Оқиғаға орайлас ой
Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың жаңа лауреаттары туралы Жарлыққа орай алғашқы болып пікір айтушылардың ішінде белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, ғылым докторлары Қансейіт Әбдезұлы, Құлбек Ергөбеков, Темірхан Тебегенов, Қадыр Юсупов, Жұмат Тілепов, Дихан Қамзабекұлы, Бекен Ыбырайымов, көрнекті композитор, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиев, Мәжіліс депутаты Қайрат Сәдуақасов, қоғам қайраткері Жекен Қалиев, өнертанушы ғалым Лаура Оразбекова, атақты суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай, белгілі мүсінші Ескен Сіргебаев, халық емшісі, медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлы, ақын-жазушылар Рахымжан Отарбаев, Сейфолла Оспан, Әнес Сараев, ғалым тарихшы Абат Үржанов, әуесқой композитор Мақсым Меңкешев және басқалар бар.
Енді солардың бірнешеуінің осы шешім туралы пікірлері мен ойларын жариялағанды жөн көріп отырмыз.
Біздің гимніміз –еліміздің мәңгілік мәртебесі
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері.
Мен өнер сапарларында әлемнің көптеген елдерінде болып, талай тарихи сахналарда ән салдым. Осы арқылы қазақ өнерінің құдыретін өзгелерге танытуда азды-көпті еңбек сіңірдім. Қай жерде, қай елде жүрсем де құдыретті қазақ өнерінің, соның ішінде қазақ әнінің қасиеті мен көркемдігін төмендетпеуге тырыстым. Қазір керемет заман туды, егемен ел болдық, басқаға қарап баспалап күн кешкен уақыт өтті. Енді қазақ әндері бұрынғыдан да қанатын кеңге сермей түсті.
Менің репертуарымда халық әндері көп екенін тыңдарман мен көрермендер жақсы біледі. Осылардың ішінде үнемі сахнада орындап жүрмесем де көкейімде тұратын бір ән “Менің Қазақстаным” болатын. Жалпы, бұл әннің ерекше бір құдыреті бар.
Жақсы ғой қазір заманымыз. Өнеріміздің өрісі ашылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің ең алғашқы күнінен бастап, әдебиетіміз бен өнерімізге ерекше қамқорлық жасап келеді. Қаншама өнер ошақтары ашылды, театрлар мен концерт залдарымыз бой көтерді, қаншама адам атақ пен марапатқа ие болды. Осының бәрі Елбасымыздың көреген де кенен саясатының арқасында жүзеге асып жатыр.
Бүгін газеттен көріп, мемлекеттік гимніміздің қос авторына – Жұмекен мен Шәмші марқұмдарға еліміздің ең жоғарғы сыйлығы берілгенін біліп, бұл бір әділетті шешім болған екен деп қатты қуандым. Өзіне де кездескен жерде айта жүремін, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл шешімі тарихи шешім деп ойлаймын және шынайы көңілден ризашылығымды білдіремін.
Қаумалаған қалың елдің ризашылығы
Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық алу жарысына қатысқандардың бірі мен едім. Жарысқа қатысу жалған даңғойлық емес, өзіңді өзің қамшылаудың, өзіңнің бара жатқан жолыңды бағамдаудың да бір түрі. Өзімді осы байқауға қатысқан 20 жазушының соңымын деп есептемеймін, кітаптарым қытай, түрік, орыс, ағылшын, француз, араб, т.б. тілдерге аударылған. Бірақ Жұмекен Нәжімеденов, Шәмші Қалдаяқов сынды ақберен ағалар тұрғанда, жалпы дүбірге қосылып, жалған намысқа тырысып, шаба берудің артық екенін анық сездім.
Мен бұл бәйгені алмасам да, қазақтың аса көрнекті ақыны мен композиторы Жұмекен мен Шәмшінің ие болғанын әділ де, дұрыс шешім деп қабылдаймын. Шынын айтқанда, осы ағалардың алғанын Жарлықтан оқып, бұл сыйлықты өзім алғандай қуанып отырмын. Қазақтың аруақты сыйлау секілді ұлы дәстүрі әлі де рухымызда бар екенін көру, сезіну мен үшін бір ғанибет. Бұл жалғыз менің ғана емес, қаумалаған қалың елдің де ризашылығы. Айтар алғысы! Сол үшін де Елбасымызға мың мәрте рахмет.
Ел жүрегіндегі құрмет
Қайрат СӘДУАҚАСОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Әдебиет пен өнер саласындағы биылғы жылдың Мемлекеттік сыйлығы ғасырда бір туатын Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке берілгенін оқығанда қатты қуандық. Тек қана қуаныш емес, осы екі ерекше талант иесінің халқы үшін, елі үшін сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға деп түсіндік. Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның ұсынысы негізінде қабылдаған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы шешімі жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың көңіліндегі ойды дөп басты.
Президенттің Жарлығы бойынша Мемлекеттік сыйлық Шәмші Қалдаяқовқа “Бақыт құшағында” әндер жинағы үшін берілсе, Жұмекен Нәжімеденовке “Менің Қазақстаным” өлеңдер мен дастандар жинағы үшін берілген екен. Көздері тірісінде халық ішінде бірі қайталанбас әуендер жазған композитор болып танылса, бірі аз ғана ғұмырында тұлғалы ақын екенін дәлелдеп үлгерді.
Бүгінгі Қазақстан тарихында Шәмші мен Жұмекен есімдері қатар тұрып, Әнұран авторлары деп таңбаланды.
Еліміздің қазіргі Әнұраны 2006 жылдың 7 қаңтарында қабылданғанын білеміз. Әнұранның негізін “Менің Қазақстаным” әні құрайды. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазылған әннің бастапқы нұсқасына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күннің тынысын енгізді. Жаңа Әнұран алғаш рет 2006 жылы ел Президентін ұлықтау рәсімінде орындалды.
Бойыңдағы биік ұлттық сананы оятатын, ұлы халықтың өкілі екеніңді мақтан етуге жетелейтін, рухшыл сезімді еселейтін Әнұранның мәтіні мен әуенінің әсері ерекше. Ата-баба аманатын жаңа ғасырларға жеткізу, жас ұрпақтың санасына сіңіру, ұлттың рухын көтеру – Әнұранымыздың басты бір қасиеті. Біздің Әнұранда қазақтың кешегі арманы, еліміздің бүгіні мен болашақтағы мақсаты таңбаланған.
Шәмші Қалдаяқовтың да, Жұмекен Нәжімеденовтің де еңбектері халқына әбден сіңген. Өздері дүниеден өтсе де артында қалдырған рухани мұралары – өлеңдері мен әуендері әлі талай ұрпақты елін сүюге, отаншыл болуға тәрбиелейтін болады.
Ешқашанда халқының махаббатынан кенде болмаған біртуар арыстарға Мемлекеттік сыйлықты беру Шәмші мен Жұмекен ағаларға Тәуелсіз еліміздің көрсеткен тағы бір құрметі болды. Мұндай құрметтің түрі елдігімізді нығайту үшін де, бүгінгі мен ертеңгі ұрпақты тәрбиелеу ісінде де көбірек керек.
Қазақ сөз өнерінің қайраткері
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің деканы.
Қазақ мәдениеті мен өнерінің аса талантты тұлғалары, шүкір, баршылық, болған және бола береді де. Солардың ішінде қазақ поэзиясының аса көрнекті ақыны, қабырғалы қаламгер Жұмекен Нәжімеденовтің, аса көрнекті композитор, ұлттық саз өнерінің саңлағы Шәмші Қалдаяқовтың есімдері халқының жадында мәңгілікке жазылған. Осы екі дара дарынның биылғы жылғы әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы тарихи әділ шешім болды деп ойлаймын.
Бірнеше іріктеу кезеңінен тұрған бұл конкурстың биылғы жылғы осынау шешіммен бекітілуі – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұлттық мәдениетімізге деген ерекше қамқорлығы, шын мәнінде талантты туындылардың халықтың құрметі мен ықыласына бөленуіне барынша жағдай жасауы, ел үшін ерен қызмет еткен перзенттерге деген адами ілтипат пен адамгершілік қолдау деп түсінемін. Және әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның бір мүшесі ретінде даусымды беріп, осыған өзімнің де аз да болса үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Қоғамдық өмірдің ортасында, әсіресе, жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасы мен зердесінде мәдени-рухани байлыққа деген құлшыныс пен құштарлықты ояту тұрғысында екі талантымыз туралы, олардың көркемдігі аса жоғары шығармалары жөнінде енді одан әрі көкжиекті кеңейтер нұсқалы әңгіме айтуға негіз қаланды деп санаймын.
Жұмекен қазақ поэзиясындағы құбылыс болды, қайталанбас талант, хас шебер еді. Оның қаламынан туған жырлар мен дастандар қазақ поэзиясының биіктігін одан әрі көтерді, тереңдігін одан әрі асырды. Ақынның “Менің топырағым”, “Темірқазық”, “Менің Қазақстаным” секілді таңдамалы жинақтары, олардан бұрынырақта жарық көрген “Жарық пен жылу”, “Жетібояу”, “Күй кітабы”, “Өз даусыммен”, т.б. кітаптары өлеңсүйер қауымның қолынан түспейтін, жас ақындардың шеберлік мектебі болды.
Жұмекен тек қана поэзияда ғана емес, қазақ прозасында да өнімді еңбек еткен қаламгер. Оның “Кішкентай”, “Ақ шағыл” атты романдары қазақ прозасының таңдаулы туындылары қатарынан лайықты орнын алды. Ал ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың есімі қазір ұлттың паспортына айналды десек, артық болмас. Екеуінің шығармашылық бірлігінен туған “Менің Қазақстаным” енді біздің мемлекеттік гимніміз. Осынау бір шығармасымен-ақ олар қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылды.
Орынды шешім ойымыздан шықты
Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ, “Жас-Ай” халық емшілігі орталығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, академик.
“Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған Елбасымыздың әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі Жарлығын оқып, қатты қуандым. Мен атажұрттан алыста жүргеннің өзінде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов ағаларымыздың “Менің Қазақстаным” деген құдіретті әнін жүрегімізге сіңіріп өстім. Қытайдағы қазақтар бұл әнді әрбір салтанатты той мен мерекелерде ерекше құлшыныспен орындайтын. Осы әнді тыңдаған сайын атажұртымызды сағынып, оның еркін ел, тәуелсіз мемлекет болуын қатты аңсайтынбыз. Шүкір, ол күнге де жеттік. Ойдағы арман орындалды. Осы әннің сазымен тарихи отанымызға оралдық, қазақ елінің бір азаматы болып қатарға тұрдық.
Қытайда халық медицинасы кеңінен тараған, сол елде инемен емдеу, тамыр ұстап, кеселдің атын атап, түсін түстеу және оны жазудың қыр-сыры мен дәрілік шөптерді тауып, танып пайдаланудың үлкен мектебінен өттім. Қазір осының арқасында туған елге келгесін, көп еңбектеніп, халық емшілігі орталығын аштым, өз елімнің заңды азаматы атандым. Елбасымыз жүргізіп отырған сындарлы саясатты барынша қолдап, іске асыруға қолымнан келгенше атсалысып жатырмын.
Міне, қай кезде де еліміздің гимні бізге күш пен қуат беріп келеді. 2006 жылы “Менің Қазақстаным” әні мемлекетіміздің гимні болып қабылданғанда, Елбасының осы мәртебелі істегі үлесі мен рөлін терең сезініп, шынайы сезіммен қолдадым. Ол кісінің жаңа гимнге уақыт талабына сай қосқан өзгерістері мен жаңа өлең жолдары бүгінгі күннің тынысын барынша ашып көрсетеді.
Осы гимніміздің қос авторына биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте құптарлық жайт. Гимннің заңды авторларының бірі – Елбасының халық үшін қалтқысыз еңбек етіп жүрген ерен еңбегі онсыз да құрмет пен ықыласқа лайық. Асқақ гимніміздің абыройы мен мәртебесін көтеру бағытында Президентіміз тарапынан жасалған бұл шешім жалпы жұртымыздың көңілінен шығып жатыр. Рахмет Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қапысыз таңдау, қадірлеп бағалау
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің кафедра меңгерушісі.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жаңа тарихында рухани құндылықтарымыздың лайықты бағалануы халқымыздың мерейін өсіріп, жарқын болашаққа сенімін нығайтуда. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін іле-шала Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанымыз, сол ұйымдағы ЮНЕСКО шешімімен қазақ әдебиеті классиктері мерейтойларының әлемдік деңгейде мерекеленгені – қазақтың ата-бабалары рухын, отандық мәдениеттің мәртебесін көтерудің үздік өнегесі болды. Хакім Абайдың, Жамбылдың 150, Мұхаммед Хайдар Дулатидың 500, Махамбеттің 200, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әлкей Марғұланның100 жылдық мерейтойларының халықаралық деңгейде тойланғаны – қазақ сөз өнері мұраларының әлем өркениеті құндылықтары қатарында бағалануының көрсеткіштері. 2004 жылдан бері ғасырлар бойы қалыптасқан, дамыған рухани құндылықтарымызды жинақтап, фольклор мен әдебиет, әуез, философия, психология, тарих, шығыстану, археология салалары бойынша көптомдықтардың жарық көруін жүзеге асырып жатқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы да халық мұрасының мәңгілік сақталуының нақты нәтижелері болып отыр. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналықпен жүргізіліп жатқан қызметінің тарихи жемістері.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының көркем әдебиет саласы бойынша дарынды қаламгерлерге ғана берілген ұйғарымы әдебиеттанушы ретінде мені қуантады. Орта мектептерде де, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында да біз классикалық әдебиет деңгейіндегі үздік туындыларды ғана оқытуға қалыптасқанбыз. Көркемдік сипаты жоғары, мыңдаған, миллиондаған оқырмандарының көңілдерін баураған, рухани азығына айналған дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденов таңдамалылары жинақталған “Менің Қазақстаным” кітабына 2010 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру туралы Елбасымыздың ұйғарымы – халқымыздың зор ризашылығына, қанағат сезіміне ие болатын әділдік салтанатының көрінісі. Жұмекен Нәжімеденов шығармалары – қазақ ұлтының және әлем халықтарының ақыл-ой даналық ұлағатын таныта алатын, көркемдік-эстетикалық дүниетаным тереңдігін ұқтыратын классикалық туындылар. Фәни дүниеде 48 жыл ғана өмір сүрсе де лирикалық өлеңдері мен поэмалары, романдары қазақ халқының мыңжылдықтар бойы қалыптасқан адамгершілік-имандылық, батырлық-жауынгерлік, азаматтық-отаншылдық рухын ұрпақтар санасын серпілдіру, сілкіндіру, жігерлендіру сарындарымен қуаттандырған Жұмекен ақын жырлары – әлем әдебиетіндегі классикалық рухани құндылықтар қатарындағы шығармалар.
Бүкілхалықтық талқылау үдерісіне үн қосқан “Дарынды ақынның даналық поэзиясы” (Ана тілі, №37, 1030, 16-22 қыркүйек, 2010 жыл) атты мақаламды 40 жылға жуық әдебиетші ұстаздық-зерттеушілік қызметіндегі өзімнің және мыңдаған шәкірттерімнің, олардың ата-аналарының, бүкіл халқымыздың ұсынысы тұрғысында жаздым. Жұмекен поэзиясын әдебиетті оқыту мен зерттеу нысаны және тәлім-тәрбие жұмыстарының құралы етіп жүрген республикамыздағы барлық ұстаздар мен олардың шәкірттерінің, ата-аналардың, бүкіл оқырмандардың, халқымыздың бұл Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы шешіміне риза болатыны ақиқат.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық қызметі де Отанымыздың әлемдегі алып мемлекеттермен иық теңестірген мәртебелі биіктерден орын алуын қамтамасыз еткен біліктілікпен, білімділікпен атқарып жүрген парасатты жұмыстары. Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастарды шебер үйлестіруші, дарынды, білімді ұйымдастырушы, әділдіктің жүзеге асуын қамтамасыз етуші аса көрнекті Қайраткер-Азамат тұрғысында бағалайды. 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткізілуі жоспарланып отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммитін өткізуге дайындық жұмыстары да, Саммиттің өтетіні бәрімізде де қанағат сезімін тудыруда.
Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналық ойларын жүзеге асырушы халқы еліміздің ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени даму әлеуеті бағыттарының әлем өркениеті кеңістігінде абыройлы жолмен алға баса беретініне кәміл сенеміз. Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовқа берілген бұл жоғары атақ – қапысыз бағалау мен қадірлеп таңдаудың озық үлгісі.