Статистика агенттігінің қыркүйек айының басындағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда макроэкономиканың халықтың тұрмыстық жағдайын білдіретін басты көрсеткіштерінің бірі – күнкөріс минимумының көлемі тамызда шілде айына қарағанда, 6,1 пайызға өсіп, яғни 838 теңгеге көтеріліп, 14 587 теңгеге жетті. Ал осы көрсеткішті 2009 жылғы тамыздағы мөлшермен салыстырсақ, оның 7,5 пайызға артқаны байқалады.
Осы жерде күнкөріс минимумы дегеніміздің не екенін бір рет еске түсіре кеткеннің артықтығы болмас. 1999 жылғы 16 қарашада қабылданған “Күнкөріс минимумы туралы” Қазақстан Республикасының Заңында оның “мөлшері жағынан ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең бір адамға шаққандағы ең аз ақшалай табыс” екендігі атап көрсетілген. Қаржы-экономикалық сөздікте “адамның тіршілік қарекетін қолдау және оның жұмыс күшін қалпына келтіру үшін қажет ақшалай қаражаттың ең төмен деңгейі (минимумы)” екендігі келтірілген. Күнкөріс минимумын анықтау әдістемесі бүкіл отбасының немесе бір қызметкердің шығыны мен табысының теңгерімі болып табылатын тұтыну бюджетін (күнкөріс минимумының бюджетін) құрауға негізделеді. Жоғарыдағы заң бұдан әрі “Күнкөріс минимумының мөлшерін статистика жөніндегі уәкілетті орган және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ең төменгі азық-түлік емес тауарлар мен қызмет шығындарының бекітілген үлесі қосылған ең төменгі азық-түлік қоржынының құнына қарай есептеп шығаратынын” мағлұм етеді.
Статистика агенттігінің тамыз айындағы мәліметі бойынша, тұрғындардың азық-түлік тауарларын сатып алу шығынының құрылымы мынадай бөлініске түскен (пайыз есебімен): ет және балық – 18,5; сүт, майлы тағамдар мен жұмыртқа – 14,2; жеміс-жидек пен көкөніс – 16,8; нан өнімдері мен жарма өнімдері – 7,9%; қант, шәй және дәмдеуіштер – 2,6. Осы бөліністі одан әрі жалғастырып, күнкөріс минимумының мөлшерін тұрғындардың әртүрлі жас-жыныстық топтарына қарай бөлшектеп көрсетсек, ол мынадай көрініске ие болады (теңге есебімен): 0-13 жастардағы балалар – 12 908; 14-17 жастардағы жасөспірімдер (ұлдар) – 18 177; 14-17 жастардағы жасөспірімдер (қыздар) – 13 880; жастары 18-ден жоғары еңбекке жарамды тұрғындар (ерлер) – 17 139; жастары 18-ден жоғары еңбекке жарамды тұрғындар (әйелдер) – 13 594; зейнеткерлер мен егде жастағы кісілер – 13 442. Бұдан шығатын қорытынды: біздің елімізде еңбек ететін жастағы кісілерден гөрі жасөспірімдер, әйелдерден гөрі ер кісілер күнкөріске көбірек шығынды алатын көрінеді.
Осы жерде күнкөріс минимумының жылдан-жылға, айдан-айға ұлғайып келе жатқанын да айтуымыз керек. Республикада 2000 жылы оның мөлшері жан басына шаққанда 4 945 теңге болған екен. Келесі 2001 жылы 5 655 теңгеге көтерілді. Содан кейінгі 2002-2004 жылдары ол 6 мың теңгенің (6 003, 6 457, 6 785) ауқымынан шыға алмай қойды. Алайда, аздап болса да өсім бар екені байқалды. Ал 2005 жылы 7 618 теңге болып, келесі мыңдықтың белесінен асқан мөлшер 2006 жылы 8 410 теңгеге табан тіреді. Содан соңғы 2007 жылы минимум мезіреті 9 653 теңгеге тұрақтады. Сосын келесі 2008 жылы бірден 3 мың теңгеге жуық өсім жасалды да, ол сол деңгейде екі жылдай тұрып қалды. Әдепкіде 12 364 теңге болған көрсеткіш 2009 жылы болар-болмас қана үлес алып, 12 660 теңге тарапынан аса алмады. Сондықтан биылғы өсімді тағы бір сілкініс ретінде қабылдауға әбден болады.
Әлбетте, дәл қазіргі 14 587 теңге мөлшері де бірден бола салған жоқ. Бұл үшін биылғы 2010 жылдың басында, қаңтар айында күнкөріс минимумының 12 141 теңге болып тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Сол тұста тіпті соның алдындағы жылдан төмен қарай құлдырап кету үрдісі де байқалған еді. Тек ақпан айында ғана 12 438 мың теңгеге қайта көтеріліп, 2008 жылдың деңгейінен аса алдық. Ал наурызда 12 713 теңгемен былтырғы мөлшерден озуға айналдық. Расында бұл өрлеудің басы болды. Соның нәтижесінде сәуір айында – 12 891, мамырда – 13 073, маусымда 13 965 теңге өлшемдерінен өттік. Бірақ шілде айы тағы төмен түсудің түрін танытты – бұл кезде көрсеткіш 13 743 теңге болып шыға келді.
Әдетте күнкөріс минимумын анықтау үш мақсат үшін жасалады. Ол арқылы біз, біріншіден, тіршілік ету жағдайының бағасын біліп, кедейліктің соңғы шегін анықтаймыз, екіншіден, әлеуметтік саясаттың бағыттарын айқындап алып, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды жүзеге асырамыз, үшіншіден, бекітілетін ең төменгі айлық жалақының, зейнетақының, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшерін негіздеп аламыз. Ал ең төменгі айлық жалақы мен ең төменгі зейнетақының көлемі жыл сайын оларды күнкөріс минимумының мөлшеріне дейін сатылап жеткізу ұстанымы ескеріле келе, сол кездегі күнкөріс минимумының негізінде заң актілерімен бекітіліп отырады.
Мұның арғы жағында ең төменгі тұтыным қоржынының мөлшері де анықталып шығады. Еліміздің 1999 жылғы 16 қарашада қабылданған “Күнкөріс минимумы туралы” заңы Қазақстандағы ең төменгі тұтыным қоржынын белгілеу мен пайдаланудың құқықтық базасын бекітіп береді. Ең төменгі тұтыным қоржыны (кейде “себет” деп де айтылады) күнкөріс минимумының мөлшерін белгілеу үшін тағайындалады. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен қызмет түрлеріне кететін шығындардан құралады. Ал азық-түлік себетінің құнын және азық-түлік емес тауарлар мен қызмет шығындарын анықтау тәртібін “Күнкөріс минимумының мөлшерін есептеу ережелері” белгілейді. Азық-түлік қоржынын денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы физиологиялық нормасын анықтап берген азық-түлік тағамдарының ғылыми негіздемесі бойынша статистикалық орган есептеп шығарады. Ол тұрғындардың әртүрлі жас-жыныстық топтары үшін белгіленген азық-түлік қоржынына кіретін азық-түліктік тұтыным тағамдарының ғылыми негізделген физиологиялық нормасын ағымдағы айдың ортасында республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, облыстар мен аудандар орталықтарындағы бөлшек сауда жүйесінің көрнекті нысандарында тіркелген орта бағаға көбейту арқылы жасалады. Ал азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер шығындарының құны ең төменгі азық-түлік себетінің құнын Үкімет белгілеп берген тәртіппен алынған азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерінің ең төменгі шығындар үлесіне ұлғайту жолымен анықталады.
Осы ретте Статистика агенттігі есептеп шығарған еліміз тұрғындарының негізгі азық-түлік тағамдарының ең төменгі тұтыным нормаларына да көз жүгіртіп өткеннің артықтығы болмас. Бұл тізімге қарасақ, республиканың азық-түлік қоржынының дәл қазіргі жылға есептелген құрылымы алдан шығады. Онда бізде ең төменгі мөлшер бойынша тұрғындардың жылына 13 кило ұн, 70,07 кило бидай ұнымен байытылған нан, 4,4 кило макарон өнімдерін, 8,5 кило күріш, 2 кило қарақұмық, 95 кило картоп, 25 кило ақ жапырақты капуста, 20 кило сәбіз, 20 кило пияз, 10 кило бақша өнімдерін (қарбыз), 25 кило алма, 4,5 кило жүзім, 18 кило қант, 15 кило сиыр еті, 6,3 кило қой еті, 5 кило құс еті, 3,2 жылқы еті, сары май 4,4 кило, 7 литр күнбағыс майы, 84,5 литр сүт тұтынатыны көрсетілген.
Күнкөріс минимумы туралы сөз қозғағанда, тоқталып өтпеске келмейтін тағы бір сала жоғарыда айтылған ең төменгі айлық жалақы жайы болмақ. Ең төменгі жалақы – кез келген меншік нысанындағы кәсіпорындарда ең аз айлық мөлшерлеме немесе сағаттық ақы төлеу түріндегі еңбек ақының мемлекет ресми белгілеген ең төменгі деңгейі. Оның мөлшері жыл сайын республикалық бюджет бекітілер кезде белгіленеді. Сол кезде ең төменгі деңгейдегі тұтыну бюджеті басшылыққа алынады. Жалпы, ең төменгі айлық жалақы мемлекеттік әлеуметтік кепіл болып табылады. Статистика агенттігінің мәлімдеуінше, оның ең төменгі мөлшері биылғы қаңтар айының 1-інде 14 952 теңге болды. Ал 2000 жылы ол бар-жоғы 2 680 теңге еді. Содан бергі он жылдың ішінде бұл мөлшер ұдайы өсу үстінде келді.
Серік ПІРНАЗАР.