Еліміздің аумағында мемлекет мүддесін қорғап, оның атынан сөйлейтін прокуратура органдарына жүктелген міндет пен жауапкершілік батпандай. Осындай ауқымды міндеттегі сала қызметкерлерінің еңбек етуіне жағдай жасау мақсатындағы жұмыс жалғасып, Қаскелең қаласында аудандық прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Осы мерейге Бас Прокурор Қайрат Мәми арнайы қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін құттықтап, атқарылған жұмыстарға, құқық қорғау саласына соңғы кезде жасалған жағдайларға тоқталды.
Бұдан кейін облыс әкімі Серік Үмбетов облыстың экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына тоқталып, конституциялық тұрғыда заңдылықты қадағалау мен нығайту құқық қызметін атқарған кәсіби мамандарға байланысты болатынын, заман талабына сай әсем ғимаратпен қамтылуы ғанибет екендігін атап өтті. Бұл Елбасының қолдауы мен қамқорлығы деп түсінуге тиістіміз, деді.
Жаңа ғимарат құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, республикалық бюджеттен 145 млн. теңге қаржы бөлініп, жылдан аса уақытта құрылыс сапалы аяқталды.
Жаңа прокуратура ғимаратаның көгілдір лентасы қиылып, жаңа, кең, жарық бөлмелерді аралағандар әрбір қызметкердің жұмыс кабинеттеріндегі компьютер мен электронды жүйеде қабылдау, тағы басқа техникалардың жұмысымен танысты.
Қарасай ауданының прокуратурасына облыс әкімі жеңіл автокөліктің кілтін тапсырып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы,
Қарасай ауданы.