• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2010

Апта айшықтары

447 рет
көрсетілді

ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет орта­лығында “Жас маман – 2010” атауымен бос жұмыс орындарының жәр­мең­кесі болды. Аталмыш шараға облыс бойынша 48 мекеме қатысып, бар­лығы 971 бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге келген меке­ме­лердің басым бөлігі, яғни 98,4 пайызы облыс орталығында орналасқан. Ал аудандар дәл осы күні бұл шараны бір мезгілде ұйымдастырған. Бүгінгі күні жұмыс берушілер тарапынан техникалық мамандықтарға үлкен сұраныс бар. Жоғарыдағы жәрмеңкеге ұсынылған кәсіп түр­лерінің 88,9 пайызы осы салаға қатысты болды. Қалғаны денсаулық сақ­тау, әлеуметтік және білім беру салаларына тиісті болды. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда. * * * ЖАҢА ЗАУЫТ ІРГЕ КӨТЕРЕДІ Шымкент қаласының сыртындағы қоқыс тастайтын аймақ соңғы екі-үш жылдың бедерінде маңайындағы елдің берекесін ала бастады. Қала өсімтал. Бұрын айдала саналатын қоқысханаға жаңа тұрғын үйлер жетіп қалды. Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев бұл тығырықтан шығудың жолын тапты. Оңтүстікке келген ірі кореялық компания тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды өңдеп, электр қуатын өндіретін жаңа зауыт салмақ. Өткен аптада екі тарап бірлескен меморандумға қол қойды. Қоқыстан құтылу бір машақат болып келсе, Шымкенттей шаһар электр қуатына да ділгір еді. Сондықтан қала әкі­­мінің бұл тірлігін “екі жеп биге шықтымен” салыстыруға болар. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент. * * * “БЕРЕКЕ” — ДӘСТҮРЛІ ШАРА Жылдың осы мезгілінде өткізіліп тұруы үрдіске айналған бұл жәрмеңке биыл қарағандылықтарға он екінші рет құшақ жайып отыр. Ол енді бір ай бойында жұмыс істейді. Әр сенбі сайын облыстағы 9 ауданның барлық ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары еңбеккерлері өндірген өнімдерін арзан бағамен қала тұрғындарына ұсынады. Былтыр 300 миллион теңгеден астам азық-түлік өнімдері сатылса, осы жолы одан да асып түспек. Жәрмеңке өңірдегі қалалардың бәрінде өтеді. Қарағандыда Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет, Жезқазғанда Ұлытау және Жаңаарқа, Балқашта Ақтоғай, Теміртауда Нұра және Осакаров аудандары тағам түрлерін жаяды. Тұтынушылардың қысқа қамданып қалуға мүмкіндіктері бар. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * ҚАЛАЛЫҚТАР КӨП ЖИНАЛАТЫН ОРЫН Өткен сенбіде Ұлан ауданының шаруа қожалықтары мен диқандары өсірген көкөніс, ет, сүт, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері Өске­меннің Металлургтер мәдениет сарайы алдында арзан бағамен сатылды. Бұл дәстүрге айналған жәрмеңке қала тұрғындарының көп жиналатын орнына айналды. Ұландықтар жәрмеңкеде ондаған тонна сарымсақ, картоп, сәбіз, басқа да көкөністі арзан бағамен саудалады. Картоптың килосы – 40 теңге болса, сарымсақ небәрі 30 теңгеден сатылды. Сонымен бірге, 25 ірі қара, жүзге тарта қой еті саудаға түсті. Оның бағасы арзан бол­ған­дық­тан, әп-сәтте сатылып кетті. Балдың килосы 700-800 теңгеден бол­ды. Ұлан ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Аман­­гелді Сер­ға­зиновтің айтуынша, таяу арада семей­лік­тер де ұлан­дық­тардың өнімдерін арзан бағамен тұтынбақ. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ОБЛЫС ӘКІМІ — ҚҰРМЕТТІ ИНЖЕНЕР Оралда өткізілген Ұлттық инженерлік академияның көшпелі мәжілісінде ҰИА-ның төралқа мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Асқар Құлыбаев Батыс Қазақстан облысының әкімі, техника ғылымдарының докторы Бақтықожа Ізмұхамбетовке Қазақстан Республикасының құрметті инженері төсбелгісін табыс етті. – Инженерлік ақыл-ой мен инновацияны дамытуға қосқан жеке үлесі үшін берілетін мұндай атақты екінің бірі қалпақпен соғып ала алмайды. Бұл тек лайықтылардың лайықтысына ғана беріледі. Ұтымды инженерлік ұсыныстар мен бастамаларға ұйытқы бола білген облыс басшысы оған әбден лайықты, –деді Асқар Алтынбекұлы төсбелгіні тапсыру рәсімі кезінде. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. * * * ТӘЛІМГЕР ҰСТАЗДЫ ЕСКЕ АЛДЫ КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің озаты, Ленин орденінің иегері Асқар Игібаев ширек ғасырға жуық басшылық еткен Есіл ауданындағы Николаев орта мектебінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Оның ашылуына облыс әкімі Серік Біләлов, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов, марқұмның отбасы, туған-туыстары қатысты. Бұдан кейін тәлімгер ұстаздың құрметіне грек-рим күресінен турнир ұйымдастырылды. Оған Ресейдің Қорған облысынан да команда қа­тыс­ты. Тартысты өткен бәсекеде облыстық дарынды балаларға ма­ман­дандырылған спорт мектебінің балуандары бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды “Жеңіс” балалар және жасөспірімдер спорт мек­тебі иеленсе, үшінші орынға алаң иелері көтерілді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * 10.10.10. Мұндай тосын тақырыптың, әлбетте, оқырманды таң қалдырары сөзсіз. Бірақ өткен жексенбінің 2010 жыл, 10 ай, 10 қазан болып келгенін көп адам байқай қойған жоқ. Ал тараздық жас жұбайлардың біразы өздерінің ақ некелі тойларын дәл осы күнге орайластырып өткі­зуді қалапты. Атап айтсақ, 10 санынан тұратын дәл осы күні 17 жұп неке қидырған. Тараз қаласындағы азаматтық хал актілерін жазу мекемесі қыз­меткерлерінің айтуынша, соңғы кезде үй болып, отау құруға тілек біл­діргендердің дені 19-23 жасты құрап, тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарына қарағанда әлдеқайда “жасара” түскен. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.