Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен алатын заңды құбылыс. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр” деген болатын. Шынында, жаһандану заманында халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесін, рухани құндылықтарын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ойына дарыту, бұл ұлттық патриотизмді өрістете келіп, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, танып білуге септігін тигізері анық. Ал осы құндылықтардың жинақталатын орны кітапхана екені белгілі. Сондай рухани ошақтың бірі Білім және ғылым министрлігіне қарасты республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана дер едік. Бұл кітапханадағы еліміздің білім беру саласындағы сандаған жылдар бойы жинақталған түрлі басылымдар қоры оқырмандардың қажетін өтеп келеді.
Әсіресе, білім беру ісіндегі әдістемелік құралдар, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға қажет нұсқаулар, мектеп кітапханасы жұмысын ұйымдастыру мәселесі біздің кітапханадан бастау алып жатады. Шығып жатқан дүниелер әрбір тақырыптар бойынша топтастырылып, оқушылардың пайдалануына қиындық келтірмеу жағы жан-жақты ойластырылған. Әсіресе, рухани тәрбие беру мәселесі бірінші кезекте тұр. Ғасырлар бойы сараланып, екшеліп дамыған халық даналығы, тарихи қазыналар – ұлтымыздың алтын қоры, рухани мол мұрасы. “Басында бұлағы бар өзен сарқылмайды” деп атадан балаға мирас болар осындай құндылықтарымызды ұлттық тәрбие беру ісіне тиімді пайдаланып келеміз. Ұлттық салт-сана, әдет-ғұрпымызды, философиялық мәні жоғары жауһарларымызды жарқыратып, бүгінгі заманмен ұштастыра отырып, жастардың ойына сіңіруді әр күн сайын жүйелі атқарудамыз. Оған қоса, кітапхананың ел көлеміндегі бөлімдеріне көмек ретінде әдістемелік-библиографиялық құралдар ұсынып отырамыз. Оның ішінде ұлттық басылымдарды бірінші кезекте насихаттау тақырыбы “Ұлт мұрасы – рухани байлық көзі” деген тақырып аясында жүзеге асырылу үстінде. Бұл дегеніміз, жас ұрпақты елін, Отанын сүйіп қана қоймай, оны ардақтау, сын сағатта қорғау секілді басты мәселелер алға шығып отырады. Ал “Ұлт дәстүрі – ұрпаққа үлгі”, “Халық тәлімі – тәрбие бастауы” атты тақырыпта кештер ұйымдастыру арқылы ұрпақтар арасындағы сабақтастықты көрсетеміз.
Қазір мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Бұл кітапханаларда бірінші кезекте тұруы тиіс деп ойлаймыз. Осыған орай кітапхана ұжымы тіл үйренушілерге арнап “Ана тілім – асыл қазынам” атты әдістемелік құрал әзірлеп шығарған еді. Онда қазақ тілінің бастау басынан бастап, құдіретті иірімдері, мұхиттай терең мәні ұшан теңіз байлығы – осының бәрін бүгін қалай пайдаланып отырмыз деген мәселелер айтыла келіп, терең меңгерудің жол жобасын ұсынған болатынбыз. Қазір бұл дүние жұрттың сұранысына ие болып отыр. Рухани құндылықтың бастауы әдебиет пен мәдениет десек, біздің кітапхана осыған да жете мән беріп келеді. “Қазақ әдебиетінің әлемі”, “Ұлттық өнердің асыл арнасы” атты бөлімдер жасалып, онда осы саланың айтулы өкілдері олардың өлмес, өшпес туындылары жинақталған. Ал “Тәрбиеге ұлттық сипат беру” тақырыбын енгізіп, ол бойынша бірінші, ұлттық құндылықтар өзегін құрайтын, ұлттық сананы қалыптастыру, этнопедагогиканы дамыту, әрбір жасты жеке тұлға ретінде қалыптастыру, екінші, ұлттық тәлім-тәрбиеге ұйытқы болатын батырлық, батылдық туралы ертегілер, мақал-мәтелдер, тыйым, нақыл, шешендік сөздер, өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер арқылы баулу, ұлылардың өнегелі өсиеттеріне адал болып, мүлтіксіз орындау жолында ыждағаттылық таныту, тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздерін қастерлей білу, тағы да басқа құндылықтар бірінші кезекке шыққан. Кітапхана ұжымы осындай іс-шараларды жүзеге асыру арқылы елдік іске өз үлестерін қосуды мақсат етіп отыр.
Зейне ҚОСУАҚОВА, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.