• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

“Алматы” сауықтыру СПА курорты емделушілерге есігін айқара ашты

472 рет
көрсетілді

Елбасының тапсырмасымен 2008 жылғы қаңтардан бері қайта күрделі жөндеуден өткен ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жүйесіне кіретін көпбейінді “Алматы” сауықтыру СПА курорты кеше өзінің алғашқы демалушыларын қабылдады. Осы айтулы оқиғаға орай аталмыш шипажайдың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, т.б. құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты жиынды Президент Іс басқармасының бастығы Сарыбай Қалмырзаев ашты. – Бұл мекеменің өзгелерден бірқатар өзіндік айырмашылығы бар. Біріншіден, арнайы пантуспен жабдықталған, мүгедектер арбасы­мен бір ғимараттан екіншісіне жы­лытылған өткелдер арқылы өтетін болады. Екіншіден, бұрын балшық, ыстық минералды ем қабылдаған­дар да бір ғимараттан екіншісіне салқын жермен жүрсе, қазір жылы дәлізбен жүреді. Емдеу мекемесінде 2200 метр тереңдіктен өндірілетін бұрынғы табиғи Алматы минералды суы сарқылған болатын. Ол енді 3 мың метрге тереңдетіліп, 44 градус­тық температурада алынып отыр. Мұның бәрі халық үшін жасалуда, – деді Президент Іс басқарма­сы­ның бастығы Сарыбай Қалмырзаев. Сондай-ақ салтанатты рәсімде сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов кезінде КСРО-ның 50 жылдығына ашылған тарихи шипажай еліміздің сол кездегі жетістігі болғанын айта келе, ендігі жерде қайта күрделі жөндеуден өткен соң бұл сауық­ты­ру СПА курорты жаңа саты, жаңа деңгейде жасақталғанын, бұл емдеу үрдісінде де, құрылыста да, менед­жментте де әлемдегі ең жоғары деңгейді көрсететінін атап өтті. Курорт тыныс алу, ас қорыту, жүрек-қан айналымы, жүйке, несеп, сүйек-бұлшық ет жүйесі ау­ру­ларын емдеу мен сауықтыруды ұсы­нады. Мұнда ең заманауи ме­дициналық жабдықтармен жаб­дық­талған және диагностика мен ем­деу­дің жаңа әдістерін кеңінен таң­дай аласыз. Сондай-ақ кешен кли­ни­калық-диагностикалық зертхана қызметін жүргізеді. Иә, жаңадан ашылған аталмыш емдеу орны өзінің алғашқы дема­лу­шыларын да қабылдап үлгеріпті. Олар бүкіл саналы ғұмырын Қа­зақ­станның гүлденіп, көркеюіне ар­наған, есімін халқы мақтан тұтатын қайраткерлер болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Олар екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Тал­ғат Бигелдинов, Кеңес Одағы­ның Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, көрнекті ғалымдар Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, қазақтың белгілі ақын қызы Марфуға Айтхожина, т.б. – Алматы шипажайында бұған дейін Қазақстанның қаншама үл­кенді-кішілі тамаша адамдары де­малып, денсаулықтарын нығайтқан болатын. Енді қайта жөндеуден кей­­ін керемет жаңартып шығарып­ты. Жаңа нәрсе қашанда жақсы ғой. Үйі де, күйі де, бөлмелері де кең, жарық. Ең бастысы – қызмет көрсететіндер тамаша екен. Бар­лығы да күлімдеп жауап беріп, сені қолтығыңнан сүйеп, көмектесіп жүргені. Мен ойлаймын, дәрігер­лер­дің жымия қарауының өзі дә­ріден кем емес деп. Кеше осында де­малуға көптеген белгілі адамдар келді. Ашылуы керемет той болып өтті. Меніңше, нағыз той болуға лай­ықты деп есептеймін, игілігін көр­сін, – деді бізге сонда демалып жат­қан Қазақстанның халық жа­зу­шысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов. Иә, Қазақстанда тағы бір за­манауи және бірегей емдеу-сауық­тыру кешені ашылды. Орталық Азия маржанының бірі саналатын Алматы қаласының ең керемет жеріндегі бұл кешен қаланың сұлу­лы­ғын артты­рып, күнделікті тір­шілігіне өз үлесін қосатын болады. Ол Қазақстан мен Алматының ту­ристік әлеуетін арттыруға да қыз­мет етпек. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.