Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысының күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Заң жобаларының ішінде бала құқықтарын қорғауға қатысты заңдық құжат депутаттар тарапынан қызу талқыға түсті.
Екінші оқылымға ұсынылған заң жобасының толық атауы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” деп аталады. Ұрлық жасағаны, тонағаны және қорқытып алғаны үшін адамның қылмыстық жауаптылығын Қылмыстық кодексте 14-тен 16 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Зорлағаны және нәпсіқұмарлық сипаттағы іс-әрекеттерді көрінеу он төрт жасқа толмаған адамға қатысты жасағаны үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болып белгіленген. Ата-ана, педагог немесе кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген өзге де адам жасаған жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін қосымша жазалаудың төменгі шегі ұлғайтылды. Осы ретте салыстырма таблицаға енгізілген “белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады” деген ұстаным төңірегінде біраз талқылау болды. Депутаттардың бір тобы жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған бала тәрбиелеушіні “өмір бойына” кәсібінен аластатуды ұсынса, қарсы жақ оның да Конституцияда жазылған құқы барлығына назар аудартты. Заң жобасына енгізілген өзгерістер балалар құқығын қорғаудағы ережелердің дәлдігі мен заң тазалығын қамтамасыз етеді, деді бұл тұрғыда Қ.Тоқаев.
Жобаны комитетте талқылау барысында 40-қа жуық өзгерістер енгізу ұсынылған болатын. Палата отырысында талқылау барысында сенаторлар бірқатар өзгерістерді алып тастады. Соның ішінде жоғарыда айтылған ұстаным да бар. Сөйтіп, сенаторлар бала құқықтарын қорғауды жетілдіру мақсатында заң жобасына отыздан астам өзгерістер мен түзетулер қабылдады. Заң жобасына енгізілген түзетулер белгіленген тәртіп бойынша Мәжіліске жіберілетін болды.
“Уақытша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы” және “Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық банкі арасындағы Еуропа Инвестициялық банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы” заңдарды депутаттар ұзақ талқыламай қабылдады. Сол сияқты “Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдар да қабылданды. Бұл заңдар Парламент палаталары арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісу комиссиясының ұсыныстары бойынша қабылданғанын атап өткен жөн. Заңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны қорғауға, биоотын өндірісі мен айналымына ғылыми ауқымды технология енгізу ережелері мазмұндалған. Заң осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, экологиялық таза отын ресурстары көздерін тиімді пайдалану үшін құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру шараларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы отырыста Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына оншақты депутаттық сауалдар жолданды. Сенаторлардың сауалдары аймақтық инфрақұрылымдарды көркейту, әлеуметтік саланы, жергілікті жерлердің тыныс-тіршілігін нығайту мәселелеріне қатысты болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.