларына еліміз тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың есімдері берілді. Бұдан былай қарай мыс өндірушілер шаһарындағы № 1, № 4, № 9, №10 және №21 мектептер шәкірттері ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың, халық батыры Бауыржан Момышұлының, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың, жалынды күрескер Міржақып Дулатовтың, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың, ірі саясаткер Мұстафа Шоқайдың аттарындағы оқу ошақтарында оқитындықтарын мақтан тұта алады. Сондай-ақ қаладағы № 26 гимназия ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлихановтың есімін иеленді. Ал Кеңгір кентіндегі №2 орта мектеп маңдайша тақтасында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі жарқырап тұрса, Талап ауылындағы № 6 мектепке 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің аты берілді. Айқын НЕСІПБАЙ. Жезқазған. * * * Жомарт жүректің жалыны Осы тақырыппен өткен жұмада Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада айтулы ақын Жұбан Молдағалиевке арналған әдеби кеш болып өтті. Бұл шара белгілі қаламгердің “Мен – қазақпын” поэмасына бағышталды. Жас ұрпақты елжандылық пен патриоттыққа үндейтін аталмыш шараға қатысушылар ақынның өмірі мен шығармаларынан мол мағлұматтар алды. Мазмұнды да қызықты өткен кеш барысында Ж.Молдағалиевтің жыр жолдары көпшілікке шашу етіп шашылса, жергілікті ақындар қалам иесінің құрметіне өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, арнау өлеңдерін оқыды. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда. * * * Өзара ынтымақтастық өрістейді Облысқа Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районынан кәсіподақтар делегациясы келуіне байланысты облыстық кәсіподақтар кеңесінде арнайы жиын өтті. Бұл жолғы басқосудың мақсаты – облыстық кәсіподақтар кеңесі мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районы кәсіподағының өзара ынтымақтастық жөніндегі шартына сәйкес екі ел арасындағы байланысты нығайту. Жиында сөз алған облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов қытайлық өкілдерді өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды, кәсіподақтардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Елбасының тапсырмасымен барлық ұжымдарда, соның ішінде, жеке меншік мекемелерде де ұжымдық келісім-шарт жасау міндеті қойылған. Ал, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районы кәсіподағының төрағасы Тинь Цюаншень Қазақстан ғана емес, басқа да Орталық Азия елдерімен тығыз бай­­ланыс орнатылғанын айтты. Делегация қаладағы бірқатар кәсіпорындар мен білім, денсаулық сақтау мекемелерінде бол­­­ды, сондай-ақ, облыс аумағында жұмыс іс­тей­­тін Қытай инвесторларымен кездесті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе. * * * Кеден көптің назарында Нұротандықтар халықтың көкейіндегіні дөп басып отырады. Өткен аптада олар “Қайрақ” кеден бекетіне барып, көшпелі мәжіліс өткізді. Қонақтар алдымен кеденнен өтетін көліктермен есірткі, қару-жарақ сияқты рұқсат етілмеген заттардың өтіп кетпеуін тексеретін арнайы жабдықтармен, олардың жұмысымен танысты. Ондағы заманауи құралдардың арқасында кезінде “Қайрақ” бекетінен есірткінің елімізде бұрын-соңды кездеспеген ең үлкен партиясы–547 килограмм героин ұсталған болатын. Мәжілісте нұротандықтар Кеден одағына кіретін елдердің заңдар сәйкестілігін қарады. Проблемаларды талқылады. Кеденде олар партиялық бақылау бекетін орнықтырды. Сәл кейінірек мұнда ақпараттық қабырға парақшасы мен партиялық байланыс телефоны да орнатылады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * Жазушының 90 жылдығына арналды Жуырда Абай қорық-мұражайында өткен кезекті бір әдеби-танымдық кеш жергілікті жазушы, бірнеше романдардың авторы, мұхтартануға бір кісідей үлес қосқан қарымды қаламгер Кәмен Оразалиннің 90 жылдығына арналды. Кеш барысында Қарауылдан алысқа ұзап шықпай-ақ көп шаруа тындырған майдангер жазушының қажырлы еңбегі, ұлағатты ұстаздық жолы туралы естеліктер молынан айтылды. Ал мұның алдында Абай ауданында өткізілген Кәмен оқулары бір айға созылған еді. Жазушы өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған негізгі шара келер айдың соңына қарай Қарауылда өткізілмек. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * “Сәлем, Сарыарқа” ауылға келді Ойын-сауық бағдарламалары осылай деп аталатын алматылық бір топ әнші Кереку өңіріне гастрольдік сапармен келіп қайтты.Өткен аптада Павлодар Ақсу, Екібастұз қалаларында өнер көрсеткен әншілер тобы облыстағы аудан орталықтарын аралады. Күзгі жиын-терін шаруасынан шаршаған бойды жақсы әндер баурап, домбыра әуені еліттірді. Сөйтіп, ауылдықтар бір рахаттанып қалды. Өздеріне әндері де, аттары да жақсы таныс Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Сембек Жұмағалиев, Сүлеймен Ибрагимов, Тах­мина Әшімбекова сынды өнерпаздарды көрермендер құрметпен қарсы алды. Жиналған қауым осындай ойын-сауық бағдарламасын тегін ұйымдастырған жергілікті басшылар мен әкім-қараларға риза болысты. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * * * Зиянкестер айылын жияр емес “Табиғат – тал бесігің” дейді халық даналығы. Алайда, Жаратқанның адам баласына берген игілігін дұрыс пайдаланбай, түз тағысындай жыртқыштықпен қарау жалғасып келеді. Өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов табиғатты қорғау мәселесіне байланысты жиын өткізді. Заң бұзушылық көп. Рейдтік тексеру кезінде балық инспекторлары 106 адамға айыппұл салған.  Аң аулау ережесін сақтамаған 152 оқиға орын алған. Бұл – инспекторлардың көзіне түскені ғана. Мылтығы шошаңдап, қопа-көл, қалың жыныс-жыңғылдың ішінен шықпайтындар айылын жияр емес. Бүйте берсе, барлық аң-құсты атып тауысатын түрлері бар. Облыс әкімінің бірінші орынбасары оларға қарсы пәрменді күрес жүргізудің жайларын айтты. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.