Адамдардың дарқан пейілмен, адал көңілмен бір-бірін дос тұта өмір сүруінен, өзара жарасымды сыйластығынан, сағынышы мен бауырмалдығынан асқан дүниеде қандай ізгілік болушы еді? Бүгінгі әр-әр жерден бой көрсетіп қалатын түрлі соқтығыстар мен қақтығыстар, өзімшілдіктен өрілетін өктемдік өрескелдігі дүние жүзі жұртшылығын елеңдетпей қоймайды. Ешбір соғыс өртінсіз, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” деп кешегі ата-бабалар аңсап өткендей, халықтардың бір-бірімен тату-тәтті, бір ата-ананың баласындай ұйымшылдықта ұйысқан тірлігіне жетер бақыттың жоқтығын жұмыла қозғаудың өзі бір игі дәстүр екен. Сол дәстүрді енді мұнан былайғы уақытта елорда өзінің еншісіне қалдырып, Астана төрі ылғи да осындай танымал қонақтарға толып, жаһандық проблемаларды шешуге тікелей Қазақ елі мұрындық болып жатса, елдің өркениет жолындағы өрелі көшінің бірі осы болмақ.
Кеше Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың БАҚ өкілдеріне берген қорытынды сұхбатында осы мәселе төңірегінде ой өрбіді. “Келген қонақтардың бәрінің ойлары бір жерден шықты. Әрине, басты құжат қабылданды, бірақ оның алда әлі де болса ширатыла түсетін тұстары баршылық, сондықтан оны ең биік деңгейге жеткізіп алғаннан кейін ғана жұртшылыққа ұсынбақ ойымыз бар”, деді ол. Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында Әзірбайжан музыка өнерінің қайраткері Полад Бюль-Бюль оғлы форумды екі жылда бір рет Астанада өткізсек деп өз ұсынысын жеткізгенін, бірақ бұл әзірге форумға қатысушылардың жеке өздерінің ғана пікірі екенін, өйткені оны қазірдің өзінде сұрап алғысы келіп жатқан елдердің баршылық екенін айтты. Мәселен, жақында Үндістаннан осындай ресми хат келіп түсіпті. Болгария мен Ресей де қолқа салып, қызығушылық танытып жатқан көрінеді.
Т.Мұхамеджанов мұндай форумның жаңадан бой көтеріп келе жатқан елорда үшін айтарлықтай шара екенін, келешекте мұны елдің төл бренді ретінде танытса, артық болмайтынын тілге тиек еткен. “Бұл елімізге, халқымызға үлкен абырой әкелетін форум” деп түйіндеген сөзін. Бұйыртса, елорданың алдынан әлі мұндай талай айдын кезіге берер, бірақ та әлемнің әр елінен келген қонақтардың көңілі жас қалаға айрықша бұрылып, Қазақ елін танып, таңдап жатуының өзі әлемдік қоғамдастық алдындағы Қазақстанның абырой-беделінің қаншалық биік деңгейге өскендігін аңғартқандай әсер қалдырады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.