• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Азиада жаршысы

810 рет
көрсетілді

Азиадаға 108 күн қалды

“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті

“МЕДЕУ” МҰЗ АЙДЫНЫ

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында алып тұлғалы Алатау қойнауындағы інжу-маржандай “Медеу” мұз айдынының даңқы дүйім дүниеге жайылды.”Рекордтар фаб­рикасы” атанған ғажап кеменің аты қазақша болғанына әрі мақтанып, сүйінетінбіз де, бірақ орысша басылымдарда оның “Медео” болып бұрмаланып, қате жазылып, халықаралық қолданыста солай айтылып кеткеніне қынжыла күйінетінбіз. Тәуелсіздік сондай намысқа тиер талай-талай кем-кетіктеріміздің орнын толтырды. Басқа тілдердегі һәм ресми қолданыстағы қазақша “Медеу” аталымы қалпына келді. Енді, міне, сонау бір “советтік” делінетін кезеңнің өзінде де әлемге қазақ атын таныт­қан мәшһүр “Медеу” алдағы жылдың ба­сын­да өз елімізде өтетін VІІ Қысқы Азия ойын­дарын дүбірлетер аламан жарыстардың бір алтын төрі болғалы отырғаны көңілді та­ғы да өсіруде. Осы жайларды ойлай кел­генде, осыдан 100 жылдың арысында Вер­ный уезі, Кіші Алматы болысындағы Үшін­ші ауылдың қазағы Медеу Пұсырмановтың Кімасар аңғары бойындағы генерал Кол­паковскийдің жер сілкінісінен құлап қалған саяжайының қасынан ағаш үй тұрғызуға рұқсат сұрап Жетісудың жандарал губерна­то­рына өтініш түсіргеніне тәнті болған­дайсыз. Танымал қаламгер Бейбіт Сапаралы келтірген деректерге қарағанда, бабамыздың кеудесі биік. Үйді анау-мынау жай жерден емес, атақоныс Алатаудың төрінен, Кіші Алматының өрінен, өзге емес, Жетісуда жарты патша, жарым құдай болған генерал Колпаковскийдің нақ өзінің саяжайының қасынан саламын, дейді. Өстіп ел иесі, жер иесі кім екенін аңдатқандай қалып көр­сетеді. Сол Медеу баба есіміндегі шұрат қазір мыңдардың көзайымы, Алматының құснихатындай көрікті жері, ордалы орны. Мұндағы жаңғыртылып жаңаланған “Медеу” спорт кешені алда болар Азиа­да­ның ат басын тірейтін басты нысандарының бірі екендігі тағы да милеттік һәм мем­лекеттік мерейіміз емес деп кім айтар. Шынында да, мамандар сөзіне құлақ қойсақ, “Медеу” – әлемдегі ең биік таулы спорт кешені. Теңіз деңгейінен 1691 метр биікке ұя салған, шатқал келбетімен үйлесіп үндескен, жер жұмағымен жарасым тапқан ертегінің сарайы сияқты. Аңғардың жұмсақ тынысы, сары майдай толықсыған күншуақ, әуенің әлсіз қысымы, желсіз тымық, сырға­нақ тебу мұзын “қайнатып” қатыратын таза тау суы – міне, осының бәрі мұз айды­нының үздік сапасына жол ашып, жоғары спорттық нәтижелерге жету үшін тамаша алғышарт жағдайлар жасап тұр. Аз ғана тарихты ізерлесек, 1949 жылы Іле Алатауының бөктер сілемдеріне бір топ конькимен жүгіру шеберлері мен бапкерлер келіп, Кіші Алматы шатқалының Қалыңтөбе құзар шоқыларының етегіндегі Медеу сайы­нан болашақ мұз сырғанағы орналаса­тын жер телімін таңдап алды. Ол жер қой­тас­тардан та­зар­тылып, кейіннен атақты “Ме­деу” мұз ай­дынына айналған алаң нобай­ланып жос­пар­ланды. Мұз сырғанаққа тас жол төселіп, оған қаладан күнделікті авто­бустар қаты­найтын болды. Бірақ сел мен қар көшкінінің қаупі сейілмей тұрған­дық­тан, сол жылдары күрделі құрылыстар жүр­гізуге мұрша келме­ген. Сон­дық­тан, ең алды­мен, ықтимал апатқа тос­қауыл, тоспа қоюға шешім қабылданған. Сөй­тіп, селден қорғай­тын бірегей бөгет құрылысы 1966 жылы бас­талып, 1972 жылы аяқталды. 1973 жылдың шілдесінде ол табиғат сұра­пылының бірінші соққысына – төрт миллион текше метр су және лай-батпақ, тас қойырт­пағымен қоса лақылдаған жойқын селге төтеп берді. Кейін бұл бөгет одан әрі бер­кітіп бекемделіп, биіктігі 150 метрге жеткізілді. “Медеудің” негізгі міндетіне оралсақ, онда 1951-1970 жылдар аралығында көп­теген қысқы спорт түрлері бойынша ең жо­ғары деңгейдегі жарыстар өтіп тұрды. Әл­бетте, спорт кешенінің басты бет-бағдары коньки­мен жүгіру саласынан көрінді. “Ме­деу” мұз айдынында 120-дан астам әлемдік рекордтар жасалды. Қазірде спорттық аңызға айналған Евгений Куликов пен Эрик Хайденнің, Вале­рий Муратов пен Стен Стен­сеннің атақты рекордтары осында дү­ниеге келді. Осынау мұз айдынында КСРО рекордтары да 200 мәрте дерлік жаңар­тылды. Сондай-ақ Норве­гия, Нидерланды, АҚШ, Жапония, ГДР, Швейцария, Польша, Финляндия, Чехосло­вакия, Моңғолия, тағы сол сияқты елдердің рекордтары осы арада тіркелді. Медеу интер­националдық спорт мекеніне, ірі халықара­лық жарыстардың орталығына айналды. Солардың ішінде КСРО – Норвегия, КСРО – Норвегия – Ни­дер­ланды, КСРО – ГДР, КСРО – Шве­ция дәстүрлі матчтары Ал­матыдағы елең етерлік спорттық оқиғалар болғандығы да жадымызда. 1970-1972 жылдары ескі мұз айдынының орнына жаңадан бірегей “Медеу” спорт кешені салынды. Сол үшін бір топ жобалау­шылар мен құрылысшылар КСРО Мемле­кеттік сыйлығын еншіледі. Бір қаперде бола­тын жай сол, осы жер мен мұз айдыны ке­ше­ніне атын мирас еткен Медеу Пұсыр­ма­новтың өткен ғасырдың басында салған ағаш үйлі саяжайының орнына 1974 жылы “Медеу” қонақ үйі тұрғызылып, біраз жыл­дар бойы Алматы меймандарына қызмет еткен болатын. Өкініштісі, сол қонақ үй қазір бұзып таста­лыпты. Әйтеуір, алдағы уа­қытта “Осы арада Медеу атамыздың үйі болған” дейтіндей, тарихтан сыр шертер жәдігер тұрған орыннан көз жазып қалмасақ дейміз де. Әуел бастан-ақ спорт мамандарын да, жанкүйерлерін де әрі таңғалдырып, әрі қы­зық­тырып келген нәрсе – Медеу мұзының құ­пиясы. Биік таулы спорт кешеніндегі ай­дын өзінің құрылымы жағынан әлемде тең­десі жоқ деуге болады. Қалыңдығы 2,3 метр­лік көп қабатты алаң құрылмасы жиыр­ма түрлі материалдардан тұрады. Бөгеттің етегіне күллі спорт кешенінің жүрегі – мә­шине залы орналасқан. Мұнда орнатыл­ған компрессор­лар мен осы заманғы жабдық­тардың қазіргі уақыттағы қуат-күші 3600 кВт-сағатқа тең. Ол алаңдағы мұзды алты ай бойы бірқалып­ты қатырып ұстауға қабілетті. Мұз айдыны астындағы бетонда шимайлана өрілген әр­түр­лі шеңберлер бар. Ондағы 140 шақы­рым деуге боларлық өрмекшінің ұя­сын­дай құбыр­лардың бойымен суытқыш эти­ленгликоль қан тамырларындағыдай айна­лып жүреді. Сөйтіп, қажетті темпера­тураны қамтамасыз етеді. Бұл ерекше техно­логиялық шешім, көп жерде кездесе бер­мейтін құрылым. Алдағы Азия ойындарындағы маңызды нысан ретіндегі ауқымды дайындық жұмыс­тарының мән-жайымен спорт кешенінің директоры Сабыржан Бектемісовтің әңгіме­сінен қанықтық. Мұнда допты хоккейден (бенди) жарыстар өткізу жоспарланып отырғаны мәлім. Соған орай мұз айдынын жаңалаудың кең көлемді жобасы бірнеше кезеңде іске асырылыпты. Жаңаландыру жобасы кешеннің әуелдегі сыртқы келбетін ескере отырып, аса мұқият­тылықпен әзірленген екен. Біріншіден, ескі мәшине залының қажетсіз деп есептеген 3300 шаршы метрге жуық алаңы жаңа кел­бет-түрге енді. Енді мұнда төреші-қазылар тобы, жаттығу залы, медицина және қалпы­на келтіру орталықтары орналасады. Соны­мен бірге қоғамдық пайдалану орындары – буфет, баспасөз орталығы мен мұражай жаңа рухта қайтадан жасалып-жасақталған. Сондай-ақ. мұз айдынының әкімшілігі мен қызметкерлері үшін қосымша орынжайлар қатарға қосы­лыпты. Спортшылар уақытша тынығатын жайлар осы заманғы талап деңгейіне жеткізілу үстінде. Ондағы жалпы орын бұрынғы 60-тан 98-ге дейін үстеме­леніп көбейтіліпті. Екіншіден, көрермендер отырғыштары түгелдей жаңаланып ауыстырылған. Жаңа­лау жұмыстары мінбелердің сыйымдылығын ұлғайтуға да мүмкіндік берген. Бұрынғы 7200-дің орнына ендігі жерде жарыстарды 8500 көрермен жайғасып отырып, алаңсыз тамашалай алады. Кешеннің бүкіл инженерлік-техникалық жүйесі де толық өзгерген. Бұл дегеніңіз – жылыту, желдет­кіш, сумен және электрмен жабдықтау, канализация. Жаңа үлгідегі бес трансфор­матор подстансалары қойылып, апатты жағдайдағы энергиямен жабдықтау жайы да осы бастан қаперге алынып, реттестірген. Сабыржан Саматұлының айтуынша, сонымен қатар, спорт кешенінде электрон­ды билеттендіру жүйесі енгізіліп жатқан көрінеді. Бұл орайда интернет-броньдау, ай­лық және жылдық абонементтер де тиі­сінше ескеріледі. Тағы бір сүйінерлік жай сол, қазірде мұз айдынында ТМД аумағын­дағы ең үлкен – 200 шаршы метрлік мультимедия­лық табло орнатылған. Барлық талаптарға сай келетін бұл таблоның жасау­шысы америкалық “Бильборд” компания­сы болып табылады. Оның дидарында спорт­тық ойындардың нәтижелері кескін­деліп көрініс тауып, телебағдарламалар көрсетіледі, сон­дай-ақ тақырыптық ролик­тер мен фильмдер ұсынуға да мүмкіндік болып тұрмақ. Халықаралық стандарттар мен әлемдік жо­­ғары талаптар үдесінен шығу мақсатында қазіргі қолда бар технологиялық жүйелерге жа­ңа­лары қосылған. Мысалы, нақ осы үлгі­лер қатарында мұз айдынын жарықтан­дыру жүйесін, телевизиялық және күзет пен бей­не­бақылау құралдарын, фотомәре авто­матты тетіктері мен қазылық ету жүйе­сін, мұз ай­ды­нындағы қиқулаған дүбірлі оқиғаларды ды­­быстандыру жұмысын атап айтуға болады. Мұз айдынының өзі де әжептәуір өрнек­ті өзгерістермен толықтырылған. Ол конь­ки­мен жүгіру, Канада хоккейі, керлинг, мә­нер­леп сырғанау және допты хоккей сияқты спорт түрлерінен жаттығулар һәм өңірлік және халықаралық деңгейдегі спорттық шара­ларды өз дәрежесінде өткізуге қай тұр­ғы­дан алғанда да сақадай-сай бол­мақ. Соны­мен бірге мұз сырғанағы тұрған жер бас­кетбол мен мини­футбол аренасы ретінде де пайда­ланылады.. Қазірдің өзінде ол Алматы қаласындағы спорт мектептерінің спорттық базасы тұрғысында жұмыс істей бастапты. 2011 жылдың қаңтарында Азия олимпия­лық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан алыстағы Эль-Кувейтте жағылған Ақ Азиада алауы осының алдындағы VІ Қысқы Азия ойындары өткен Қытайдың Чаньчун қала­сына азырақ аялдап, одан арнайы ұшақпен Алматыға жеткізілмек. Оңтүстік астанадағы басқа да Азиада нысандарымен бірге Алатау баурайындағы биік таулы “Медеу” спорт кешені де осынау аса мәртебелі жарыстарды қабыл алып, жоғары дәрежеде өткізуге қазір­дің өзінде негізінен әзір деп айтуға болады. Мұндағы мәшһүр мұз айдынында алдағы жылдың 31 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында ерлер командалары арасында допты хоккейден (бенди) додалы жарыстар­дың жалауы желбіремек. Көңілді екі жылдан бері күпті еткен сол бір сағынышты күндер де алыс емес, сұлбасы көрініп қалғандай. Жал­пы, VІ Қысқы Азия ойындарының: “Мақсаты бірдің – рухы бір” деген ұраны­ның да атойлап көрінері де осы тұс. Астана-Алматыны бірдей қамтитын Азиада бағдарламасының ауқымын түгел таратып айтар болсақ, 9 спорт нысанында спорттың 5 түрінен 11 саласы бойынша 69 түрлі жарыс өтпек. Олимпиялық рухты ас­қақтатар аталмыш ойындардың мақсаты Азия елдері мен өңірлері арасындағы ынты­мақты, достық пен өзара қарым-қатынасты қолдау, сондай-ақ үйлесімді Азияны құруға үлес қосу болып табылады. Барлық жарыс нысандары 15 қаңтарда жаттығулар үшін өз есіктерін айқара ашады деп күтілуде. Біздің ардақты “Медеуіміз” де осы қатарда. Бұл күндерде аламанға түсер бәйге атындай сыланып-сипанып, әрленіп-әсем­деліп бабына келтіруде. “Дәл бүгінгі таңда “Медеу” мұз айдыны мен тұтастай кешеннің өзі Азиаданың жауапты әрі мәртебелі жарыс­тарын қабылдауға 95 пайыз әзір. 26-27 қазан күндері Азиадаға дайындық аясын­да “Қазатомөнеркәсіптің” жүлдесі үшін доп­ты хоккейден сынақ жарыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осының өзі бас дайын­дық болмақ. Біздің мұз айдыны­мыздың “мінезін” байқап, сынап көрмекпіз. Бұған дейінгі барлық әзірлігіміздің нәтижесі, са­лын­ған қаржы, төккен маңдай тер, жұмсал­ған күш-жігер мен еңбек нәтижесін осы­лайша алдын-ала бір тексеріп байқамақпыз. Сол бас сынақтың қорытындысында барлық тұрғыдан алғанда да “Медеу” Азиадаға дайын!” деп жарқын жүзбен айта алатыныма кәміл сенімдімін” дейді спорт нысанының директоры Сабыржан Бектемісов. Сөйте тұра көңіліміздегі бір дүдәмалды бүгіп қалғымыз келмей тұр. Атақты мұз айды­нына аты берілген адамның кім екенін білуге Азиадаға әлемнің әр түкпірінен келушілер де қызығары, құштар болары сөзсіз. Біле білсек, ол да қазақтың бір тари­хы. Сабыржан ініміз бізді: “Спорт кешенінің мұражайында осы бір адам жайында, әлбетте, қысқа ақпарат беріле­ді” деп жұбат­ты. Сөйтті де ол ал енді бүкіл Медеу шұраты тұрғысынан алғанда, Медеу Пұсырмановқа ескерткіш-тақта, мүсін немесе ескерткіш ор­нату мәселесі Алматы қаласы әкім­­дігінің құ­зырында ғой дегенге ойыса бер­ді. Біздіңше, Азиада қарсаңында болсын, одан кейін болсын, әлемге әйгілі Медеу мұз айды­ны атымен аталған ардақты ақсақалымыз он­дай құрметке әбден лайық қой деп ойлаймыз. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. * * *

АЛАУ ЖӘНЕ БАЙҚАУ

“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының баспасөз орта­лы­ғын­да VІІ Қысқы Азия ойындарына байланысты брифинг өтті. Онда эстафета алауын алып жүрушілерді іріктеу науқанының ара­лық қорытындысы, сондай-ақ, БАҚ-тарға Азия ойындарын на­сихат­тау бойынша журналистер арасында үздік ма­териал­дар­ға “Жаңа белестер алауы” атты байқау жарияланатындығы айтылды. Естеріңізде болса, алаугерлерді таңдау науқаны 2010 жылдың 15 қыркүйегінде Астанада басталған болатын. Алаугерлерді таңдаудың сал­танатты рәсімі Эстафета дирек­циясы мен “Нұр Отан” ХДП қол­дауының нәтижесінде жүзеге асты. Олимпиада жарысының басты сим­во­лы саналатын “Алау” мә­се­ле­сі бри­­фингте де кең көрініс тап­ты. Қыс­­қы Азия ойындарының алау эста­фетасын алып жүру мүм­кіндігі өмірлік белсенділігі жоғары, спорт­тың кез келген түрінен бел­гілі бір жетістіктерге жеткен, елге еңбегі сің­ген, “Алаугер” атауына ең ла­йық­­­ты деген қазақстандық азамат­тарға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы VІІ Қысқы Азия ойын­дарын өткізудің қалалық дирек­ция­сының директоры Наиль Ну­ров мәлім етті. Олардың қатарын­да Сидней олим­пиа­дасының же­ңім­пазы Ольга Ши­шигина, елі­міз­дің бетке ұстар көр­кем гимнас­шы қызы Әлия Жү­сіпо­ва да бар. Со­ны­мен қатар, үлкен­дер­дің ықы­ла­сына бөленіп, өртке оранған үйден 5 жасар баланы құт­қарып қалған 11 жасар батыр бала Жандос Ілияс сияқты Отанымыз­дың патриот­тары да осы санатта екен. Азияның Олимпиадалық кеңесі өкіл­­­дері арасынан жалпы 1020 алаугер сұрыпталып алынбақ. Олар­дың 100-і эстафетаның Аста­надағы кезеңіне, 80-і Алматыдағы кезеңін тартылса, 60-ы әрбір об­лыс орталы­ғы көше­лерінде алау алып жүретін­дігі мәлім болды. Ес­керетін жәйт, бұл қазақ­стан­­дықтар республикалық дең­гейдегі үздік спортшылар, Азиа­­да­ның құр­мет­ті қонақтары, Халық­аралық олим­пиада комитеті­нің мү­ше­­лері болуы керек. Осыған орай, об­лыстарға өңір­лік спорт ше­бер­лерін анықтау үшін тапсырма­лар жүктел­ген. Олар­­дың ішінде Олим­пиада мен әлем чем­пио­нат­тары, Азия ойын­да­ры мен басқа да ірі спорттық жа­рыс­тардың жеңім­паз­дары мен жүлдегер­лері болуы тиіс. Сонымен қатар оған ең талант­ты деген эстра­да жұлдыз­дары, әнші­лер мен музыканттар кірмек. Мұ­ның барлығын ұйымдас­тыру ісі “Нұр Отан” ХДП-ға жүкте­ліп отыр. Брифингте қаралған тағы бір жаңалық, журналистер арасындағы үздік материалдарға байқау жария­ланатындығы еді. Оған респуб­лика­лық және жергілікті барлық бұқара­лық ақпарат құралдары өкіл­дерінің қатысу мүмкіндігі бар. Ол үшін қа­ты­су­шыларға қойылар талап­тар да айтылды. Мәселен, алау эста­фета­сының шығу тарихы, олим­пиада дәс­түрінің тәрбиелік мәні, эстафе­таны өткізудің қазақ­стандық тәжіри­бесі, VІІ Қысқы Азия ойын­дарының ашылу рәсімі, алау алып жүрушілерді іріктеу нау­қаны, алауды қарсы алу жұмыс­тарының дайынды­ғы, сондай-ақ, эстафета атрибуттары мен оның нышандары жайлы БАҚ-тарда жа­рия­ланған дүниелер болуы тиіс. Тап­сырылған материалдар қоры­­тын­ды­сы осы жылдың желтоқсан айының соңында шығарылады. P.S: Азия ойындарының тарихындағы алғашқы Қысқы алау эстафетасы 11 қаңтарда Азия ойындарының штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қала­сында тұтанатын болады. Қаңтар айының 12-сінен бастап, алау еліміздің барлық өңірлерін аралап, қаңтардың 30-ы күні Астанаға жеткізілмек. Ал байқау бойынша журналистердің жұмыстары 5230196@gmaіl.com электронды мекен-жайында қабылданады. Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті. * **

АЗИАДА ЛОГОТИПІ

Қысқы Азия ойындарының логотипі (эмблемасы) олимпиялық спорттық қозғалыс идеясын және Азиада өтетін елдің ерекшелігін көрсетуі тиіс. Мемлекет, яғни Азиаданы ұйымдастырушы ел логотип жасайды да, кейін оны Азия олимпиялық кеңесі бекітеді. Барлық Азия елдері эмблемасының ажырамас элементі жоғарыдан жарқырап тұрған күн сәулесі болып табылады. 2007 жылы Қазақстанда 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының ресми логотипін таңдауға байқау жа­рияланды. Оған барлығы 50-ден астам жұмыс келіп түсіп, 10 жоба мәреге жетті. Байқау қоры­тын­дысы бойынша Тигран Ту­ниянц бастаған дизайншы­лардың шығармашылық тобы дайындаған эмблема жеңіске жетті. Бұған дейін бұл ұжым Бейжің қаласындағы Олим­­пия ойын­дары­нан бұрын Ал­матыда өткен Олим­пиада алауы­ның эстафетасын өткізу стилис­ти­касы мен ресімдеуді әзірлеген болатын. Жоба жетекшісі Т.Туниянцтің айтуынша, көптеген еңбектердің нобайын қоспағанда, бұған дейін дайындалған 20 жобадан осы лого­тип таңдап алынды. Онда негізгі төрт түс бар: меруерт түстес, көгіл­дір ақтық түстес, лағыл түстес және алтын түстес бояулар. Азия ойын­дарының эмблемасында түстердің түрлерін көбірек қолдану тәжіри­бесі бұған дейін еш жерде кездес­пеген. Мәселен, 2002 жылы Солт Лейк Ситиде өткен Олимпиаданың эмблемасы сары, қызыл сары және көк түстерге боялған қар ұшқы­нының бейнесінде болды. Бұл үш түс Юта штатының пейзажын көрсету үшін таңдап алынған-ды. Қысқы Азия ойындарының логотипі сызба түрінде көш­пен­ділер арбасының доңғалағын көз алдыңызға елестетеді. Гераль­дика­лық өнерде доңғалақ кеңістікте де, уақытта да мәңгілік қозға­лыс­тың символы ретінде қызмет ат­қарады. Ұдайы даму идеяларының бейнесі болғандықтан, логотип өмірдің жасампаз динамизмі бей­несінің эмблемасы болып табыла­ды. Доң­ға­лақ символы шеңбер ны­шанына жақын келеді, ертедегі наным-сенім бойынша Жерді айналып жүрген Күн құдайының төңірегі идеясын білдіреді. Бұл ретте, логотип берекелі өмір сый­лай­тын қуат көзі дегенге саяды. Азиада эмблемасы бірінің үстіне бірі қойылған үш түстен тұрады. Дайын нұсқасында ақ кристалл түрінде және фондағы суреті сары түсте пайдаланылады. Мағынасы жағынан мол мазмұнға ие. Мәсе­лен, көк түс еркіндік пен шексіз мүмкіндіктердің кеңдігін білдіреді, сондай-ақ спорт әлемінің шоғыр­ланған, әрі бір мақсатқа бағыттал­ған аспектілерін қамтиды. Қызыл түс жеңіске деген жігерді, ұмтылыс­ты және жарыстардың алауын бейнелейді. Осы екі түс үйлесе келе, көк мұз бен қып-қызыл жа­лын­ның ұштасқан идеясын береді. Бұл жар­қын спорттық оқиғаны елесте­те­тін Қысқы Азиаданың рухын көрсетеді. Дастан КЕНЖАЛИН. * * *

ОЛАР ОСЫНДА ОРНАЛАСАДЫ

Іmperіa-G Абай д-лы, 63 Төрт жұлдызды, 76 нөмірлі қонақ үй. Халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілерге арналған. * * * Duman Қорғалжын жолы, 2/А Үш жұлдызды, 213 нөмірлі қонақ үй. Шетелдік БАҚ өкілдері орналасады * * * Altyn – Dala Бигелдинов к-сі, 8/1 Үш жұлдызды, 153 нөмірлі қонақ үй. Хосттаратушыларға арналған. * * * Danіyar Тәуелсіздік д-лы, 11 Үш жұлдызды, 87 нөмірлі қонақ үй. Хосттаратушылар орналасады. * * * Tengrі Hotel Вавилов к-сі, 1 А Үш жұлдызды, 84 бөлмелі қонақ үй. Хосттаратушылар орналасады.