• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2010

Өскемендегі VІІ форум қалай өтті?

674 рет
көрсетілді

Алқалы жиыннан кейінгі ойлар Қазақ елі мен терістікте жатқан тең көршіміз орыс елінің сан ғасырлық қарым-қатынасы, мызғымас достығы жаңа ғасырда жаңаша сипат, жаңаша өріс алып отыр. Жақында ғана Өскемен қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі VІІ өңіраралық форумның қос елдің ынтымағы мен береке-бірлігін тағы да бір жаңа қырынан танытып, жаңа белеске шығарғаны анық. Екі мемлекеттің Президенті, Ресейдің 16-ы губернаторы, еліміздің 10 облыс әкімі, екі елдің мемлекет құрылымының мүшелері мен 120 өнеркәсіп басшылары қатысқан VІІ форум жайында аз-кем сөз еткенді жөн санадық. АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ АҚТАЛДЫ Мұндай форум Шығыс Қазақ­стан облысының тарихында алғаш рет өтті. Және бұл форумды өт­кізу­ге талпынған қалалар көп бол­ды. Біріншіден, бұл шара екі мемле­кеттің арасындағы ынты­мақтастық қарым-қатынастың одан әрі дамуы­на ықпал етіп отыр. Екіншіден, Шығыс Қазақстан об­лы­сында қос елдің бірлескен кәсіп­орындары аз емес. Бар, бірақ нәтиже аздау. Форум­ның Өске­менде өткізілуінің мақсаты – осы жиынды пайдала­нып, екі елдің кәсіпкерлерінің қаты­суымен бір­лес­к­ен кәсіп­орын­дар ашып, ол кәсіпорын­дардың ке­лешекте ел экономикасына серпін беретіндей жоба болуына қол жет­кізу бола­тын. Форум өз нәтижесін берді. Бір сөзбен айтқанда, бұл фо­рум еліміздің, соның ішінде Шы­ғыс Қазақстан облысының эконо­мика­сына үлкен септігін тигізіп отыр. Рас, форумды өткізуге талпын­ған облыстар аз болған жоқ. Алайда Елбасы бұл абыройлы міндетті Бердібек Сапарбаевтай тәжірибелі менеджерге, білікті әкімге тап­сырды. Бұл – үлкен жауапкер­ші­лік, бұл – абырой, бұл – үлкен се­нім. Елбасы артқан сенім толы­ғы­мен ақталды деп ай­туға болады. Бұл сөзімізді белгілі адамдардың пікірлері де растайды. Елімізге ғана емес, Ресейге де танымал қаламгер Борис Щер­баков форум туралы былай дейді: – Біздің облысымызда тұңғыш рет өтіп отырған Қазақстан-Ресей аймақаралық форумы бірлігі жарас­қан қос елдің достығының мәң­гілік екенін тағы бір мәрте паш етті. Сөз жоқ, бұл форумның елімізге, Шы­ғыс Қазақстан облы­сына, сүйікті қаламыз Өскеменге әкелер пайдасы ұшан-теңіз. Фо­рум кезінде Ресей Президенті Дми­трий Медведев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысын білдірді. Атақты физик-теоретик, көр­нек­ті ғалым, Еңбек Ері, КСРО Мем­­лекеттік сыйлығының лауреа­ты, Курчатов институтының дирек­торы Евгений Велихов те форум­нан алған әсерін жасыра алмады: – Әрбір ауқымды жиынның көңілде көркем із қалдырар өз ерек­­шелігі, өз қолтаңбасы болады. Бұл форумның ең үлкен жетістігі ретінде бүгіндері Курчатов қала­сында қос елдің білікті ғалым­дары­­ның қажырлы еңбегінің арқа­сында құрылып, алғашқы плазма­сы алы­нып үлгерген ТОКАМАК жоба­сын айтуға әбден болады. Бұрын-соңды ешқандай елде қолға алынбаған ірі жобаның іркіліссіз жүзеге асуына шаһардағы зама­науи техникамен жабдықталған Курчатов орталығы толық мүм­кіндік берді. Бұл жерде ең әуелі қазақстандық және ресей­лік ин­женерлер мен ядрошы-ға­лым­дар­дың бір жеңнен қол, бір жаға­дан бас шығара білген ынты­мағы мен береке-бірлігін ерекше атап өтуге тиіспіз, – деді ғалым. Елбасы Шығыс өңіріне келген осы жолғы сапары барысында об­лыс орталығы Өскеменде бой кө­тер­­ген әлеуметтік нысандарды (“Қаз­цинк” компаниясы салған жа­ңа балабақша, теннис корты жә­не ҚР Тұңғыш Президентінің ин­тел­лектуалдық мектебі), еліміздің өзге ешбір өңірінде жоқ этноауыл­ды және шаһардағы кәсіпорын­дарда қолға алынып жатқан ірі ин­но­ва­циялық-индустриялық жо­ба­ларды, форумның негізгі бас­қосуы өт­кен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың “Алтай” техно­пар­кін­дегі қазіргі күні өндіріске енгізі­ліп жатқан жаңа инновациялық жоба­ларды, бір сөзбен айтқанда, аймақ­тағы бүгінгі күні атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көріп, көңілі толып, аса жоғары баға берді. Мемлекет басшысы ғана емес, жетінші форумның басты қонағы – Ресей Президенті Дмитрий Мед­ведев те Өскеменнің сұлулы­ғына тамсанып, төр Алтай бауырындағы өндірісі өрге басқан шаһардың бүгінгі келбетін көріп, көңілі мар­қайып қайтты. ФОРУМ НЕГЕ ӨСКЕМЕНДЕ ӨТКІЗІЛДІ? Шығыс Қазақстанның қай кез­де де орны бөлек өңір екенін ерек­ше айтуға тиіспіз. Біріншіден, об­лыс орталығы Өскемен – ежелден кенді өңір, еліміздің ірі металлур­гиялық орталықтарының бірі. Ша­һа­р­да тек экономикалық-стра­те­гия­лық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды “Қаз­мы­рыш”, Үлбі металлургия­лық зауы­ты, Титан-магний комбинаты, “Азия-Авто” секілді бірнеше ал­пауыт кәсіпорындар орын тепкен. Екіншіден, Шығыс Қазақстан – то­ғыз жолдың тора­бында тұр, Ре­сей, Қытай, Моң­ғо­лия секілді үш мемлекетпен шека­расы шендесіп, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан стратегия­лық тұрғыдан өте маңыз­ды аймақ. Осындай факторлар форумның өтуіне түрткі болды. Елбасы Өскеменді бекерге таң­даған жоқ. Мемлекет басшысы ең әуелі шаһардың өндірістік қуа­тына, экономикалық бақуатты­лығына және ұлы Абай дүниеге келген қа­сиетті өңірдің, шырайлы Шығыс­тың жұртына сенді. Елба­сының қамқорлығының арқасын­да түсті металлургияның отаны саналатын Өскеменнің экономи­калық қуаты­ның соңғы жылдары арта түскені анық бай­қа­лады. Алла сәтін салса, қаладағы “Қаз­цинк” кәсіпорнында құрамында электролиз цехы бар мыс балқыту зауыты мен Өскемен титан-маг­ний комбинатында титан құйма­лары мен қорытпасын өндіру зауы­ты іске қосылуға жақын. Елба­сының тікелей тапсырмасы­мен жү­зеге асқалы жатқан Жо­ғары техно­ло­гиялар аймағы құру жобасы да Өс­кеменде қолға алы­нып жатыр. Осы жобаның алғаш­қы қадамы ретінде екі күндік форум аясында металлургия орта­лығының алғашқы іргетасы қаланды. Алла сәтін салса, енді тау-кен өндірісі саласындағы ауқым­ды инновациялық жобалар­дың барлығы осы жерде сынақтан өтіп, жүзеге асырылатын болады. Жобаны жүзеге асыру үшін респуб­ликалық бюджеттен 40 миллион АҚШ доллары көлемін­де қаржы бөлініп отыр. Қазір Елбасы да, Үкімет те, об­лыс басшылығы да Өскеменді жоғары технологиялар аймағына айналдыру жолында аянып жат­қан жоқ. Ал VІІ форумның өткі­зілуі Өскемен экономикасының одан әрі өркендеп, өнеркәсіптің одан әрі өрге басуына серпін беріп отыр. ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ЖОЛ САЛҒАН ФОРУМ Бұл форумның басты ерек­шелігі – жаңа тарихи кезеңнің бастау алар тұсында өтіп отыр­ғандығында болса керек. Биыл 1 шілдеден бас­тап Қазақстан, Ресей, Бело­руссия мемлекеттері арасын­дағы Кеден одағы өз жұмысын бастағаны бел­гілі. Алла сәтін салса, осы уақыттан бастап Кеден одағы­ның шекарасы ашылып, үш мемле­кет арасында Кеден кодексі мен бірегей тариф қызмет ететін бола­ды. Бұл – үш елдің аза­маттарына еркін қарым-қатынас жасап, еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді. VІІ форум – Кеден одағының жаңа кезеңінде өткізіліп отырған алғашқы үлкен жиын. Қос Прези­дент форум кезінде Кеден одағы­ның әлі де пісіп-жетілмеген тұс­тарын талқыға салды. Жиында Кеден одағы мәсе­лесі­­нен өзге екі ел арасында тех­ноген­дік апаттардан қорғайтын біртұтас жүйе құру, тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылық сала­сында иннова­циялық технология­ларды қолдану, нанотехнологияны енгізу жөнінде бір­лескен орталық құру, Ресей ғы­лы­ми орталығы ая­сында термо­ядро­­лық синтез сала­сына зерттеу жүргізу, агро­өнер­кәсіп кешенін, туристік ин­дус­трия­ны дамыту се­кілді өмірлік ма­ңызы зор мәселелер кеңінен сөз етіліп, 30-ға жуық ме­морандум мен келісім-шарттарға қол қойылды. Медведевті тамсандырған технопарк “Таңқалып тұрмын. Форум тех­никалық университеттің “Ал­тай” технопаркінде бекерге өткізі­ліп жатқан жоқ екен. Көрмені кө­ріп, көңіліміз көтерілді. Біз Нұр­сұл­тан Әбішұлы екеуміз, көрме жәді­гер­лерімен танысу кезінде атап өт­кеніміздей, өзара коо­перация­ларды дамытудың жарқын үлгі­лерін аң­ғар­дық. Біздің міндет – осындай өнім­дер көлемінің ұлғая түсуіне мүд­делі болу”. Кез-келген дүниеге таңдана бермейтін Ресей Прези­денті Дмитрий Мед­ведевтің форум­дағы сөзі осылай басталды. Бір нәрсені айқын аңғардық. Өскеменде де әлемдік ауқымдағы шараларды ұялмай өткізуге бола­тын жерлер мен шетелдің қонақ­тарына қысылмай көрсетуге тұрар­лық дүниелер бар екен. Cөзі­мізге VІІ форумның Медведевтің таң­дайын қақтырған көрмелері мен ау­қымды басқосудың барлық негізгі жиындары өткен Д.Серік­баев атын­дағы ШҚМТУ-дың “Алтай” техно­паркі дәлел. Көрмеге Қазақстан мен Ресей­дің 120-дан астам кәсіпорындары­ның тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­­­шы­лық саласындағы зама­науи үлгідегі ең озық, ең жаңа қондырғылары мен жабдықтары қойылды. Арасында не жоқ дейсіз. Жоғарғы жылуды тара­татын пеш, пайдалануға жарамсыз шыны­лар­ды өңдеудің жолдары, зауыт-фаб­ри­калардағы жарықты үнем­деуге арналған түрлі құралдар, су-жылу құбырларының шірімеуіне, тоз­бауына кепілдік беретін жамылғы заттар, жалпы тұрғын үй шаруа­шы­лығы саласына қажетті небір жаңа дүниелер. Көрменің ұнағаны сонша, дәл осы жерде Дмитрий Медведев Ел­ба­­сымызға қарап: “Екі елде де тұр­ғын үй-коммуналдық саласы ре­фор­­маны қажет етеді, біз ертеңгі күні жаңалықтарды бірігіп батыл енгізуіміз қажет”, – деді. БІР ОБЛЫСТЫҢ ҮШ ГУБЕРНИЯМЕН КЕЛІСІМ-ШАРТТАРЫ БАР Төр Алтайдың түркі жұртының кіндігі делінуі бекер емес. Ақбас шыңдары аспанмен тілдескен, аспаны ғарышпен үндескен Алтай тауының бауырындағы жұрты да бауырмал. Мұнар тау мен мұзарт шыңға қарап бой түзеген Шығыс Қазақстан мен Ресейдің Алтай аймағы ежелден тату, көршілік қарым-қатынастарына қылау түс­пеген өңірлер. Қос өңір ара­сында көп жылдан бері сауда-саттық байланысының берік орнағанын айта кетуге тиіспіз. Шығыс Қазақ­стан облысы Алтай аймағымен 1998 жылы сауда-экономикалық ын­ты­­мақтастықты арттыру жөнін­дегі келісімге қол қойған. Ресейдің ТМД елдерімен шек­те­­­сетін 27 аймағы бар болса, соның 12-сі Қазақстанның жеті облысы­мен шектеседі. Қазақстан мен Ре­сей арасындағы сауда қаты­насы­ның 70 пайызға жуығы осы шекаралас ай­мақ­тардың үлесіне келеді. Қазір Қазақстан-Ресей шекаралас аймақ­тарында 300-ге жуық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сон­­дай өңір­лердің бірі – Алтай аймағы. Шы­ғыс Қа­зақ­стан облысы ғана емес, еліміз­дің бірнеше кәсіп­орындары Алтай аймағының бір­неше ірі кәсіпорын­дарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл рет­те “Сибэнерго­маш” ААҚ, “Бийский қазандық зауыты” ААҚ, “Алтай-кокс”, “Ал­тайвагон” ААҚ, “Алтай мо­тор зауы­­ты” ААҚ, “Алтай дөңге­лек ком­бинаты”, “Михайлов хим­реак­тив зауыты” ААҚ, “Алтай аг­ре­гаттар зауыты” ААҚ, “Каучук­суль­фат” ААҚ секілді іргелі өндіріс орын­дарын атап өтуге болады. Әсіре­се Алтай аймағы мен еліміздің арасындағы ішкі-сыртқы сауда бай­ланысы ерекше қарқын алған. Мә­се­лен, елімізге келетін мәшине жа­сауға қажетті өнімдердің 50 пайызы осы аймақтан жеткізілсе, Шығыс Қазақстанның 40 пайызға жуық тауар өнімі Алтай аймағына шы­ғарылады екен. Биыл бірінші жар­ты­жылдықта Алтай аймағының экс­порт көлемі 54 пайызға ұлға­йып, 210 миллион, 605,7 мың АҚШ дол­л­арын құраса, елімізден шы­ға­рылған тауарлар көлемі 44 пайызға артып, 55 миллион, 524,6 мың АҚШ долларына жетіпті. Форум барысында екі елдің үкі­мет мүшелері жеті бірдей келі­сімге қол қойды. Олардың қа­тарын­да аймақаралық ынтымақ­тас­тықты нығайту, Имашев газ кеніне бір­лесіп геологиялық зерт­теу жүргізу, өзен су қойма­ларын бірлесіп пай­далану және ғылым-техникалық әріптестіктің әлеуетін арттыру секіл­ді маңызды құжаттар бар. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің бизнес өкілдері бар­лығы 27 келісім-шартты бекітті. Сөз жоқ, бұл құжаттардың бар­лығы да маңызды, барлығы да өзек­­ті. Алайда осы құжаттардың ішін­де қос мемлекеттің шекара аумағында орналасқан Имашев кен орнын бірлесе барлау туралы келі­сімді ерекше атауға болады. Себебі Қа­зақ­стан мен Ресей тұңғыш рет ше­карада орналасқан кен орнында бір­лесіп барлау жүргізуді көздеп отыр. Шығыс Қазақстанда соңғы жыл­­­дары көптен бері ұмытыла бастаған ара мен бал шаруа­шы­лығына шын­дап көңіл бөліне бас­тағаны белгілі. Тіпті бұл мәселе­лердің Үкімет дең­гейінде көтеріліп жүргені де есіміз­де. Бұл форумда жоғарыда атап өткен Шығыстың қос қара­шы­ғын­дай – қос саланы одан әрі дамытуға байланысты қос елдің ара және бал шаруа­шылы­ғының қауымдастық­тары арасында бірнеше меморан­дум­дарға қол қойылды. БҮКІЛ ОБЛЫС ФОРУММЕН БІРГЕ ТЫНЫСТАДЫ Биылғы жылды Өскеменнің “ре­зо­­­нанс” кезеңі десек болатын шы­ғар. Өскеменде мұндай ауқым­ды жиын, айтулы өзгерістер бола­ды деп ешкім ойламаған, күт­пеген болар, сірә. “Тойдың болғ­анынан бо­­­­­л­адысы қызық” демек­ші, Шы­ғыс Қазақстан бұл форумға ай­рық­ша әзірленді. Облыс орта­лығы Өс­­ке­­мен қаласы форум қар­са­ңын­да қай­наған қызу тіршілік алаңына айналды. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Өскеменнің форумға даярлығы өз алдына, облыстың өзге өңірлері де тақымын қысып, тарихи жиынның лайықты деңгейде өтуіне жан аямай атсалысты. Бұған жарқын мысал ретінде бес ай бұрын таби­ғаттың дүлей мінезінен ауыр зар­дап шек­кен Тарбағатай ауданы­ның Көк­жыра ауылының қас-қағым сәтте бой көтеріп, жабыққан тұр­ғын­дар­дың жаңа баспанаға ие бол­ғанын айтсақ та, жеткілікті (Бұл қатарға осы аудандағы Жән­текей ауылын, Зайсан ауданында­ғы Тас­бастау, Күршім ауданында­ғы Қа­ра­­тоғай және Абай ауданы­ның Қар­ауыл ауылдарын да қосу­ды ұмыт­­паған жөн). Құрылысты қолға алған мер­дігерлер жұмыс қар­­қы­нын шира­тып, форумға де­йін аяқ­тап, үлгеру­ге тырысты. Үл­герді де. Елбасы тас­қыннан зардап шеккен, қиян­дағы ауылдың тұр­ғындары­мен кез­десіп, жаңа ауыл­дың құры­лыс­тары­мен танысып, жоғары баға берді. Бейнелеп айтсақ, бүкіл облыс форуммен бірге тыныстады. Бір ғана Өскеменнің өзінде форум қарсаңында бірнеше жаңа ғимарат есігін айқара ашты. Азамат ҚАСЫМ.