• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2010

Біреуге ор қазғаның – өзіңе көр қазғаның

933 рет
көрсетілді

Баяғы заманда екі жолаушы сапарлас болып жол үстінде кездесіп қалады. Екеуі жөн сұраса келе баратын жері де бір болып шығады. Жолаушының біріншісі – ақ пейіл әрі қайырымды, екіншісі қаныпезер, өте сараң жан болады. Бірінші жолаушы таңертеңгі, түскі және кешкі асқа отырғанда серігінен бұрын дастарқан жайып, жолға алып шыққан тамағын ортаға салады. Бір күн емес, арада төрт-бес күн өтеді. Не керек, бірінші жолау­шының азығы таусылады. Екінші жолау­шы серігіндей емес, дәм-тұзын ортаға салмай, қапшығынан өзі ғана алып жеп отыра береді. – Ау, досым, мендегіні екеу­леп жеп тауыстық. Енді сенің кезегің емес пе? – депті ол. – Мен сенен тамақ сұра­ған жоқпын. Өзің: “Жол азығым алып жүруге ауыр болады” – деп ортаға сал­дың. Мен сенің азығыңның таусыл­ғанына кінәлі емеспін. Барар жеріміз әлі ұзақ. Азығымды саған беріп, өзім аштан өлуім керек пе? – дейді әлгі бет-ауызы бүлік етпестен. Ашық қол, ақ пейіл жолаушы іштен тынып, екі-үш күн шыдайды. Ақыры аштан өлетін халге келген соң серігіне жалынады. – Қылқылдап қоймадың ғой, егер бір көзіңді ойып тастауға келісім берсең, сонда бір рет тойғаныңша тамақтан­дырамын – депті ол. – Бір басқа бір көз де жетер – деп ол амалсыздан көнеді. Қатыгез серігі оның бір көзін ойып алып, өзін той­ды­рады. Арада екі күн өтеді. Бірінші жолау­шының өзегі талып, қарны ашып, әбден әлсірейді. Келесі күні серігіне тағы жалы­на­ды. –Бұрынғы келісім бойынша екінші көзіңді ойдыр – дейді ол. Амалсыздан тағы келісіп: – Ақыры болары болды, бі­рақ сенен өтініш – мені тамақтандыр да анау қорымға апарып тастап кет, – дейді. Опасыз әрі қатыгез серігі бірінші жолау­шының екінші көзін де ойып алып, тамақтандырады да оны қорымға тастап кетеді. Соқыр сорлы Аллаға жалынып-жал­барынып: “Ей, Алла, ес білгелі бір өзіңнің жолыңа шын беріліп, отыз күн ораза мен бес уақыт намазымды үзбей оқып, ғайбат сөз айтпай, кісінің ала жібін аттамай, жетім-жесірлерге қайырымдылық жасап келемін. Ақ жолдан еш тайғаным жоқ, арамдыққа да бармадым, біреудің көңілін қалдырмадым. Мұндай мүсәпір халге қай пейілімнен тап келдім?! – деп, мінажат етіп жылайды. Сөйтіп жатып, ол ұйықтап кетеді. Түс көреді. Түсінде қолында аса таяғы бар бір ақ киімді ақсақал кісі келіп: “Әй, балам, көтер басыңды! Көп қамыға берме. Осы жатқан қабіріңнің оң жағын сыйпаласаң, алақандай қайрақ тас қолыңа ілігеді. Сол таспен көзіңді үш рет сүртсең, екі көзің де шайдай ашылады. Содан кейін қорымнан шық та, сапарыңды қайта жалғастыр. Көп ұзамай бір қалаға тап боласың. Осы қаланың ханы әбден қартайған кісі. Сол ханның жалғыз қызы қатты ауырып, өлім алдында жатыр. Сен осы қызды емде. Ол үшін қаланың сырт­қы батыс жағындағы үйдің көк иті бар. Ханға айтып, сол итті сойып, терісімен қы­з­ды ора да етін пісіртіп жегіз әрі сор­пасын ішкіз. Ал, өзің сол иттің жүрегін қуырып же. Содан кейін қыз кеселінен құлан таза айығып кетеді. Хан қызын саған беріп, өзіңді хан етіп сайлайды” – дейді. Оянып кетсе, түсі екен. Әлгі ақ­сақал­дың айтқандарының бәрін орын­дайды. Соқыр жолаушының екі көзі шай­дай ашылып, ханның қызына үйленіп, өзі хан болып сайланады. Күндердің күнінде хан уәзірлерімен серуендеп келе жатса, баяғы екі көзін ойып алған, сөйтіп өзін қорымға тастап кеткен серігіне кенеттен кездесіп қалады. Ол қайыршы болыпты. Дорбасын иығына асынған ол бұлардың қасына келеді. Хан оны бірден таниды да, уәзірінің біріне: – “Мына қайыршыны алып бар да моншаға түсіріп, дұрыстап киіндіріп, тамақтандыр. Бүгін бұл қайыршы демін алсын. Ертең менің алдыма алып кел!” – деп бұйыра­ды. Тапсырмаларды уәзір толық орындай­ды. Сөйтіп, ертесіне қайыршыны ханның алдына кіргізеді. Хан қатыгез серігіне болған оқиғаның бәрін баяндап, енді оған өзіне уәзір болуды ұсынады. Ол келіседі, бірақ ертесіне оның басына: “Мен неге осындай болмаймын? Қой мен де сол қо­рым­ға барып, Аллаға жалынып-жал­бары­нып көрейін” – деген ой пайда болады да, баяғы қорымға келіп түнейді. Сол маңайға үйір болған аш қасқырлар оған тап болып, оны талапайлап жеп қояды. Мінеки, оқырман қауым, ой жіберіп қарасаңыз осы аңыздың астарында тәлім-тәрбиелік мәні зор үлкен ойдың жатқаны белгілі. Құрметті оқырман қауым, өздеріңіз бай­қап отырған шығарсыздар, осы аңыз­дың көтеріп отырған тақырыбы – иман­дылық. Осы иман деген сөздің қазақша ма­ғынасы: адалдық, әділдік, ар, ұждан, ұят, намыс, мейірім сияқты ұғымдарды білдіреді. Иә, осындай жат та жағымсыз әрекет­терге байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Зәредей де астамшылығы бар адам жән­натқа кірмейді” деген екен. Шын мә­нінде, тәкаппарлық, өзімшілдік – адам­ды бұзатын ең үлкен күнәнің бірі. Бірақ “О дүниедегі жәннаттан бұл дүниедегі қызығым артық!” деушілер жоқ емес, бар. Әттеген-ай, “бұл дүние” деп тұрғаны шектеулі, алдамшы дүние екенін түсін­бейді-ау сол пақырлар! Бұл дүние адамға сынақ үшін берілген. Жалған дүниеде байлықтың қызығы мен буына мастанып, арам жолмен мал тапқандар тозаққа, ал қиямет пен ақыретті мойындап, адал тір­шілік еткендер жәннатқа бармақ. Өйткені, “Маған дұға оқыңдар. Дұғаларыңды мен қабыл етемін. Астамшылдық жасап, маған ғибадат етуден бас тартқандар қор болып жаһаннамға кетеді” – дейді Құран Кәрім­нің Ғафур сүресінің 60-аятында. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Бір-біріңді күн­демеңдер, біріңді-бірің жек көрмеңдер, біріңе-бірің теріс қарамаңдар. Біреудің саудасының үстіне екінші біреу саудалас­пасын. Иә, Алланың пендесі, өзара бауыр болыңдар” – дейді. Расында да қай елде, қай дәуірде өмір сүрсең де ауызбірлік пен татулықтың мәні  өте жоғары. Анығын айтсақ, тап қазір қазақ еліндегі ұлт өкілдерінің татулығы мен достығының арқасында Отанымыз­дың көркейіп, гүлденіп келе жатқанына қуанамыз. Алла Тағала тіл-көзден сақ­тасын! Елімізде қанша ұлт бар, солардың тілі, діні, мәдениеті сақталып, барлы­ғы­ның тыныс-тіршіліктері татулықта, бір­лік пен достық жағдайында өтіп жат­қанын күнделікті көріп отырмыз. Жан-жақтағы көршілердің бастары қо­сылмай, өзді-өзі жауласып жатқан­дарын да өте жақсы білеміз. Сондықтан, мұсыл­ман бауырлар, “біреуге ор қазсаң, өзіңе көр қазылады” деген халықтық қағи­даны басшылыққа алып, бәріміз бір ата-анадан туып, бір шаңырақта өскендей, бір-бірімізбен тату-тәтті тіршілік етіп, жара­сымды да жақсы өмір сүргенімізге не жетсін. Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ, Түркістан қаласының  құрметті азаматы.