• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2010

Оңтүстікте ана мен бала өлімі айтарлықтай азайды

707 рет
көрсетілді

“Біз бұл нәтижеге Елбасының тікелей қадағалауымен және Үкіметтің тиімді бағдарламаларының арқасында жеттік”, – дейді ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов. Ана мен бала өлімі Оңтүстік ме­­дицинасының ең басты дерті еді. Соң­ғы жылдары облыста жақсы нә­тижелерге қол жеткізіле бастады. Сө­зіміз жалаң болмас үшін бұр­на­ғы жылдармен салыстырып көрейік. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыста нә­рестелер өлімі 6,6 пайызға, ал ана­лар өлімі 13,1 пайызға төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда құрт аурушаңдығы 65,1-ден 61,0-ге немесе 6,3 пайызға, өлім-жітім көр­­сеткіштері 6,8-ден 5,8-ге немесе 14,7 пайызға төмендеді. Қан айналымы жүйесінің ауру­шаңдығы өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3 пайызға, өлім-жітім көрсеткіштері 42,9 пайызға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 36,7 пайызға азайды. Қазіргі таңда қатерлі ісіктердің алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар – қатерлі ісіктерді ерте анықтау арқылы осы науқасқа шалдыққан аурулардың өмір сүру ұзақтығын жоғарылатуға, жұмыс істеуге қабілетін сақтауға бағыт­талып отыр. 2010 жылдың 9 айында өткен жылмен салыстырғанда, қатерлі ісік ауруларының асқынған түрлері 3,9 пайызға, ал өлім-жітім көрсеткіші 13,3 пайызға төмендепті. Қатерлі ісікке шалдыққандар­дың 5 жылдық өмір сүру деңгейін жоғарылату көрсеткіші 5,9 пайызға өсті. Республика көлемінде бірінші болып, облыста асқазан-ішек жүйе­­сінің қатерлі ісіктерін ерте ан­ықтау бойынша скрининг-тексе­ру­лер жүргізілуде. Осы мысалдар күрмеулі мәсе­ле­лер толығымен шешілді деп ай­туға негіз болмағанымен халқы көп облыс үшін жақсы көрсеткіш. Ал осы жақсылыққа жету жолы оңай болды ма? 2008 жылы қараша айында Оң­түстік Қазақстан облысына ісса­пар­­мен келген Елбасы медицина са­ласы бойынша республикалық жиын өткізді. Жүздеген отбасылардың тәтті ты­ныштығын ұрлаған атышулы ВИЧ инфекциясының беті бері қараған кез болғанымен облыс ме­ди­цинасының су аяғы құрдымға ке­­­тіп тұрған уақыты болатын. ВИЧ-тің екпіні талай білікті дә­рігерлерге таяқ болып тиді. Та­лайы сотты болды. Біразы алдағы күн­дерден қорқып, ақ халатын шегеге ілді. Денсаулық саласының басшы­лығына шаш ал десе бас ала­­­­­тындар келіп, емханаларды “шош­қақораға” теңеді. Ұйым­дас­ты­­­­рушылығы мық­ты талай басшы ма­мандар аудан­дарға “жер ауда­рылды”. Жергілікті ұлттық кадр­­ларға сенімсіздік біл­діріп, білім, бі­ліктілігі мықты бол­ма­са да сырттан кадрлар шақырылды. “Шығасыға иесі басшы” дейді халық даналығы. Ауыр зардаптарға жағдай туғызған жайттар Оңтүс­тік­тің өзінде де болып жатты. Осын­дағы Медицина академиясы тү­лек­терінің бір қайнауы ішінде, шикі маман болып шығатындығы рес­пуб­лика өмірінен көрініс тапқан. Бұл оқу орнын бітіргендерге шүбәмен қарау көбейді, жұмысқа алуға тартынды. Елбасы сол жиында облыста орын алған кемшіліктерді жіктеді. Еркінсігендердің, қу сөзден қуырдақ қуырып үйренгендердің екпінін басып, тәубесіне келтірді. Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы сол жұмыс сапары барысында денсаулық сақ­тау саласына басым бағыттар бел­гі­леп, нақты тапсырмалар берді. Олар: ана мен баланың денсау­лы­ғын қорғау, құрт ауруы мен жүрек-қан айналымы ауруларынан өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету, денсаулық сақтауды жүйелік өзгер­тудің қажеттілігі – адамдардың медицина ұйымы мен дәрігерді ер­кін таңдауына бағытталған мақ­сат­тар болатын. Қазір Елбасының берген тап­­сыр­маларына қоса, облыс көле­мін­дегі маңызды және қажетті ба­ғыт­тар: жарақаттанушылықтың алдын алу, бастапқы медициналық-са­ни­тар­лық көмек көрсету, жедел жәр­дем, паталогоанатомиялық, сто­ма­тологиялық және зертханалық қыз­меттерін дамыту бойынша жұмыс жандандырылып келеді. Әрине, қанша жерден қаржы құйып ауруханалар мен емхана­ларды көгендегі қозыдай тізіп тас­та­саң да білікті басшының ұйым­дас­тырушылық қабілетінсіз іс алға баспайды. Медицина ғылымдарының док­торы, Оңтүстікке келгенге дейін Ал­­маты денсаулық сақтау департа­мен­ті мен Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінде табысты жұмыс істеген Жұ­мағали Исмаилов қордаланған мәселелердің кілтін таба білді. Бар­лық проблемаларды бір деммен тын­дырып тастамағанымен күрделі мә­селелердің түйінін шешу жол­да­рын іздестірді. Оған және оның ко­мандасына оңай болмағанын біле­міз. Бірақ, күңкіл-сүңкіл сөздерге қарай берсең жұмыс бітер ме?! Жақында біз Жұмағали Қазы­байұлына жолығып, көңілдегі біраз сауалдарға жауап алған едік. – Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін медициналық ұй­ымдардың материалдық-техни­ка­лық базасын жақсарту, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін білікті мамандар дайындау қажет, – дейді ол. Облыстың бас дәрігері айтқан­­дай, денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер аз емес. Денсаулық сақ­тау­дың бюджеті 2005 жылмен са­лыс­­­тырғанда 2,4 есеге өсіп, 2010 жы­лы 37 305 млн.теңге құрап отыр. Те­гін медициналық көмектің ке­піл­д­ік берілген көлеміне шығындар 30 пайызға өсіп, 33 947 млн. теңгеге жетті. Бастапқы медициналық-сани­тар­лық көмек қызметін жақсарту мақсатында амбулаториялық-ем­ханалық ұйымдардың бір жанға шақ­қандағы қаржыландыру нор­мативі 2010 жылы 375 теңгеге өсті. Ал, 2005 жылы - 168 теңге болатын. Осының есебінен халыққа амбу­ла­ториялық-емханалық көмектің кө­леміне денсаулық сақтау бюдж­е­­тінен қаржы сомасы 2005 жылы 33 пайыздан 2010 жылы 42 пайызға дейін өсті. Облыста соңғы 3 жылдың іш­інде 27 денсаулық сақтау нысаны салынып, іске қосылды. Оның ішінде облыстық қан орталығы, кардиологиялық орталықтың хи­рургиялық ғимараты, залалсыздан­дыру орталығын атап айтуға бо­лады. Үстіміздегі жылы Шымкент қаласында 360 төсектік облыстық балалар ауруханасы мен 120 тө­сек­тік перзентхананы іске қосу жос­парланып отыр. Биылғы жылдың өзінде денсаулық сақтау саласының 81 жаңа нысанның құрылысы, не­гізгі екпінді амбулаториялық-ем­ханалық қызметке аудара отырып, жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 1 құрт ауруына қарсы аурухана, 36 дәрігерлік амбулатория, 2 аудандық емхана, 35 фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Шымкент қаласының халқы бо­лашақта 1 миллионға жететінін ес­керсек, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынып жат­қан ауысымына 500 адам қа­был­дай­тын 2 емханадан үлкен үміт күтеміз. 2010 жылы 932 денсаулық сақ­тау ұйымдарының ағымдағы және күрделі шығындарына 41,1 млрд. теңге қаралды. Күрделі жөндеуді қажет ететін 91 мекеменің биылғы жылы 29-і жөндеумен қамтылды. 2010 жылы денсаулық сақтау са­ласы бойынша 87 нысанның құ­ры­лысына 7,5 млрд. теңге қарасты­рылған. Облыстың медициналық ұйым­дарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген 3 919,0 млн. теңгеге сатып алынған құрал-жабдықтар медициналық ұйымдар­дың жарақталуын 33,9 пайыздан 40,8 пайызға өсуге мүмкіндік берді. Ауылдық медициналық ұйымда­рын 696 телефон желісімен қамта­ма­сыз ету арқасында телефон желі­сі­мен қамтылу 53 пайыздан 95 пай­ызға өсті. Шетелдік инвестициялық жо­ба­лар арқылы облыста 2 дәрігерлік ам­­булатория, 120 тесек-орындық пер­­зентхана, ауылдық медициналық ұйымдар 50 жедел жәрдем авто­кө­лігімен қамтамасыз етілді. Ауылдық жерге жұмыс істеуге жіберілген медицина қызмет­кер­ле­ріне әлеуметтік көмектер көрсеті­лу­де. Соңғы 3 жылда 234 жас маман, ал жыл басынан бері 107 маман ау­ылға орнығып, жұмыс істеп жатыр. Ана мен бала денсаулығын жақ­сарту, олардың арасында өлім- жі­тім көрсеткіштерін төмендету – басты да өзекті проблемалардың бірі болуда. Қазақстан бойынша біздің об­лыс бірінші болып акушерлік және неонатальдық көмек көрсетуді ай­мақтандыруды жүргізуде. Жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларды тиісті деңгейлерге тасымалдау үшін жағдай жасалынды. Ауыр жағдай­дағы әйелдер мен нәрестелерге қажетті көмек көрсете отырып, күн­делікті мониторинг жүргізу жолға қойылды. Тәжірибе алмасу мақсатында, 3 шілдеден 2 тамызға дейін №1 об­лыстық перинаталдық орталығында Литвадан келген жоғары білікті 5 ма­маннан құрылған мультидисцип­линарлық команда көмек көрсетті. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда. Ауыр апаттардың алдын алу мақсатында магистралды жолдарда жедел жәрдем көмектің бөлімшелері травматологиялық, нейротра­в­ма­тологиялық бригадалармен қам­тамасыз етілді. Облыс тұрғындарына сапалы сто­­матологиялық көмек көрсету мақ­сатында балалар емханаларында 28 тіс-гигиенисі штаты енгізіліп, Шым­­кент қаласының 11 мектебінде жаңа­дан тіс гигиенасы бөлмелері ашылды. Ағымдағы жылы алыс және жа­қын шет елдерден кардиохиру­ргия­­лық бейіндегі мамандар тартылып шеберлік сыныптар өткізілді. 2010 жылдың 9 айы ішінде ашық жүрек­те 181 операция, сондай-ақ 315 ко­ро­нарлық артерияны стенттеу опе­ра­ция жасалынды. Облысымызда денсаулық сақ­таудың маңызды инновациялық тех­нологияларының бірі – теле­медицина енгізіліп, кеңінен тарауда. Бүгінде 6 ауданның науқастарының облыстық және республикалық ор­талықтарда кеңес алуға мүмкін­діктері бар. Халық денсаулығының төмен дең­гейі өзекті мәселе болып қалып отыр. Оның себептері ауруларды ал­дын алу және саламатты өмір сал­тын қалыптастырудағы білімде­рінің жеткіліксіздігі, қоршаған ор­таның, ауыз су және тамақтанудың қолай­сыз жағдайлары. Аудан, қалаларда материалдық-техникалық базасы жарақталған, білікті мамандармен қамтамасыз етілген саламатты өмір салтын қа­­лыптастыру орталықтары ашылды. 2010 жылы елімізде Бірыңғай ұлт­тық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе менеджмент пен кадрларды даярлауға аса назар ау­даруды, медициналық ұйымдарда жо­­ғары кәсіби және сапалы жұ­мыс­ты ұйымдастыруды талап етеді. Медициналық қызметке қол жеткізу мен сапасын жоғарылату – денсаулық сақтау саласының бірін­ші кезектегі міндеті болып табы­лып, оны ары қарай жақсартуға ат салысу қажет. “Жаңа онжылдық – жаңа эко­­­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты 2010 жыл­ғы 29 қаңтардағы Қазақстан хал­қына Жолдауында Елбасы тұр­ғын­дардың өмір сүру ұзақтығын 72 жас­қа дейін жеткізуді мақсатты ин­дикатор ретінде айқындап берді. “Бұл мақсатқа жету үшін, об­лыстың денсаулық сақтау сала­сы­­ның алдында әлі көптеген міндет­тер тұр. Күрмеулі мәселелерді ше­шу­де облыс әкімі Асқар Мыр­зах­­метов үлкен қажырлылық танытуда. Адамның ең үлкен байлығы – ден­саулық. Соны бағамдап, медицина саласына ұдайы көмектесіп келе жатқаны үшін дәрігерлер қауымы облыс басшысына рахмет айтады”,-дейді Ж.Исмаилов. Медицинадағы жетістік – ай­мақтардың даму көрсеткішімен айқындалады – Денсаулық сақтау саласы бой­ынша ірі ғылыми орталықтар Ал­маты, кейін Астана сияқты ірі қа­лаларда ашылды да барлық ба­сымдылықтар сол жерде болды, – деп сөзін сабақтады Жұмағали Ис­маи­лов. – Әсілінде, денсаулық сақтау көр­сеткіштері аймақтардағы жағ­дай­дан байқалады. Сондықтан, ай­мақ­тардың бәсін арттырмай, бәсе­кеге қабілетті етпей, денсаулық сақ­тау саласы көтерілмейтінін өмірдің өзі дәлелдеп келе жатыр. Ірі қала­лар­дағы орталықтар шетелдегі ғы­лыми-зерттеу институттары секілді ауру мүшелерді ауыстырып салу си­яқ­ты күрделі жұмыстармен айна­лыса берсін, бірақ жоғары техно­логиялық әдістерді аймақтарда іске асыруға жағдай жасалынуы керек. Онсыз біз­дің сала жүйелі түрде көтерілмейді. Мәселен, біз кардиологиялық орталықта жүрекке ота жасау ісін бастадық. Нәтижесіз емес. Жақсы. Ал бұрын осы операция Алматы, Астана қалаларында ғана жасалатын. Елбасымыз 2006 жылы аймақ­тардағы медицина орталықтарын жан­дандыру жөнінде Үкіметке нақ­ты тапсырмалар берді. Осы мақ­сат­қа 27 млрд.-тан астам қаржы бө­лін­ді. Енді осы жұмыс әрі қарай жал­ға­сса, халыққа оңды болар еді. Рес­пуб­­ли­ка бойынша туылған әрбір төр­тінші бала Оңтүстікте дүниеге келеді. Зерт­­теу барысында қайтыс болған ба­лалардың төрттен екісінде жүрек ақауы бар екендігі анықталды. Сондықтан, біз мақсатты түрде балалар кардиохирургиясын дамы­туды қолға алып, соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алғашқы операциялар сәтті өтті. Келер жылы тұрақты жолға қойы­лады. Дайын мамандарды Астана­дан шақыртып жатырмыз. Себебі, жаңа салаға өзімізден маман дай­ын­дауға кемінде 2-3 жыл керек. Алай­да, дай­ын маманмен шектелмей, өзіміздің дәрігерлерді шетелдерде оқытуға, тәжірибе алмасуға жіберіп жатырмыз. Сонда төрт-бес жылдан соң облыс­тың өз мамандары дайын болады. Менің айтып жатқаным бір саладағы нәтижелер. Негізінде, қатерлі ісік аурулары, құрт ауруы, сүйек, буын аурулары және жалпы хирургия сияқты дерттерге дауаны аймақтардың өзінде табуға қол жет­кізу – науқас жандарды әрі-бері сабылудан құтқарып қана қоймай, өңірлердің медицинасын жаңа көкжиектерге көтерер еді. Алматыдағы сияқты ғылыми-зерттеу институттарына ауыз ашып қарап отыра бермей, шетелдердегі мықты орталықтармен тікелей жұ­мыс жүргізуге мүмкіндіктеріміз бар. Мәселен, Израиль, Ресей мемле­кет­терімен қоян-қолтық жұмыс жа­сауға қол жеткіздік. Литвалық дә­рі­герлер Қазақстанға алғашқы са­па­рын Оңтүстіктен бастады. Олардың медицинасы – Еуроодақтың көр­сет­кіштерімен тең. Бізден ар­­ты­қ­шылығы, халықаралық стандартқа 20 жыл бұрын кірген. Абай бабамыз айтқандай, “он­дай болмақ қайда” демей, олардың іс-тәжірибесін өзіміз үйренуіміз керек. Сонда аздаған жылдардан соң Қазақстан медицинасы ірі қа­лаларда ғана емес, аймақтарда да үл­кен табыстарға жететін болады. Оңтүстіктің бас дәрігерінің тұ­жырып айтар ойы осы. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.