Өмірден қыршын кеткен ғалым, патриот Батыржан Кенжетаевты Қазан қаласында еске алу кеші өтті
Небәрі 29 жас ғана өмір сүрген Батыржан Кенжетаевты Қазақстан тарихшылары да, сонымен қатар Қазан қаласындағы ұстаздары мен достары да ұмыта алмайды. Қазақстан тарихы ғылымына пышақтың қырындай ғана кітабымен үлкен үлес қосқан оның болашағы да айқын еді. Батыржанды жақсы білген жанның бәрі де оның үлкен ғалым, өзінің халқын марқайтатын белгілі тұлға боларына мысқалдай да күмән келтірмейтін. Қайсы жылы Қостанайда Батыржанды еске алуға және оның артында қалған ғылыми еңбегіне арналған конференцияға арнайы келген белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов: “Еліміз тәуелсіздігінің, мәдениетінің, білімінің тарихын зерттеген ғалымдардың ешқайсысы да Батыржан Кенжетаевтың “Казанские учебные заведения и процесс формирования казахской интеллигенции в середине ХІХ начале ХХ веков” деген кітабын аттап, оған сілтеме жасамай өте алмайды. Кітап құндылығы осында” деп баға берген болатын. Жиырманың ішіндегі жас ғалым Қазан, Мәскеу, Петербург, Астрахань, Омбы қалаларындағы архивтерде көзінің майын тауысып отырып, қазақтардың Қазан қаласына келіп оқи бастаған уақытын, кімдердің қандай оқу орнында оқығанын, сол уақыттың ерекшелігін, туысқан екі халықтың мәдени байланысын қопара зерттеді. Батыржан жазып кеткен еңбектен қазақ хандығы тарихындағы жарқын тұлға Жәңгір ханның Қазан университетімен байланысы және белгілі мемлекет қайраткерінің өз халқы үшін ағартушылық, реформаторлық қырына да қанық боламыз. Жәңгір ханның Қазан университетіне құнды қолжазбалар әкеліп тапсырғанын да архивтерден тауып, ғылыми айналысқа салған өзі. Пышақтың қырындай кітап қызыл империя кезінде қалыптасқан “қазақ даласында сауаттылық болмады” деген сандырақ пікірді де қанжардың ұшымен қиып жібергендей еді. Ол Қазан университетінің тарих факультетін үздік бітірді. Сосын Қазан қаржы-экономикалық институты аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдады. Жас ғалым кандидаттық диссертациясын қорғауға және Қазақстан Президенті Әкімшілігі аппаратына қызметке қабылданып, жұмысын бастауға санаулы күндер қалған кезде жынды-сауы білгісіз қандықол адамның қолынан қапыда көз жұмды. Батыржанның аталған кітабын Қазан университетіндегі ұстаздары мен достары ол қайтыс болғаннан кейін бастырып шығарды. Ғылым көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқан туған топырақтың перзенті Батыржан да жарқ етіп сөнген жасын еді. Оның аз ғана ғұмырында қалдырған еңбегі тек ғылым үшін ғана маңызды емес, сонымен қатар халқымыздың тарихына үңілген жалпы оқырман қауымды да нұрлы дүниеден сусындағандай әдемі әсерге бөлейтін кітап.
“Дарындарды да, тұлғаларды да халқына заман сыйлайтын секілді”. Қазанда оқитын Қазақстан студенттері қоғамдық бірлестігі мен Қазан федералдық университеті журналистика және социология факультеті ұжымының бірігіп ұйымдастыруымен Татарстан Республикасы ұлттық ассамблеясының мәжіліс залында өткен Батыржан Кенжетаевты еске алу кешінде тарих факультетіндегі ол оқыған курстың кураторы Марина Несмелова өзінің естелігін осылай бастады. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы алыс-жақынның барлығын да дүр сілкіндірген еді. Ресейде де коммунистік партияның бұғауына деген бұлқыныстар, дін, діл, тіл мәселелеріне жаңа, демократиялық көзқарастар ояна бастаған кезде Батыржан Кенжетаев Қазан университетіне алыстағы Қазақстаннан келіп оқуға түскен болатын.
– Ол кезде мен де жап-жаспын. Тарих факультетінің бірінші курсына куратор болдым. Таңғалғаным, бірінші курсқа енді түскен қыздар мен жігіттердің барлығы да шетінен үздік оқып келгендер, шетінен белсенді, шетінен көшбасшы еді. Алғашқы курстарда сабақтың ауырлығына қарамастан барлығы да қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Аудиторияда қандай да тақырыпқа керемет қызу пікірталастар болатын. Мен жетекшілік еткен сол курс студенттерінің арасында жерде қалған ешкім жоқ, бәрі де ғылымда, белгілі қызметтерде жүр. Ал Батыржан солардың ішінен тіпті ерекшеленіп отыратын. Ол білімділігімен қатар, аузын ашса жүрегі көрінетін адалдықтың, шынайылықтың, адамгершіліктің иесі еді. Қазақстанның тәуелсіздігі, оның тарихы туралы көп айтатын және білімділікпен айтқан әңгімелері ешкімді жалықтырмайтын. Ол осындай көшбасшылығымен өзінің достарының тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Батыржан Қазақстанға, өзінің халқына нағыз керек тұлға болар еді. Егер ол тірі болып, ғылымдағы жолын жалғастырғанда оның есімі әлемдік деңгейде аталатын ғалым болатынына өзге ұстаздарымен, достарымен қатар менің де еш шүбәм болмайтын,–деді Марина Юрьевна.
– Батыржан сол 90-шы жылдардың басында Рейстахқа туды алғаш тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев туралы Қазан қаласындағы газеттердің біріне мақала жазғаны есімде. Ал ол кезде Ресейдің, енді тарап жатқан Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келіп оқып жатқан студенттерге Рейстах қабырғаларына алғашқы Жеңіс туын қадаған қазақ екенін айту ерсі естілетін. Батыржан жатақханадағы студенттерді жинап, газеттегі мақаласын көрсетіп, Рақымжан ағаның ерлігіне көпшіліктің көзін жеткізді. Ол мұндай істерге ерінбейтін. Ал биыл сол тудың көшірмесі елге жеткізілді емес пе, – деді кеште Қазан қаласында “Болашақ” бағдарламасы бойынша докторантурада оқып жатқан Нәзия Пірманова.
Батыржан Кенжетаев 1991 жылы Қазанда қазақ диаспорасының “Қазақстан” ұлттық-мәдени орталығын құруға мұрындық болды. Татарстанның барлық өңіріндегі екі мыңдай қандастарды түгендеп, олардың басын қосып, қазақ үшін Тәуелсіздіктің құдіретін олардың жүрегіне жеткізуге талпынған еді. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына Татарстанның сол кездегі президенті Минтемир Шаймиевті алға салып, қандастарымызды өзі бастап келді. Татарстандағы қазақтардың “Қазақстан” ұлттық-мәдени орталығының негізін салған Батыржанды Қазанда білмейтін қандасымыз жоқ. “Қазақстан” бүгінде Татарстандағы тек қазақтардың ғана емес, жалпы қазақстандықтардың жиналатын орталығына айналыпты. Еске алу кешінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Неттов, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Манарбек Тілеулинов, Татарстан ұлттық ассамблеясы төрағасының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Сағит Жақсыбаев және Батыржанның курстас достары Сергей Засыпкин, Андрей Большаков, тағы басқалар естеліктер айтты.
– Менің Қазан қаласына келгеніме қырық жылдай уақыт болды. Кеңес Одағы кезінде он бес республиканың қайсысында жүрсек те тіл, дін, дәстүр сияқты ұлттық мәселелерді ойламадық, анығырақ айтсам ойлатпады. 90-шы жылдары Батыржан келді де Татарстанда тарыдай шашылып, бірін-бірі танымай жүретін қазақтардың әрқайсысының жүрегіне шоқ тастады, – деді Ғазиз Ғинаятұлы. – Кеудемізде ұлттық намыс оянды. Ал Батыржанның ең жақын досы Сергей Засыпкин оны ғұмыр бойы ұмытпайтындығын ерекше толғаныспен жеткізді.
– Студент кезде жатақханада сан ұлттың өкілдері бірге тұрдық. Әр студент өз ұлтының бейнесі сияқты көрінетін, оларға қарап сол ұлт туралы пікір түйетін едік. Батыржанмен танысқан соң мен бұрын жете білмейтін қазақтарды ерекше жақсы көріп кеттім. Қазақтың ұлттық тағамы да, киімі де, дәстүрі де, әні де барлығы жүрегіме жақын, – деді Сергей риясыз толқып. Батыржанның курстас достарының бірі башқұрт жігіті Тимур Әлібаев Қазан қаласындағы Ново-Савинов ауданын басқарады екен.
– Таңғаларлық адалдықты, шынайылықты көретін едім одан. Ол өз халқының, елінің үлкен әріппен жазылатын патриоты болатын. Бірде екеуміз Қазан кремліндегі асханаға түстенуге кірдік. Жанымыздағы бір үстелде біреулер Қазақстан туралы нашар пікірлер айтып отырды. Батыржан орнынан тұрды да әлгілердің жанына барды. Мен дауласып, олармен жаға ұстасып қаламыз ба деп сескеніп тұрдым. Батыржан айқай-шусыз, бүкіл дәлел-дәйегін айтып, ақырында әлгілерді кешірім сұрауға мәжбүр етті. Олар сол жерде телефон алмасып, кейін жақсы араласып кетті. Батыржанның бойындағы мәдениет, харизм ерекше болатын, – дейді досын сағынышпен еске алған Тимур.
Ал кештің соңына таман сөз сұраған саясаткер Камиль Зардтиновтың лебізі тіпті ерекше шықты.
– Батыржанды мен көрген де, араласқан да емеспін. Бірақ ол туралы естіп, керемет сүйсінгенімді жасыра алмаймын. Себебі, мұндай патриот жандар тек өз халқы үшін ғана емес, біздің татар жастары үшін де үлгі дер едім. 90-шы жылдары, заманның алмағайып кезінде Татарстанға білім қуып келіп және өз қандастарының басын қосу, ғылымда өз халқының түп-тамырын, туысқан екі халықтың байланысын зерттеу жиырмадан енді асқан балаң жігіттің ерлігі деп бағалаған жөн, – деді ол.
Кешке негізінен Қазан қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттер және Батыржанның көз көрген ұстаздары, достары, қандастарымыз келді және Қостанайдан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ж.Үмбетов, татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Танзила Хакимова, Батыржанның бауыры Батырхан Кенжетаев жетті. Қазан қаласындағы түрлі оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің қайсысымен тілдессек те Батыржанды идеал тұтатындарын айтты.
– Батыржанды еске алу кешіне уақытымның аздығына қарамай келдім. Оны білген жандардың естеліктерін тыңдап, таза бұлақтан кәусар су ішкендей мейірім қанды. Оның қысқа өміріндегі бітірген ісі кез келген жасқа үлгі болуға тиіс, – дейді Қазан медицина университетінің алтыншы курсында оқитын қазақстандық студент Вадим Латыпов. Ал Ресей мемлекеттік сауда-экономикалық университеті филиалының студенті София Алеутдинова кештен алған әсерін бөлісе келе: “Кеш мені қатты ойлантты. “Менің Батыржандай жасымда не бітірдім?” деген сұрақ анталайтындай. Патриот сөзінің маңызына енді түсінгендеймін” дейді.
Жасындай жарқылдап өткен Батыржан Кенжетаев екі елдің, туысқан екі халықтың арасындағы достық көгершініне және шетте жүрген қазақстандық жастар үшін елге деген патриоттық сезімнің діңгегіне айналып үлгеріпті. Іргелі мәдениеттің, заманауи өркениеттің қайнаған ортасы, мың жылды артқа тастаса да тоты құстай таранған Қазан шаһары осыған куә.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай-Қазан–Қостанай.
_______________________________
Суретте: Батыржан Кенжетаевтың еске алу кешіне жиналған Қазандағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық жастар.