• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2010

Болашаққа сеніммен қарау үшін

599 рет
көрсетілді

18 қазанда Венада ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне әзірлік аясында Ұйымның Шолу конференциясының екінші бөлігі басталды. Онда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздіктің әскери-саяси және экономикалық-экологиялық өлшемдеріндегі міндеттемелерін орындауы, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның болашақ рөлі мен құрылымы туралы мәселелер қаралуда.

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лығының өкілі, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ депар­таменті директорының орынбасары Ерболат Сембаев Шолу конфе­рен­циясының екінші бөлігін ашардағы сөзінде Ұйымның әлдеқашаннан бері қауіпсіздіктің әскери-саяси са­лад­ағы қызметін жүргізіп келе жат­қанын айтып өтті. “Қару-жарақты бақылау жөніндегі тарихи келіс­сөз­дер және сенім мен қауіпсіздікті ны­ғайту шаралары ЕҚЫҰ құзы­рын­да келісілген болатын. Еуро­пада қару-жарақты өлермендікпен шығарудың жоқ болуы – бұл біздің Ұйымның сіңірген еңбегі. Сонымен қа­тар соңғы 20 жылда ЕҚЫҰ қақ­тығыстарға жол бермеу тетіктерінің арсеналын әзірледі, мұның өзі әлемдегі баршаға ортақ тетіктердің бірі болып табылады. Бұл біз бәріміз мақтаныш ететін мұра”. Қазақстан дипломаты ЕҚЫҰ өңірінде қауіпсіздік қатерінің әлі де бар екендігін еске салып, бұл орай­да қаншама жылдар бойы сыннан өткен тетіктердің пайдаланылмай отырғанын айтты. Жиналғандар бұл мәселе бойынша 1-2 желтоқ­сан­да Астанада болатын ЕҚЫҰ Сам­митінде ілгерілеушілік болар деген үмітіне сенім білдірді. Әлбетте, қауіпсіздік үшін эко­но­микалық-экологиялық жағдай­дың айрықша маңызы бар. Бұл тұрғыда Е.Сембаевтың: “Климат­тың өзгеруі мен экономикалық дағдарыс секілді проблемалар біздің ортақ қауіпсіздігімізге экономи­ка­лық және экологиялық фактор­лар­дың қандайлық ықпал ететінін көрсетіп берді” деген пікірі көпшіліктің ортақ ұйғарымындай естілді. ЕҚЫҰ-ның болашақ рөлі туралы айта келіп ол жиынға қатысушыларды Ұйымды саяси форум ретінде нығайтуға, оның құқықтық негізін орнықтыра түсіп, ресімдерін жақсартуға айрықша көңіл бөлуге шақырды. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Шолу конфе­ренциясы бұрынғы жетістіктерді талқылауға ғана емес, сонымен бірге ілгері басудың жолдарын қа­рас­тыруға да арналатынын мәлім­деді. “Болашаққа нық сеніммен қарау үшін ЕҚЫҰ әлдеқайда күшті, әлдеқайда тиімді және озық жарақ­танған құрылым болуға тиіс”, – деді ол. Ұйым мүшелері өз азамат­тарының алдында, сондай-ақ бір-бірі­нің алдында ЕҚЫҰ-ның қаты­сушысы ретінде өз мойындарына алған міндеттемелердің орындалу барысы жөнінде есеп беруі керек. “Бұл міндеттемелер оқиғаларға және өзгеріс үстіндегі қажеттілікке байланысты жанды да тұрақты түрде толығып отыратын зор құрылымды құрайды. Мұның өзі жанды жоба ретіндегі ЕҚЫҰ-ны тұрақты түрде қолдап, жетілдіру керектігін атап көрсетеді”, – деді М.П. де Бришамбо. ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті өткен 1999 жылдан бері қауіп­сіз­дік­ке төнетін сынақтардың жаңа түр­лері туындады. Сол қатарда ұйым­дасқан қылмыстылық, киберке­ңіс­тік­тегі қатерлер, адамдар мен аумақ­тарды сату секілді транс­ұлттық сынақтар пайда болып, олар дереу назар аударуды талап етеді. Мұндай қатерлердің көпшілігі ЕҚЫҰ өңірінен тыс жерлерде пай­да болғандықтан, мұның өзі әріптес мемлекеттермен және ұйымдармен кең ынтымақтастықты талап етеді. Бұл қарсы тұрудың тиімді шара­ла­рын қалыптастыру үшін қажет. Бұл ретте Ұйымның Бас хатшысы Ауғанстаннан тарайтын мұндай қате­рлердің нақтылы екендігін атап көрсетіп, ол баршаны мазалай­ты­ны­на тоқталып өтті. “Бұл қатер­лер­ге қарсы тұруға ұмтылып жатқан Ауғанстанға және халықаралық қоғамдастыққа көмек көрсету үшін жаңаша күш-жігер қажет. ЕҚЫҰ өзінің көпті қамтитын мүшелігі мен қауіпсіздік саласындағы бай тәжірибесі арқасында бұл істегі үлесін кеңейте алады”, деді ол. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының вице-президенті Воль­фганг Гросрук Парламенттік Ассам­блеяның ЕҚЫҰ жұмысына белсене үлес қосып отырғанын атап көрсетіп, Ассамблеяның рөлін әлдеқайда маңыздырақ етіп, Ұйымды бұрынғыдан да мөлдір және есепті жасайтындай реформа жүргізуге шақырды.