• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2010

Ұлтжандылық ұлағаты

699 рет
көрсетілді

Ескінің көзі, жаңаның өзі десек, жарасар! Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованы айтамыз да. Осы қарашада 95 жасқа толады. Кеудесі күмбір сырмен көмкерілген ғазиз жан, асыл әже. Жайқалған бәйтерек: саясы самал, өңірге жұпарын шашып тұр. Өнеге, тәлім, тәрбие жолы өзінше кең өріс. Гүлнәр апай ескілердің сарынымен – сартап болған жағдаяттарды хат тілімен тірілткен көкірегі кен, аузы дуалы, көмбелі кісі. Міржақып әкесінің үлгісімен хат жазып, тереңнен сыр суыртпақтайды. Әкетайының қаншама жазба, сурет құжаттарын осы күнге жеткізіп, аманаттады. Демек, жеке бастың ғана қамы емес, мемлекеттік іс. Әрине, хат қарасы да қомақты. Өзі де әлі күнге көнелік киесіндей хаттарын саябырсытқан емес. Соның мысалы – төмендегі бір қолтаңбасы. “Ауылым – атамекенім”, “Қиылған ғұмырлар”, т.б. кітаптардың авторы, өлкетанушы, қаламгер, Ақмола өңірінің тумасы Клара Әмірқызына жолдаған, бізге жеткен дара хат екен. Жауап хатты да жұптастырып жарияладық.

Қайсар ӘЛІМ.

Кларажан!

Жазған хатың қолыма 20.07.1994 күні тиген еді, кезінде жауап қайыруға мұршам болмады, сол үшін өзіңнен кешірім сұ­рай­мын. Амандығыңды біліп қуанып қалдым, біз де есен-сау күнделікті күйбелеңмен жүріп жатқан жай бар. Ұсынған кітабыңды қызыға оқып шықтым. Қазақ елінің ХІХ ғасырдан бері көріп келген аянышты күнін, өткен тарихи кезеңдерді қозғап, шынайы деректерді құжаттармен келтіре дәлелдеп, барлығын ой елегінен өткізіп жазып шығу бұл үлкен көл-көсір еңбек, бір диссер­тацияға тұрарлық еңбек деп білуіміз керек. Әлі де болса толықтырып жалғастыру ар­тықтық қылмас (Хат иесі мұнда Ақмола қаласынан 1993 жылы шыққан “Ауылым – атамекенім” деп аталатын өлкетану жазба­лары кітабын айтып отыр – Қ.Ә.). Бұл кітап ел-жұрт үшін, әсіресе қаулап өсіп-өркендеп келе жатқан ұрпақта­ры­мыз­дың көзін ашып, ой-өрісін кеңейтіп, сана­сын қозғап оятуына өте қажет. Айналайын Клара! Өзгелерді білмеймін, жа­зылған кітап қадірін бағалаймын. Өмірде қа­сіретті көп шеккен апаңның көңілін боса­тып, көз жасын бір төктірдің, саған үлкен рах­­­ме­тімді айтып, алыста болсаң да құша­ғыма ал­­дым! Жемісті еңбегіңмен құттық­тай­мын! Қа­ла­мың жүйрік, ұзақ өмір сүр, денің сау болсын. Даниярым былдырлап сөйлейтін болып ке­леді, “қолғабысын” әжесіне артып жатыр. Бар­­лық жазушылық тіршілік әзір тоқтап тұр. Жан­натқа жәрдем бермесем, күн кешу оңайға түс­пейтіндей болып тұр, бәріне көнуге бел бай­­ла­ған кісімін ғой. Бәрімізге Алла қуат берсін! Жуырда аз күнге Тәшкен, Шымкент барып, Динарамның немерелерін, өзімнің шөберелерімді сүйіп келдім. 5 қыркүйекте Пав­лодарға құдалықпен, қайнымның бала­сын үйлендіруге барып, келін түсіріп келдім. Менің 1989 жылдан бері сапар шегуім осылай өтті. Қазір қыс қамындамыз, Жаннат жұ­мыста, Іңкәрім 6 класта үздік оқиды, басқа балаларым: Нұрлан, Ерлан үй-ішімен аман­дықта. Өзімнің денсаулығым бұрынғыша. Гипертонияны дәрімен күтудемін. Кларажан! Біз жаққа қашан келесің? Қожа туралы (Хасен (Қожа) Қошанбаев – Қа­зақ КСР Жеңіл өнеркәсіп халық комис­сары лауазымына дейін көтерілген. 1915 жылы М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романы бойынша қойылған спектакльді ойнаған атбасарлықтардың қатарында бол­ды – Қ.Ә.) деректерді қалдырма, сенен басқа аруақтарды еске алатын кім бар. Балаларыңа тегіс сәлем. Сәлеммен сүйдім, Гүлнәр апаң Міржа­қып­қызы Дулатова. 28.09.1994 Алматы.

Аяулым менің, Гүлекем!

Сенің сонша бауырмалдық сезіммен, жү­регіңнің ең жылы түкпірінен толғана жазған хатыңды алып, жоғалтқан туысқаныммен енді табысқандай күй кештім. Өзіңдей жан­ның құшағында болуды, түсінген адам ар­ман­даған болар еді-ау. Қалған аз ғана өмі­рімізде құшағымыз жазыла көрмесін деп ті­ле­геннен басқа не айтармын. Бізді табыс­тыр­ған Қожа мен Міржақыптың, Биға мен Ғайнижамалдың аруақтары болар (Қожаның зайыбы – Биға, Міржақыптың зайыбы – Ғайнижамал – Қ. Ә.). Мен жазушы да, тарихшы да емеспін ғой. Ел табанында қалған азаматтардың ден­шілігінің басқа тілдің тәрбиесіне көш­кеннен бері намыссыздығы көбейіп бара жатқаны жаныма батып жүргендіктен, әй­теу­ір, халқымыздың басынан өткен шын­дық­тарды білгенімше хабарлай берейін деген мақсат еді. Жоғары бағалағаныңа көп рахмет. Осы кітап үшін елдің жалтақ та, жасқаншақ басшылары бойларын тартып, сақтана қарайды. Шығару үшін кедергі де аз болған жоқ. Құдай абұйыр бергенде кі­тап­тың қажеттілігі күн сайын артуда. Бір кітапты осы елді зерттеуші америкалық, Россия тарихынан дәріс беретін “Индиана” шта­ты­ның “Блюменг” университетінің оқытушысы облыстық кітапханадан жалына сұрап әке­тіпті. Госпожа Поль Микаэла “Бел­гісіз Тың” тақырыбына докторлық диссертация қорғайтын көрінеді. Өзің көрген Аскеніме апарып тастаған кітаптың бір бумасын омбылық аспиранттар әкетіпті. Осы елдің естілері де қажеттігін түсіне бастаған тәрізді. Ал енді өзіңе хат жазғаннан кейін көп ұзамай Қожаның (Хасен (Қожа) Қошанбаев. – Қ.Ә.) “жауапты ісін” осы облыстың КНБ-сіне жіберткенін хабарлады. Алматы азаматтарына алғысым шексіз. Саналы аза­маттар қашанда болады ғой. Энциклопе­дия­ның қалыңдығындай 5 том. Сол мекеменің арнаулы бөлмесінде отырып танысуыма мүм­кіндік жасады. Қажетті жерлерін көші­ріп те алдым. Түрме заңымен түсірілген су­ре­тін алуыма да рұқсат етті. Қазір бар бі­л­­геніммен қосып жазу үстіндемін. Әлі талай толықтырулар болады ғой. Амандық болса қысқа қарай барып қалармын. Ала барамын ғой (Кейін, 1997 жылы Ақмола облыстық “Қаламгер” шығармашылық бірлестігі жа­рыққа шығарған өзінің “Қиылған ғұмыр­лар” кітабы туралы айтып отыр – Қ.Ә.). Қазір де барар едім, қолына қарап отырған Гүлнәрім сырқат болып, емделуге Алматыға кетті. Жол да күн сайын қымбаттап, жағ­дайды ауырлатып барады. Ұлдар өз отба­сын­дық қана болып тұр. Шихабаддинім МАДИ-дің аспирантурасында оқып, техни­­ка ғылымының кандидаты болып келген еді. Қазір инженерлік-құрылыс институтында доцент. Болатым милиция жағында под­пол­ковник, аздаған немерелер бар. Өзім жал­ғыз­басты Гүлнәріммен тұрамын. Аскенім – ең кенжем Алматының Абай атындағы мем­лекеттік университетінде сабақ беріп жүр. Бастың амандығына тәубе айтып жүріп жат­қан жай бар. Балалар әкесінің фами­лия­сын­да – Махановтар. “Ауылым – атаме­ке­німде” жазылған. Сәлеммен сүйдім, Клара сіңлің Әмірқызы. 09.10.1994 Ақмола. Клара апайды көзіміз көрді. Басынан үнемі ақ орамал тастамай, қазақы оюлы қамзол киіп, күлімдеп жүретін. “Егеменге” де жиі соғып, шығармашылық жоспарымен бөлісетін. Белгілі өлкетанушы 2002 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Арқа өңіріндегі ел мен жер атауларының білгірі, мейірбан ана, зиялы жан “Ауылым – атамекенім”, “Қиылған ғұмырлар”, “Атақоныс ақиқаты”, “Аманат” кітаптарының авторы еді. Осы деректі дүниелерінің айтар ойы да, көздеген мақсаты да ең бір көкейкесті мәселелерді қозғауымен құнды болатын. Ол – ежелгі қазақ ауылдарының аттарын және отаршылар күштеп өзгерткен өзен-көл атауларын қайта орнықтыру, төңкеріске дейінгі халық тағдыры, ел бейнесі, тәуелсіздікке аман жеткен ұрпақ тамырының тереңге тартқаны, т.б. ұлттық мүдделер жиынтығы іспеттес еді. Қазақтың осы қос ұлтжанды қызының мына шағын хаттасуларынан-ақ біраз жәйтті аңғарып, келелі ой түюге болады. Сонысымен құнды бұл жазбалар... Екеуін таныстырып, табыстырған да қиямет-қайым тағдырластық теперіші. “Х. Қошанбайұлы жайында деректер іздей жүргенімде “Қазақстан әйелдері” журналының 1993 жылғы 12-ші санынан М. Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың “Тағдырластар” деген деректі әңгімесіне кезіктім. Онда Биға Қошанбай келінінің де (Х. Қошанбаевтың зайыбы) аты жүр екен...” деп жазған К. Әмірқызы, кейін Алматыға әдейі барып Гүлнәр апаймен кездесіп, өз нағашысы Х. Қошанбаев туралы біраз деректерге қанық болады. Осының бәрін “Қиылған ғұмырлар” кітабында жазып кеткен екен. Жарықтық Клара апай елеусіз жүріп те елдік шаруа тындыра алыпты-ау! Астана.