Кеше Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани форумға келген АҚШ Президентінің ислам әлемімен үнқатысуды орнықтыру жөніндегі арнайы өкілі, “Cordoba Іnіtіatіve” үкіметтік емес діни ұйымының имамы Фейсал Абдул Рауфты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясатына Қазақстанның айнымастығын атап өте келіп Қ.Тоқаев Өркениеттер үнқатысуын нығайту жөніндегі біздің еліміздің күш-жігері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол Қазақстанның бастамасы бойынша өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі және оның Хатшылығының қызметі туралы әңгімеледі.
ЕҚЫҰ-ның алдағы Астанада өтетін саммитінің басты тақырыптарының бірі еуроатлатикалық және еуразиялық кеңістіктегі толеранттылықты нығайту және мәдениетаралық үнқатысу болып табылады. Шығыс пен Батыс арасындағы өркениетаралық үнқатысуды ілгерілету Қазақстанның 2011 жылғы Ислам Конференциясы Ұйымының төрағасы ретіндегі қызметінің басты бағыты болып белгіленді. Бұл тұрғыда мұсылман әлемімен қатынастарын қалпына келтіру жөніндегі Президент Б.Обаманың саясаты біздің мемлекетіміздің дінаралық үнқатысуды нығайту жөніндегі күш-жігерімен сәйкес келеді.
Қ.Тоқаев АҚШ Президенті Б.Обаманың мұсылман әлемімен үнқатысуды орнықтыру жөніндегі арнайы өкілі Ф.А.Рауфтың қызметіне қолдау білдірді. Ол Манхэттенге (Нью-Йорк) “Cordoba Іnіtіatіve” ислам мәдениет орталығының құрылысына бастамашы ретінде белгілі.
Ф.Рауф Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қол жеткізген табыстарды және Мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды нығайтудағы Қазақстан үлесін жоғары бағалады.