С.З.Қайырбекованы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындау туралы
Салидат Зекенқызы Қайырбекова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы қазанның 7-сі. №1085.
Салидат Зекенқызы ҚАЙЫРБЕКОВА
1961 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, медицина ғылымдарының докторы.
Институтты бітіргеннен кейін Қарағанды облысының денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеді. Қарағанды қалалық емханасының неврология бөлімін меңгерді, Қарағанды облыстық көп бейінді емдеу диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болды.
2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінде еңбек етіп, бөлім бастығынан аппарат басшысына дейінгі жолдан өтті. Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің төрайымы болып тағайындалды.
2010 жылғы сәуірден бастап – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі.
* * *
Жаңа басшыны таныстырды
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымына Президент Жарлығымен жаңадан тағайындалған ведомство басшысы Салидат Қайырбекованы таныстырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
* * *
Тағайындау
Мемлекет басшысының Жарлығымен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
* * *
Мемлекет басшысының Өкімімен Ғалымқайыр Мұтанов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.
* * *
Хроника
Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Құлтайұлы Әміреев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы қызметінен босатылды.
* * *
Мемлекет басшысының Жарлығымен Жақсылық Ақмырзаұлы Досқалиев Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды.