Жақында Қызылорда қаласындағы қос шаңырақ қуанышқа кенелді. “Принт” баспаханасында жұмыс істейтін Бақытжан Сырманов пен Гүлсара Бақытбекованың отбасында Айша, Әмина, Мәдина есімді үш сәби өмірге келген. Сондай-ақ мұнай автокөліктерін жөндейтін серіктестіктің шебері Өтеген Аяғанов пен медбике Гүлнәр Көшпенбетованың отбасы да қуаныш құшағына оранды. Асылхан, Әділжан, Ақжан есімді бүлдіршіндер желкілдеп өсіп келеді.
Үшем келген отбасыларына облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Рүстемов бастаған топ арнайы атбасын бұрып, шаңырақ иелерінің сауалдарына тұшымды жауаптарын берді.
Статистикалық есепке жүгінер болсақ, ағымдағы жылдың өткен тоғыз айында Сыр аймағы халқына 13967 нәресте келіп қосылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1230 балдырған артық деген сөз. Бұлардың арасында 65 егіз, жоғарыда айтқандай, 2 үшем бар. Сәбилердің денсаулығы бала дәрігерлерінің бақылауында.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда.