Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған бір топ депутат елімізде ресми сапармен жүрген Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахин бастаған делегация өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы еліміз тәуелсіздігін алмай тұрған кезде ешқандай байланыс болмағандығын, ал бүгінде бауырлас екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын ерекше атап көрсетті. Спикер өз сөзінде былай деді: “Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық, мәдени ынтымақтастық байланыс жоғары деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бүгін өзіңізбен өткен кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы сауда айналымын 10 млрд. АҚШ доллары көлеміне жеткізу керек екенін айтты. Оған мүмкіндігіміз бар”. Енді аталған межеге қол жеткізуде парламентаралық ынтымақтастықтың алар орны ерекше. Бұл бағытта екі ел заңнамаларын сәйкестендіру мәселесі шешімін табуы тиіс.
Мехмет Әли Шахин: “Қазақстанның ең мықты, ең тұрақты ел екенін көріп тұрмыз. Осы аймақтағы беделді ел екенін халықаралық қоғамдастық та мойындап отыр. Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, желтоқсан айында Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілетіндігі мемлекеттің әлемдік деңгейдегі абыройын арттыра түседі”, – деді. Түркиялық делегация басшысы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 19 жылдың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманға еліміздің атына айтқан жылы лебізі үшін ризашылығын жеткізді. Кездесуде соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия депутаттарының БҰҰ, ЕҚЫҰ, Түрік ПА және басқа халықаралық ұйымдар аясында жиі кездесіп, пікір алмасып жүргені де аталды.
Тараптар қазанның 10-ы күні Қырғызстанда болатын парламенттік сайлаудың ойдағыдай өтуіне тілектестіктерін жеткізді. Сондай-ақ Елбасы бастамасымен құрылған Түріктілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының жұмысы әңгіме өзегіне айналды. Мехмет Али Шахин Қазақстанға, соның ішінде Астана қаласына бірінші рет келіп отыр. Мәртебелі мейман өзінің елорда көркіне таңданысын жасыра алмады.
Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.