Атақты ғалым, ұлағатты ұстаз, денсаулық сақтау саласында жан аямай еңбек етуші әрі қоғам қайраткері академик Төрегелді Шарманов 80 жасқа келді.
ЕЛДІҢ АТЫН ЕР ШЫҒАРАР
Бұл кісі тек елімізге ғана емес, сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесіне де қомақты үлес қосты. Сол арқылы еліміздің атын әлемге аян еткізуге атсалысты.
Елдің атын атақты ерлері шығаратыны рас. Тап қазір елімізді бүкіл әлемге аян болуында Елбасының ұлан-ғайыр рөлі бар екенін мақтанышпен айтамыз.
Міне, сол сияқты, сонау жетпісінші жылдары, бұрын-соңды әлемге белгісіз Алматымыздың атын, сол арқылы еліміздің атын әлемге паш етіп жаюының бірден-бір себепкері болған – халқымыздың біртуар ұлы Төрегелді Шарманов еді.
1978 жылғы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық ең маңызды конференциясының біздің Алматыда өтуінің тек осы кісінің арқасында болғанын біз жақсы білеміз. Өкінішке орай, ол туралы кезінде билеуші топтың біразының өз аттары айтылмай, әлемде бұл тұрғыдан Төкеңнің аты айтылғанының салдарынан қызғаныш сезімдері басымдық жасағаны да белгілі.
Бірақ, тарихи шындықты жасыра алмайсың, өз кезінде аян болады. Өйткені, сол форумның өзінің де, сонда қабылданған атақты Алматы декларациясының да бүкіл әлем тағдырындағы басым рөлін қандай жасыра алмаса, соның іске асуында басты рөл атқарған адамның атын жасыру да мүмкін емес еді. Соның айғағы Төрегелді Шарманұлының Леон Бернар марапатының иегері болғаны. Бұл марапат тағайындалғанына 55 жыл өтсе де бүкіл дүние жүзінде әлі күнге 42-ақ адам иегер болғанының өзі біраз жайды аңғартады.
Әлемдегі барлық халықтың өз денсаулықтарын сақтауға арналған шараларды бірдей пайдалануына құқықты деген атақты қағида осы 1978 жылы өткен Алматы конференциясында қабылданды. Мұндай қағида Алматы конференциясына дейін еш уақытта айтылмаған, ешқашан қабылданбаған екен. Сондықтан мұндай барлық халық мүддесіне бағытталған саяси-пәлсапалық қағида әлемдік ұранға айналды. Міне, бұл дүниежүзілік ұран Төкең арқылы біздің Алматыдан әлемге тарады. Дүние жүзінің барлық елдері бұл қағиданы қуана құптады, іске асыру жолында ұлан-ғайыр істер істелді.
Соның арқасында қаншама миллиардтаған адамдардың тағдырына пайдалы істер атқарылып жатқаны туралы сол конференцияның 30 жылдығына арналған жиында барлық елдердің, әсіресе, Африка, Оңтүстік Америка, т.б. елдердің денсаулық сақтау министрлері ашық айтты .
Сонда баяғы 1978 жылдың 12 қыркүйегі күні, яғни сол конференцияның ақырғы күні Алматы декларациясының мәтінін африкалық дәрігер әйел Марцелла Девис трибунада тұрып оқығанда залдағы жұрттың біразы көздеріне жас алып жылағандары біздің есімізге түсті.
Міне, сондықтан да әрбір бес жылда әлемнің әр елінде осы ұлы форумға, оның декларациясының іске асу шараларына арналған жиындар өтіп жатады. Басқа ешбір әлемдік оқиғалардың тап осындай жиі еске алынуы неғайбыл. Өйткені, оның бүкіл әлем халқы үшін маңызы өте жоғары. Міне, сол қағиданың, яғни халықтың денсаулық сақтауға құқықтығының бір ауыздан қабылдануы үшін жан аямай қызмет етіп, ұйымдастырып, баршаны жұмылдыру тек дарындылардың қолынан келетін іс. Міне, сондықтан Төкеңді еліміздің біртуар дарындысы, ардақтысы деп мақтана айтамыз.
Бұл конференцияның бас ұйымдастырушысы ғана емес, Төкең сонымен қатар сол атақты Алматы декларациясындағы басты қағидалардың бас дәлелдегіші болды.
Халықтың денсаулығын сақтау тұрғысында ең басты екі мәселе екені баса айтылды. Біріншіден, дұрыс тамақтануы, ал, екіншіден, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дұрыс ұйымдастырылуы делінген бұл декларацияда.
Осы екі мәселенің де еліміздегі білімдісі де, біліктісі де Төкең еді. Денсаулық сақтау жүйесінде ауылдан бастап, ең жоғарғы сатысына дейін көтеріліп, тамақтану ғылымы мен білімінің жүйесін бүкіл елімізде өзі ұйымдастырған Төкеңнен артық бұл екі мәселені жете игергендері некен-саяқ қана еді.
Сондықтан да осы екі мәселенің де дәлелді түрде жарық көргенінің, сол арқылы бүкіл әлем қабылдағанының бас себепкері Төкең болды.
Мәскеуде бұл жиынды қай республикада өткізген дұрыс деп барлық министрлерді жиғанда, ең алдымен Ташкентте өткізу туралы ұсыныс болғанда, тек бізде өткізу керегін дәлелдеп берген министр Шарманов болғаны айтылып та, жазылып та жүр.
Ел басшыларының қарсы болғандарына мұны дұрыс түсіндіріп, әсіресе, елімізді бүкіл әлемге таныту жолындағы мәнін айтып көндірген де Төкең екенін кезінде айтқызбаса да, қазір оны құжаттар дәлелдеп береді. Сонымен қорыта айтсақ, Алматы декларациясының қабылданғаны бүкіләлемдік мәні зор тарихи оқиға болса, оның дұрыс жарық көруінің бас себепкері аты әлемге әйгілі Төрегелді Шарманов болды.
Ал бұл кісінің Денсаулық сақтау министрі болған кездегі осы жүйенің жұмысын дұрыс жолға қою түрғысындағы ұлан-ғайыр еңбектері елге белгілі. Оның ішінде, әсіресе, ел мүддесі үшін, елдің басынан кешіп жатқан сан қилы жағдайлардың халқымыздың денсаулығына зиянды әсерлерін ғылыми түрде дәлелдеп, оны түзету жолында Төкеңнің қаншама қарсыластармен жан аямай күрескені әлі есімде.
Бұл жолында дәлелді де пәрменді іс атқару үшін елімізде медициналық ғылыми жүйені дамытты. Жаңадан кардиология, акушер-гинекология, нутрициология ғылыми-зерттеу институттарын, Павлодар мен Ақтөбеде дәрігерлер білімін жетілдіру факультеттерін ұйымдастыртты.
Ал енді Төкеңнің тағамтану ғылымы мен білімінің іргетасын қалаушысы екенін барша жұрт біледі. Тек өзімізде ғана емес, біраз ТМД елдерінде бұл жүйенің ғылыми бастау алуы осы кісінің арқасында.
Асыл сөздеріне мән берсең халқымыздың ас қадірін жақсы білетінін байқайсыз. Мысалы, “Ас адамның арқауы” немесе “Ауру астан...” деген сөздерде зор мән бар ғой.
Әрине, сол ас қасиеттерін ескере қоректену түгіл, аштықтан қырылып, бір аяқ сүт, бір үзім нанға зар қылған қиын-қыстау замандарды бастан кешкен ел ғылыми қағидаларға сүйене талдап-талғап ас ішуге әлі де болса қолы жетпей жатқан кез еді соғыстан кейінгі жылдар.
Тек 60-жылдары сол мәселені түбегейлі қолға алу мүмкіншілігін ескере, аса қажеттілігін көрегендікпен аңғарып, ғылыми тұрғыдан жіті қимыл жасап бастаған Төрегелді Шарманов ағамыз еді.
Сөйтіп, белгілі ғалымдар Бахия Атшабаров пен Николай Дмитриевич Беклемишевтің қолдауымен дарынды жас ғалым Төрегелді Шарманов жұмысын елдегі қарапайым халықтың, оның ішінде қазақтардың тамақтану жағдайын және оның денсаулықтарына әсерін жан-жақты тексеруден бастайды.
Биіктегілердің бұл жұмысқа жасаған кедергі бөгеттерін батылдықпен жеңіп шығып, жұмысына қаншама дарынды жастарды жұмылдыра білді.
Сөйтіп, тапқан жаңалықтары алыс-жақын шетелдерге де мәлім болды. Соның ішінде баса айтылып жүрген бір қағида ол – нутриенттердің (тағами заттектердің) салыстырмалы жетіспеушілігі, яғни қанша қабылданса да кейбір заттектердің тиімді әсер бермеуі. Мұндай жиі кездесетін үрдістердің себептерін жан-жақты тексеріп ашып, бүкіл медицина жүйелеріне ұлан-ғайыр пайдалы жаңалықтар енгізді Т.Ш.Шармановтың ғылыми мектебі.
Әсіресе, осы тұрғыдан жас балаларға арналған арнайы тағамдар шығарылғаны көпшілікке мәлім. Тек шығарып қана қоймай, Т.Ш. Шарманов Денсаулық сақтау министрі болған кезінде сол кісінің басқаруымен бүкіл республикамызда балаларға арналған тағамдар (“Балдырған”, “Балбөбек”) жасалып, үлестіру тиімді жолға қойылды. Балаларға арналған басқа да тағамдар жасайтын кухнялар әр жерде ұйымдастырылды.
Өкінішке орай, заман ағымына қарай бұл тамаша бастама өтпелі кезеңде біраз ақсаңқырап қалып еді. Ал қазір оны ескеріп, Төрегелді Шарманұлы бұл мәселені өте биік тұрғыда қолға алып жатыр. Арнайы зауыт салынып, іске қосылуға дайын.
Ол кісі ұйымдастырып, басқаратын тамақтану академиясы (ҚТА) әлемге аты әйгілі ғылым орталығына айналды.
Т.Ш.Шарманов дүниежүзілік дамыған елдердегідей нутрициологиялық білім беру жүйесін заман талабына сай реформалау жұмысына зор атсалысуда.
Мысалы, медициналық жоғары оқу орындарында сол кісінің ұсынысы арқылы бұрынғы “Тағам гигиенасы” кафедрасы енді жалпы нутрициология кафедрасына айналдырылып, қайта ұйымдастырылып жатыр.
Тағы да басқа ұлан-ғайыр тағам мәселелеріне арналған жаңалықтар жарық көруде.
Сөйтіп, халықтың денсаулығын сақтау жолындағы бас мәселе дұрыс тамақтану болса, міне, оны үйлесімді ұйымдастырудың негізгі қағидасын алғаш рет ғылыми тұрғыда бастап, дамытқан Төрегелді ағамыз.
Ал енді Төкеннің бір кезде осы керемет еңбектері тиісті бағасын алмағаны туралы бұл жерде айтпай кетуге болмас.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” десек, жаманның жамандығын неге әшкерелемеске...
Өйткені, бұл келешек ұрпаққа да, қазіргі жас басқарушыларға да біз сияқты осындайлардың куәгер ақсақалдарының тәрбиелік мәні бар берілетін ақылы іспеттес дер едім.
Иә ... Сол жоғарыда айтылған атақты Алматы конференциясы өткеннен кейін ел басқарушылардың біразының мазасы кетті. Өйткені, министр Төрегелді Шармановтың беделі көтеріліп, аты дүние жүзіне белгілі болғаны удай қызғаныш сезімін тудырды оларда. Сөйтіп, оның соңына шырақ алып түсті біразы. Өтірікті шындай, ақсақты тындай етіп неше түрлі пәлені жаудыртты. Сөйтіп, қайта-қайта ызыңдай берген соң Димекең де солардың айтқанына көнді.
Төрегелді Шармановтың үстіне қайдағы жоқ пәлені жаптыртты. Жапқан пәлелерін заңды түрде дәлелдегісі де келіп неше түрлі жасаған айлалары іске аспаса да зорлық-зомбылық жасау қолдарынан келіп тұрған кез еді.
Сөйтіп, Төрегелді Шармановты министрліктен босаттырды. Тек босатып қана қоймай, оның тұрмысына, аман-саулығына қауіп тудырды. Сөйтіп, Төкең елден кетуге мәжбүр болды.
Бірақ ел біледі, жұрт біледі шындықты. Мәскеу біледі. Барлық жапқан пәлелердің шындыққа жатпайтынын Төкең заңды түрде дәлелдеді, тазалығы айқындалды.
Мәскеуде Төкең үлкен құрметке бөленді. Үлкен тұғырлы қызметтер атқарды. Білімін жан-жақты дамытты.
Аты әлемге жайыла түсті.
Партократ пәлеқорлар тиісті бағасын алып қуылғаннан кейін Төкең елге оралды. Халық құшақ жая қарсы алды.
Ұлан-ғайыр іс атқарып, ел сүйіспеншілігіне бөленуде.
Қорыта айтсақ, әлемге аты әйгілі ғалым, денсаулық сақтау жүйесінің көрнекті тұлғасы, қоғам қайраткері, еліміздің біртуар ұлы Төрегелді Шарманов өзінің 80 жасында әлі де мол шабытпен елі үшін жан аямай қызмет етуде.
Мерейтойымен құттықтап, ұзақ өмір, мол денсаулық, жоғары көңіл күй тілейміз!
Ахмет АЛДАШЕВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
ДОСТЫҚ ШУАҒЫ
Академик Төрегелді Шармановтың кластас досы, қасиетті Ұлытау жерінің тұрғыны Ниязбек СЕЙІТКЕНОВТІҢ редакцияға жолдаған хатынан
Төрегелдімен 1939 жылы Ұлытау ауылындағы мектеп табалдырығын бірге аттап, 10 жыл бойы бір класта оқыдық, бізбен белгілі публицист, журналист Камал Смайылов та бірге оқыды. Үшеуміз ерекше дос болдық, барлық балалық балғын шағымыз бірге өтті. Біздің балалық шағымыз соғыс уақытына тура келді, нан мен шайға жарымадық, киім-кешек те қат болды. Жаз бойы тау кезіп, орман аралағанда жалаңаяқ жүретінбіз, сонда табанымыз бір елі көк болып кететін, тікен өтпейтін. Бірақ, табиғатқа, туған өлкеге деген сүйіспеншілігіміздің күштілігі сондай, сол жоқшылықты, қиыншылықты сезбей, балалық балдәуренде шексіз бақыттымыз деп есептедік, ешбір қабақ шытпадық, шат көңіл мен күлкіміз бір толастаған жоқ.
Төрегелдінің әкесі мен шешесінің қосылу тарихының өзі бір аңызға арқау болар әңгіме. Атастырылып, айттырылып қойған Нәзипа сұлуды сері Шарман тауға алып қашады. Шарманның сұрмергендігі бар, ғашықтар тауда бір ай жасырынып, дүрбелең басылғасын ғана ауылға оралады. Міне, осындай ғашықтығы ертегіге бергісіз жандардың ортасынан шыққан бала осы Төрегелді.
Төрегелді мен Камалдың табиғат тарту еткен дарындары сол балалық кездерінде-ақ біліне бастады. Төрегелді домбырада, аккордионда, скрипкада, мандолинада ойнауды сол кезден-ақ игеріп кетті. Мектептегі ән, би кештерінде биден аяғы талмайтын. Думанның бел ортасында үкіленіп Төрегелді жүруші еді. Сол кезде Камал Ұлытауға арнап өлең жазды. Соның бір ауызы былай болып келетін:
Ұлытау, сен әсемсің,
Кавказдан да тамаша.
Ұлытау, сенің қасыңда,
Гималай маған аласа.
Осы өлеңнің әуенін Төрегелді шығарды. Бұл әнді мектепте де, былайша да айтып жүрдік. Сол кезде Камалдың мақалалары “Октябрь балалары” газетінде шыға бастады. Баубек Бұлқышев Камалдың немере ағасы ғой. Камалдың соғыс кезінде Баубекке хат жазғанын да білеміз. Ал Төрегелдінің бойында бір тасып тұрған қажыр-қайрат бар болатын, қасындағы достары – бізге де қуат беріп, іске жұмылдыра алатын.
Осы орайда балалық шақта бәріміздің тағдырдың тура жолына түсуімізге себепші болған бір оқиғаны айта кетейін. 8 класта оқып жүрген кезіміз, 8 наурыз қарсаңында бір класта оқитын төрт дос: мен, Төрегелді, Камал, Сейітқазы қыздарды мейрамымен құттықтап, кеш өткізбек болдық. Біздің үй сол күні ересектерсіз, оңаша қалған. Дүкеннен бөшкеден кәстрөлге құйып сатылатын арақ – әлі дәмін көрмеген басымыз – бір таңсық нәрседей көреміз, темекінің орнында ол кезде махорка бар, әр үйден әке-шешемізге айтпай ет алып, қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Жайғасып, енді дастарқанға отыра бергенімізде үстімізге сау етіп, ішінде комсомол комитетінің аудандық хатшысы, ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, тағы басқа жауапты қызметкерлер бар бір топ адам кіріп келмесі бар ма. Балалықтан әлі шықпаған басымыз бәлеге ұрындық да қалдық. У-шу, тексеріс. “Бұл не деген бұзақылық, мектептен шығару керек” деген айыптаулар басталды та кетті. Содан бастап: “Кім бастаушы?” деген сұраулар жауды. Сыныбымызда шалғай фермадан келген Абсалықов Тәліп деген Төрегелдінің нағашысы бар болатын, қатарларына қоспады деген өкпесінің бетімен: “Бастаушы Шарманов” деп көрсетеді. Мұндай оқиғадан соң мектепте қалу мүмкін емес-тін. Жалғыз ұлын “ФЗО-ға алып кетеді”, деп Төрегелдінің анасы шырылдап жүр. Мәселе комсомол комитетінің бюросында қаралатын болды. Төрегелді осындай тығырықтан шығатын жол тапты. Аудандық партия комитетінің І хатшысына хат жазуды ұйғарды. Ауылда бәрі көзтаныс, әрі елгезек бала Төрегелдіні бәрі жақсы көреді, көңілін жықпай жазған хатын кабинетін жинастыратын апай хатшының үстеліне апарып қояды. Хатшының хабардар болып қалғанын мектептегілер білмейді, хатшы Қарабай Елеусізов бюроға кіріп келгенде бәрі аң-таң болады. Төрегелді болса күлімсіреп сала берді, іші бір жақсылықты сезгендей. Содан хатшы бюроның өзін сұрақтың астына алады. “Иә, бұл бала не бүлдірді? Өзінің сабағы қалай? Қолынан не келеді?”. “Сабағы жақсы, өзі белсенді, музыкадан хабары бар, түрлі аспаптарда ойнайды” дегеннен басқа хатшы жаман жауап естімейді. “Мектепте ұйымдастыратын шараларың қандай?”, “Балалар спортпен шұғылдана ма?” “Бұл балада нелерің бар, оқуы жақсы, өзі белсенді. Ал өздерің не бітірдіңдер?” –деп хатшы класс жетекшісі мен мектеп басшылығының өздеріне шүйлігіп, соларды кінәлайды. Сонымен жазалау шарасы тоқтатылады. Керісінше, ертеңіне Төрегелді мектеп комсомол комитетінің хатшысы, оқу комитетінің төрағасы болып шыға келді. Кейін тағдырымызға араша болған осы мейірімді жанды Төрегелді ғалым, министр болған кезінде кездестіреді. Қорекеңе дербес зейнетақы тағайындатып, көлік алу қиын заманда оған да қолын жеткізеді. “Сол кісінің ұрпағын бір жинасам, шіркін, өмірімде бетбұрыс жасаған жан ғой”, – деп қазір де Төрегелді ырзашылығын білдіріп отырады.
Әрине, балалықтың балдәурені сүйіспеншілік пен махаббат сезіміне ұласуы заңды ғой. Ол кездегі жастар арасында қыздар жақсы көретін жігітіне арнап кестелі орамал тоқитын, ал жігіттер қыздарына хат жазатын. Мен Төрегелдінің қыздарға жазған хатын талай тасыдым, ал ол менің хатымды бір де апарып көрген жоқ. 1947 жылы 8 класта оқып жүргенде Төрегелді екеуміз Емшектауға (Ұлытаудың сілемі) барып, атымыз бен фамилиямызды тасқа ойып жаздық. Биылғы 80 жылдық мерейжасы қарсаңында Ұлытауға келген тамыз айындағы сапарында Төрегелді сол жазуды бейнетаспаға түсірткізді, өзінің есімін қоюға себепші болған атамекені Төреқазған жайлауына барып аунап-қунап, бір түнеп қайтты.
Төрегелдінің министр болған кезіндегі бір оқиға әлі есімде. 1972 жылы жазда “Төрегелді денсаулық сақтау саласының министрі болыпты” дегенді естігенде бүкіл Ұлытау елінің қуанышында шек болмады. Бір күні “Төрегелді Ұлытауға келе жатыр” деген хабар келді. Бүкіл аудан болып Төрегелдіні қарсы алуға жанталасқан дайындық басталды. Министрді табиғаты әсем Жұмабай өзеніндегі пионер лагерінде қарсы алуға келісіледі. Совхоз, аудан, облыс басшылары жиналып, министрді қозы көш жерден алдынан шығып, қарсы алып, сәлемдесіп болғаннан кейін министрдің аузынан шыққан бірінші сөз: “Ниязбек пен Кәрім қайда?” болыпты. Сонда жаңағы тұрған игі жақсылар: “Бұл кімдер?” дегендей абдырап қалысқан. Өйткені Ниязбек те, Кәрім де қатардағы мұғалім, бірақ Төрегелдінің ең жақын достары. Осы жерде игі жақсылар қатты қателесіп кеткенін бір-ақ біледі. Бір уақытта шаңын бұрқыратып бізге мәшине де жетті. Мәшинеге тықпалап: “Отыр да, отырға” басты. “Әй не боп қалды?” – дейміз ғой. “Ойбай, сендерді Төрегелді іздеп жатыр”, – дейді. Міне, бұл да Төкеңнің қарапайымдылығының, достықтың құдіретін түрлі лауазымнан артық санайтын адамгершілігінің бір көрінісі ғана. Әкесі Шарман ағай да ауылдас-достары десе ішкен асын жерге қоятын, “Шіркін, жарықтық Ұлытаудың баурайында достарыңмен қымыз ішіп, әнгіме-дүкен құрғаннан артық дүниеде не бар?” – дейтін. Жүз жасаған аяулы анасы Нәзипа апайдың да елге келіп, құрбы-құрдас, апа-сіңлісін араламаса көңілі көншімейтін. Осы кісілердің тәрбиесін көрген Төрегелдінің де туған елге деген ықыласын айтып жеткізе алмаймын.
Түрлі басқарушы қызмет атқаруы барысында Төрегелдінің алдына барған қатардағы еңбек адамының беті қайтқанын естіген емеспін, менің көңілімді көл-көсір ететіні бөлек бір әңгіме ғой. Қазіргі уақытта да, естуімше, Төрегелдінің қамқорлығын көруші қарапайым халық саны азайған емес.
Төрегелді өмірінің алғашқы қадамдарының куәсі болдым. Тағдырдың пешенеге жазылуы әрқалай ғой. Мен туған жеріміз Ұлытауда, жас ұрпақтың тәрбиесімен айналысып, ұстаздық еттім. Шәкірттерімнің бойына мәдениет пен тарихтың тағылымын сіңірсем, өмірлерінде алған білімдері үшін ырза болса, дәтке қуат. Ал Төрегелді болса республиканың қоғамдық өмірінің, ғылымның шетсіз де шексіз айдынына құлаш ұрды, оның ғылымдағы, қызметтегі дәрежесі жайлы халыққа арнайы айту артық болар. Ұлытаудың төсіндегі ауруханада зайыбы Күлзия екеуінің қол ұстасып бастаған еңбек жолында талай асуларды игерді. Маңдай тері ақталып, халыққа танымал, мемлекеттік қызметтегі абыройы биік болды. Оның жетістіктеріне балаша қуанып, досымның шыққан шыңдары үшін мақтаныш сезім кеудемнен бір сәт те арылған емес, балаларыма әрдайым достығымызды жыр етіп айтып отырдым. Достарымның есімдерін екі немереме аманат етіп, бірін Камал, бірін Төрегелді қойдым.
Төрегелдінің жеңістерінің бір сыры – қасиетті Ұлытаудың топырағынан жаралып, аруағы қолдауынан болса керек. Үш жүздің басын бір ту астына біріктіріп, Қазақ елі үшін алтын бесік атанған Ұлытау жайлы тарихи деректер сонау оғыз тайпалары мен көне түрік заманынан басталады. Әсем табиғатын бір көріп, кәусар ауасын бір жұтсаңыз мәңгі есіңізде қалады.
Төрегелді қоғамның, ғылымның алыптарымен үзеңгілес болды. Солардың тәрбиесін алды, өзі де солардың дәрежесіне жетуге талпынды. 2009 жылы Төрегелдінің “Замандастарым жайлы үзік сыр” – “Штрихи к портретам моих современников” деген кітабы шықты. Өзі көп жылдар тағылымын көрген Қонаев жайында жылы лебіз білдірді. Қонаевтың өмірінің қиыншылықтарын айта отырып, оның халық алдындағы еңбегін, тарихта тарихи тұлға болып қалғанын тілге тиек етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын көп жылдар басқарған доктор Н. Махлердің дүниежүзілік деңгейдегі ғалымдығын, әлемдік қайраткерлігін, 2-3 күннің ішінде құрлықтарды аралап өтіп, халықаралық форумдарға қатыса алатындығын айтады. Төрегелді өзі де ғылыми, мемлекеттік іссапармен дүние жүзінің түкпір-түкпірін шарлады, сан алуан ел өмірінің куәсі болды. Кітабында көрнекті қоғам мен ғылым қайраткерлерінің еңбектерін бағалай отырып, өзіне берген көмектерін, тигізген ықпалын айтады. Сол уақыттағы қоғамдық жағдайға талдау жасайды, баға береді. Болашаққа болжам жасап, жас ұрпаққа жол сілтейді. Кітабының өне бойынан адамдарға деген, өмірге деген құштарлық сезіліп тұрады, өзін емес өзгені дәріптеуі – өскелең ұрпаққа үлгі.
Бүгінгі таңдағы Төрегелдінің 80 жасының мерейі қарсаңында оған ыстық ықыласпен ұлытаулық қалың қауым мен дос-жаранның атынан құттықтауымды жолдап, барлық өмірін арнаған халық денсаулық саласының көркеюі жолындағы тынымсыз еңбегінің шарапатын көріп, ортамызда шамшырақтай жарқырап, шуағын төге беруіне тілегімді білдіремін.
2010 жыл, қазан айы.