Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы палатаның жалпы отырысы болып өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Онда “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түсті. Бұл заң жобасы бойынша Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады.
Заң жобасы мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ету, халықаралық салық салу жүйесін жетілдіру және халықаралық тәжірибеге сәйкес салық салу мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарды әкімшілендіру, сондай-ақ салық заңнамасының жекелеген нормаларын нақтылау мақсатында әзірленген. Бұл жоба бойынша Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов қосымша түсінік берді. Талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Сондай-ақ жалпы отырыста “Еуропа мәдени конвенциясын ратификациялау туралы” заң жобасы қаралды. Аталған конвенцияның көздеген мақсаты туралы Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева баяндама жасады. Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бағила Баймағамбетова қосымша түсінік берді. Конвенцияда Еуропаның ортақ мәдени игілігін қорғау және оған ұлттық үлесті дамытуды көтермелеу шаралары анықталған. Конвенцияға қатысу Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы тамыздың 29-ындағы Жарлығымен бекітілген 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мәселелер тұрғысынан өзекті болып табылады.
Конвенцияға қосылу сондай-ақ Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің тілін, тарихын және мәдениетін зерттеуді дамытуға, сондай-ақ Еуропа білім министрлерінің 1999 жылғы маусымның 19-ындағы “Еуропа жоғары білім кеңістігі” ортақ мәлімдемесіне (Болон декларациясы) қатысушы мемлекеттер құрған Болон үдерісіне қатысуға мүмкіндік беріп, осының аясында Еуропа мемлекеттері тарапынан Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының дипломдары танылады.
“Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес Конвенция ратификациялауға жатады. Депутаттардың дауыс беруімен заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Сонымен бірге, жалпы отырыста палата Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттарын нақтылау бойынша шешім шығарды.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне “Ғылым туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларымен жұмысты жалғастыру міндеті жүктелді. Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынысымен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәселе қаралды.