ЕҚЫҰ-ның үшінші – адами өлшемі аясындағы қызметі ашықтығымен ерекшеленеді. Негізінен оған демократияландыру, адам құқығы мен бостандығын қорғау, адам саудасына қарсы күрес, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен сайлау заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету, тағы басқа да мәселелер жатады. Сонымен қатар, үшінші өлшемде қауіпсіздік тұжырымдамасына негізделген шаралар қарастырылып, соған халықаралық қоғамдастықтың назары аударылады.
3. АДАМИ ӨЛШЕМ БОЙЫНША
Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы міндетіне кірісе салысымен, Ұйым аясында гуманитарлық “себет” мәселелерін алға жылжытуға ерекше маңыз берді. Сондықтан да еліміздің төрағалығы ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін арттырып, оның мәртебесін көтеруге қатысты белсенді іс-қимыл танытуымен өтіп келеді. Осыған байланысты Қазақстан бүгінде Ұйымның Демократиялық институттары және адам құқығы жөніндегі бюросының, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың, БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілдің және Парламенттік Ассамблеяның жұмыстарына қолдау көрсете отырып, олармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Еліміз, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға қатысушы іргелі мемлекеттермен өзара қатынасты сенімді әрі бейтарапты түрде жүргізуде.
Ұйымға төрағалықтың тоғыз айында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемі аясында тарихта қалатын, өзге елдерге үлгі болатын ауқымды жұмыстар атқарды. Оны көптеген мүше елдер мен әріптес мемлекеттер қазірдің өзінде жоғары бағалауда. Қазақстан Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде дер шағында тиімді консультациялар жүргізе отырып, қатысушы елдермен консенсустық уағдаластыққа қол жеткізді. Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі 2010 жылы өткізілетін гуманитарлық өлшемнің барлық шаралары бойынша шешім қабылдады. Ол жоспарланған бес міндетті іс-шарадан, яғни үш қосымша кеңестен және адами өлшем жөніндегі семинар мен гуманитарлық саладағы шолу конференциясынан тұрады.
Қазіргі кезде аталған осы іс-шаралар белгіленген жоспар бойынша өз уақытында өткізіліп келеді. Мысалы, биылғы жылдың 6-7 мамырында Венада “Гендерлік балансты ілгерілету және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуы” деген тақырыпта Ұйымның жыл сайынғы бірінші қосымша кеңесі өтті. Кеңеске қатысушылар алдағы уақытта гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнамалар мен халықаралық құжаттарды соған жақындатуға ықпал ету, әйелдердің саяси партиялар мен қоғамдық өмірдегі мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жайында пікір алмасты, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал қазақстандық делегация елімізде ұлттық гендерлік саясат қалай жүзеге асырылып жатқанын тәжірибе негізінде ортаға салды. Кеңес жұмысына 250-ден астам адам қатысты. Жиынды ұйымдастырушылардың бағалауынша, бұл – рекордтық көрсеткіш.
Әйелдердің құқығын қорғау, сондай-ақ гендерлік теңдік саясаты Қазақстан үшін де, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі елдер үшін де аса өзекті мәселелердің әрі басым бағыттардың бірі болып табылады. Сол себепті Ұйымның Іс басындағы төрағасы бастапқы кезде-ақ өзінің гендерлік мәселелер жөніндегі жеке өкілі лауазымын бекіту туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастама қолдау тауып, осы жылдың 13 шілдесінде аталған қызметке Ашық қоғам институтының саяси мәселелер жөніндегі сарапшысы америкалық Уэнди Паттен бекітілді.
Консенсустық негізде қабылданған шешімге сәйкес “Ұлттық азшылыққа жататын тұлғалар білімі: интеграция және тең мүмкіндік” тақырыбындағы екінші қосымша кеңес 2010 жылдың 22-23 шілдесінде Вена қаласында өтті. Бұл жиынның ең басты ерекшелігі, ЕҚЫҰ қызметінің тарихында гуманитарлық өлшем бойынша ұлттық азшылық құқықтарын қорғау проблемаларына арналған тұңғыш іс-шара екендігінде жатыр. Осыған және онда қаралған өзекті мәселелерге байланысты ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек Қазақстанға шынайы алғысын білдірді.
Ұйымның үшінші өлшеміне сот әділдігі мен заң үстемдігі де кіреді. Әрі ол адами өлшемнің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан да еліміз 17-19 мамырда Варшавада “Тәуелсіз сот жүйесін нығайту және жұртшылықтың әділ сотқа қолжетімділігі” деген тақырыпта семинар өткізуге ұйытқы болды. Онда сот тәуелсіздігі мен сот әділдігіне қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Қазақстан төрағалығы барысында, сондай-ақ Ұйым кеңістігінде толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысуды орнықтыруға ерекше мән беріп отыр. Еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда әлем елдерінде үлгі болатын тәжірибесі бар.
Жалпы, толеранттылық тақырыбы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығында да, келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық ету кезінде де күн тәртібінен түспейді. Бұған үстіміздегі жылдың 29-30 маусымында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітушілік жөніндегі конференция нақты дәлел болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жиында сөйлеген сөзінде өтіп бара жатқан онжылдықта толеранттылық саясатында айтарлықтай алға басушылық болғанын, оған енді бірлесіп талдау жасау қажеттігін, жаңа онжылдыққа “ЕҚЫҰ: жаңа онжылдыққа толеранттылықпен” атты шартты белгідегі құжатпен шығу керектігін қадап айтқан болатын.
Бұл конференцияға Ұйымға мүше мемлекеттермен қатар, көптеген халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың да өкілдері қатысып, қордаланып қалған діни кемсітушіліктің проблемаларын талқылаған еді. Ұйымның адами өлшемі аясындағы тағы бір жиын Қазақстанның бастамашы болуымен 10-11 маусымда Данияда өтті. Бұл конференция ЕҚЫҰ-ның адами өлшемінің негізін қалаған Копенгаген құжатының 20 жылдығына арналды. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, жиын аса табысты болды. Онда Ұйымға мүше мемлекеттердің өткен кезеңде Копенгаген құжатында көрсетілген міндеттемелерді орындаудың қорытындысы шығарылып, құжатта мазмұндалған мәселелерді әрі қарай жүзеге асырудың жолдары қарастырылды.
Қазақстан Ұйымның төрағасы ретінде байқаушыларды елдерде өтетін сайлауларға жіберу үдерісін де жалғастырып келеді. Сонымен қатар, парламентаралық байланыстарды тереңдету жайына да баса мән беруде. Мысалы, биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы миссиясының құрамында қазақстандық байқаушылар Украинадағы президенттік, Тәжікстандағы парламенттік, Грузиядағы муниципальдық сайлаулар мен Қырғызстандағы референдумға қатысты. Ал парламентаралық байланыстар туралы айтқанда, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстан Парламентінің ұйымдастыруымен 2010 жылдың 14-16 мамырында Алматыда өткен “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемдері” тақырыбындағы трансазиялық парламенттік форумның орны ерекше бөлек.
Бұл форумның орны ерекше бөлек деп атағанымыздың мәнісі мынада: аталған форум Қазақстанның Ұйымға төрағалық еткеннен бергі уақыт ішінде өткізген ең ірі және аса ауқымды шараларының бірі болып табылады. Екіншіден, форум жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің парламентарийлері ғана емес, Жерорта теңізі мен Азиядағы әріптес елдердің және Пәкстан мен Катардың парламентшілері, сондай-ақ дипломатиялық корпустың, ЕҚЫҰ институттарының, өзге де парламенттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Алқалы жиында Ауғанстандағы жағдай, лаңкестікпен, есірткі трафигімен күрес, қарусыздану, экономикалық даму, ресурстарды басқару, еңбек көші-қонын реттеу, экологиялық проблемалар, діни толеранттылық, адам саудасына қарсы күрес, гендерлік теңдік секілді аса өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар назарынан Қырғызстандағы жағдай да сырт қалған жоқ.
Осы тұста тоқтала кетейік, еліміз төрағалық кезінде ЕҚЫҰ-ға әріптес Азиядағы елдермен ынтымақтастықты кеңейтуді де мақсат тұтқан болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының тікелей ұйытқы болуымен қаңтар айында Тайландта “Заңсыз есірткі өндірісімен күрес және шекара қауіпсіздігін нығайту”, ақпан айында Ұлан-Баторда “Қазіргі заманғы құлдық үлгісіне қарсы күрес: ұлттық, өңірлік, халықаралық тәжірибе”, 26-27 сәуірде Алматыда “Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша көп тарапты ынтымақтастық және ЕҚЫҰ-ның тәжірибесі” деген тақырыптарда семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтті. Осы жиындардың соңғысына Солтүстік Кореяның сарапшылары да қатысты.
Жылдың басында Мемлекет басшысының шешімімен Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, Комиссия төрағалығына Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бекітілген еді. Комиссия аясында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев жетекшілік ететін гуманитарлық жұмыс тобының үйлестірушілік қызметін, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі жанындағы консультативтік кеңесші орган – ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі консультативтік кеңесінің гуманитарлық бағыттар бойынша атқарған жұмыстарын атап өткен жөн.
Қазақстан жыл соңына дейін тағы да бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Соның ең бастысы әрі аса ауқымдысы – Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммиті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.