• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2010

Қоңыр күз Оңтүстікке өз берекесімен кірді

511 рет
көрсетілді

Халық аузында “қысқы ша­наң­­ды жазда сайлап ал” деген жақ­сы мәтел бар. Яғни, әр нәр­сенің мез­гі­лі жеткенде дайын болмай қол­бы­рап, божырап жүрме дегені ғой. Қазір Оңтүстікте қоңыр күз. Көк­темнің ала көбең бұлтты күн­де­рімен келген жылымықты пай­­­да­ла­нып, егіс даласында жүрген ди­қан­дардың еңбегінің рәтін кө­ре­тін­дігі, отбасының аузы май­ланатын кезеңі. Қоңыр күз Оңтүстікке қандай сыйымен келді? Ауыл шаруашылығы саласына 2010 жылы респубикалық бюд­жет­тен 7 647,4 млн. теңге, облыстық бюджеттен 696,9 млн. теңге бө­лінген болатын. Егін шаруашылығы туралы айтар болсақ, биылғы жылы дәнді дақылдар өткен жылмен салыс­тыр­ғанда ( 2009 ж. 192,8 мың га) 20,0 мың гектарға (2010 ж. 212,8 мың га), оның ішінде бидай 17,2 мың гектарға , майлы дақыл (2009 ж. 74,8 мың га) 27,2 мың га (2010 жылы 102,0 мың га), картоп (2009 жылы 10,2 мың га) 2,1 мың (2010 ж. 12,3 мың га), бақша (2009 жы­лы 25,7 мың га) 10,4 мың (2010 ж. 36,1 мың га), мал азықтық дақыл­дардың егіс көлемі өткен жылдан (2009 ж. 162,7 мың га) 1,2 мың гектарға (2010 жылы 163,9) артып отыр. Жалпы барлық егіс көлемі, жүзім мен бауды қосқанда 722,0 мың га құрады. Облыс әкімінің тікелей тап­сыр­масымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп 86 мың га жердің негізінен су жүйелерінің істен шығу себебінен айналымнан шығып қалғаны анықталды. 2009 жылы республикалық бюджеттен 2,6 млрд. теңге қаржы бөлініп 63 су шаруашылығы ны­сандары бойынша қалпына келті­ру жұмыстары жүргізілді. Нәти­жесінде 44 мың га жер айналымға қосылды. 1196 шақырым арналар­дың су өткізу қабілеті жақсарды. Бұған қосымша облыстық бюд­жеттен 369 млн. қаржы бөлініп, 21 арна (430 шақырым) қалпына кел­тіріліп 5400 га жер іске қосылды. 2010 жылы жоспарланған 42 мың га жердің 32,5 мың га жер айналымға қосылып, қосымша 11 мың га дәнді дақыл, 4,3 мың га бақша, 2,9 мың га көкөніс, 4,0 мың мал азықтық дақылдар, 1,5 мың га дәндік жүгері, 3,7 мың га мақта т.б. дақылдар егіліп, өткен жыл­­­мен салыстырғанда 70 мың тон­на көкөніс, 70 мың тонна бақ­ша, 28 мың тонна картоп, 14,2 мың тонна мақсары артық алынды. Бүгінгі күнге астық ору жұ­мыс­тары аяқталып 268,0 мың тон­на астық, оның ішінде 254,0 мың тонна бидай мен 13,8 мың тонна арпа, 464,0 мың тонна көкөніс, 453,0 мың тонна бақша, 130,0 мың тонна картоп, 32,0 мың тонна же­міс, 5,0 мың тонна жүзім жиналды және 2394,1 мың тонна мал азығы дай­ындалып, әлі дайындау жұ­мыстары жалғасуда. Қазіргі республикадағы негізгі мә­селенің бірі – республика халқын көкөніс-жеміс өнімдерінің барлық сапалы түрлерімен қамта­масыз ету болып отыр. Ерте пісе­тін көкөніс өнімінің көлемін ұл­ғайтуға жылы­жайлардың қосатын үлесі мол. 2009 жылға дейін облыста жал­пы жылыжайлардың көлемі 90 га ғана құраған болса, бүгінгі күні 2 есе­ден артып, 194 га жетті. Жыл со­­ңына дейін 200 га артатын болады. Бүгінгі таңда облыста 1753 жы­лыжай бар. Олардың жалпы егіс көлемі 194 га. Жалпы осы жылы 12,8 мың тонна өнім алынып, он­ың ішінде 8,8 мың тонна қызанақ (123,2 га), 3,8 мың тонна қияр (31,7 га), қалған 21,3 га басқа да өнімдер (көк сөк, пияз, көшет жә­не т.б.) өндірілді. 2010 жылдың тапсырмасына сәй­кес, тамшылатып суғару техно­ло­­гиясы бүгінгі күнге 4143,91 гек­тар жерге ендіріліп отыр. Қаржыландыру институттары мен аудан, қала әкімдіктерінен ал­ынған нақты мәліметтерге қара­ған­да, ағымдағы жылы облыс бой­ын­ша тамшылатып суғару техно­ло­гиясын өндіріске ендіру тапсыр­масын орындау мақсатында, қал­ған 5 856,09 гектар жерге тамшы­латып суғару әдісін ендіру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нан бағасы қымбаттамайды Қазір облыс үшін өзекті мә­селелердің бірі – нан өнімдерінің бағасының қымбаттамауына тұсау салу болып тұр. Облыс әкімдігінде штаб құрылған. Күлтөбенің ба­сын­­дағы күнде жиынға ұқса­ға­­ны­мен қазір қауырт кезең болып тұрғаны рас. Оңтүстік Қазақстан об­лысы – орналасуы жағынан тран­­­зиттік дәліз, қақпа. Солтүс­­тікте өнді­рілген бидай, ұнның Өз­­бекстаннан тартып, Ауғанстанға дейін шыға­тын жері осы. Оң­түс­тіктің өз би­дайы жұмсақ. Сапасы төмен. Нан жапсаң ортасы бі­рік­пей, сулы бо­лып ылжырап тұрады. Өзбекстанда да солай. Олар да Қа­зақстанның сол­түстігінің асыл би­дайы­­на ын­тық. Өзбекстаннан әрі қарай Азия мемлекеттері ұядағы балапан се­кілді аузын ашып және отыр. Олардың ындынын толтыру үшін орта есеппен Азияға Оң­түс­тік арқылы күніге 50 мың тоннаға дейін ұн өтеді делінеді. Әрине, астық өсірген ағайынның экс­порт­қа өні­мін шығару еркі. Пайдасын тапсын. Бірақ, ол елдің мүддесі тұр­ғы­сы­нан болмау керек. Нан – өмір. Нан болса ән де болады. Үкімет осы­­­ған байланысты қаулы қабыл­дады. Ауыл шаруашылығы министр­лігі, ҚазАГРО ұлттық холдингі, Аз­ық-түлік келісім-шарт корпора­циясы, Астық өндірушілер одағы және облыс әкімдігі алқақотан отырып, меморандумға қол қой­ған. Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясы тоннасын 26 мың 500 теңгеге алған астығын Оңтүстікке кезең-кезеңімен жіберіп отырады. Сол бидайдың бір дәні шашау шықпай наубайханадан халыққа арзан нан түрінде дастарқанына баруы керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қанатбек Оспанбековке барғанбыз. Бойы екі метр алпам­садай ағамыз алдындағы қағаздар­дан басы қалқиып зорға көрініп отыр десек те болады. Науқан өрт­тей жанып тұр. Еңбек жолын ауыл шаруа­шы­лығынан бастаған Қанекең есепке жүйрік. Мәселен, облысқа 314 мың тон­на астық керек болса, соның 164 мыңы Оңтүстіктің өз бидайы. Сырттан 150 мын тоннаға дейін астық сатып алыну керек. Қаласаң да, қаламасаң да. Ауылдық жер­лер­де 1 млн. 700 мыңдай халық тұ­рады десек, 3-4 гектар жеріне ас­тық еккен диқандар 400 мың ха­лық­қа нан тауып берер ме екен. Ал, ірі агроқұрылымдардың ен­шісінде 114 мың тонна астық бар. Солтүстікте астықтың бағасы соңғы екі айда көтеріліп тоннасы 34-37 мыңға дейін жетті. Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясы астық өндірушілермен бұ­рыннан түзілген келісім-шарт бойынша 25 мың 500 теңгеден ал­ып, облыстарға жөнелтіліп жатыр. Оңтүстік қыркүйекке тиесілі 5 мың тонна астығының құнын тө­леп, Ақмола облысы Макин ау­да­нындағы элеватордан алуда, Қа­раша айында 28 мың тонна алу ке­рек болса, соның 21 тонна­сы­ның қаржысын төлеп қойған. Енді құны алтынмен тең осы астық сыртқа шығып кетпей опе­раторлар арқылы тікелей нау­бай­ханаларға жөнелтілуде. Ауыл ша­руашылығы басқармасының басты назарда ұстап отырғаны 1 сұрыпты ұн. Оның келісі 50 теңгеден ас­па­уы керек. Осы есеппен наубайха­на­дан бөлке нан 26-28 теңге ара­лығында дайын болады. Оны дү­кен­дерге тасымалдау мен сату ба­ғасын қосқанда 32-34 теңгеден аспауға тиіс. Алайда, қу бастан қуырдақтық ет алып үйренгендер қай жерде де табылады ғой. Әкімдік сәл қырағылықты азайтса, 34-40 теңгеге дейін көтеріп жібере­тін делдалдар жетеді. Басқарма Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп 1740 дүкеннің есебін алған. Қырық екі наубай­хана нанды осы тізім бойынша босатады. Ауыл, аудандардағы жағдайда осы. Облыс әкімдігінің негізі мақ­саты – келісім-шарт арқылы арзан бағамен операторға берілген астық­тың сыртқа шығып кетпеуін қа­да­ғалап, нан бағасының қым­бат­та­мауына ықпал жасау. Пай­даға қы­зығып, мемлекет бөлген астықты қымбат бағаға сатқан опе­раторлар үлкен жауапкер­ш­і­­лікке тартылады. Заңдық, құқық­тық жолмен. Биылғы қуаңшылық осындай қадамдарға барғызып жатыр. Әри­не, мұны Қазақстанның басын­да­ғы жағдай ғана деп түсінуге бол­майды. Көрші Ресейдің кейбір қа­лаларында аз қамтамасыз етілген отбасылар қат, арзан азық-түлікті карточкамен алу жүйесіне көшті. Ондай күндер халқымыздың басы­на түспей-ақ қойсын. “Бір аш­тық­тың бір тоқтығы болады” дегендей, бұл күндер де тез өтер. Оңтүстікте облыс әкімдігінің жұмыс нәтижесі көрініп жатыр. Нан бағасы қымбаттаған жоқ. Алда да солай боларына халық сенеді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.