Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне 10 айға жуықтап қалды. Осы мерзім ішінде қандай маңызды шаралар атқарылды, қандай мәселелерге назар аударылды, шиеленісті аймақтардың түйіні қалай шешілмек, 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғарғы деңгейдегі Саммитінен кейін қандай өзгерістер күтуге болады және де басқа сауалдарды белгілі саясаттанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан СЕЙДІНГЕ қойған едік.
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, шындығында да, Елбасы Н.Назарбаев айтпақшы, жалпыұлттық стратегиялық жоба ретінде тек біздің еліміз үшін ғана емес, сонымен қатар, Ұйымның өзі үшін де бірегей оқиға болып табылады. Алғаш рет, Қазақстан секілді 18 жылдық қана тәуелсіз тарихы бар елге әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың ірі аймақтық Ұйымын басқару мүмкіндігі беріліп отыр.
Қазақстанның төрағалығына байланысты еліміздің және ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі БАҚ пен саяси, сондай-ақ қоғамдық-саяси орталардың ерекше назарында болуын бірқатар объективті факторлармен түсіндіруге болады. Осы орайда, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті, Бельгия сенатының депутаты Пол Вилле Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай “Өкілеттік мерзімі шектеулі, әлеуеті шексіз” атты мақаласында: “Алғаш рет ЕҚЫҰ тарихында бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан, мұсылман халқы басым мемлекет аймақтық Ұйымның тізгінін ұстады. Барлығы таңданды. Бұл ел нені іске асырады? Ол зор жауапкершілік жүгін арқалап, толып жатқан замана сындары мен қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Ұйымның өн бойына қан жүгірте ала ма?” деп жазып, сіз қойып отырған сұрақтар төңірегінде ой бөліседі. Бұл арада бельгиялық сенатордың төрағалық мерзімінің шектеулі екендігі туралы айтқанына келіспеуге болмайды. Өзіміз куә болып отырғандай, еліміздің ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі нақтылы бағдарламасы қарқынды орындалуда. Сондықтан жылдың соңына қарай атқарылған істердің нақты нәтижелерін айта аламыз деп үміттенемін.
– Нұрлан Бақытжанұлы, қаласақ та, қаламасақ та, әр уақыттың, әр дәуірдің адамзат алдына қоятын талаптары, қауіп-қатерлері болады әрі олар әркез күн тәртібінен түспейді. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде әлемдік қоғамдастықтың назарын қандай мәселелерге аудартып отыр?
– Шындығында, Қазақстан төрағалыққа аса бір күрделі кезеңде кірісіп отырғанына назар аударған жөн. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болған алғашқы посткеңестік, азиялық және мұсылман мемлекеті екендігі де баршаға аян. Біз үшін бұл миссия тек құрметті міндеткерлік қана емес, сонымен қатар Еуро-Атлантикадағы және Еуразиядағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуға қатысты жауапкершілік пен мүмкіндік те болып табылады. Сондықтан да біз және біздің серіктестер бұл жауапты миссияға үлкен дайындықпен, ауқымды, жоспарлармен және зор үмітпен келдік. Еліміз Ұйым алдына бұрынғыдан күрделі, ауқымды сан-салалы мәселелерді байсалды түрде күш біріктіріп шешуді ұсынып отыр. Жаһанды жайлап бара жатқан лаңкестік, экстремизм, табиғи-климаттық, гуманитарлық және экологиялық апаттар, кедейшілік, әлемдегі миллиардтан астам адам душар болып отырған аштық, жұқпалы індеттер, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс – осының барлығымен адамзат күш біріктірмейінше еңсере алмайтынына көз жеткізеді. Бұған былтыр, 2009 жылы Грекияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде еуропалық валютаға төнген қауіпті еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан осындай дәуір сындарына байланысты Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығында нақты бағдарлама ұсынып отыр.
Елбасы биыл 14 қаңтарда Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің қатысушыларына арнаған бейнеүндеуінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ны Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастыратынын айтты. Мұндай ұстанымды көбінесе ұйымға қатысушылардың кең географиялық ауқымымен, мемлекеттердің өзара іс-қимылындағы тәжірибесімен және жақсы жолға қойылған жұмыс тәсілдерімен түсіндіруге болар. Ендігі жерде 35 жылдық тарихында тәжірибе жинақтаған ұйымды күн тәртібіндегі мәселелерді еңсеруге жұмылдыру міндеті тұр.
– Ұйымның қызметі мен құрылымына қатысты түрлі сындар мен ұсыныстар айтылып жүргені белгілі. Қазақстан төрағалыққа дайындық барысында Ұйымның қызметін реформалауға қатысты бастамалар көтерген еді. Төрт құбыласы түгел сияқты көрінетін Ұйымды реформалау идеясына қандай себептер түрткі болып отыр?
– Жоғарыда атап өткен жаһандық қауіп-қатерлер ЕҚЫҰ-ның тиімділігін көтеруді, түпкі нәтижесінде оны реформалауды талап етеді. Президент Н.Назарбаевтың пікірінше, бұл үшін алдымен көмескіленіп қалған “Хельсинки үдерісінің брендін” қайта жандандыру және еуразиялық аймақтық құрылымдармен өзара байланыс орнату арқылы ЕҚЫҰ-ның екінші тынысын ашу, оның қызметіне соны серпін беру міндетін қою қажет. Өйткені, бүгінде еуропалық қауіпсіздікті азиялық қауіпсіздік өлшемдерін ескермей сақтау мүмкін емес. Қазақстан ендігі жерде ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық үнқатысу алаңынан еуразиялық ауқымға көтерілуін, сонымен қатар, Венаның батысы мен шығысындағы елдер арасындағы өзара сенімді нығайтуға күш салады. Ал бұл елдер бір ұйымға, ЕҚЫҰ-ға мүше болғанымен, әрқайсысы әртүрлі геосаяси мүдделерге бөлінген. Мәселен, бұл елдерді Еуроодақ пен НАТО-ға мүше елдер, Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуға ынталы елдер және ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ секілді аймақтық ұйымдарға мүше елдер деп жіктеуге болады. Ұйымның өз тарихи даму барысында еуропалық қана емес, еуразиялық сипатқа ауысып келе жатқанына көз жеткізу қиын емес. Еліміз географиялық орналасуына қарай Ұйымның ішкі геосаяси қатпарларының тігісін жатқызуға үлес қоса алады. Қазақстан осы еуразиялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ЕҚЫҰ басшылық құрылымдарының өкілдерінің қатысуымен 13-14 мамырда Алматыда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Трансазиялық парламенттік форумын, 7-9 маусымда Ыстамбұлда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің үшінші саммитін, 17 шілдеде Алматы қаласының түбінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін өткізді, сондай-ақ үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында ЕҚЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшыларының саммиті өтетін болады.
– Үш құрлық елдерін біріктіріп отырған ЕҚЫҰ-ның іші-сыртында жанжалды аймақтар жоқ емес. Еліміз ЕҚЫҰ төрағалығында Ауғанстан мәселесін реттеуге басымдық беріп отыр. Шиеленісті аймақтардағы, мысалы, Кавказдағы, Днестр бойындағы түйткілдерді шешуде қандай да бір нәтижелерге иек арта аламыз ба?
– ЕҚЫҰ-ның маңызды саналатын әскери-саяси бірінші себеті аясында қиюы қашқан жанжалдарды реттеуге барынша көңіл бөлінеді. Маусымның соңына қарай ЕҚЫҰ-ның алдын ала ескерту және жанжалдарды реттеудегі рөліне арналған Кезеңаралық баяндама жасалды. Бұл баяндама Алматыда шілдеде өткен ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездеуінде талқыланды. Ақпан айында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Оңтүстік Кавказ елдеріне жұмыс сапарын жасап, келіспей жүрген тараптармен кездесулер өткізді. Бұл сапарлардың нәтижесінде Таулы Қарабақ жанжалын одан әрі бейбіт түрде шешу үрдісінің “Жол картасын” әзірлеу басталғанын айтқан жөн. Қазақстан Грузиядағы ахуалға байланысты қарапайым азаматтарға қалыпты өмір нормасын құру үшін Женева пікірталасын жалғастыруды маңызды деп санайды. Ал Приднестровье кикілжіңін реттеу бойынша Қазақстан “5+2” пішініндегі келіссөздерді жандандыру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Біздің еліміз әдеттегі қарулануды бақылау, сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі еуропалық режімді ұстанатынын білдірді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің қауіпсіздігінен өзге, Ұйымға мүше болып табылмайтын көрші елдердің қауіпсіздігін бөле-жара қарай алмайды. Мәселен, алдымен бұл тұрақсыздық жайлаған Ауғанстанға қатысты жәйт. Еліміз Ауғанстанда тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына мүдделі болғандықтан, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық қайта қалпына келуіне баса назар аударады. Біз ауған мәселесін соғыспен шешу мүмкін емес деп санаймыз. Сондықтан бұл елді саяси-әлеуметтік жағынан қайта қалпына келтіру үшін күш-жігерді шоғырландыру қажет. Қазақстан Үкіметі бұл бағытта 50 млн. доллар қаржы бөліп, ауған студенттерін еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту жөнінде шешім қабылдады. Бұл бастаманы өзге елдер де қолдап, игі істі іліп әкетеді деп сенеміз.
– Нұрлан Бақытжанұлы, табиғи ресурстарға бай, 50 млн.-нан астам халық мекен ететін Орталық Азияның сыртқы геосаяси күштердің көз құртына айналып, белсенді әрекет ету нысаны болып отырғаны жасырын емес. Аймақтағы саяси, ұлттық, лаңкестік қауіптердің бұлты сейілген жоқ, қатер тәуекелі жоғары. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан бұл бағытта қандай қадамдар жасайды?
– ЕҚЫҰ қызметінің басты мақсаты шиеленістің негізгі себептерін анықтау мен жою арқылы қақтығыстарға жол бермеуге және бейбітшілікті нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық үдерістер мен демократиялық институттардың дамуын қолдау мен адам құқықтарын құрметтеуге бағытталғандығы баршаға белгілі. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының маңызды бағыттарының бірі – Орталық Азияның тұрақты дамуы. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның әлеуетін пайдаланып, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Өкінішке қарай, Орталық Азияда тамыр жайған қауіп-қатерлердің салдары созылмалы сипат алып отыр. Мұның себебі, бір жағынан, аймақтағы елдерде саяси реформалардың тұрлаусыздығы мен күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты болса, екінші жағынан, географиялық тұрғыдан көршілес тұрақсыз аймақтардың (Ауғанстан, Кавказ, Қытайдағы Шыңжаң) жергілікті және латентті түрде кері әсер етуімен байланысты. Сондықтан Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Орталық Азиядағы бір-біріне өзара қатысты екі үлкен міндетті мойнына алады. Біріншісі – ЕҚЫҰ-ға оңтүстік бағыттан төнетін қауіп-қатерлерді бейтараптандыру. Яғни, мұндағы мақсат – ЕҚЫҰ-ны оңтүстік-шығыс бағыттан қорғау. Мәселен, Ұйымның лаңкестік, экстремизм, есірткі тасымалы, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ саудасы және заңсыз көші-қон сияқты күрделі мәселелерге қарсы күресті күшейтуді ұйымдастыруы қажет. Меніңше, Қазақстан осы қатерлермен күресті ұйымдастыратын орталық бола алады. Ал екінші міндет – Орталық Азияда діни экстермизмнің кеңінен қанат жаймауы үшін жалпыға ортақ демократиялық стандарттар мен дәстүрлерді енгізу. Бұл аталған екі міндеттің тезірек шешілуі үшін Орталық Азияның өзге елдері партиялар, БАҚ және сайлау заңдарын жетілдіру, мемлекеттік қызмет пен сот жүйесін реформалау сияқты жұмыстарды атқарған қазақстандық саяси модель мен қазақстандық мемлекеттік құрылым үлгісін өздеріне енгізуі қажет деп ойлаймын.
Біздің еліміз халықаралық ынтымақтастыққа, әсіресе, ЕҚЫҰ шеңберіндегі халықаралық қауіп-қатерлермен күрес бағытында жұмыс істеуге аса мүдделі. Орталық Азия үшін Ауғанстаннан келетін есірткі тасымалымен күрес өзекті болып қала береді. Халықаралық ұйымдардың өзі бұл мәселелерге қарсы қандай шаралар қолданып жатса да, есірткі тасымалы тыйылмай келеді. Меніңше, есірткі бизнесімен күрес біржақтылыққа ұрынып жатқан сияқты. Ауғанстанға шетелдерден, соның ішінде Орталық Азиядан да хлорид, аммоний, күкірт қышқылы сияқты героин әзірлеуге аса қажет қоспа заттардың жеткізілуіне көңіл бөлінбей жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының мәліметтеріне қарағанда, Ауғанстанның ТМД елдерімен шекаралас аймақтарында апиын мен героин әзірлейтін 400-ден аса лаборатория бар екен. Осы бағыттағы қауіпсіздік, қатерлермен күрес сияқты күрделі мәселелер ЕҚЫҰ-ның 8-9 шілдеде Венада өткен және 20-21 қазанда Астанада өткізілетін конференцияларда кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданады деп күтілуде. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ мен ИКҰ (Ислам Конференциясы Ұйымы) арасында ынтымақтастық қалыптастыру тағы бір өзекті мәселе. Қазақстан биыл басшылық жасап отырған Ұйым мен келесі жылы төрағалық ететін ұйым арасындағы ынтымақтастық өркениеттер мен діндер үнқатысуының қалыптасуына ықпал етіп, заманауи халықаралық құқық, көші-қон мәселелерін реттеуге мүмкіндік беретін еді.
– Біз ЕҚЫҰ-ны көбінесе таза саяси мазмұндағы Ұйым ретінде бағамдап жүрміз. Алайда оның экономикалық-экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ден қойылатын “екінші себеті” жөнінде, бұл бағыттағы жоспарлары туралы біле бермейміз. Қазақстан “екінші себеттің” олқылығын толтыруға қандай үлес қоспақ?
– “Екінші себеттегі” экономикалық-экологиялық өлшем бойынша Қазақстан бірінші кезекте трансқұрлықтық көлік дәліздерін дамыту жобасын қолға алады. Осы мақсатта бұған қатысты ұлттық заңнамалық базаның үйлесімділігін, жолаушылар мен жүктердің және көлік құралдарының тасымалына еркін жағдай туғызу, барлық көлік түрлеріндегі қауіпсіздікті нығайту үшін келіссөздер жалғастырылады. Бұл саладағы ең басты нысан құрылысы басталған Қорғас – Алматы – Ақтөбе – Орынбор – Қазан – Санкт-Петербург бағытын қамтитын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық деңгейдегі транзиттік дәлізі болып табылады. Жалпы ұзындығы 8445 шақырым болатын автожолдың 2787 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Құны 5,4 млрд. долларды құрайтын автожол құрылысын 2013 жылы аяқтау көзделіп отыр. Ал 2010-2012 жылдар аралығында жобаны жүзеге асыру үшін 50 мың адам жұмысқа тартылмақ.
Сонымен қатар, еуропалық стандарттағы Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға дейінгі темір жол жобасы да бар. Ғаламдық энергетикалық қауіпсіздікті дамытуға біздің елдің қосатын үлесі Қазақстан мен Орталық Азиядан әлемдік рынокқа қуат көздерін тасымалдау бағыттарын әртараптандыру болмақ. Осы саладағы жетекші мамандардың пайымынша, мұнай-газ және көліктік инфрақұрылым мұнай-газ саласындағы тиімді бағыт болар еді. Әлемнің барлық елдері көмірсутегі тасымалының транзиттік аймағына айналу үшін таласып бағуда. Сондықтан да, еліміз территориясы жағынан табиғи ресурстарды кеңінен тұтынушы рыноктың төңірегінде орналасқанын ескере отырып, Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін мүмкіндігінше пайдаланып қалуға міндетті.
Қазіргі кезде “Батыс Қазақстан – Батыс Қытай” мұнай құбырының құрылысы аяқталып қалды. 2009 жылдың желтоқсан айында Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газ құбыры салынып болды және “Орталық Азия – Қытай” газ құбырының құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. 29 қаңтарда Алматыда “Азия – Еуропа жолындағы логистика рөлі” атты халықаралық конференция, 1-2 ақпанда Вена қаласында ЕҚЫҰ экономика-экологиялық форумының бірінші бөлімі өтті. Үстіміздегі жылдың 1-2 шілдесінде Астанада “Дағдарыс сабақтары және жаһандану кезеңіндегі дағдарыстан кейінгі экономикалық даму” атты үшінші Астана форумы өтті, осы аталған шаралардың бәрі ұйым шеңберінде қарастырылған мәселелерді талқылауға және оны шешудің жолдарын қарастыруға бағытталған.
– “Екінші себеттегі” экологиялық мәселелердің тікелей біздің елге қатысы бар. Арал теңізі, Балқаш, Капустин Яр полигондарының тағдыры өзіміз төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-ның назарын аудара ма?
– Өкінішке қарай, Орталық Азияның, әсіресе, Арал теңізінің экологиялық жағдайы әлсіреп бара жатыр. Көптеген жерлер адам қоныстануына жарамай қалды. Еліміздің экономикасы мен халық денсаулығына айтарлықтай нұқсан келді. Мемлекеттік табиғатты қорғау органдары қоршаған орта мен айрықша түзілген тарихи экожүйелерге жеткілікті мөлшерде көңіл бөлінбей отыр деп санайды. Тек пайданы ғана көздеген алып шаруашылықтардың залалы биоресурстардың жойылуы мен экологияның одан әрі әлсіреуіне апарып соқтырады. Табиғи қазбаларды көптеп өндірудің кесірінен эксплуатациялық аймақтар күн санап ұлғайып, аймақтық экожүйеге орны толмас зардабын тигізуде. “Екінші себеттің” маңыздылығын арттыру үшін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қ.Саудабаевтың бастамасымен қос жаңа лауазым пайда болды – ЕҚЫҰ төрағасының көлік және экология мәселелері бойынша жеке өкілдері. Демек, алдағы уақытта Пан Ги Мунның аймаққа жасаған сапарынан БҰҰ-ның назарын аударған Арал теңізінің ЕҚЫҰ тарапынан да елеусіз қалмайтынына сенгіміз келеді.
– Көптеген оппозициялық басылымдар Қазақстанды ЕҚЫҰ төрағалығындағы “үшінші себет” – адами өлшемдер бойынша жиі сынап жатады. Қазақстан мұндай сыни пікірлерге лайықты жауап ретінде адам құқықтары мен сөз бостандықтары мәселесінде маңызды қадамдарға баруы керек емес пе?
– Әлбетте, бұл “үшінші себет” саяси және әлеуметтік институттардың дамуы жағынан еуропалық стандарттарға сәйкес келуге ұмтылған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы басты бағыттарының бірі болып табылады. Міне, сондықтан да Қазақстан “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының аясында саяси-құқықтық, философиялық және моральдық құндылықтарын әлемдік өркениеттің ортақ жетістіктеріне сәйкестендіруде. Қазақстанды, әсіресе, еуропалық саяси институттардың, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жоғарғы стандарттары жөніндегі тәжірибелері қызықтырады. Жалпыеуропалық өркениетке ену үдерісінде өзіміздің төл мәдениетіміз де есепке алынады. Әрине, біз еліміздегі демократияландыру мен саяси үдерістердің дамуының барынша жедел болуын қалаймыз. Алайда, революциялық төзімсіздік пен болашаққа асығыстық салмақты идеялар мен мақсаттарды тежейді. Бұл орайда америкалық конгрессмен, Хельсинки комиссиясының тең төрағасы, біздің қоғам қайраткерлері жиі сілтеме жасайтын Элси Хейстингкке жүгінгеніміз абзал. Айтпақшы, ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін барынша қолдаған болатын. Э.Хейстингктің өзі: “Демократияны орнату үшін жиырма жыл аздық етеді. Батыстағы біздерге демократияны аз уақыттың ішінде де орнатуға болатындай көрінеді. Меніңше, АҚШ-тағы демократия әлі күнге дейін жасалып жатыр”, деген еді.
– Нұрлан Бақытжанұлы, биылғы Қырғызстандағы жағдай біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз барысында болып жатқаны белгілі. Қазақстан бауырлас ел ретінде және Ұйымның төрағасы ретінде Қырғызстанға қал-қадерінше көмек қолын созды, осы іске өзгелерді де тартты.
– Әрине, Қазақстан және жалпы Ұйым үшін көрші Қырғызстандағы дағдарыс үлкен сын болды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде бұл елге көмек көрсету жолында Ұйымның барлық әлеуетін қолдануға бар күш-жігерін салды. Сонымен қатар, Қазақстан екіжақты қарым-қатынас негізінде Қырғызстанның бір қалыпқа түсіп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыру мақсатында айтарлықтай көмек көрсетуде және болашақта мүмкіндігінше көмек көрсете бермек. Көрші елдің экономикасын қалпына келтіру бойынша үлкен көлемдегі бағдарлама жасау мақсатында Қырғызстан үкіметімен бірлесе жұмыс жасайтын қазақстандық үкіметтік комиссия құрылды. Бұл комиссия өз жұмысында қирауға ұшыраған Қырғызстанның оңтүстік облыстарының инфрақұрылымын қалпына келтіру, баспаналарға жөндеу жүргізу және жаңадан салу, қыс мезгіліндегі энергетикалық қамсыздандыру және шекара аймағындағы сауда мәселесіне баса назар аударуда. Сонымен бірге, біздің ойымызша, ЕҚЫҰ-ның 56 мүше мемлекеті өздерінің саяси ерік-жігерін тоғыстырып, Ұйым тарапынан Қырғызстанға бүгінде өте қажет болып отырған қолдаудың жоғарғы деңгейін қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстандық тарап ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде (Алматы қ., 16-17 шілде, 2010 ж.) Қырғызстан халқына көмек көрсетуге қатысты саяси деңгейде топтасқан ұстаным қалыптастыру, әсіресе, нақты әрекеттерге қатысты шешім қабылдау бойынша ұсыныс жасады. Сарапшылардың ақпараты бойынша, Қырғызстанға көмек ретінде 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет және бұл қаржы халықаралық донорлар көмегі арқылы қарастырылуы керек. Қырғызстанға арнап ЕурАзЭҚ қоры 210 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуді қарастырды.
Бүгінде қырғызстандағылар қарапайым формуланы түсіне алмауда: алдымен экономикалық реформалар жүргізу қажет, тек сосын барып саяси өзгерістер жүргізу керек. Арбаны аттың алдына қою әрекеті барлық кезде апатқа алып келеді. Мұндай әрекеттің неге алып келгендігін Грузия, Украина немесе Қырғызстан мысалынан көруге болады. Өткен айда Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға жасаған ресми сапары барысында ел президенті Виктор Янукович кездесу барысында Украинаны жайлаған “түрлі-түсті төңкерістерге” қатысты ағынан жарылып: “Біз бес жылды бекерге жоғалттық” деп мәлімдеме жасаған еді. Бұл сөздер Қазақстанның таңдап алған жолының, экономикалық және саяси реформалардың дұрыстығын тағы да дәлелдей түседі.
– Қауіпсіздік архитектурасының өзгеруі барысында жалпы Ұйымның қызметін жандандыруда, мүше мемлекеттер арасында бір-біріне деген сенімнің артуында “Корфу үдерісінің” маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Мүше мемлекеттерді өзара айыратын мәселелердің (мысалы, қақтығыстар мен қару-жараққа бақылау) және де оларды біріктіретін қатерлердің (мысалы, трансұлттық қауіптер) бар екендігін ескерер болсақ, біздің ортақ мақсатымыз – шешілмеген және жаңа қатерлерге қатысты ортақ тиімді жауап қалыптастыру мақсатында ЕҚЫҰ-ның “отбасы” негіздерін нығайту болуы керек.
Осыған байланысты мүше мемлекеттер қауіпсіздік құрылымдарының өзгеріске түсуі барысындағы Ұйымның қажеттілігі мен тиімділігін арттыру және сенімділікті нығайту шараларының негізгі тетігі болып отырған “Корфу үдерісінің” маңызын асқақтатпауы мүмкін емес. Бұл пікір алмасулар үрдісі ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас және бөлінбейтін кеңістігін қалыптастырудағы маңызды рөлін айқындайды.
Мүше мемлекеттер мен серіктестер тартылған “Корфу үдерісі” бойынша ашық пікір алмасу барысында ЕҚЫҰ үшін барынша өзекті және толғақты 10 тақырып талқыланды, олардың қатарына қақтығыстар, трансұлттық қауіптер, қауіпсіздік және қару-жараққа бақылау, экономика және экология, гуманитарлық сала, өлшемаралық әдістер мен тиімділік, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік және т.б. жатады.
Мүше мемлекеттер арасында ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастыққа негізделген бөлінбейтін қауіпсіздік жөніндегі жалпылық тұжырымдамасының барлық салаларын, оның ішінде сенім шаралары мен қауіпсіздік, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы, ЕҚЫҰ-ның құқықтық дәрежесі сияқты шиеленіс пайда болған жағдайда шұғыл әрекет етуді қамтитын 50 ұсыныс таратылды.
Бұлардың қорытындысы бойынша төрағалықтың аралық баяндамасы дайындалып, ол шілде айында Алматыда өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіндегі пікір алмасудың басты тақырыбының бірі болғаны белгілі. Кездесуді қазақстандық тарап үдерісті бағалау мен алдағы қадамдарды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырды. Ендеше, “Корфу үдерісін” күн тәртібі барысында талқылаудың қорытындысы ЕҚЫҰ-ның биылғы Саммитінің мазмұндық негізі болады деп ойлаймыз.
Венадағы талқылау барысында Саммитті толықтыруға қажетті материал жасалды. Біздің ойымызша, жетістіктер мен барынша елеулі алға жылжушылыққа қол жеткізуге болатын бірнеше ірі басымдықтарға назар аудару қажет. Мұндай ірі басымдықтар қатарына ЕҚЫҰ-ның маңызды құндылықтары мен қағидаттарын нақтылау, “Корфу үдерісін” және оның негізінде қол жеткізілген маңызды жобаларды бекіту, Вена құжатын жаңарту, жаһандық қаржы және экономикалық дағдарыс салдарларын жеңуге қажетті тиімді еуразиялық интеграция, трансұлттық қатерлер, Ауғанстан мен Қырғызстан, толеранттылық пен кемсітпеу мәселелерін жатқызуға болатын еді.
– Жылдың соңына қарай Астанада өткізілгелі отырған ЕҚЫҰ жоғарғы деңгейдегі Саммитінің күн тәртібі туралы не айтуға болады?
– Қазақстан төрағалығының басты мақсаты – Ұйымды күшейту, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешудегі міндетін арттыру. Міне, сондықтан да ЕҚЫҰ кеңістігіндегі жинақталып қалған мәселелердің ауқымды шеңбері аясында біртіндеп және мақсатты түрде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге қатысты көтерілген өзекті және уақыт талабы болып отырған бастамасын жүзеге асыру жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Елбасының ұсынысы – бұл Ұйымға мүше мемлекеттерге ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағының ауқымды кеңістігіндегі жаңа қауіп-қатерлеге жауап табуға, Ұйымды бүгінгі күннің жағдайларына бейімдеуге берілген тарихи мүмкіндік болып отыр.
Үстіміздегі 2010 жыл Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығы мен жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясына қол қоюдың 20 жылдығы секілді ЕҚЫҰ үшін бірнеше маңызды оқиғаларға толы екендігін ескере отырып, алдағы Саммит біздің Ұйымның өз негізіндегі қағидалар мен міндеткерліктерге қатысты ұстанымшылдығын тағы бір рет дәлелдеуге және де Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты қамтитын біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік қауымдастығын құруға деген шешімділікті көрсетуге жағдай туғызады.
Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер көшбасшылары саяси ерік-жігер танытып, өз халықтарының алдында тұрған кейбір қатерлерге жауап бере алатын уақыт туды. Саммит ЕҚЫҰ-ның заманауи қауіп-қатерлерге бейімделуіне қажетті екпін беріп қана қоймай, сонымен бірге, Ұйымға деген біздің халықтардың сенімі мен құрметінің артуына алып келетіндігіне сенеміз.
–Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.