Жалау көтерген жастар фестивалі отансүйгіштік рухта өтті
“Бірлік – бар бақыттың бастауы” атты жастар фестивалі Қапшағай қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің көрерменге ұсынған көрмесін тамашалаумен жалғасты. Бұдан соң жастардың салтанатты шеруі басталып, асқақ рухтағы әндер биікте қалықтады. Жастар ұжымы өмірдегі өрелі істерін көпшілікке арнады. Осы орайда Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушылары көптеген үйірмелерімен танымал болса, №3 қазақ орта мектебі шәкірттері де білім мен спортта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіпті. Ал математиканы, информатика мен шет тілдерін тереңдетіп оқытатын №5 орта мектеп өрендері – қала мақтанышы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынған орта меткеп гимназиясының орны тіпті ерекше екендігі осы күні тағы бір дәлелденді. Мұндағы бәсекеге қабілетті білімдерін дәлелдеген шәкірттерге риза боласың.
Қапшағай қаласының әкімі Наурызбай Таубаев кемел келешек иелері – жастарды айтулы шараның басталуымен құттықтап, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі 2010-2012 жылдарға арналған бағдарламаны басшылыққа алу барысында жастарды аймақтағы экономикалық-әлеуметтік өмірге жұмылдыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, жағдайын көтеріп, кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі екендігін ортаға салды. Қалалық әкімдікте Жастар ісі жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Қазір 14 пен 29 жас аралығындағылар 14472 болса, оның 10075-і қала жастары, 3902-сі студенттер.
Жастардың саясатын жүйелі жүргізуде мемлекеттік стратегияның негізгі бағыты саналған саламатты өмір салтын қалыптастыруға ден қойылған. Осы мақсатта қаладағы облыстық балалар мен жастардың спорт мектебі, Қапшағай су қоймасы жағалауына орналасқан яхтклуб, 3 жүзу бассейні, 17 спорт залы, 14 футбол, 66 баскетбол және волейбол алаңдары, ашық теннис алаңымен бірге 286 спорт секциялары өскелең ұрпақтың шынығып, шымыр болуына игі әсерін тигізуде. Аталған шараларға 4 мың адам тұрақты қатысатынын да айтқан жөн.
Отан – отбасынан басталады. Демек, ізгілік іздері адамның өзі туған мекенінен, кіндік кесіп, кір жуған жерінен бастау алатыны анық. Әлемнің қай түкпірінде болсын тәуелсіздіктің көк туын биік ұстау, оған адал болу парыз, деді қала әкімі жастарға арнаған сөзінде.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиян Сүлейменова бүгінгі күнге дейін өткізілген жастар фестивальдері еліміздің қалыптасу тарихында ерекше маңызы бар Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналса, енді тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өткізіліп отырғанына екпін берді.
Биыл өңірдегі аудан мен қалаларда 16 жастар фестивальдері өткізіліп, оған барлығы 82560 адам қатысқаны өмірімізге лайықты өрендер тәрбиелеудің негізгі кілті болғандай. Шаралар барысында жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттыру негізгі мақсатқа айналған.
Жиында еңбегімен ерекшеленген жастар марапатталып, оның соңы ән мен күй, айшықты биге ұласты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.