• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2010

Тәжірибе алмасудан – бірлескен іс-қимылға

425 рет
көрсетілді

Мальта астанасы Валеттада болған халықаралық конференцияда ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен оның Жерорта теңізі маңындағы әріптестерінің ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды. Басқосудың күн тәртібіне аймақтық қауіпсіздік, жаһандық экономикалық және экологиялық қатерлерге қарсы бірлескен іс-қи­мыл, толеранттылық және кемсі­ту­шілікті болдырмауды қамтамасыз етуге қатысты мәселелер енгізілді. Конференцияда сөз алған Пар­ла­мент Сенатының депутаты, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сының жеке өкілі Әділ Ахметов ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен оның Жерорта теңізі маңындағы әріптестерінің тәжірибе алмасуы мен өзара белсенді іс-қимылы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті. Ә.Ахметов өзінің баянда­ма­сын­да исламнан қорқушылық пен әлем­дегі мұсылмандарды кемсіту­ші­лікті жою, өзара төзімділік идея­сын ілгерілету, діни алуандықты толерантты түрде қабылдау сала­сындағы ЕҚЫҰ институттары ара­сындағы ынтымақтастықты дамы­туға назар аударды. Жеке өкіл Валеттадағы “Жерор­та теңізі” кездесулерінің нәтиже­ле­рі биылғы 1-2 желтоқсанда Ас­та­нада болатын ЕҚЫҰ Саммитінің та­бысты өтуіне оң үлесін қоса­тынын айтты. Сенатор Ә.Ахметов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретіндегі 2010 жылғы қыз­ме­тінің қорытындыларын биылғы 4 қарашада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі отырысындағы есепті баянда­ма­сында айтатын болды. Қарашада, сондай-ақ Ә.Ахметов Вильнюске сапарға шығуды жос­пар­лап отыр. Сенатордың сапары барысында жеке өкіл Литва сыртқы істер министрлігінің басшылары­мен, Сейм депутаттарымен, мұсыл­ман қауымдастығы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездеседі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.