Кеше Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының көшпелі мәжілісі өтті. Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен және аталмыш академия филиалымен бірлесе ұйымдастырылған басқосу 2010-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы өзекті мәселелер тақырыбына арналды.
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық даму үрдісі мен оның жауапкершілігі ендігі жерде аймақтарға қарай ауатынын атап көрсеткен болатын. Осы тұрғыда көшпелі мәжілісте көтерілген бүгінгі заманғы озық технологияларды кеңінен енгізу, инновациялық қызметті жандандыру жөніндегі жан-жақты еркін пікір алмасулар мен үнқатысулар оның басты жетістігі болып қалмақ.
Аталмыш мәселеде ғылым мен тәжірибенің тұтастығы басты мәнге ие. Мұнда шешімін күтіп тұрған мәселелер де жеткілікті. Айталық, ҚР ҰҒА вице-президенті Амандық Төлешов инновациялық жобаларды ғылыми-технологиялық тұрғыдан қамтудың жай-күйіне тереңірек тоқталды.
Бүгінде әлемнің білікті ғалымдары күн, жылу, су және жел қуатын пайдаланудың соны тәсілдерін өндіріске енгізу жолдарын іздестіруде. Мұның өзі отандық ғалымдар бұл мәселеде босқа жүр деген ұғым туғызбайды. Мысалы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Нәдір Нәдіров республикада жаңғырмалы энергетика тақырыбын түбегейлі зерттеп жүрген ғалым. Ол бүгінде осы технологияны өндіріске енгізу мәселелерімен айналысуда. Сондықтан да болса керек, Нәдір Кәрімұлының баяндамасы көшпелі мәжіліске қатысушылардың қай-қайсысын да селсоқ қалдыра алмады.
Сондай-ақ инженер-ғалымдардың басқосуы кезінде республикада техникалық мамандар әзірлеу ісінің толғағы жеткен мәселелері де кеңінен талқыланды. Рас, жыл сайын жүздеген мамандар қолына диплом алып шығады. Алайда, озық технологияның қыр-сырын толық меңгерген, онымен жұмыс істей алатын кадрларға деген сұраныс азаймай келеді.
Отандық индустрияның дем берушісі, қайнар көзі – инновация. Ал ол ғылым мен білімді дамытпай алға жылжи алмайды. Сондықтан да еліміздегі жоғары білім сапасы биік халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Тек сонда ғана инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға қабілетті мамандар әзірлей аламыз. Адам ресурстары – оның басты кілттерінің бірі деп атап көрсетті көшпелі мәжілісте Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик Жексенбек Әділов.
Мамандар әзірлеу дегеннен шығады. Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті еліміздің батыс аймақтарына ақпараттық жүйе, радио және телекоммуникация салаларына қатысты мамандар әзірлеп отырған жоғары оқу орны. Мәжілісте осы білім ордасының басшысы Ақсерік Әйтімов техникалық мамандар әзірлеудің инновациялық үлгілері әрі оны жүзеге асыру жолдары туралы әңгімелеп берді. Мәжіліс депутаты Виктор Киянский Парламент қарауындағы техникалық реттеу, экология және ғылым туралы заңнама жобаларын талқылау барысында басқосуда айтылған ғалымдар пікірі ескерілетінін жеткізді.
Түйіп айтқанда, Ұлттық инженерлік академия ұйымдастырған Оралдағы көшпелі кеңес өңірлерде өнеркәсіптің тамыр соғысын жақсартуға септігін тигізетініне сенгіміз келеді. Мұнда ортаға салынған озық инженерлік ойлар инновациялық даму үрдістерінің тынысын кеңейте түсері кәміл. Сондай-ақ Оралда көшпелі мәжіліс шеңберінде бірқатар жаңа ғылыми-инновациялық жұмыстардың тұсауы кесіліп, геологтар даңқы аллеясы ашылды. Бұл республикадағы осындай тұңғыш демалыс орны болуымен ерекшеленеді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.