• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2010

Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы

2205 рет
көрсетілді

көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі болуға тиіс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Б.Саудабаевтың “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттеріне сұхбаты – Құрметті Қанат Бекмыр­за­ұлы! Қа­зақ­станның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) оның 10 жылдығы кезінде төрағалық етуіне бай­­ланысты біздің құттықтауларымызды қабыл алыңыз. 2010 жылдың 11 маусымында Ташкентте өткен ШЫҰ Самми­тін­де Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев Ұйымның құрылуының он жылдығы қарсаңында Қазақ­стан­­ның төрағалық етуі аймақтағы саяси жағдай­лар­ды ескере келгенде елімізге ерекше жауапкершілік жүк­тей­тінін атап көрсеткен еді. Осыған байланысты, ШЫҰ төрағасы ретіндегі Қазақстанның іс жүзіндегі қа­дамдары, сондай-ақ көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін қатысушы мемлекеттердің күш-жігерлерінің неге бағытталатыны жөнінде білсек деп едік. – Ең алдымен, біздің ШЫҰ сияқты беделді ұйым­ға төрағалық етуімізге үлкен жауапкершілікпен қарайтынымызды атап өткім келеді. Қазақстанның осын­дай құрметті лауазымдағы іс-қимылдары Прези­дент Н.Ә.Назарбаев айқындап берген біздің төраға­лықтың “Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы 10 жыл” атты ұранына сәйкес келетін болады. Біз назарды тар ауқымдағы ұлттық басымдықтарға ғана аудар­маймыз, күш-жігерімізді ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің барлығына ортақ мәселелерге бағыттаймыз. Ұйым қызметінің табысты болуы оған қатысушы мемлекеттердің мүдделері сәйкес келгенде ғана қам­тамасыз етіледі. Өзара сенімділік пен теңдіктің, мәдениеттердің әр­түрлілігіне құрметтің және өзара тиімді біріккен дамуға талпыныстың “Шанхай рухын” басшылыққа ала отырып, Қазақстан ұйымның мерейтойлық датаға іс жүзіндегі нақты нәтижелермен келуіне қолдан кел­ген­нің бәрін жасайды. Сыртқы істер министрлігі ұйымға алдыңғы төраға­лық­тар­дың қызметіне, мүше мем­­лекет­тердің арасын­дағы қол қойылған құ­жаттар мен қол жет­кізілген уағдаластықтарға уақ­ты­лы талдау жасауға байланысты ай­тарлықтай жұмыс көлемін атқарды. СІМ-нің жете­к­ші­лі­гі­мен Қазақ­станда ведом­ствоаралық жұмыс тобы құрылып, ол ШЫҰ-ның 2010-2011 жылдарға ар­налған Іс-қи­мыл­дар жос­парын әзірлеу мен бекіту нысанында ұйымның қызметіне елеулі жаңа­шыл­дық енгізуге қол жет­кізіп отыр. Бұл жос­пар 2011 жыл­дың 11 маусымында Ташкентте өткен саммитте Пре­зи­дент Н.Ә.На­зар­баевтың бастамалары негізінде әзір­лен­ген болатын. Сондай-ақ, мұндай құжаттың ШЫҰ шең­бе­рін­де бірінші рет қабылданып отыр­ға­нын атап өткім келеді. Бұл құжат Қазақстанның төрағалығы кезеңіне есептелген және ұйым қызметінің саясат пен аймақтық қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, халықаралық байланыс­тарды кеңейту, тұрақты жұмыс атқарушы органдардың қызметін оңтайландыру мен ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитіне дайындық сияқты салаларды қамтиды. Біздің ШЫҰ бойынша серіктестеріміз қазірдің өзінде Қазақстан төрағалығының айтарлықтай белсенді және қарқынды жүріп жатқанын атап өтуде. Біріншіден, Қазақстан тарапы Астанадағы саммитті өткізуден бір жыл бұрын оны өткізу күнін 2011 жылдың 15 маусымы деп белгіледі. Шанхайда 10 жыл бұрын дәл сол күні ШЫҰ құрылған саммит өткен болатын. Қазір бұл күн Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресми құрылған күні деп аталады. Екіншіден, мен атап өткендей, біз ұйымның бір мем­лекет төрағалық еткен кезеңдегі басымдықтарын бел­гілейтін ШЫҰ үшін жаңа құжат пішіні, яғни Іс-қи­мыл жоспарын ұсынып, оны тәжірибеге енгізіп отырмыз. Үшіншіден, қазақстандық төрағалық кезеңінде ШЫҰ елдерінде, тұтастай алғанда, әртүрлі деңгейдегі және пішіндегі 90-ға жуық іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осылардың арқасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақ­тас­тықты нығайтуда іс жүзіндегі жаңа нәтижелерге жетеміз және ұйымның мерейтойын лайықты қарсы аламыз деп үміттенеміз. Жалпы, 1 қазандағы жағдай бойынша, ШЫҰ-да 32 іс-шара өткізілді, бұл да тиімді төрағалықты дәлелдейді. Төртіншіден, Қазақстан тарапы ШЫҰ-ға төрағалығын бастағаннан соң осы жылдың мау­сым-шілде айларында алғаш рет ұйымның бар­лық астаналарында төрағалық етуші елдің басқа мүше мемлекеттермен біздің төрағалық кезе­ңін­дегі көпжақты өзара іс-әрекеттер басымдықтарын келісу жөніндегі екі жақты консультацияларын өткізді. Бесіншіден, ұйымның бүкіл ағымдағы қыз­ме­тін үйлестіруді және басқаруды жүзеге асыратын негізгі орган – Ұлттық үйлестірушілер кеңесі ШЫҰ тарихында оның алдағы кезеңге арналған жұ­мыс жоспарын және кезекті саммитінің маз­мұн­дық мәселелерін ешқашан бұлайша ерте бекітпеген. Алтыншыдан, біз төрағалықтың ресми лого­типі мен ұранын бекіттік, бұл да бұрын ШЫҰ шеңберінде тәжірибеге кең енгізілмеген. Оларды қолдану ұйымды және төраға елді тануды арттыра тү­суге мүмкіндік береді, біздің ұйым шеңберіндегі нақты іс-әрекеттерімізге қосымша назар аудар­тады. Айта кетсек, логотип Шанхай ынтымақтастық ұйымының эмблемасы болып табылады, ондағы сам­ғаған бүркіт – Қазақстан символы. Бүркіттен тө­мен ұйымның екі жұмыс тілінде (орыс және қы­тай тілдері) “Қазақстан” жазуы, жазудың екі бүйі­рінде Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төр­аға­­лық ету жылдары – 2010-2011 жылдар көрсетілген. Жалпы, Ташкент саммитінде Елбасымыз айтып кеткендей, Қазақстан “ШЫҰ үйлестіру те­тік­терін нығайту, барлық бағыттардағы өзара тиім­ді ынтымақтастықты тереңдету және біздің ұйымның халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге ниетті”. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаевтың ШЫҰ-ның халықаралық саясатта маңызды фак­торлардың бірі ретінде қалыптасуы мен дамуын­да­ғы ғана емес, сонымен бірге, ағымдағы төр­аға­лық кезінде біздің басымдықтарымызды жүзеге асы­рудағы тиімді және нақты жұмысты қамтама­сыз етуде атқарған және атқарып отырған аса зор рөлін ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшы­сының пайымдаулары мен нақты нұсқаулары Сыртқы істер министрлігіне және басқа да ведомстволарға белгіленген және айтарлықтай күрделі бағдарламаны уақтылы және тиімді орындауға мүмкіндік беруде. – Соңғы жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия өңірінде қауіпсіздікті қам­та­масыз етуде барған сайын маңызды фактор болып келеді. ШЫҰ құрылуы мен дамуының негізге алы­натын мақсатының өзі де қауіпсіздікке төне­тін қауіп пен қыр көрсетулерге қарсы әрекет ету ғой. Қазақстанның өз төрағалығы барысында Ор­талық Азия өңіріндегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қолдау бойынша қабылдаған шаралары туралы толығырақ айтып берсеңіз. – Дұрыс айтасыз, өңірлік қауіпсіздік мәселе­ле­рі Шанхай ұйымының әрдайым басты наза­рын­да. Егер естеріңізде болса, ШЫҰ сенім шарала­рын нығайту мен шекара аудандарында қарулы күштерді қысқарту туралы 1996 жылғы Шанхай және 1997 жылғы Мәскеу келісімдерінің негізінде құрылған болатын. Содан соң, уақыт талабына сай, ұйым қызметінің алдыңғы қатарына “үш зұлымдыққа” қарсы, яғни терроршылдыққа, сепа­ра­тизмге және экстремизмге қарсы тұру мәселесі шықты. Осы пайымдаулардан ШЫҰ шеңберінде Ташкентте Өңірлік терроризмге қарсы құрылым (ӨТҚҚ) құрылды және тиімді қызмет атқаруда. ӨТҚҚ қызметі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдарына жәрдемдесуге, үйлестіруге және өзара әрекет етуге бағытталған. ӨТҚҚ шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мем­лекет­тер тұрақты негізде бірлескен антитеррорлық оқу-жаттығулар жүргізеді, “үш зұлымдықпен” күре­суде ынтымақтасудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіреді, террорлық, экстремистік және сепаратистік әрекетке қатысқан тұлғалар­дың бірыңғай тізбесі жаңартылады. ӨТҚҚ желісінде мүше мемлекеттердің аумақ­та­рында өткізілетін ірі халықаралық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тығыз өзара әре­кет­тестік жолға қойылған. Солардың негізгілері­нің қатарында Бейжіңдегі Олимпия ойындарын, Шанхайдағы дүниежүзілік ЭКСПО-2010 көрме­сін, сонымен бірге, алда Астанада ұйымдастыры­ла­тын ЕҚЫҰ Саммитін, Гуанчжоуда өтетін жазғы Азия ойындары мен Қазақстанда өтетін Қысқы Азия ойындарын атап көрсетуге болады. Осындай ынтымақтастықтың арқасында, тек 2009 жылдың өзінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында 99 теракті ұйымдастыру әрекеттерінің жолы кесілді. Біздің төрағалық кезінде Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамта­ма­сыз етуге ықпал ететін бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осылайша, үстіміздегі жыл­дың қыркүйек айында Алматыда ӨТҚҚ Кеңе­сінің отырысы өтті, отырыста Қырғызстандағы жағ­дайды қалпына келтіру мәселелері талқы­ланды. Қорытындысы бойынша Қырғызстанның оңтүстік облыстарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ШЫҰ-ға мүше мелекеттердің құзыретті органдары­ның қырғыз тарапына жәрдем көрсетуі, соның ішінде террорлық, экстремистік және сепаратистік ұйымдардың өңірдегі жағдайды тұрақ­сыздандыруға ықтимал ұмтылыстары мен әрекеттері туралы уақтылы ақпарат алмасуды жолға қою арқылы жәрдемдесуі жөнінде шешім қабылданды. Қырғызстан туралы айтқанда, Қазақстанның ШЫҰ төрағасы ретінде көршілес мемлекетке көмектесу үшін барынша күшін салып жатқанын атап өткен жөн. Біздің бастамамызбен мүше мем­лекеттер көрсетілетін гуманитарлық көмек но­мен­клатурасын алдын ала келісу жұмыстарын жүр­гізеді, бұл қайталауды болдырмауға және ұйым бойынша серіктестердің мүмкіндіктерін ұтымды бөлуге жәрдемдеседі. Қырғызстанның жапа шеккен оңтүстік аймақтарынан балаларды ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің балалар лагеріне жіберу мақсатында қабылдау ұйымдастырылды. Қазақстанда мұндай демалыс Жамбыл облы­сын­да­ғы “Тау самалы” сауықтыру кешенінде ұйым­дастырылды. Жалпы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қырғызстанға 50 млн. АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық және қаржылық көмек көрсетті, соның 13 миллионы біздің еліміздің үлесінде. Қырғызстанда парламенттік сайлау дайын­ды­ғының және оны өткізудің мониторингі үшін ШЫҰ Хатшылығының жауапты қызметкерлері мен мүше мемлекеттердің өкілдерінен тұратын ШЫҰ Қадағалаушылар миссиясы құрылып, ағым­дағы жылдың 8-12 қазаны аралығында Қырғызстанда болды. Қазақстандық төрағалықтың маңызды шара­ларының бірі осы жылдың 9-25 қыркүйегінде Жамбыл облысының Мәтібұлақ полигонында “Бей­біт миссия – 2010” атты антитеррорлық әс­ке­ри жаттығудың өткізілуі болды. ШЫҰ щең­бе­рінде жетінші рет болған бұл маневрлер террор­шылардың әрекеттерінен пайда болған дағдарыстық ахуалдарды шешудің бірыңғай әдістерін әзірлеуге, ШЫҰ мемлекеттері қарулы күштерінің бірлескен іс-шараларын жүргізу барысында өзара әрекеттесуді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Жаттығуларға алты мыңға жуық әскери қыз­метші, танктер, бронетранспортерлер, жаяу әс­кер әскери машиналары, бомбалаушы және жой­ғыш ұшақтар, тікұшақтар және тағы басқа тех­ни­калар тартылды. Маневрлер барысында әскерді басқару, өзара әрекеттесу, антитеррорлық соғысты жүргізу бойынша әрекеттерді қамтамасыз ету операциялары үйретілді. Жаттығулар үш кезеңде ұйымдастырылды бас штаб бастықтарының әскери-саяси консульта­ция­лары, біріккен антитеррорлық операцияға дайындық және оны өткізу. Әскери жатты­ғу­лар­дың шеңберінде, сонымен бірге, ШЫҰ-ға қатысушы елдердің арнайы қызметтерінің қатысуымен антитеррорлық операцияның жеке кезеңі көрініс тапты. Бұдан басқа, Іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2011 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуін, қорғаныс министрлері­нің, ішкі істер министрлерінің, нашақорлыққа қарсы құрылым басшыларының кеңестерін өткізу жоспарлануда. Барлық осы шаралар кезінде ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тер­роризмге, сепаратизмге және экстермизмге, есірт­кінің заңсыз айналымына қарсы тұру мәсе­лелері басты тақырыптар болады деп күтілуде. Сонымен бірге, “ШЫҰ – қауіпсіздік және ынтымақтастық жолындағы 10 жыл” атты ғылы­ми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Конференцияға мүше мемлекеттердің өкілдері және қадағалаушылары, ШЫҰ пробле­ма­ларымен айналысып жүрген сарапшылар қатысып, ұйым қызметіне шолу жасайды және оның дамуының келешегі туралы ойларымен бөліседі деп жоспарланған. – Мүше мемлекеттердің күш-жігер жұмсауы арқасында ШЫҰ бірте-бірте саяси-экономикалық сипатқа бағытталған ұйымға айналып келеді деп атап айтуға болады. Сауда, экономика, көлік, ауыл­­­­­шаруашылық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың жан-жақты дамуы бай­қа­лады. Дүниежүзілік дағдарыстың келеңсіз салдарын жеңу бойынша ШЫҰ елдері қандай шаралар қол­данып жатқаны және Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­тер­дің сауда-экономикалық өзара әрекеттесуі қан­дай бағытта жүргізілетіні туралы айтып берсеңіз. – Өткен 2009 жыл барлық мүше мемлекеттер үшін де оңай болған жоқ. Бір мезгілде жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс негізінде өндіріс­тік, энергетикалық, экологиялық, азық-түліктік, әлеуметтік, тіпті әскери-саяси дағдарыс белгілері бай­қалғандықтан, Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаев оны “жалпыөркениеттік дағдарыс” деп сипаттады. Осы экономикалық күрделі кезеңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары қалып­тас­қан елеулі әлеует пен ұйымның өсе түсіп отыр­ған халықаралық беделі негізінде сындарлы үнқатысуды қолдау және көпжақты ынтымақ­тастықты тереңдету мақсатында 2009 жылдың қазан айында Бейжің қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеру мен экономиканы одан әрі дамыту бойынша көпжақты экономикалық ын­тымақтастықты жандандыру жөнінде бірлескен бастама көтерді. Шанхай ұйымының елдері сақталған дағдарыс құбылыстарына қарамастан, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ын­тымақтастық бағдарламасын орындау жөнін­дегі Іс-шаралар жоспарын дәйекті іске асыруға күш салуда. Біздің ойымызша, сауда-экономи­калық саладағы өзара әрекеттесудің негізгі екпіні біздің елдеріміз бен халықтарымыздың ұйымның нақты пайдасын сезінуіне мүмкіндік беретін нәтижелерге жетуге бағытталуы тиіс. Сондықтан, Қазақстан дайындаған Іс-қимыл жоспарының басты бағыт-арқаулары ШЫҰ шең­беріндегі сауда-экономикалық ынтымақтас­тықтың тереңдетілуі мен оның формаларының әртараптануы болып табылады. Экономикалық кооперация Шанхай ұйымы қызметінің маңызды бағыттарының қатарына кіреді және салалық министрліктер мен ведом­стволар басшылары кеңестерінің, ШЫҰ Іскерлер кеңесінің, ШЫҰ Банкаралық бірлестігінің, арнайы жұмыс топтарының жұмыстарын жандан­дыруды талап етеді. Олар ұлттық экономикаларды қолдау мен дамытуға жәрдемдесу шараларын жү­зеге асыру, ғаламдық дағдарыс құбылыстарының одан әрі таралу қаупі мен олардың әлеуметтік-экономикалық игіліктер мен өңір елдерінің экономикалық деңгейіне теріс ықпалдарын азайту жөніндегі қадамдарын келісіп отырады. Сонымен бірге, ШЫҰ-ға мүше әртүрлі мем­лекеттерде бір жыл ішінде тиімді өзара ықпал­дасудың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету мен бірлескен жобаларды іске асыру және әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың келеңсіз сал­дарын жеңу мақсатында экономикалық бағыттағы бірқатар іс-шаралар, іскерлік топ өкілдері мен ық­тимал инвесторлардың форумдары мен кез­десулерін өткізу жоспарланып отыр. Мысалы, жақында Үрімші сауда-экономикалық жәрмеңкесі мен Байкал экономикалық форумы аясында “ШЫҰ күндері” аса табысты өтті. Қазіргі уақытта 2011 жылы Астана экономикалық форумы шең­берінде осындай іс-шара өткізу мүмкіндігі қа­растырылып жатыр. Осы айда Ресейде өтетін сыртқы сауда және эко­номика министрлерінің кеңесі өзекті мәсе­ле­лер­дің бірі болып табылады. Олардың қол жет­кізген нақты және іс жүзіндегі келісімдері ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикаларын тездетіп даму жолына шығаруға жәрдемдесетініне сенемін. Сонымен қатар, қазан айына өткізілуі жос­парланып отырған ауыл шаруашылығы министр­лері­нің бірінші кеңесі де бақыланып отырған табиғи апаттар тұрғысында өзекті болып сана­лады. Оның нәтижелері өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жәрдемдесетіні сөзсіз. – Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық маңызды, тіпті ШЫҰ елдері халықтары байла­ныс­тарын бекітетін деп айтарлық деңгейден көрі­не бастады. Жыл сайын Шанхай ұйымының шең­бе­рінде әртүрлі мәдени және концерттік іс-ша­ра­лар өткізілуде. Қазақстандық төрағалық кезе­ңін­де Шанхай ұйымының мәдени-гуманитарлық әр­түрлілігін дамыту мақсатында ұйым күш-жігері қайда бағыт ұстайтыны жөнінде қысқаша айта кетсеңіз. – Меніңше, екіжақты немесе көпжақты негі­­­зіне қарамастан, мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастық өзара әрекеттесу дәрежесінің индикаторы болып табылады. Соңғы жылдары ШЫҰ шең­берінде бұл бағыт елеулі дамуға ие болды. Білім министрлерінің кеңесі жүйелі сипат алды, кезекті кездесу қыркүйектің соңында Но­во­сибирск қаласында өткізілді. Мүше мем­ле­кет­тердің жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстар жолға қойылды, олар қазір “ШЫҰ Уни­верситеті” бірегей жобасын іске асыру бой­ын­­ша жұмыс жасауда. Таяуда “Интерра” форумы шеңберінде Новосибирск қаласында 56 ректор қатысқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер уни­верситеттерінің саммиті өткізілді. “ШЫҰ Университетінің” негізгі миссиясы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін басымдықты мүдде біл­­дірілетін мамандықтар бойынша келісілген ин­новациялық білім беру бағдарламалары негізінде жоғары білікті маман кадрларды үйлестіре дайын­дауды жүзеге асыру болып табылады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мүдделеріне сүйене оты­рып, Университет дамуының бірінші кезеңінде өлкетану, экология, энергетика, ІT - технология және нанотехнология мамандықтары бойынша дайындау жүргізіледі. Келешекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің келісімі бойынша, басқа бағыттар енгізіліп, мамандықтардың жиынтықтары нақ­ты­ла­нады. “ШЫҰ Университеті” студенттермен, аспи­рант­тармен, докторанттар және ғылыми-педа­гогикалық қызметкерлермен алмасуды кеңейтуге, ғылыми-зерттеулер ынтымақтастығын арттыруға, заманауи білім беру әдістемелері мен техно­логияларын енгізуге, “ШЫҰ Университетінің” білім беру туралы құжаттарын тану тетіктері мен баламалылығын жасауға бағытталған келісімдер негізінде өзара әрекет ететін ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттер жоғары оқу орындарының достастығы болып табылады. Аталған Университеттің бағдарламасымен білім алатын студент кез келген семестрден бастап келісілген білім алу бағдар­ламасын іске асыратын шетелдің бас жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыра алады. Өзара іс-қимылды келістіру мақсатында тұ­рақ­ты негізде мәдениет министрлерінің кезде­сулері өтеді. Келесі жылғы Астана саммиті аясында ШЫҰ өнер фестивалін, көркем көрме мен “ШЫҰ кубогі” үшін жасөспірімдер спорт жа­рыстарын өткізу көзделіп отыр. ШЫҰ шеңберінде қатысушы мемлекеттердің жастар ұйымдары арасында көпжақты байла­ныстар дамуының келешегі зор. 2009 жылы ШЫҰ Жастар кеңесі құрылып, мүше мемлекеттерде елеулі жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, бұл құрылымда да төрағалық Қазақстан тарапына – “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы­ның “Жас Отан” жастар қанаты мен Қазақ­стан­ның Жастар конгресіне өткенін ескере отырып, келесі жылы Астанада Жастар кеңесінің отырысын өт­кізу жоспарлануда. ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кет­тер­дің жастары арасындағы байланысты дамыту “Шанхай рухының” сабақтастығын, ШЫҰ құры­луы­ның негізіне алынған идеяларды, мақсаттар мен міндеттерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұйым шеңберіндегі экологиялық басымдық­тар­ды Қазақстан бүтіндей қолдайды. Қоршаған ортаны қорғау мәселелері біздің өңір үшін маңызды болып қала береді. Қазіргі таңда аталған салада ынтымақтастық тұжырымдамасын келісу жұмыстары жүргізілуде. Біздің өңіріміз үшін осы күрделі мәселе бойынша ортақ бәтуаға қол жеткізудің сәті түсер деп үміттенеміз. Қазіргі кезде денсаулық сақтау, ғылым және техника, туризм және спорт салаларындағы ын­тымақтастықты дамыту бойынша қадамдар қолға алынуда. Жұқпалы аурулардың алдын алу мен таратпау жолындағы күреске үлкен мән беріледі. Біздің төрағалық мерзімінде бірінші рет ден­саулық сақтау министрлерінің кеңесін өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, Қазақстан туризм және спорт саласында ШЫҰ бойынша әріптестерімен екі­жақты жұмыс нәтижелерін көпжақты қалыпқа ауыс­тыруды көздеп отыр. ШЫҰ-ға кіретін мем­ле­кеттердің әрқайсысының тарихында ізін қал­дырған Ұлы Жібек жолы маршрутымен туристік арналарды кеңейту бойынша ірі жобаға қатысу мүмкіншіліктері бар. – Ең соңында, 2011 жылдың 15 маусымында болатын ұйымның 10 жылдығына – ШЫҰ та­рихындағы ерекше оқиғаға дайындық жұмыстары туралы білсек деп едік. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығына байланысты ұйымға мүше Мемле­кет­тер басшыларының саммиті Астана қаласын­да өте­тіні белгілі. Осыған орай, Қазақстан атал­ған оқи­ғаны қалай ұйымдастырмақшы және ме­рей­тойлық Астана Саммитінде әлемдік қоғам­дастық нені көріп, тамашалай алады. – Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ШЫҰ Саммитін өткізу – біз үшін үлкен абырой мен жауапкершілік. Және де бұл Шанхай ұйымының басқа елдері тарапынан бізге көрсетілген сенім, Елбасымыз бен Қазақстанның ха­лықаралық аренадағы өскелең беделі мен елі­міздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық табыстарының дәлелі болып табылады. Алдағы іс-шараның мерейтойлық сипатын ескере отырып, ол ШЫҰ тарихында есте қа­ларлық оқиға болуы тиіс. Қазіргі уақытта сам­митті хаттамалық, мазмұндық және ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі барлық жұмыспен айналысатын ұйымдастыру комитеті құрылуда. Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өтетін мерейтойлық саммит тек жоғары ұйымдастыру және мазмұндық деңгейде ғана өтіп қоймай, сонымен бірге, Шанхай ынтымақтастық ұйымының одан әрі дамуы мен нығаюының да маңызды кезеңі болатындығына кәміл сенеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескендер Александр ТАРАКОВ, Сауытбек АБДРАХМАНОВ.