Кеше “RІXOS” қонақ үйінде “Терроризмнің алдын алу бойынша табысты стратегиялар, тиімді саясат және ортақ тәжірибе” жөнінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сарапшылары мен халықаралық және аймақтық ұйымдардың басшылары, жоғары лауазымды өкілдері бас қосқан конференция болып өтті.
Конференцияны ЕҚЫҰ хатшылығының Антитеррорлық бөлімшесінің басшысы Рафаэл Перл ашып, алғашқы сөзді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасына берді. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде халықаралық терроризмнің ешқандай ұлты, діні және шекарасы болмайтынын айта келіп, аса қауіпті бұл дертпен күрестің кешенді түрді жүргізілуіне мән берді. Сондықтан да Қазақстанның төрағалығы тұсында терроризмге қарсы күрес ұйымның басым бағыттарының бірі болды. Тамыры әлеуметтік мәселелерден бастау алатын жанжалдар, ұлтаралық және діни шиеленістер, есірткі трафигі, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қару-жарақ саудасы, “лас” ақшаны заңдастыру, адам құқықтарының сақталмауы, кедейшілік пен қоршаған орта ахуалының нашарлауы терроризм идеологиясының таралуына қолайлы жағдай туғызатынын айтқан шешен террорды болдырмау мен алдын алу шараларының кешенді жүргізілуінің әлемдік маңызды іс екеніне баса зер салды.
2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиға әлемді дүр сілкіндірді. 3000-дай адам өмірмен қоштасты. Әлем террор қауіпін мейлінше ұғынды. Алайда, ұлттық және халықаралық шараларға қарамастан, бұл зұлматпен күрестің аса бір тиімді жолы табылды деп айта алмаймыз. Бұған қоса террорлық актілер Ресейді, Ұлыбританияны, Үндістанды, Испания мен Түркия, Пәкстан тәрізді елдерді шарпыды. Сондықтан антитеррорлық жұмыстарды мейлінше кең ауқымда, әскери, саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық жағынан қарастыру аса маңызды. Бұл ретте Қанат Бекмырзаұлы біздің еліміз төрағалығы уақытында осы мәселелерді қарастыратын ЕҚЫҰ конференциялары, өзге де басқосулар өткізілгенін атап өтті. Мәселен, Есірткіге қарсы конференция мен Монғолия мен Тайландта ЕҚЫҰ практикумы ұйымдастырылғанын да қаперге салды. Сонымен бірге Ауғанстан мәселесінде төрағалыққа кіріспестен бұрын-ақ, оған көмек көрсету қадамдары бойынша бастама көтерді. Шынында да, күні кеше Қазақстанға білім алуға келген ауған жастарының алдыңғы легінің әсем Алматымызға ат басын тірегенін білеміз.
Мұнан соң Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ мүмкіндігінің артуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мән беріп отырғанын жеткізіп, кейбір дағдарысты тұстарда, қауіпсіздік мәселесінде ЕҚЫҰ ықпалын пайдаланудың маңызына тоқталды. Дәл осы қағидаттың іргедегі Қырғызстандағы оқиға кезінде тиімді болғанын айтып өтті. Әйтпесе, сол кезде әлдебір экстремистік немесе террористік пиғылдағылардың жағдайды өз мүдделеріне пайдаланып кетуі де мүмкін екендігін атап, ЕҚЫҰ-ның әлі де Қырғызстандағы өтпелі кезеңдегі қиындықтарды жеңуге ықпал етіп отырғанына тоқталды.
Әрине, ғаламдасқан әлемде терроризмнен төнетін қатерден тек өзіміз аман қалсақ болды деген оймен оқшаулану жарамайды. Оның үстіне терроризмнің жаһандану үрдісін назарға алатын болсақ және “Әл-Каида” жетекшілік ететін кейбір шетелдік террористік ұйымдардың аймаққа да, Қазақстанға да көз тігіп отырғанын ескерсек, мәселенің маңыздылығы айқындала бермек. Жасыратыны жоқ, конфессиялық төзімділікке қарсы, зорлық пен зомбылыққа үндейтін діни идеологияның таралуы, оның ішінде интернет желісі кеңінен пайдаланылып, оны жақтайтындардың ғаламторда табылып жататыны алаңдаушылық тудыратыны анық.
Конференцияға қатысушылар еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың сөзін үлкен ықыласпен тыңдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығымен жүзеге асырылып отырған саясатта террорлық әрекеттерді қоздыратын түйткілді мәселелер жоқ. Дегенмен, еліміздің сырттағы террорлық ошақтардан, діни алауыздықтары бар орталардан алыс еместігін ескерсек, одан еш қауіп жоқ деп жайбарақат жатуға да болмайды, деген Комитет төрағасы Қазақстанның аталған қатерге қарсы күрес мәселесін ұжымдық сипатта шешудің дәйекті және сенімді жақтаушысы, әрі қатысушысы болып табылады. Осы ретте терроризмнің жолына тосқауыл қою ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды басымдықтарының қатарынан орын алатындығын баса айтты.
Біздің елімізде біртұтас антитеррорлық саясат жүргізіліп, ұлтаралық және конфессияаралық келісім қамтамасыз етіліп, терроризмге қарсы күрестің құқықтық базасы жетіле түсуде. Осы орайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамыз етуде кез келген терроризм көрінісін бастапқы сатысында анықтап, оны дер кезінде жою, аймақтық қауіпсіздік мәселесіне жіті қарау терроризмді болдыртпаудың алғышарттарының бірі екені сөзсіз. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде шекаралас мемлекеттердің құзырлы органдарымен бірлесе қимылдаудың нәтижесінде “Әл-Каидаға” қарасты “Ислам джихад одағы”, “Түркістан ислам партиясы” террористік ұйымдары бөлімдерінің қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар, бұдан да өзге 10-нан аса ұйым террористік және экстремистік ұйымдар деп танылған.
Терроризмді ауыздықтауға қажетті құқықтық талаптарды орындаудың аса маңыздылығын ескере отырып, еліміз БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жайындағы 13 әмбебап конвенциясына қосылғаны аян. Отанымызда террористік іс-әрекеттерге бару, лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыру және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік сынды өзге де заңдық негізде тосқауыл енгізілген.
Жалпы Қазақ елінің террорды, экстремистік әрекеттерді еш қолдамайтыны айдан анық. Бұл халқымыздың діліне жат ұғым екеніне ешкім дауласа қоймас.
Екі шешеннің де сөзін үлкен ықыласпен тыңдаған Рафаэл Перл Төраға ел – Қазақстанның терроризммен күрестегі ұстанымына зор ризашылығын жеткізді.
Үзілісте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ Департаментінің директоры, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Сержан Әбдікәрімов, ЕҚЫҰ Антитеррорлық бөлімшесі хатшылығының басшысы Рафаэл Перл, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік мәселелері және көптарапты қатынастар жөніндегі офисі үйлестірушісінің орынбасары, антитеррорлық қызметті үйлестіруші Анна Витковски және Ресей Сыртқы істер министрлігі жаңа шақырулар мен қатерлер мәселелері жөніндегі департаментінің директоры Илья Рогачев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, конференция аясындағы тақырыптарға қатысты ойларымен бөлісті.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ Департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімовтің хабардар етуінше, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында жаңа қауіп-қатерлер, оның ішінде лаңкестікке қарсы күреске ерекше назар аударып келеді. Оның айтуынша, энергетикалық құрылымдарды қорғау, жол жүру құжатының қауіпсіздігі, есірткімен және қару-жарақ саудасымен күрес туралы, тағы басқа да жиындар өтті. Еліміз Ұйымның төрағасы ретінде бұл мәселелерді ойдағыдай жүргізіп келеді. Бүгінгі конференцияға Ұйымға мүше бірқатар елдердің сарапшылары қатысуда. Сондай-ақ Қазақстан дағдарысты жағдайларды оң шешуге де атсалысып келеді.
ЕҚЫҰ Антитеррорлық бөлімшесі хатшылығының басшысы Рафаэл Перлдің атап өтуінше, бүгінде және болашақта өңірлік, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Қазақстан астанасында өтіп жатқан бұл конференцияда осы қауіп-қатердің алдын алуға байланысты тәжірибелер ортаға салынып жатыр. Қазақстан осынау өзекті мәселеде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Өзара ықпалдастық, өзара түсіністік бар.
Ал АҚШ Ішкі қауіпсіздік мәселелері және көптарапты қатынастар жөніндегі офисі үйлестірушісінің орынбасары Анна Витковски өзекті де өткір мәселелер талқыланып жатқан конференцияны ұйымдастырған Қазақстанға алғысын білдіре келіп, лаңкестікпен күрес жайына тоқталды. Анна Витковски ханымның атап өтуінше, АҚШ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында лаңкестікпен күрес саласындағы белсенді іс-қимылын қолдайды.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Жаңа шақырулар мен қатерлер мәселелері жөніндегі департаменттің директоры Илья Рогачевтің айтуынша, соңғы жылдары лаңкестікпен күрес біршама жандана түсті. Бүгінде ол өз нәтижесін бере бастады. Лаңкестіктің алдын алу оңай емес, ол үшін бұл мәселені көп болып қарастырған жөн. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ның әлеуеті мен мүмкіндігі зор. “ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ” соғыстан кейін өзінің орнын қарастырып жүргені жасырын емес. Өйткені, бұл проблемалар ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ортақ”. Илья Рогачев, сондай-ақ Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде жүзеге асырған іс-шараларына жоғары баға берді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.