“Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалында 118 партиялық бақылау бекеті құрылған. Оның 45-і өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай аяқтап отыр. Жұртшылық көңілінен шыққан жаңа құрылымдар – “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыз су”, “Тұрғын үй құрылысы”, “Индустриялық-инновациялық үдемелі даму”, “Ұлттық денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесі”, “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламаларының талапқа сай орындалуына сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында да бақылау бекеттерінің қызметі халықтың сенімді жанашыры ретінде танылып отыр. Партиялық жұмыстың санқырлы шараларына баспасөз өкілдерін кеңінен қатыстыру қызметтің жариялылығы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізгендігін атап өткен жөн.
Партияның Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Баймағамбетов басқарған комиссияның құрамында жуырда бірнеше маңызды нысанның жұмысымен танысқан едік. Өңірде заманалық технологиямен кірпіш өндіру жобасын қолға алған “ENKІ” ЖШС бөлінген 7 миллиард теңге қаражаттың 6,2 миллиард теңгесін игеріп үлгеріпті. Құрылыс жұмыстарына 105 адам тартылған. Олар ірі зауытты белгіленген кестеге сай алдымыздағы қараша айында пайдалануға береміз деп отыр.
“Жол картасы” бағдарламасымен Ақан сері атындағы мәдениет колледжіндегі, №3 қазақ мектеп-кешеніндегі, “Огонек”, “Жұлдыз” мектеп-балабақшаларындағы, политехникалық колледждегі күрделі жөндеу жұмыстары сапалы аяқталып, оқушылар мен бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. Мұндағы бақылау бекеттері мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуына, жобалық талаптардың сақталуына, азаматтарды “Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімі арқылы жұмысқа тартуға ерекше көңіл бөлетіндігі оң мысал ретінде атап өтілді.
Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасын орындауда “Нұр Отанға” айрықша тапсырма бергені белгілі. Осыған байланысты облыстық филиал Көкшетау қаласының іргесіндегі жаңадан салынған ауыл жағдайын бақылауда ұстауда. Мұнда бір жылдың ішінде жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын екі пәтерлік 138 үй қатарға қосылды. Онда 276 отбасы қоныстануы тиіс болса, қазір Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан келген 221 отбасы тұрып жатыр. Осындағы партиялық бақылау бекетінің төрағасы Мейрамбек Қиықовтың айтуынша, жаңа үйге кіргісі келетіндер жоқ емес. Мәселе, жобалау және қаржы құжаттарының нақты жағдайларды толық ескермей жасалғандығында болып отыр. Мамандар “Нұрлы көш” ауылы төртінші категориялы тұрғын үй тобына жататын көрінеді. Яғни, мейлінше арзан құрылыс материалдары мен жабдықтары пайдаланылған. Осының салдарынан өткен қыста қалыпты жылу қамтамасыз етілмеген және әлгі жобада қора-қопсы, отынхана, кіреберіс жаппа тұрғызу қарастырылмаған болып шықты. Сапаның төмендігінен үйдің нақты бағасына қатысты арыз-шағымдар түсуде. Партиялық бақылау бекеті арнайы мәселе көтеріп, тиісті орындардың қосымша қаржы бөлуін, бас мердігер “Көкшетаустрой ПСК” ЖШС қосалқы құрылыстарды салумен бірге, оны 10 жыл бойы қалыпты жағдайда ұстауға кепілдік беруін қадағалауда.
“Нұрлы көш” ауылында еңбекке жарамды 491 адам болса, оның 249-ы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бауырларымыздың бірқатары әлеуметтік жұмысқа тартылса, 47 адам наубайханашы, автогрейдерші, оператор, слесарь, тігінші, аспаз, медбике мамандықтарына тегін оқытылуда. Биыл ауылдың 130 баласы мектепке барды. Оларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Алдағы кезде балабақша салу мәселесі де көтерілуде. Ауыл мен облыс орталығы бағытында автобус қатынасы қамтамасыз етілді. Полицияның учаскелік инспекторы мен фельдшер ұстау қажеттілігі де шешімін табады деп күтілуде.
Көкшетау қаласында денсаулық сақтаудың ұлттық бірыңғай жүйесі 12 бақылау бекетінің назарында ұсталуда. Олардың белсенді жұмысы облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясында жақсы қырынан атап өтілді. Бақылау бекеттері Көкшетау қаласында ғана жоғары білікті 100-ден астам дәрігердің жетіспейтіндігін анықтаған. Сондай-ақ, жекелеген медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасалмағандығы, олардың бағасы негізсіз көтерілгендігі, жеңілдіктердің сақталмайтыны, бірыңғай ұлттық жүйе талаптарының бұрмаланатыны дабыл етіп көтерілуде.
Бурабай ауданындағы 11 бекеттің (комиссия төрайымы Әсел Исабаева) 9-ын аудандық мәслихаттың, 1-ін облыстық мәслихаттың депутаттары басқарады. Бұл аталған құрылымның ықпалдылығын арттыра түскені анық. Осыған байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Биыл өзінің 80 жылдығын атап өткелі отырған педагогикалық колледжге жөндеу жұмыстары жүргізілуінде, сахна киімдерінің алынуында партия белсенділерінің айтарлықтай үлесі бар. Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжі мен Зеленобор мектеп гимназиясында “Жол картасы” қаржысының мақсатты жұмсалуы үнемі бақылауда ұсталды. Сондай-ақ, нұротандықтардың араласуымен “Шабыт СТ” ЖШС құрылысшылардың өтелмей келген еңбекақы қарыздарын төлей бастады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қолға алынған жасампаз жобалардың маңыздылығына назар аудара келіп: “Нұр Отан” ХДП үшін 2020 Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс”, деп атап көрсетті. Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуде партиялық бақылау бекеттері жауынгер құрылымға айналғанын жоғары мысалдар дәлелдейді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.