• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Дәлелсіз себеп жоқ немесе ақиқат қалай ашылады?

964 рет
көрсетілді

ҚР ҚІЖК-нің 375-бабына сәй­кес айыптау үкімі болжамға не­гіз­делмейді, ол тек ақиқат дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс. ҚР ҚІЖК-нің 19-бабына сәй­кес ешкім де өзінің кінәсіздігін дә­лел­деуге міндетті емес. Демек, айып­талушының кінәлілігіне кү­мән­ді күдік оның пайдасына ғана шешіледі. Еліміздің Қылмыстық іс жүргізу кодексінде осылай жазылғаны анық. Бірақ кісі өліп жатса қандай дәлел керек және өш алу мақ­сатында орын алған қанды төбе­лес­те адам өлтірілсе айыпталушының кінәсіздігіне қандай күдік келуі мүмкін? Бұл сұрақтардың жауабын сот қана бере алады. Қудалау органдарының тексеріс нәтижесіне сәйкес Берғалі адам өл­тір­ген болып танылып, ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің “и” тармағы бо­­йын­­ша сотқа тартылады. Бірақ осы оқиға кезінде оның қолына мыл­тық ұстағанын қасындағы достары, не жауласқан жақтың бірде-бір адамы көрмепті. Алайда, екі топ болып жастардың мәселені қара күшпен шешуге, одан әрі төбеле­суі­не ұйытқы болған дәп осы Берғалі дейді. Бұл өзі Алматы қаласында бол­ған оқиға еді. Төле би көшесінің бойына орналасқан “Сити” сауда үйінің алдына шетелдік қымбат көліктермен келіп, біртіндеп жи­нал­ған жас жігіттер кенеттен бір-бірінің жағасынан алып, жұдырық­таса кетеді. Кенет әлгі ию-қию бо­лып жатқан екі топтың ортасында бірнеше мәрте мылтық атылып, бі­реу­лер омақаса құлап түседі. Сол ме­зет жауласқан жандардың ара­ларын әлдебір беймәлім күш қақ жарып ажыратып жібергендей бол­ды. Жұдырықтарын оңды-солды ер­кін сілтеп жатқан жігіттер сап тыйыл­ды. Бір-біріне үнсіз қарап қал­ған олар орны толмас бір істің орын алғанын бірден ұқты. Сосын лезде қайта ес жиып алған бәрі кө­лік­теріне жанталаса мінді де, пәле­ден аулақ дегендей “темір тұлпар­лары” жұлқи қозғалып жоқ болды. Қудалау органы топ болып жұ­ды­рықтасқан тәртіп бұзушыларды біртіндеп қамауға алады. Олардың көрсетуі бойынша Берғалі “Ауди” көлігімен “Сити” сауда дүкенінің алдына келген соң келісім бойын­ша өздерін күтіп тұрған Бекәділ то­бы­мен кездеседі. Берғалі қарында­сымды балағаттаған сен бе дейді де Бекәділді бірінші болып беттен ұрып, жерге құлатады. Сол-ақ екен төбелес басталып кетеді. Қудалау ор­ганының сотқа берген мәліметін­де төбелеске бірнеше адам қатыс­қан және олардың кейбірі істе бел­гісіз азаматтар және анықтал­маған жан­дар деп жазыла берген. Ақыры сол шым-шытырық оқиғаның ара­сынан адам өлтірді деп таныл­ған Берғалі болып шығады. Жалпы, тер­геушілер болған істі жан-жақты ашуға тырыс­қаны, төбелеске қа­тыс­қан әр адам­ның сөзі мен қимыл әрекетіне назар аударғандығы бай­қалады. Солардың арасында негізгі істе әлгі белгісіз деп таныл­ған, яғни тергеу ісімен анықтал­маған жан­дар­дың сөзі қаперге алынбай қа­лыпты. Мұндай қысылтаяң жағдай­да бір-ақ ауыз сөз адам тағдырын шешетіндігі рас. Соны ақыры сот тапты. Бәрі түсі­нікті болуы үшін оқиғаның қалай орын алғандығына сәл шегініс жасап, шолу жасап шығайық. Берғалінің қарындасы Тойжан құрбысы Айнагүлдің ұялы телефон­мен біреулермен сөйлесіп жатқа­нын көреді. Ол мұның бұған бұ­рыннан таныс, бірақ көптен келісе алмай жүрген Бекәділ есімді жігіт екенін айтады. Айнагүл оған тағы бір нөмерді көрсетіп, бұл ОҚО, Сары­ағаш ауданының жігіті, есімі Әди, танысып ал, деп береді. Бөтен ойы жоқ Тойжан Әдидің нөміріне СМС арқылы танысайық деп сә­лем­деме жібереді. Содан екеуі есім­дерін бір-біріне басқалай атаса да, СМС арқылы хабарласып жүреді. Бір күні Айнагүл екеуі кино­театрда отырғанда бұлардың ұялы телефондарына Әдиден “кездесе­йік, біз күтіп тұрмыз” деген хабар­лама түседі. Шықса Әдидің қасын­да Алмасбек деген жігіт бар екен. Аз-кем сөйлескен соң қыздар такси ұстап үйлеріне қайтып кетеді. Біраз уақыттан кейін Тойжан Әдиге үй телефонымен қоңырау шалады. Оны­мен сөйлесіп отырғанда аржа­ғынан біреулердің қарқылдап күл­ген дауыстары анық естіледі. Осы кезде Тойжан Әди, Алмасбек және Бекәділдердің бірге тұратындығын біледі. Сосын: – Аналар кімге күліп жатыр? – деп сұрайды. – Е, олар сен танымайтын ба­ла­лар ғой, өздері әңгімелесіп соған күліп жатыр, – дейді. Бірақ тап осы сәтте мұның ұя­лы телефонына “Біз сендердің сыр­ларыңды біліп қойдық, енді қоңы­рау шалмаңдар” деген СМС келеді. Тойжан ойланып қалды. Қандай сыр? Лезде әлгі нөмірге қоңырау шалып еді, тым-тырыс, ешкім кө­тер­мейді. Әрі ойланып, бері ойла­нып Әдиге қайта телефон шалып, Бекәділді шақыршы дейді. Бірақ ол оның жатып қалғанын айтады. Бұдан кейін де, бәрібір, Тойжан тын­ши алмайды. Ана үш жігіт бұ­лар­ға ішін басып күліп жат­қандай көрінеді. Амал жоқ, ұялы телефон­ды қолына қайта алып әлгі нөмірге “Еркек болсаң, телефонды көтер” деп СМС жібереді. Айт­қандай-ақ лезде “Құдайға шүкір, еркекпін” деген жауап жетеді. Мұ­ны оқыған Тойжанның да жыны қозды. Той­жан СМС келген нөмір­ге қайта ха­бар­ласты. Тап осы арада ол түзел­мес қателік жіберіп тұрға­нын біл­меді. Әрине, алдын-ала сезсе жабу­лы қазанды жабулы кү­йінде қал­дыра салар еді. Бірақ балалық шы­ғар, өзі де қайта-қайта телефон ша­лып қоймады. Жігіт­терге сонысы ұнамады ма, аржақ­тан телефонды көтерген біреу бұған балағат сөздерді айтып кеп жіберді. Оны айтқан адам да тап сол арада өзінің бір пәлені бастағанын сезген жоқ. Ақыры ұялы телефон арқылы екі арада жаулық оты лап ете қалды. Енді Тойжан да кері шегінерге жол таппады. Өзіне балағат сөз айтқан адамның кім екенін қалайда білгісі келді. Мұның намысын біреу қорлағандай көрінді. Есесін қайтар­мақшы болып қайта қоңырау шал­ды да әлгі адамның балағат сөз­дерін өзіне кері жаудырып жіберді. Сонда да ашуы тарқамаған соң, әлгінің кім екенін сұрап телефон арқылы тағы да хат жіберді. Жауап болмады. Үнсіздік Тойжанды қана­ғаттандырмады, қайта арғы жақта біреулер одан әрі мәз бола сықы­лық­тап бұған күліп жатқандай кө­рінді. Ыза кернеп, бейнебір намы­сы тапталып бара жатқандай. Шы­дай алмай сосын тағы қоңырау шал­ды. Анау да осы сәтті аңдып тұрғандай тұтқаны көтере қойды. Соны пайдаланған Тойжан оған “алдыңғы айтқан сөздеріңе жауап бересің бе, әйтпесе ағама айтамын” деді. Бірақ оны аржақтағы адам түсінбеді ме, “жауап бергенде қа­лай” деп одан бетер боқтап жібере­ді. Енді шынымен намысы таптал­ғандай болған қыз оған “Сорлы” деп СМС жолдайды. Анау да уақыт оздырмай оған бұдан асыра жауап қайтарады. Ұялы телефонмен ғай­баттасқан сұхбат осымен аяқтал­ған шығар деп ойлады Тойжан. Өзін тілдеген кім екенін білме­гені­не де қапалы еді. Сөйткенше бол­мады “Оның өз телефонына хабар­лас” де­ген жазу түседі. Бұл “Кімге ха­бар­ласу қажет” деп сұрайды. “Бек­әділге” деген жазу жарқ ете қалады. Тойжан өзін осыншама балағатта­ған Бекәділ екен деп нақ­ты тоқтам жасайды. Бірақ мына сөйлескен телефон иесі кім екені оған тағы беймәлім қалады. Ертеңгісін Тойжан кеше кешкі­сін ұялы телефон арқылы арадағы болған әңгімені өзімен тетелес ағасы Сарыбайға баяндайды. Анау ұялы телефондағы жазуларды оқып шығады да сол мезетте қоңырау шалады. Мен Тойжанның ағасы­мын, “сен неге оны боқтайсың, енді жауап бересің” дейді. Ал бұл теле­фон расында Бекәділдің досы Ал­ма­с­бектікі болатын және оны­мен Тойжанға ол хат жолдағаны да хақ еді. Алмасбек өз кезегінде Сары­байға “Сен кімсің, қайда оқисың, не жұмысың бар?” деген секілді сұрақтарды қойып, кешке өзім хабарласамын деп қоя салады. Алмасбек айтқанынан қайтпай кешкісін Тойжанның ұялы теле­фонына “Сити” сауда үйінің ал­дын­­да кездесеміз деп хабарлама жі­береді. Содан Сарыбай да енді ше­гінерге жол жоқ екенін түсінеді. Үлкен “разборка” басталмақ. Қа­рын­дастың дауы қалыпты шектен шығып бара жатқандай, қарсы тұрар қол жинамаса, күш бермей кететін­дей көрінді. Ол әуелі Әдет деген досын шақырады. Сосын Қанат де­ген танысына хабарласып, көмекке келуін өтінеді. Анау осы бір оқиға­ның боларын алдын-ала сезіп да­йын жүрген бе “Мерседес” көлігі­мен әп-сәтте жетеді. Жанын­да бұл танымайтын тағы бір жігіт бар. “Шын дос осындайда сынала­ды, мен саған көмекке өз досымды да алып келдім” дейді Қанат. Бұл кім деп сұрап жатпады, өйткені Қанат оның досы, Қанаттың дос­тары мұ­ның да досы. Демек, олар­дың мүд­десі бір жауласқан жан­дардың сазайын бірге тарттырады. Сөйтіп төртеуі бір көлікке отырып “Сити” сауда үйінің алдына барады. Келсе, үш жігіт бұларды күтіп тұр екен. Қыздарды балағаттады, оны­сымен қоймай Тойжанның аға­с­ына осы жерде кездесейік деп ұсы­ныс жасады. Демек, бұл жігіт­тер де айтқанынан қайтпайтын, сөздеріне жауап беретін жандар бол­са керек. Расында, іс жүзінде де солай болып шықты. Сарыбай қасындағы жігіттермен бірге қара­сын көбейте үшеудің алдына барып тұра қалады. – Сендер ме, қыздарды боқ­таған?! – деп қатулана сұрайды бұлар. – Иә, біздер, – дейді аналар еш қаймықпай. Осы кезде Қанат пен Бекәділ екеуі оңаша шығып жеке сөйлеседі. Артынша Бекәділ тағы бір таныс­тарына телефон шалып, мына жі­гіт­тер өте қатулы екен, сендер тез­детіп келсеңдерші дейді. Ол сөзді бәрі естіп тұрады. Бірақ ешкім әзір­ге мән бере қоймайды. Ал Қа­наттың Бекәділге не айтқаны бел­гісіз еді. Содан Сарыбай да күш жи­­нау үшін ағасы Берғаліге қоңы­рау шалып, жағдайды баяндайды. Бұл кезде Берғалі көшеде өз шаруа­сымен жүр­ген еді. Інісінің айтуын­ша, іс на­сырға шауып бара жатқан сыңайлы. Өйткені, ана қа­рындасын боқтаған үш жігіт олар­дан үлкен кө­рі­неді және еш тайы­нар емес дей­­ді. Демек, Берғалі жал­ғыз бар­ға­ны­мен аналар бұдан ық­па­сы анық. Сосын бұрын­нан ара­ла­сып жүрген Нұрболға телефон ша­лып жағдайды айтып, келуін сұрайды. Ара­да көп өтпей Нұрбол өзінің “Тойото” көлігімен бұған таныс емес екі өзге ұлттың жігітін ертіп келеді. Олардан кімдер екенін бұл сұрап жатпайды, оған уақыт та тығыз еді. Бұлар “Сити” сауда үйінің ал­ды­на келгенде бір топ жігіт бір-бірі­мен енді айқасқалы тұрғандай көрінді. Олардың жекіре сөйлеп, шалт қимыл жасаулары айналадағы өткен-кеткеннің назарын аудармай қоймады. Кейін солардың арасы­нан куәлер де табылғаны анық. Бі­рақ қалай екені белгісіз топ бо­лып қара көрсеткен, одан соң төбелеске ұлас­қан оқиға бірде-бір тәртіп сақ­шы­сының назарына ілікпепті. Әйт­песе бір өмірді жалмағалы тұр­ған жай­дың алды алынар ма еді. Бер­ғалі білек түріп, қабағынан қар жауып үш жігітке келе тиіседі. Олар­­­­дың осы келісі-ақ тең тұрған таразы ба­сын басып кетті. Кім ме­нің қарын­дасыма хабарлама жа­зып жүрген, деп даусын көтере өктемдік ете сұрады. Оның қарсы алдында тұр­ған Бекәділ мен емес, деп бір­ден жауап қайтарады. Бірақ сол кез­де Алмасбек балағат сөздер­ді жаз­ған мен, дейді. Сол-ақ екен Бер­ғалі жұ­дырығымен Алмасбектің бетінен қойып қалады. Соққының қуатты болғаны сонша анау бірден құлап түсті. Ұрыста тұрыс бар ма дегендей, құлаған жанды тепкінің астына алды. Алайда Алмасбек амалын тауып сытылып кетеді. Оны тастай беріп қашып бара жатқан Әдидің артынан Сарыбай және Әдетпен бірге тұра қуады. Қуып жетіп айқаса кеткені сол еді, артта қалған топ арасында тапан­ша­ның даусы тарс ете қалды. Ар­тынша тағы атылды. Әди де осы сәт­те Алмасбектің со­ңы­нан жүгіріп кетеді. Сосын сап ты­ныштық орна­ды. Ешкім айтпаса да біреудің оқ тиіп мертіккені белгілі еді. Бер­ғалі­нің мылтықты кім атқанын қарауға қауқары қалмады. Жан-жаққа үрке қашқандармен бірге бұл да келген көлігіне тұра жүгірді. Қасына өзіне бейтаныс жігіттер де келіп жайға­сады. Артын­ша әлгі­лердің біреуі “қап, бекер істедік-ау” деп өкіне бас шай­қағанын естиді. Берғалі де бе­кер келген екенбіз деп өзін қоярға жер таппай жолай түсіп қалады. Басынан оқ тиіп жараланған Бекәділ көп ұзамай сол жерде қай­тыс болады. Тергеушілер оқ атқан Берғалі деп қорытынды шағарады. Қыздарға балағат сөздер жолдаған­дар жәбірленушілер болып табыла­ды. Ал қыздардың намысын жырт­қан­дар тегістей айыпталушылар қа­тарына кіргізіледі. Марқұмның туыс­­­­қандары да Берғаліні ғана айып­­­ты деп санайды. Бірақ жо­ғары­да оқиғаны тәптіштеп баян­дауы­мыздың сыры неде екендігін енді ашық айтуға болады. Бұл істі талда­ған Алматы қалалық соты Бер­ғалі, Әдет және Сарыбайлар сөз байлас­қан адамдар тобымен бұза­қы­лық әрекеттер жасағандықтан ҚК-нің 257-бабының 2-бөлігінің “а” тарма­ғы бойынша алдын-ала тергеуде дұрыс дәрежеленген деп табады. Бі­рақ, жоғарыдағы оқиға­дан бай­қағанымыздай, олар тапан­шамен қаруланған біреулер оқ ат­қан кезде оның қасында болмағаны анықта­лады. Сөйтіп сотталушылар Бер­ғалі, Әдет және Сарыбайларға та­­ғыл­ған айыптардың дәреже­ленуі­нің дұрыс­тығы мен қылмыстық заңға сәйкес­тігін талдаған сот оның сот тер­геуін­де өз дәлелін таппаған­ды­ғын білдір­ді. Ең басты себеп, іс құжат­тарында Бекәділді Берғалінің қаса­қа­на өл­тіруге әрекет жасағаны көрін­бейді. Екіншіден, мұны оқи­ғаға қатысқан­дардың бірде-бірі және басқа да куәлер іс бойынша сот­та не­ме­се алдын-ала тергеу жауап­­­­­тарында көрсетпеген. Үшін­ші­­ден, Берғалінің бұзақылық әре­кет­тер жасағаны, жәбірленушілерге қол жұмсап ұрға­ны кісі өлтіруге қара­тылған әрекет­тер деп тануға негіз болмайды. Сөйтіп, сот Берғалі тара­пынан жә­бір­ленушіге күш көрсетіп, тапанша­мен оны атып өлтір­гені туралы болжамдар өз дәлелін таппа­ғандығы толық анықталып бекіді дейді. Осы себептерге байланысты сот сотталушы Берғалі ҚК-нің 96-бабының 2-бөлімнің “и” тармағы­мен дәрежеленген айыбы дәлелден­бегендіктен бұл айыбынан ақтала­ды және Бекәділдің өлтірілгендігі туралы қылмыстық іс Алматы қала­лық прокурорына өзге адамды қыл­мыстық қудалау қажеттігі туралы мәселені шешу үшін қайыра жол­да­нады деп шешкен еді. Соған орай айран ішкен құтылып, шелек жала­ған тұтылады дегендей, қудалау органдарының қауқарсыз әркетінен кісі өлтірмеген жазықты болып, қан жүктеуші бостандықта әзірге қала бермек. Бұған ұқсас жайлар әлемде де, біздің елде де баршы­лық. Сондықтан нақты ұқсастық­тың да табылып жатуы кәміл де­мек­піз, бірақ олардың біздің жазба­мызға еш қатысы жоқ. Александр ТАСБОЛАТОВ.