Қыстан қысылмаймыз
Ақсу қаласынан бізге хабарласқан тұрғындар биылғы қыстан былтырғыдай апатты жағдайлар орын алып, қиындық көріп қалмаймыз ба деген қауіптерін айтып хабарласқан болатын. Отыз жылдан аса уақыт күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген су құбырларының, жылу желілерінің әдетте суық түсе бастағанда сыр беретіні бар.
Осы жердегі ферроқорытпа зауыты, “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” тәрізді ірі кәсіпорындардың тұтынушыларға қызмет көрсетуден бас тартуы, электр энергиясының, жанар-жағар май материалдары мен басқа да тауарлы материалдар бағаларының қымбаттауы тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салатыны тағы анық. Сонымен, биылғы қыс қалай болар екен?
“Егемен Қазақстанның” Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай Ақсу қаласының әкімі Оразкелді Қайыркелдиновке:
– Сіз бұған не дейсіз?..
– Айтылған мәселе дұрыс. Тұрғындардың алаңдауына да негіз бар. Ал бірақ биылғы қыстан қалай шығамыз деп қорқып-үркуге енді негіз жоқ қой деп ойлаймын. Жалпы, облыс және қала басшылығы тарапынан қабылданған шұғыл әрекеттердің нәтижесінде өткен жылы 38,6 миллион теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 8,7 шақырым құбыр ауыстырылды. Бөлінген қаржы көзіне қоршалған бөген тұрғызылып, арнасы тазаланып, уақытша су таратқыш құрылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, азаматтық қорғаныс, апатты жою және алдын алу мекемелерінің мамандары жағдайды зерттеу мақсатында бірнеше рет келіп, қаланың су шаруашылығы құрылысын толығымен қайта құру, жаңарту қажет деген қорытынды шығарды.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке хат жолдап, қаладағы су құбырларында қалыптасқан апатты жағдайға орай қаржы бөлуді сұрады. Мамандар негізгі су жинағышта апатты жағдай туындағанын және күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі қалаға су жеткізуді толық шектеп, су басу қаупі бар екендігін және оны қысқа мерзімде тоқтату мүмкін еместігін мойындады. Үкімет хатты қабыл алып, мамыр айында қаланың су шаруашылығы нысандарын қайта құруға 374,5 миллион теңге, су жинағыш және су сорғы стансаларын қайта құруға 227,1 миллион теңге, қысымды кәріз коллекторына 147,4 миллион теңге бөлді.
Бүгінгі таңда жаздан бастап қызу жұмыс жүргізілді. Су жинағышқа сорғы агрегаты бар су таратқыш салынды, түбі түрлі қоқыстан тазартылып, тоған құрылысы жасалды, су қабылдағыш камерадан сорғы стансасына дейін су таратқыш құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Диаметрі 630 миллиметр құбырлар төселді.
Енді қала тұрғындары қысты қиындықсыз өткізеді деген сенім бар.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы.